Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясының президенті: СЫР ӨҢІРІ – АЛТЫ АЛАШТЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ
Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясының президенті: СЫР ӨҢІРІ – АЛТЫ АЛАШТЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ
– Дархан Қуандықұлы, Сыр еліне қош келдіңіз. Жалпы біз білетін түркі әлемі интеграциясында бірнеше ұйым бар. Ал оның ішінде Түркі академиясы ұмытпасақ, осыдан төрт жыл бұрын Астанада Қазақстан және Түркия Президенттерінің қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған-ды. Бұл ғылыми орталықтың тізгінін қолға алғаныңызға да көп уақыт болған жоқ. Десе де Түркі академиясы алға қойған мақсат-мүдде әдепкі ұйымдардың сабақтастығын қалайша толықтырады? Алдымен осының аражігін айқындап айта отырсаңыз.
– Жалпы, түркі академиясына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елі құрылтайшы болып табылады. Өзіңіз айтқандай, түркі әлемінің интеграциясында бірнеше ұйым бар. Оның біріншісі – мәдениет саласындағы ТүркСОЙ, бұл түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға қызмет жасаса, екінші – ТүркПА халық қалаулыларының арасында заңнамалық, құқықтық негізде құрылған парламентаралық дәнекер құрылым. Сондай-ақ, 2009 жылы құрылған Түркі кеңесі бауырлас елдердің ынтымақтастық кеңесі болып жалпы саяси, экономикалық мәселелермен айналысса, Түркі академиясы осы интеграциялардың ішінде ғылыми негізде жұмыс жасайтын бірден-бір ұйым. Бұл – тек Қазақстанның ғана емес, Түркия, Әзербайжан, Қырғыз елдеріне де ортақ құрылым. Сондықтан академияның құрылымдық басшылығында төрт мемлекеттің өкілдері тең қызмет атқарады. Қазіргі кезеңде академия басшылығы Қазақстанда болғанымен оның үш орынбасары сол аталып өткен үш мемлекеттен тағайындалмақ. Бір сөзбен айтқанда, біздің академия түркі әлеміндегі ғылыми құрылымдарды үйлестіретін келешегі зор бірден-бір ұйым болады деген үлкен сенім бар.
– Өзіңіз жақсы білетіндей, бауырлас елдер арасындағы достықты тамырластыра түсетін үлкен, тарихи бастамаларға Қазақстанның ықпалдастығы ерекше. Зерделей отырсақ, бұл біздің Елбасымыздың “Мәңгілік ел” идеясын жандандыруда тегеурінді баспалдақтардың қалыптасуына зор мүмкіндіктер береді. Бұл турасында пікіріңіз қандай?
– Сөз жоқ, бұл идеяға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы болды. Жоғарыда аталған интеграциялық құрылымдардың өмірге келуі де Елбасымыздың сарабдал ойларынан туындады. Егер осының бәрін бір ауыз сөздің қауызына сыйғызсақ, Президентімізді Түркі әлемінің көшбасшысы деп атауға толық негіз бар. Түркия Президенті Абдолла Гүлдің өзі Қазақстан Президентін “Түркі әлемінің лидері” деп атауының өзі сондықтан деп ойлаймын.
Шын мәнінде, Түркі академиясының Қазақстанда болуы, маңызды бұл интеллектуалдардың, ақыл-ойдың, жалпы ғылымның, түркі әлеміндегі қарым-қатынастарды зерттеуші орталығы ретінде саналады. Демек, Қазақстан әрі бастамашы, әрі қарашаңырақ ретінде түркі дүниесінің орталығы болуына ықпал ететін үлкен құндылық деп білеміз. Академия түркі дүниесіне қатысты барлық салаларды қамтығанымен, негізінен гуманитарлық салаға – тіл, әдебиет, тарих, археологияға басымдық беріліп, тұтастай алғанда түркі дүниесін жақындастыратын орталық ретінде бағаланады. Ал мұның барлығы халқымыздың өткені мен бүгінін зерттейтін, тарихын, туыстық қарым-қатынастарға дәнекер болатын басты салалар екені даусыз. Әсіресе Түркі академиясының алдында ортақ тарих жазу, соны түгендеу, ақтаңдақтарды айқындау сынды келелі міндеттер тұр. Бұрын өзіңіз білесіз, жалпы лингвистика тіл бағытында дамыған болса, қазір тарихқа, археология, этнография жағына көп көңіл бөлінуде. Себебі бұл өзімізді тануға, туыстық дәнекерліктің ішке бүккен сансыз сырларын көбірек ашуға қозғаушы күш болатын басты сала.
Осы орайда сіз сұрап отырған “Мәңгілік ел” идеясы да тарихтың алтын көмбесінде көмулі жатқан бай мұра екенін дұрыс бағамдауға үндейді. Себебі кезінде Еуразия кеңістігін жайлаған, алып империялар құрған, қарамағындағы халықтарға тең қараған, олардың тілдерін, дәстүрлерін құрметтеген байырғы түркі мемлекеттерінің тұрақты ел құру жолындағы түпкі қазығы осы “Мәңгі ел” идеясын жалғастыру болатын. Міне, сол идеяның Қазақстан Президенті тарапынан көтеріліп отырғаны тарихи сабақтастықтың саналы жалғасы деп түсіну керек.
– Түркі өркениеті дегенде қасиетті Сыр бойының шоқтығы биік тұратынын жақсы білесіз. Оның бір айғағы – Қорқыт бабамыз. Қазіргі таңда сіз жетекшілік ететін академия осы өңірмен байланысты қандай да бір жаңа сипатқа көтеруге қаншалықты талпыныс жасап отыр?
