Жаңалықтар

«Сэм ағай» Қырғызстаннан кетті

ашық дереккөзі

«Сэм ағай» Қырғызстаннан кетті

Бүгін, 10 шілдеде сағаттың тілі 24.00-ді көрсеткенге дейін Қырғызстаннан Америка Құрама Штаттарының әскерлері біржолата шығып кетеді. Бұл ақ қалпақты ағайындарымыздың өміріндегі үлкен оқиға. Өйткені АҚШ әскер базасының елдің астанасынан ойып тұрып орын алғанына қырғызстандықтардың басым көпшілігі наразы болып келген. 

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктағы Бүкіләлемдік сауда үйі лаңкестердің соққысынан қиратылғаннан кейін лаңкестікке қарсы халықаралық күрес желеуімен АҚШ билігі Қырғызстанның билігімен ымыраласып, әскер базасын Бішкекке орналастырған болатын. Сол айда әлемнің жүзден астам елі Вашингтонға қол ұшын созып, көмек береміз деген. Асқар Ақаев тұсында қырғыз билігі жерді жалға беру арқылы республика қазынасын толтыруды емес, АҚШ сияқты алпауытпен әріптес болуды, бірге лаңкестікке қарсы күресуді бедел санаған сияқты. Өйткені әскерлердің «Манас» әуежайында орналасуының бастапқы жалақысы жылына бар болғаны 2 миллион АҚШ доллары болған. Америка әскерлерінің келуін президенттің баласы Айдар «сәтті» пайдаланған, оның ұшақтарды жағармаймен қамтамасыз етуді көземелге алып, қыруар пайда тапқаны мәлім.Осы үрдісті келесі президент Құрманбек Бакиевтың баласы Максим де жалғастырды. Жердің жал ақысы жыл сайын өсіп, бұл уақытта 15 миллион долларға жеткен. Қ. Бакиев америкалықтармен саудаласып, әрі «базаны жабамыз» деп қорқытып жүріп, жал ақыны 60 миллион доллардан асырды. 

Қырғыз Үкіметі Шанхай ынтымақтастық ұйымының және Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның қысымынан соң 2009 жылдың 22 маусымынан бастап «Манас» әуе базасын «реформалап», оның атын «Манас» халықаралық әуежайындағы транзиттік жүк тасу орталығы деп өзгертті. Бірақ, заты өзгерген жоқ. 

Алғашқыда әуежайда халықаралық коалициялық күштердің, атап айтқанда, АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея, Испания, Дания, Норвегия, Австралия және Нидерландтың қарулы күштері орналасса, бара-бара жалғыз АҚШ-тың сарбаздары мен сардарлары қалды. «Манаста» кіріп-шығып әскерлік емес қызметтерді атқарған 700-дей қырғызстандықтан тыс, америкалық бір мыңдай тұрақты әскер және 500-дей әртүрлі қызметшілер болды және Ауғанстанда ауысымдық тәсілмен қызмет өтеген АҚШ-тың 15 мың жауынгері ай сайын алмастырылып тұрды, сондай-ақ Ауғанстанға қарай ай сайын 500 мың тонна жүк тасымалданды (Кері қарай алып лайнерлер бос қайтты ма, әлде көкнар, апиын тасыды ма, оны америкалықтардан басқа ешкім білмейді. Ауғанстан апиын өсіруші ең ірі өлке екенін еске алсақ, бұл әбден мүмкін.– Н.Б.).

«Манастағы» АҚШ қарулы күштерінің қуатын айқын елестету үшін оның бір ғана С-5 Galaxy деген ұшағының суреттемесін мысалға тартайық. Бұл ұшақтың ішіне 345 әскер, 6 тікұшақ, 4 жаяу әскер машинасы, 6 «Страйкер» атты оқ өтпес машина, 2 танк сияды. Өз салмағы 170 тонна, жүгін қосқанда 380 тоннаға дейін, мұның ішінде 151 тонна жанармай бар. Шапшаңдығы сағатына 920 шақырым. 10 мың шақырым биіктікте 10 411 шақырым қашықтыққа тоқтаусыз ұша алады.

2011 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап ресми түрде ісін бастаған президент Алмазбек Атамбаев қызметінің алғашқы күндерінен-ақ азаматтық «Манас» әуежайында әскери база болмауы керек деп айта бастады. Қырғызстанға арнайы сапармен келген АҚШ-тың қорғаныс министрі де, президент Барак Обаманың сәлемін жеткізген басқа шабармандар да Атамбаевты райынан қайтара алған жоқ. Ақыры, қырғыз парламенті АҚШ-пен арадағы әскер базасы бойынша келісімнің күшін жою туралы шешім шығарды. Мемлекет басшысын көндіре алмайтынын сезгеннен-ақ, АҚШ тарабы басқа бағытта әзірлік жасай бастады. АҚШ елшілігінің ғимараты бұрын жердің астында болса (қауіпсіздік мақсатында), енді жердің үстінде ғимараттар бой көтерді. Соған қарағанда, мұнда бір топ әскер қызметкерлері «бой тасалайтындай». 

