Жаңалықтар

«Шахтер» «Ширакты» ширегіне келтірмеді

ашық дереккөзі

«Шахтер» «Ширакты» ширегіне келтірмеді

Шілденің 3-ші жұлдызында қазақ футболында торқалы той болды. Бразилиядағы әлемдік доп додасы жанкүйер біткенді телміртіп, кейбірін қуанышқа бөлеп жатса, Қазақстан футболының үздік клубтары Еурокубок додасының алғашқы ойындарын өткізіп, жеңіске жетті. Бүгінгі күні батыс мамандары қазақстандық клубтардың осынау бір жеңісіне тамсанып, жоғары баға беруде. Еуропаны дүр сілкіндірген ұжымдарды атайтын болсақ: былтырғы Еуропаға мәлім, «Батэ» мен «Селтикті» сан соқтырған Қарағандының «Шахтері», Елордамыздың ұжымы «Астана» командасы, сондай-ақ Алматының «Қайраты». 

Еуропа лигасының 2014/2015 жылдар маусымындағы  алғашқы кезең ойындары біз үшін осылайша сәтті басталды. Қазақстанның үш клубы алғашқы ойындарын өткізіп, үшеуі де жеңіске жетті. Осы сында жерлестеріміз  «Шахтер» командасы  Армения қаласы Гюмриде «Ширакты» тағы да сан соқтырды. Арарат тауының өкілдері «Шахтердің» ойынына тіпті тұсау сала алмады. Алғашқы таймда қарсыластар тең есеппен тарқасқан. Екінші кезеңде Кумыков шәкірттері қалайда ұпай олжалауды ойлап, ойынды ширақ бастады. Ойынның 71 минутында Топчагич «Шахтерді» алға шығарып, гол салды. Арада он минут өткенде жерлестеріміз тағы бір голды тоғытып кетті. Гол авторы – Сергей Малый.  Ойынның соңғы минуттарында күдікті пенальти белгіленді. Оны түсінуге де болар, ойын «Ширактың» алаңында.  Осылайша армяндар пенальтиден мүлт кетпеді, есепті сәл де болса қысқарта алды.  Бұл күні Арарат тауының етегінде «Шахтер» кезекті Еуропа футбол маусымының алғашқы ұпайын қоржынға салды.

Қарымта матчтар 10 шілде күні өтеді. Түзде жеңіске жеткен «Астана» мен «Шахтер» өз алаңдарында ойнайды. Өз алаңымызда өтетін бұл ойындарда қос ұжым жеңісті уыс­тарынан шығара қоймас. Ал Алматының «Қайраты» сырт алаңда ойын өткізеді.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