Жаңалықтар

Украина қайда барып тіреледі?

ашық дереккөзі

Украина қайда барып тіреледі?

Украинадағы саяси дағдарыс әбден ушығып кетті. Тіпті, соңғы кездері бұл елдегі шиеленіскен жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ал жергілікті халықтың үрей мен қорқыныштың жетегінде жүргені қашан. Билік басына келген жаңа президент Петр Порошенконың «елдегі бейберекетсіздікті он күнде реттеймін» деген уәдесі де орындалмай келеді. Есесіне, мемлекеттің шығысындағы жұрттың мазасын қашырған сепаратистік топтардың бассыздық әрекеті күшейе түсуде. 

Иә, Украинада саяси-экономи­калық, әлеуметтік мәселенің күн тәртібінен түспей тұрғаны бүгін емес. Бұған дейін де қордаланып қалған түйткілдер шаш-етектен. Ал кеше ғана президенттік қызметіне кіріскен Порошенконың мұны әп-сәтте шешуі оңай шаруа емес екені анық. Ол үшін талай келіссөздер мен басқосулардың күтіп тұрғаны мәлім. 

Өткенде ақпарат құралдары Порошенконың Нормандияға барған сапарында Ресей президенті Путинмен он бес минут сөйлесіп қалғанын жарыса жазған еді. Алайда, ол кезде қандай әңгіме айтылғаны белгісіз, бірақ ресейлік сепаратистік топтар елдің шығысындағы бейбіт халықтың дегбірін қашыруын тоқтатар емес. Тіпті, бірнеше қаланы басып алған олар украин әскерінен бас сауғаласа да, тұрғын үйлерге зеңбіректен оқ жаудыруда. Қарулы әскер сепаратистерді Славянск мен Краматорск қалаларынан қуып шыққан. Бірнеше айдан бері Украинаның шығыс бөлігін соғыс алаңына айналдырған топқа қарсы ашық айқасқа шыққан ресми әскер де әрекетке көшті. Екі елдің арасына от жаққан арандатушылар мұның зардабына үңіліп отыр ма? 

Қолда бар мәліметтерге сенсек, әскери шараның залалы онсыз да тығырыққа тірелген елді үлкен шығынға әкелген. Өйткені қоршауда қалған сепаратистер қаланың қақ ортасын паналап, тұрғын үйлерге жаппай зеңбіректен оқ жаудыруға дейін барған. Шыдамның да шегі бар. Бұған дейін келіссөз арқылы ымыраға келуін күткен ресми билік те қам-қарекетке көшуді құп көрді. Яғни, ашық айқасқа шыққан ресми әскер сепаратистерді екі қаладан қуып шықса, ресейлік шекарашылар шамамен 300-дей сепаратиске оқ атқан. Бүгінде Славянск мен Краматорскі қалаларының сау-тамтығы да қалмапты. Ал кейбір деректерде осы қалалардан бас сауғалап шыққан тұрғындар Ресейді паналап жатқан көрінеді. Тіпті, бұрын Қазақстаннан қоныс аударған кейбір украиндердің елден қайта бас­пана сұрап жатқандығы жайында да ақпарат бар. Дегенмен, ресейлік ақпарат көздері бәз-баяғысынша украин халқын тұқыртуды мақсат етіп, мұндай мәліметтерді шектен тыс дабырайтып көрсетуге құштар екені айдан анық. 

Қазіргі таңда сепаратистер күл-талқанын шығарған қаланың көгінде әуе кемесінің ұшуына тыйым салынды. Президент Порошенко Жоғары Радада «Белгілі шарттарға байланысты оқ атуды тоқтатуды қолға аламыз» деген мәлімдеме жасағанда, кейбір депутаттар ана мен балаға оқ жаудырған Украина қарулы әскерін сынап-мінеді. Алайда, «мемлекеттің әскеріне тіл тигізуді доғару керек» деген президент ел тізгінін қатаң қолға алатынын ұқтырды.

Ал Украинадағы дағдарыстың шиеленісуін биліктің өзінен көрген Путин «Елдің шығысындағы жағдайдың осылай ушығып кететіндігі әу бастан белгілі болған. Бірақ, неге екені белгісіз Украина билігі өз тарапынан келісімге келуге асықпады. Президент Порошенко бірінші болып кездесу ұйымдастыруға талпыныс жасауға әрекеттенген жоқ…» деп миығынан күлгендей болды. 

Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин: «Украинаның оңтүстік шығысындағы жағдайдың шешілуі Мәскеудің іс-қимылдарына тікелей байланысты. Осы уақытқа дейін, Мәскеу сепаратистерді Украинадағы жағдайға ықпал етудің бір тетігі ретінде пайдалануға мақсат етіп келді. Меніңше, тікелей әскери қақтығысқа бару Мәскеудің жоспарында болмады, болса да, негізгі мақсат емес-ті. Мүмкін, оңтүстік шығыс аймақтарды Киевке қарсы итермелеу арқылы сепаратистік платформадағы үлкен бір саяси қозғалыстың пайда болып, қалыптасып, оны саяси деңгейде заңдастырмақ болған шығар. Алайда, Украинаның шығысында біртұтас қозғалыс құрылмады, әртүрлі топтар өз бетінше әрекет етіп, бір стратегияға жүгінбеді. Оның үстіне, Ресейдің өзінде жасанды түрде патриоттық сезімдерді қоздыртып алып, енді ресейлік қоғамның ішінде Мәскеуден Киевке қарсы одан бетер табанды іс-әрекетті талап ету күшейіп кетті. Украина жаңа президенті Порошенко сайланған кезде, Мәскеу бір жағынан Батыстың қысымынан, екінші жағынан тікелей әскери конфликтің ықтимал зардаптарын ескере отырып, Украинадағы жағдайды реттеуге, саяси жолын іздестірмек болып еді, алайда жеке-жеке соғысып жүрген сепаратистік топтар «біздің күресіміз бекершілік болған ба?» деп Мәскеудің айтқанына көнбей, ақтық деміміз қалғанша соғысамыз деп қоймады. Сөйтіп, сепаратис­тер арасында да, Ресей ұлт патриоттары мен жалпы ресейлік қоғам ішінде де Қырымды иеленгені үшін жеңімпаз атанған Ресей басшысын сатқындық үшін айыптай бастады. Соның бірі Стрелковтың: «Ресей дереу араласпаса, біз қорғап тұрған қалалар бірнеше күнде құлайды» деген мәлімдемесі де сол пікір-үндеулердің жиынтығы. Сондықтан Мәскеу үшін Украинадағы дағдарыс басталғалы бері уақытта ең басты сын сәт туды. Мәскеу өзі бастаған ойында өзін тығырыққа апарып тіреген сияқты. Немесе орыс жерін біріктіруші деген атаққа сәйкес, Ресей қоғамындағы патриоттық сезімдердің шарықтап тұрғанын ескере тұрып, бітімгершілік миссиясы сылтауымен Украинаға әскер енгізу немесе біржола өзінің Украина бағытындағы саясатының күйрегенін мойындап, сепаратистерді қолдаудан бас тарту. Қалай болғанда да, бір шешімді қабылдау қажет болады», – деді бізге берген пікірінде. 

Бұл Лимоновтың кезекті сандырағы ма, әлде… 

Ресейлік саясаткер Эдуард Лимонов бұған дейін «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейдің қарамағына қосу керек» деген ұсыныс жасап, қоғамды дүрліктірген еді. Алайда, сол кезде де біздің билік Лимоновтың ресми тұлға емес екенін, оның пікірі Ресейдің көзқарасы болмайтынын айтып, жылы жапқысы келген болатын. Дегенмен, соңғы кезде көп арандату, іріткі салу пікірлері осындай саясаткерлердің аузымен айтылып жүргені рас. Жақында әлгі Лимонов: «Украина өзіне бергенін қайтару керек» деген кезекті сандырағын айтыпты. Бұған дейін Батыстың оқырманына аз-кем таныс болған, кейін КСРО құлағаннан кейін Мәскеуге қайта келген Лимонов баспасөзге берген сұхбатында: «23 жыл бұрын «Қырым – орыстың жері» деп айтқан едім. Бұл расымен, солай. Украина Кеңес одағы құлаған соң өзіне тиесілі емес біраз жерге иелік етіп қалды. Соның ішінде Қырым мен Харьков облысы да бар. Бұл жер 300 жыл бойы Ресейдің құрамында болған. Дәл сол сияқты Донбассты да айтуға болады. Алайда, Украина тәуелсіздік алғаннан кейін кеңдік танытып, бәрін қайтаруы керек еді. Грузия да солай. Абхазия, Аджария, Оңтүстік Осетияны өзіне қаратып, кішігірім империя жасап алды…», – депті. 

Сонда бұл Лимоновтың қай сандырағы? Біресе «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосып алу керек» десе, енді «Украинадағы Қырым мен Харьков, Грузиядағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия Ресейдің жері» деп көлгірсуін қалай түсінеміз? Тіпті, ол Украинаның батысы мен шығысындағы халықтың арасына от салып, екеуінің екі мемлекеттің саясатын қолдайтынын айтады. «Украинаның шығысында орыстар мен украиндер тұрады. Бірақ бұл украиндер елдің батысындағылардан мүлдем бөлек. Батыс облыстары Украинаның құрамына 1939 жылы, соңғы рет 1945 жылы кірген. Олар бізбен бүкіл тарихи өмірін өткізді. Ал кешегі Еуромайданда жеңген алаяқтар мен саудагерлер бүгін билікке келіп отыр. Бұл нағыз бассыздық…» деп бір қояды. 

Өзін жазушы әрі саясаткер санайтын Эдуард Лимоновқа осындай пікір айтуға кім құзырет берген десеңізші. Әр ойының астарында шовинистік пиғыл «мен мұндалайды». Кеңес Одағынан бөлініп, егемендігін жариялаған мемлекеттерде ата-бабасының өші кеткендей кектенеді-ай бір. Соңғы кезде екі елдің арасына от жағушылардың қатарынан ресейлік журналистерді де кездестіруге болады. Бұрын-соңды үнемі сайқымазақ кейіпкер ретінде найзаның ұшына Белоруссия президенті Александр Лукашенконы жиі іліп келгені белгілі. Ал соңғы бір жыл төңірегінде Украинаны сынап-мінеуге жаппай кіріскен сыңайлы. 

Жақында Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко ресейлік журналист Владимир Кулишов пен Дмитрий Киселевтің үстінен «террористік қызмет әрекеті», «терроризмді қаржыландыру» бабы бойынша қатысты қылмыстық іс қозғады. УҚҚ басшысының мәлімдеуінше, журналистер елдегі құпия ақпараттарға қол сұққан. «Украинадағы терроризм мен сепаратизмді қаржыландыру ресейлік банктік мекемелер және украиналық лауазымды тұлғалар, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі арқылы қаржыландырылады. Бүгінде Украинадағы терроризмді ұйым­дастырушылар мен қаржы­лан­дырушылар күмәнді жағдай туғызуы мүмкін. Сондықтан да ақпарат агенттігіне қатысты «терроризмді қаржыландыру, террористік қызмет әрекетіне» байланысты тексеру жүргізілуде», – деді УҚҚ басшысы. Алайда, РФ Сыртқы істер министрі екі журналистке тағылған айыпты арандатушылық әрекет деп отыр. 

                                                              Митрополит Владимирдің өлімі.

Украиналық православ әлемін не күтіп тұр?

Кезінде еліміздің діни басқармасы Орта Азияның кіндігі саналған Ташкентке бағынған болатын. Еліміз тәуелсіздік алған соң, оның діни ұйымы да сол мемлекеттің қоластында болуы заңдылық. Көп ұзамай Қазақстан өзінің Діни басқармасын құрып, бас мүфтиін тағайындап алған еді. Дегенмен, бұл мәселе Украинада әлі бар. Украина православ шіркеуінің Мәскеуге қарайтыны белгілі. Екі елдің арасында саяси-экономикалық ғана емес, діни ахуалдың да өзара келіспеушіліктерге барып жататыны сондықтан. 

Апта басында 79 жасқа қараған шағында Украина митрополиті Владимир (Сабодана) қайтыс болды. Оны жерлеу рәсімінен кейін жер-жерде «украиналық православ әлемін енді не күтіп тұр?» деген сауал қылаң бере бастады. Дінбасының өмірден озуы мемлекетте шіркеу рөліне басқа көзқараспен үңілуді, сондай-ақ ізбасары кім болатыны жайына қоғамның назарын аударды. Қоштасу рәсіміне келген президент Порошенко: «Шіркеу өз тірегінен айрылса, Украина – ұлы адамын жоғалтты. Ол ақыл мен кемеңгерлікке бай үлкен сенімнің өкілі болған еді» деді. Бір айта кетерлігі, бұл рәсімге Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл келмеді. Мұның астарында не бар? Ол бұл әрекетін жеке басының қауіпсіздігімен байланыстырған көрінеді. Тіпті, жергілікті діндарлар Киев патриархаты өкілдерінің де төбе көрсетпегеніне наразылықтарын білдіріп жатты. 