Өткен айдың, маусымның 3-інде «Манастағы» америкалық базаның бастығы, әрі 376-шы экспедициялық авиациялық бөліктің командирі Джон Миллард базаның символдық алтын кілтін Қырғызстанның ұлттық гвардиясының қолбасшысының орынбасары полковник Мірбек Имаевқа тапсырып, ең ақырғы америкалық әскер 11 шілдеге дейін «Манастан» шығып кететінін мәлімдеді. Енді бұл жердің статусы анықталғанша гвардия әскерлері аймақты күзетіп тұрмақшы. 

Осы іс-шарада сөз сөйлеген Джон Миллард «Манаста» америкалық база тұрақтаған 12,5 жылда әуежай арқылы Ауғанстанға және кері қарай лаңкестікке қарсы коалициялық күштердің 5,5 миллион әскер қызметкері әрі-бері тасымалданғанын айтты. Осы әскер базасынан барған ұшақтардан Ауғанстанның үстінде ұшып жүрген коалициялық күштердің ұшақтарына аспанда 33 мың рет жанармай құйылған. Ең соңғы жанармай құю биылғы 24 ақпанда болған.

2005 жылы Қырғызстанда болған наурыз төңкерісінің орын алуына АҚШ-тың зор ықпалы болды деп айтылып жүр. «Жауқазын революциясына» қаржылай жақтан қаншалықты дәрежеде жәрдем бергенін анық білмеген соң кесіп айту қиын, ал енді мәліметтік жақтан орасан зор қолдау көрсеткені анық. АҚШ-тың конгрессі қаржыландырған «Азаттық» радиосының қырғыз бюросы оппозициялық күштердің тірегі және мінбері болды деп нақ айтуға болады.

Әлемге үстемдік етуден кет әрі емес АҚШ үшін географиялық жақтан Бішкек қаласындағы «Манас» әуежайы қолайлы жер болып есептелді. Біріккен Ұлттар Ұйымының лаңкестікке қарсы күресу комитетіндегі АҚШ-тың ресми өкілі Юджин Ростоудың егер АҚШ-тың барлау қызметтері ол жерлерде лаңкестер жасырынған деп тапса, Азияның басқа өлкелерінде (демек, Ауғанстаннан басқа да – Н.Б.) «Манастағы» америкалық әуе базасының қуатын пайдалана алады деп айтқаны бар. Ол Солтүстік Кореяны, Иранды, Сирияны, Ливияны, Сомалиді, Йеменді, Индонезияны және Филиппинді меңзеген болатын. Бұл, әрине, Қырғызстанның соғыс қимылдарына килігуі деген сөз.

Сарапшылардың бағамдауында, Ганси базасының («Манас» базасының бастапқы аты) уәзипасы сан-салалы. Бұл жерден АҚШ бүкіл Орталық Азияға және Қазақстанға әуеден барлау жүргізе алады. База бірінші кезекте Байқоңыр ғарыш айлағын, Нүрек су электр станциясының ғарышты байқау орталығын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлері орналасқан жерлерді, Қытайдың шекара аймағында әскерлік құрылыстарды нысанасына алған.

Сонымен, «Манас» амери­ка­­лықтармен қош айтысуда. Бұл жерде енді азаматтық авиациялық транс­порттық түйін-хаб құрылмақшы. Қырғызстанның вице-премьер-министрі Валерий Диль «Манас» халықаралық әуежайында авиахаб құру бойынша мекемелер аралық мониторинг және үйлестіру комиссиясының 24 сәуірде өткен кезектегі отырысында жобаны іске асыруды тездетуге шақырды. Әуежайдың басшылығының сол жиналыста айтқандарына қарағанда, авиахабтың оңтүстіктегі кәсіпорны Ош әуежайына Қытай инвесторлары 125 миллион доллар көлемінде қаржы салымын қосуға әзір екен. Сондай-ақ «Манас» авиахабын құрысуға «Роснефть» ұлттық компаниясы да ұсыныс білдірген.

Президент Алмазбек Атамбаев 2-6 маусымда Түркияға барған іс сапарының аясында журналистермен жүздесуде «ең арзан авиакеросинмен қамтамасыз ететін және көбірек қаржы салатын инвестор, мейлі ол Ресейден, АҚШ-тан, Еуроодақтан не Түркиядан бола ма, «Манастағы» азаматтық хабты құруға қатыса алады. Мұны біздің парламент шешеді», – деп айтты.

Қазіргі күнде «Манас» әуежайының 13 пайыз әлеуеті ғана пайдаланылуда. Әуежайдың бір сағаттың ішінде 1500-1700 адамды қабылдап, ұшыруға қауқары жетеді. Алаңына бір мезгілде 40 ұшақ қонып тұра алады. Ауыр жүк ұшақтарына 40 минуттың ішінде жанармай құюға мүмкіншілік бар. Егер хаб құрылып толық іске кіріссе, әуежай жылына 400 миллион доллар қаражат табуға құдыретті.

Қырғызстан дүние жүзінде екі бәсекелес одақтың әскерін территориясына орналастырған бірден-бір өлке болатын. Енді Қырғызстанда Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның аясындағы Ресей әскер күштері ғана қалды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі