«АҚ КҮРІШ» ДЕП ӘНДЕТІП ЖҮРГЕНІМІЗДЕ
«АҚ КҮРІШ» ДЕП ӘНДЕТІП ЖҮРГЕНІМІЗДЕ
Сыр бойының жер көлемі – 24 миллион 615,1 мың гектарды алып жатыр. Не деген кеңістік! «Облыс» деген аты болмаса, дербес бір мемлекеттің жеріндей емес пе?! Бірақ осынау көсіліп жатқан енапат еншіміздің қадіріне жеткен кім бар? Енді байыптап, саралап отырсақ… сан соғып өкінерлік, жүрегіміз жыртылып сөгілердей жалпақ шешейлігіміз жетіп-артылған екен-ау… Соншалықты бейғам болармыз ба?!
Ақын ағамыз Кәкімбек Салықов айтқан-дай, әруақты ата-бабаларымыз көз сұғын қадаған жауларымен жағаласа жүріп, өмір жастары өкси жүріп сойылмен қорғап қалған осынау қасиетті жерімізді, құдайшылығын айтыңыздаршы, қандай күйге ұшыратқанбыз?! Анау алқабел Қаратаудан сонау Аралдың ұлы құмына дейін жалпағынан жайылып жатқан ұлан-ғайыр өлкеміздің бүлінбеген бір пұшпағы қалмапты. Айналаңызға абайлап бір қараңызшы, ит талаған терідей жұлым-жұлымы шыққан, әбден сұры кетіп соры быршыған сұрқай дала.
Ақ самал сәл үф ете қалса болды, тұзды шаң алай-түлей бұрқырап шыға келеді. Бүгінгі Сыр бойын заманында «Қазақ жерінің саваннасы» деп атайтын дегенге енді кімді сендіре алғандаймыз? Сырдың баяғы ит тұмсығы батпайтын қалың түлейі бүгінде жел тұрмай-ақ ұйтқып құйын соғатын қуаң далаға айналған. Осы өңірмен бірге жасасып келе жатқан Арал теңізінің жағдайы анау – өліп барып қайта тірілген. Уақытында Александр Македонскийге өткел бермей сандалтқан Сейхун дарияның сиқы әне, улы химикаттар мен ауыр металдардың қойыртпағынан залалды арнаға айналған.
«Халықтар достығы» деп жалаулатқан интернационализмнен көрген «керемет жақсылығымыздың» бірі, міне, осы болды. Көңілінде титтей де алғауы жоқ аңғырт жұртымыздың жалпақшешейлігінен тапқан пайдасы осындай болды. Қазақтың қанында бар кең қолтық жомарттығы ақыр аяғында бүгінгі ұрпағының сорына айналды. Бұдан өткен сорақылықты ежелгі Сыр өңірі бұрын еш уақытта да көрген емес. Асыл нәсілден жаралған баяғы бағылан бабаларымыз бұл жердің сасық күзеніне дейін ретсіз тигізбей қорғаштап өткен еді жарық дүниеден. Амал не, осы жердің әлімсақтан мұрагері бола тұра жат көздердің сұғынан сақтауға билігіміз жүрмеді. Баяғы империялық үстемдікке кешегі коммунистік өктемдік қосылып, ел мен жерге иелік етер еркімізден айырды. Бұл жердің жай-күйін қасиетті топырағынан жаралған өз перзенттерінен басқа кім жетік білер? Жоқ, үстемсігендер «біз білеміз» деді. «Ұлы Отанымыздың игілігі үшін күріш егіңдер» деді. Егіп едік, ол жерге улы тыңайтқыш септірді. Соның аяғы Сырдың жерімен бірге адамдары да түрлі сырқатқа шалдықты.
