ТАШКЕНТ АСТАНАДАН АССАМ ДЕЙДІ

ТАШКЕНТ АСТАНАДАН АССАМ ДЕЙДІ

ТАШКЕНТ АСТАНАДАН АССАМ ДЕЙДІ
ашық дереккөзі

Қазақстан – тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдай уақыт болғанына қарамастан қарқынды даму үстіндегі мемлекет. Экономикалық жағынан алғанда посткеңестік мемлекеттер арасында алғашқы орында. Қазір жас мемлекетіміздің бұл жетістігін көршілес елдер зерттеп, зерделеуде.

Мысалы, оңтүстіктегі шекаралас әрі бауырлас ел – Өзбекстан өздерінің болашақ экономикалық дамуын Қазақстанмен салыстыра, салғастыра отырып алдағы дәуірлерге жоспар жасап жатыр. Бірақ бұл тараптағы пікір де, сараптау да әрқилы. 

Өзбекстанның ресми басылымдары және интернет сайттары «Азия даму банкі Өзбекстан 2035 жылы экономикалық дамуы бойынша Қазақстаннан озатындығын болжады» деген тақырыптағы мақаланы бірінен-бірі көшіріп басып, «Өзбекстан игерілмей жатқан газ қорларын игеріп, оны көп мөлшерде Қытайға сату алдында және 21 жылда Қазақстанның бүгінгі экономикалық дәрежесіне жетуі мүмкін» деп оптимистік көңіл күйлерін білдіріп жатса, шетелдегі оппозициялық өзбек сайттары бұған күмәнмен қарайды. Өзбекстан ресми басылымдары жалаулатып жатқан болжамға не себеп болды десек, Азия Даму Банкіне сілтеме жасап отырған бұл болжам – негізінде, әлемдегі мұнай мен газ өндірісіне қатысты жаңалықтарды тарататын World Pipelines Интернет журналының сарапшысы Wang Hoong жариялаған «Survival of the fittest (Бейімдескендер аман қалады деген мағынада) мақаласында айтылған сараптауларға байланысты екен.

Бұл сараптауға сәйкес, бүгінде Орта Азияда экономикалық деңгейі өте күшті дамыған Қазақстанда жалпы ішкі өнім 2000 жылы 18,3 миллиард доллар болса, 2012 жылы 200 миллиардқа жетіп, 11 есе өскен. Ал, 2000 жылы жалпы ішкі өнімі 12,5 миллиард доллар болған Өзбекстанда бұл көрсеткіш 51 миллиардқа жетіп, 4 есе өскен. Яғни, «Өзбекстан 2010 жылы өндірген 60 миллиард текшеметр жылдық газ өндіруді 2015 жылы 71 миллиардқа, 2035 жылы 80 миллиард текшеметрге жеткізуі мүмкін. Кейбір экономистердің пікірінше, газды өндіру және оны экспорттауды күшейту арқылы өзбек экономикасының Қазақстанға жетуі, тіпті озып кетуі мүмкін». Бұны айтып отырған Азия даму банкі АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының болжамына сүйенсе керек. 

Бұл арада бір нәрсе ескерілмеген сияқты. Яғни, Өзбекстанның келесі 21 жыл ішінде негізінен Қытайға көбірек газ сату арқылы жалпы ішкі өнім көлемінің өсетініне сеніп отырғандар және бұны басты тақырыпқа айналдырып отырғандар, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасы бүгінгі қалпында бір орында тұрып қалмайтындығын назардан тыс қалдыруда.

Негізі өзбекстандық маман Сапарбай Жұбаев ozodlik.org сайтына берген сұхбатында дәл осы жағдайға мән береді.

– Бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 230 миллиард доллар. Егер Өзбекстандікі, Батыс сарапшылары болжам жасағандай, 60-65 миллиард шамасында болса, Қазақстандікі бүгінде одан төрт еседей жоғары. Қазақстанда 2050 жылға дейінгі экономикалық даму бағдарламасы қабылданған, демек ол бір орында тұрмайды. 2035 жылға жеткенде бүгінгі 230 миллиард 350-360 миллиардқа жетуі мүмкін деп болжаймын. Егер Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі 2035 жылда 128 миллиардқа жетуі туралы болжам іске асса, онда ол Қазақстанға жету немесе одан озу емес, арадағы айырманы төрт еседен үш есеге ғана кемітуі мүмкін, – дейді Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымының кандидаты, белгілі экономикалық сарапшы Сапарбай Жұбаев.

Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздік қарсаңында Өзбекстанда жалпы ішкі өнім 14,7 миллиард долларға жеткен. Сол кезде, экономикалық көрсеткіштер саналатын жалпы ішкі өнім бойынша Қазақстан Өзбекстаннан екі есе жоғары тұрса, 2012 жылға жеткенде арадағы айырмашылық 4 есеге ұлғайған. 2012 жылда Өзбекстанда жалпы ішкі өнім көлемі 51,4 миллиардқа жетіп, әлемде 76 орында тұрса, Қазақстандікі 202,7 миллиард долларға жетіп, 48 орынға көтерілген.

Көріп тұрғанымыздай, болжам­дар мен сараптаулар арасында елеулі айырмашылықтар бар. Алайда, көр­шілес елдің болашаққа сеніммен қарап, халқының әл-ауқатын көтеруге деген құлшынысы көңілге жылы тиеді. Көршілес, туысқан елдердің бай да бақуатты тұрмыс кешіп, бейбіт өмір сүруінің Қазақстан үшін де маңызы зор.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