Киев патриархатының өкілі Филареттің айтуынша, Владимирдің өлімі «шіркеу соғысының» да тұтануына себепші болмақ. «Яғни, билік үшін күрес Киев пен Мәскеу арасында өрбитін түрі бар. Алайда, соңғы жылдары мемлекеттің екі ірі православ шіркеуі өзара ымыраға келе бастаған еді…», – дейді ол. Бұл жерде тағы бір кілтипанның басы қылтияды. «Мәскеу әдеттегіше өз айтқанынан шықпайтын дінбасыны тағайындауды көздеп отыр. Егер бұл жүзеге асса, арты не болмақ? Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынас агрессордың мүддесіне сай қызмет ете ме? Сондықтан да Украина дінбасын таңдау барысында Мәскеуге емес, өз халқына қызмет істейтіндігіне мән беру керек» деген ашық пікірлер де айтылуда. 

Украиналық баспасөз бетте­рінде митрополит Владимирге бұрынғы Ішкі істер министрі Виталий Захарченконың қысым көрсеткендігі туралы да ақпарат жарияланған болатын. Тәптіштеп айтқанда, экс-президент Виктор Януковичтің бұйрығы бойынша, митрополиттің саясатқа араласуына тыйым салынған. Ал Украина бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Янукович сайлау тұсында Мәскеу патриархатының қолдауына ие болуды көздесе, осы кезде Владимир принципті түрде саясаттан аулақ болған. 

Тіпті, митрополит Владимирдің өлімінен кейін Мәскеу және Киев патриархатының бірігу мүмкіндігі де тілге тиек етілді. Онсыз да Ресейдің қоластына қарайтын Киев патриархаты мемлекеттегі ірі діни құрылым бола тұра, оны әлемнің бірде бір православ шіркеуі мо­йындамайды екен. Ал автономия алу үшін патриарх Кирилден «автокефалияны» алу керек. Бірақ, ол әзірге мұны бере қоймас дейді сарапшылар. 

Шын мәнінде, Украина православ шіркеуі Мәскеуден іргесін аулақ ұстағысы келеді. Бірақ ертең марқұм митрополит Владимирдің орнына жайғасатын дінбасыны да Мәскеу тағайындайтыны әбден түсінікті. Қазірдің өзінде үш үміткердің біреуіне таңдау жасалып қойғаны айтылуда. 

Дін – саясаттан бөлек дейміз. Зайырлы мемлекетте дін мәселесі дүниетанымдық плюрализмге (пікір алуандыққа) негізделеді. Бұл үрдіс жалпы қағида есебінде барша елдерге таңылғанымен, дінді ұлттық мұраттарына қалай жаратуды әр қауым жеке дара өзі шешіп келеді. Мемлекеттік заң тұрғысынан дін бөлек болу керек. Бірақ қоғамның жағдайына, өміріне, дамуына, түрлі саяси оқиғаларға байланысты дін мемлекетке қажет болды. Сондықтан саяси құрылымдарға, сайлауларға, науқандарға байланысты, сондай-ақ қоғамдағы келеңсіздікті, тұрақтылықты сақтауға мемлекетке дін өкілдерінің ықпалын пайдаланды, яғни діннен гөрі діни өкілдер қажет болды. Тіпті, өткен тарихқа көз жүгіртсек, дін үшін қырғын соғыстардан миллиондаған адамдар опат болды, қасірет кешті. Осындай қасіретті азайтуда, не мүлдем жоюда діндер бір ортақ келісімге келе ала ма? Демек, дін саясатқа жанасып кетсе-ақ, өз қадірін жоғалта бастайды. Сондықтан асылы дін мен саясат бөлек болғаны абзал. Ал Ресей керісінше, дінді де саясатқа аралас­тырып, «діни соғыстың» өршуіне түрткі болуын қояр емес. 

Динара Мыңжасарқызы