Осындайда қадірлі қаламгеріміз Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романындағы бір оқиғаның ойға оралғаны. Текті таланттың біріне бірі жымдай жалғасып, барған сайын кимелей төгіліп отыратын қуатты ой ағыны астарындағы ишара меңзеуді нақа бір аңғарғыш біреу болмаса, базбір оқырман түйсіне қоймайтын бір сәті бар. Кіші жүз даласына ең алғаш аяқ салған Ресей елшілігі сүңгілері шошайған мылтық асынып келе жатты. Елшіліктің аузы түкті бір сарбазы біздің жерге аяғы тиер-тиместен-ақ көк жүзінде еркін, бейғам самғап бара жатқан құсымызды көзі көкшиіп атып жібергенде, дала шошығандай болды. Сонда, елшілікті құрметпен қарсы алу үшін ту қияннан ат сабылтып ел шетіне келіп тұрған бабаларымыздың бірі әлгі кәпірге ақырған ғой. Жазушының елшілік сапарына елеусіздеу қисынмен енгізіп жіберген осы көріністің астарына үңіліңізші…
Иә, не айтатыны бар, жатжерліктердің сол сапарынан бергі уақыттарда халқымыз өз жерін өзі билеу еркінен бірте-бірте айрыла бастаған екен. Сонымен бірге бейбіт елдің аспанына оқ атқан жатжерлікке ақырған анау атамыз Қазақтың бүгінгі ұрпағының құлқын-пейілі де сұмдық өзгеріп кеткенін қайтерсіз. Жерімізді ту-талақай бүлдіріп, аңы мен құсын қырып салып, сол қылықтарынан ләззат табатындарды соншалықты санасыздықпен ойсыз құрметтейтініміз сондай, олар не істесе, біз де соны айнытпай қайталайтын болдық. Балтық бойы елдерінің әрбір тұрғыны көлденең көк аттыларға «біздің жерімізге түкіруге болмайды» деп қатаң ескертіп отыратын көрінеді. Әне, саналылық деген сол! Ал, біздің бүкіл іс-әрекетіміз бұған кереғар. Жерімізге жаны ашымайтын келімсектерге тоқтау салуды айтасыз, айнала төңірегімізді оларға қосылып өзіміз бүлдіретін, ата жұртымыздың аңы мен құсын өзіміз қосыла қырып салатын елге айналдық.
Қаны сорғалаған шындықты қалай айтпайын, жерді аздырып-тоздыруға келгенде жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы, жетпісінші және сексенінші жылдарындағы «рекордшылар» мен соларды ынталандырып ұйымдастыру-шылар алдарына жан салған жоқ. Сорымызға қарай күрішті қызынан бетер көретіндер қаптап кетті. Мал шаруашылығы «табиғаттың қолайсыздығына қарамастан мол өнім алдық» деп мақтанып, жалған рекордтық өнім алып мәз болғандардың көлеңкесінде қалды. Барлық күш жерді жалаңаштауға жұмылдырылды. Соның ақыры айналасы ширек ғасырда торқалы топырағына аунап өскен өз жерімізді өзіміз танымай қалдық. Күріш те керек болды. Бірақ жердің жалын қырқып, құйқасын қопарғанда алдымен сол алқаптың өзіне және айнала төңірекке зиян келтірмейтіндей тиімді шара деген болмайтын ба еді?! Амал не, оны алдын ала ойластырған ешкім болмады. Жерді жайпап, суды улау барған сайын асқына түсті. «Күріштің отаны» атанған елдер жерін аздырмай барынша күтіп, баптап пайдаланады екен. Ал біздегі бағыт әуелден-ақ керісінше кетті: мол өнім жолында еңбегін сатпай арын сатқандар ең шұрайлы деген қалың жынысты жерлерді жалаңаштап, оны химикат араласқан улы суға бастырып жіберді. Оның көлемі кезінде жоғары жаққа берілген ресми ақпар бойынша бәрі «дұрыс», құдды кинодағыдай болды. Ал ақырында, уақыт өте келе қанша жердің бүлінгенін бір Алла біледі. Мындағы біздің білетініміз: баяғы түгін тартсаң майы шығатын Сырдың шырын жері күні кешеге дейін кім көрінгеннің талауында болды. Жерді шаруашылық басшыларына пара беріп, оңды-солды пайдаланатын гектарник кәрістер қаптап кетті. Олар шаруашылықтарда жоспардан тыс картоп, көкөніс, пияз, шемішке екті. Бірақ оның бәрін химикатпен өсірді. Ондайлардың тасы өрге домалап, талтаңдағандары сондай, жылда жер таңдап, ұнамаса тастап кете беретін. Арттарында бірер маусым жемісін берген алқап жетімсіреп қала беретін.
Жерді бір жағынан солар тоздырып жатса, екінші қапталдан улы химикат пен сасық су қанша сіңсе де тоймайтын күріштікте «жүз центнершілер» көбейді. Бұл бастаманың жол алғаны сондай, «жүз центнершісі» жоқ шаруашылық басшысы мықтылардың алдында өзін қолайсыз сезінетін болды. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары облыстың комсомол ұйымы «жас жақаевшылар» ұранын көтеріп, жерді жүндей түтуге олар да аз атсалысқан жоқ. Заманында дүниедегі ең сорақы пысық солар болды: өмірдің тезіне түспеген көк өрімдер мектеп бітірген бетте күрішші болып шыға келетін болды. Ертеңіне кетпенді қалай ұстауды білмейтін әлгі бозымдар гектар сайын «жүз центнерлетіп» жатады. Мәскеудегілер мен Алматыдағылар алдап-сулап арқаларынан қаққан сайын жалған патриоттардың құдайы беріп, құлшына түсетін. Ал шын ақ-адал еңбегін күйттегендердің жүздері жасып жүрді… Егер қоғамды қайта құрудың алғашқы қарқыны жариялылық болмағанда, жерді бүлдірген бұл берекесіздіктің ақыры неге апарып соғарын кім білген?! Ақиқаты сол, өз жерімізді өзіміз жаудан бетер жұлмалап, күріштен қаншама тау тұрғызғанымызбен, «Коммунифест» авторлары емексітіп, Хрущëв уәде берген коммунизміне жете алмай жолда қалғанымызды қайтейік…
Елі мен жерінің еркінен айрылып, тоталитарлық тәртіптің темір құрсауына түскен бірқатар жаны таза азаматтарымыз ақты ақ, қараны қара деп айта алмай іштен тынды. Айтарыңыз не, сондай шарасыздықтан жариялылық желі құтқарып, санамыз сілкіне бастады ғой. Жүздері жасып, қорғалақтап жүргендердің тілі шықты. Мәскеу мен Алматы облыста етек алып, ие бермей кеткен көзбояушылық жөнінде жазылған арыздардың астында қалды. Оның ақыры Кремль облыс басшылығына адалдығымен де, іскерлігімен де танымал Еркін Нұржанұлы Әуелбековты тағайындады. Сөйтіп, біз 1985 жылдың күзінде облыста бірінші рет күріш жинаудың жаңа маусымын өткердік. Сонда біз нені байқадық?
Байқағанымыз: сол маусымда Сыр бойынан бір де бір «жүз центнерші» шыққан жоқ. Неге? Негесі сол, бұл оқиға ақ күріштің алыптары туралы аңыздың ақыры еді. Шындық салтанат құрып, құлақты сарсытқан «коммунистік еңбек екпіндісі» жөніндегі жалған ұран жалпасынан түсті.
Әне, сол 1985 жылдың күзінен бастан біз «жүз центнершілер» жөнінде дақпыртты айтасыз, сыбыс та естімейтін болдық. Енді еріксіз ойға қалады екенсіз. Сол бұрынғы «рекордшылар» шеттерінен асып туған дарынды диқан болған болса, енді неғып гектарына жүз центнерден алмайды?! Жоқ, ала алмайды! Өйткені, олардың жемқор желеп-жебеушілерінің жалған дақпыртына жариялылық тыйым салды. Сондықтан, желеп-жебеушілерінен енді қайран болмайтынына көздері жеткен «жүз центнершілер» де бастарын күйттеп, бірқатары мал бағуға кетсе, кейбірі басқа кәсіптің ізіне түсті, тіпті сауда-саттықпен айналысып кеткендері де болды. Ал ән мен жырға айналған «ақ күрішті алқапта» ақ-адал еңбегіне сенгендер ғана қалды…
Иә, елдегі жаңа саясат «мол өнім» жөніндегі асыра сілтеулерге тыйым салуын салды-ау, алайда жердің жүрегіне түскен жойқын жарақатын қайтеміз?! Нәрі мен сөлінен айрылған алқаптарды бұрынғы құйқалы қалпына келтіре аламыз ба? Жеріміздің азып-тозуы өзінше бір шығынымыз болса, одан да өткен екінші бір жоғалтқанымыз – имансыздықтың белең алуы болды. «Күріштен тау тұрғызып, даңқымызды асырамыз» деп пайдаға құнығып далақтағандар мен ұраншыл жандайшаптар жерді жүдетіп қана қоймай адамдардың санасын да улады.
Айтатыны жоқ, пайдаға құныққан өзімшілдік ар-ождан өзегіне дерт болып сіңіп, көзсіз қылмысқа ұрындырады екен. Бұл орайда күріштен «тау тұрғызған» жалған ақпараттар «жабулы қазан» жабулы күйінде қалды. Оны енді уақыты өтіп кеткесін айттың не, айтпадың не… Егер кімдердің не істегенін көзге шұқып айтар болсақ, кейбіреулердің күлманы ашылар еді. Одан не пайда, елдігіміздің ендігі жүріміне. Тек ондай асыра сілтеу еліміздің ендігі тағдырына сабақ болса дейміз…
Қазақта «қойын алдырып, қорасын салдырған» деген сөз бар. Табиғатты қорғау, оның байлығын тиімді пайдалану жөнінде ұйымдастырылған соңғы уақыттағы біраз мемлекеттік шаралар «қойын алдырып» болғаннан кейінгі жанталас тірлік сияқты. Топырағы азып-тозып, суы мен ауасы бүлінген біздің аймақтың келешегі қандай болары белгісіз. Бұл ыңғайда бір мысал. Ертеректе еріккен еркек қуырдақ жегісі келсе, ауылынан шыға бере қиналмай-ақ қоян атып алып келе беретін. Енді бүгенде аңқұмарлар Сарысу асып кетпесе, жалаңаштанып қалған жерлерден қоянды сирек кездестіретін болды. Қайдан кездеседі, күріштікке самолеттен бұрқыратып гербицид сепкенде, ық жағында жүрген екіқабат әйелдің тыпырлап-тыпырлап түсік тастағанын көзіміз көрген. Бұған біздің жерімізден дүркін-дүркін ғарыш кемелері ұшырылғанда атмосфера тесігінен сапырылысып құйылатын радиацияны қосыңыз. Уран өндіру ошағымыз тағы бар.
Иә, бізді енді ғарыш зымырандарының улы газы мен жеті қат көктен құйылатын зиянды сәуле және күріштіктің улы химикаты мен уран радиациясы қыспаққа алуда.
Күріш егуге араласқандардың қаншасы денсаулығынан айрылды? Қаншасы зейнетке шығуға жете алмай ауыр дерттен дүние салды? Қанша адам жалпы экологиялық дағдарыстың құрбаны болды… Ойласаң жүрегің ауырады. Ең дұрысы жерімізге улы химикаттарды жолатпау керек еді. Күрішті улы химикатсыз да өсіруге болатын еді. Бұл дақылды баптауды, құдайға шүкір, жоғарыдан ақыл сұрамай-ақ жетік білетін кәнігі диқандарымыз болды. Улы тыңайтқыштарға сенгенше, жерге шын жаны ашитын адал азаматтарымыздың ар-ожданына сенуге болатын еді…
Рас, Сыр бойының ежелгі дақылы ақ күріштен айрылуға болмайды. Күріш керек! Онсыз облыс шаруашылығын шайқалтып аламыз. Десек те, жерге обал-ақ! Жылда күріштік жеріміз 90 күн бойына сасық судың астында у жұтып тұншығып жатады. Мұндай күйге ұшыраған жер қашанға дейін шыдайды?
Япыр-ай, баяғы ата-бабаларымыз сойылмен қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған құйқалы жерді ғылым мен техника жаңалықтарына кенеле тұра дұрыс күте алмайтынымыз қалай?! Енді бұдан былай жерін тоздырмайтын, құлқын аздырмайтын ел болатын шығармыз. Иншалла…
***
Әдеттегідей халықаралық «Түркістан» газетінің кезекті апталығын (№52. 26.ХІІ.2013) парақтан оқып отырған едім. Қаламын қадірлейтін інілерімнің бірі – жазушы Байхонов Серіктің «Дидарғайып» деген элегиясы бірден көзіме жылы ұшырады. Жылы ұшырайтыны: газеттің тұтас бір бетін түгел алған бұл жазбасына біз білетін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтың суреті қоса берілген екен. Исекең ағамыз (Алла ол кісіні иман байлығынан жарылқағай) заманында Сыр бойында Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарын, сосын облысты басқарды. Социалистік Еңбек Ері болды. Серік інім Исекең зейнетке шыққаннан кейін елге келіп арнайы жолығып әңгімелескен екен.
Жазушы: «Ағамыз «Кеңестік дәуірде Сыр бойында 80-85 мың гектар жерге күріш егілді» дегенді айтыпты. Сексен мың гектар… Қайдағы сексен мың гектар?! Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, яғни «интенсивті технология» дәуірінде гектар өнімділігін арттырамыз деген сылтаумен Қызылорда облысы жасырын күріштік көлемін 150 мың гектардан асырып жібергені аэросуреттер арқылы дәлелденбеп пе еді…»
…Тоқсаныншы жылдардың басында Қызылқұмның түкпіріндегі Жаңадария арнасының бойында жүргізілген санақта, мал басының есептегіден бір жарым есеге жуық артық екенін көрсетпеп пе еді…
…Өзін-өзі алдап өмір сүргісі келген қоғамның күйреп түскенін көргесін айтамыз да» деп біздің қаперімізде жоқ осындай тосын деректі жария еткен. Серіктің бұл деректі қайдан, қалай індеткенін өзі біледі. Жазушының: «…облысты Исекең басқарған жылдары Қызылорда облысы кеңестер одағындағы күріштің 20 пайызын, Қазақстандағы күріштің 80 пайызын бергені тағы рас» дегеніне қарағанда, білетіндері аз болмаса керек. Халықтың баяғыдан айтып келгені – біздің білгеніміз: ақ күріш деп әндетіп жүргенімізде… жерімізді аздырып алғанымыз. Бұл сөзімнің жалғаны жоқ. Жалағаш ауданының жерінде «Шынар көлі» деген ескінің көзіндей бір көл бар. Сол көлге кезінде күріштіктің улы ақаба суын жіберіп тұрған екен. Сол көлдің суы бүгінде тұтынуға жарамайды.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
Қызылорда қаласы