– Қазақстан қазір Мағжанның тілімен айтқанда, Ер Түріктің бесігі ретінде түркі әлемінің орталығына айналып келеді. Мұнда әрине, Елбасымыздың кемеңгерлігі айқын көрініп отыр. Президентіміздің “Сыр – Алаштың анасы” деген сөзі бар. Қазір тәуелсіз алты түрік тілдес мемлекеттер бар екенін білесіз. Сондықтан Сыр өңірі, Ақмешіт жері Алты Алаштың рухани орталығы болуына зор мүмкіндігі бар. Біріншіден, Қорқыт бабамыз. Қорқыт ата Түркі дүниесінің, Оғыздардың абызы деп есептеледі. Қорқыт дегенде түркімендер, әзірбайжандар, түріктер барлығы бас иеді, құрмет тұтады. Қорқыт сондай-ақ, жыр жырлаған абыз ғана емес, осының бәрінің басын біріктірген рухани көсем ретінде қабылданады. Оның музыкасы түркі музыкасының бастауы болып саналады. Оның аңыз-әпсаналары – біздің фольклорлық бай мұрамыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан қазіргі Қызылорда өңірі түркі дүниесі рухани астаналарының бірі, оның діңгегі Қорқыт бабамыз деуге толық негіз бар.
Кезінде бұл істі жарыққа шығаруда, жандандыруда Елеу Көшербаевтың бас болғанын білеміз. Қазір сол игілікті іс ұрпақтар сабақтастығы негізінде жалғасып келе жатқаны қуантады. Себебі Қорқыт ата Қожа Ахмет Яссауи, Едіге сынды ұлы тұлғалар қатарында өзінің мәңгілік мұрасымен ұрпақтарын өзіне шақыратын, тартатын алтын діңгек. Олай болса, мұның төңірегіне жалпы түркі халықтарының ғалымдары, мәдениет қайраткерлері қайта бас қосады деген үлкен үміт бар. Бір сөзбен айтқанда, киелі Сырдың бойы бауырлас түркі халықтарының рухани ордасы деп санауға болады. Қорқыт атаға байланысты сондай-ақ, Әзірбайжанда үлкен жұмыстар қолға алынып жатыр. Сол елдің Президентінің қаулысымен келесі жыл Қорқыт жылы болып белгіленді. Сонымен қатар Түркімен елі де Қорқыт бабаны үлкен тұлға санайды. Осының бәрі біздің алдымызда Қорқыт әлемін терең тану жолында үлкен міндеттер тұрғанын айқын көрсетеді.
– Байқасаңыз, осы бауырлас елдердің қарым-қатынасын нығайтудың ең бір төте жолы – туризм…
– Бұл енді айқын дүние. Туризм, шын мәнінде, экономиканы дамытудың ғана көзі емес. Ол елдің жетістігін насихаттаушы, халықтарды бір-біріне жақындастыратын төте жол. Қазір Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырып, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі түрен салды. Оның Қазақстан арқылы өтуі біздің тынысымызды кеңейтеді. Елбасымыздың осындай ұлы бастамаларға бас болуы Қазақстан даңқын арттырып отыр. 2013-2014 жылдар Түркі әлемінде туризм жылы болып бекітілді. Көптеген шаралар жасалуда. Соның ішінде мәдени туризм де бар. Бұл – расында, туризмді алдыңғы қатарға шығаратын бірден-бір жол. Ал осы жағынан келгенде Қызылорда өңірінде үлкен жұмыстар атқарылуда. Осы сапар сәтінде көргенім, Қызылордада қатынастың күре тамыры – жол едәуір жақсарған, жаңа үлгідегі қонақүйлер салынуда. Қаланың сол жағалауы шығыстық үлгіде дамиды деген бастама көңілге қуаныш ұялатады.
Екіншіден, Қызылорданың тек Қорқыт емес, Түркі әлеміне рухани орда болуына тағы бір себеп бар деп те ойлаймын. Ол – Қызылорданың, көне Ақмешіт жерінің Оғыздардың алғашқы орталығы болуы. Жент қаласы Салжұқ мемлекетінің негізін қалаған Салжұқ бектің отаны. Осында мемлекет құрып, Жент қаласында алғаш мұсылмандықты қабылдап, бүкіл Араб елдеріне, Түркияға, Таяу Шығысқа үкімін жүргізген тарихтағы алып империяның негізі осы Жент қаласында. Егер біз осының құпияларын аша түссек, Оғыз мемлекетінен тараған ұрпақтарды Сыр бойына тартуға мүмкіндік табамыз деп ойлаймын. Бұл кезекте Жент қаласында зерттеу, қазба жұмыстарының жүргізілуі жетілдіріліп, ашық аспан астында үлкен мұражай жасалатын болса, осының барлығы жаңалыққа айналып, түркі халықтарының бауырластығын тереңдете түсуге зор қызмет етер еді.
– Тағы бір сауал. Сіз шоқайтанушы ретінде көптеген ғылыми жұмыстарға тер төктіңіз. Алдағы уақытта осы Сыр бойынан шыққан Алашқа тұтқа болар ұлы тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығын атап өту жөнінде сөз болуда. Бұған қандай ойыңыз бар?
– Расында, Сырдың бойы небір ғұлама ғалымдарымен, ақын-жазушыларымен, ұлы тұлғаларымен әйгілі. Солардың ішінде бергі тарихтағы көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай деп ойлаймын. Түркияда оқып М.Шоқай туралы диссертация қорғап, оны түрік тілінде шығарған кезде оның мұраларына қатысты көптеген құнды деректерге қол жеткіздік. Мұстафа Шоқай – біздің тарихымызда алғаш рет эмиграцияға шыққан, мемлекет басқарған, қазақ елінің ғана емес күллі Түркі жұртының тағдырына алаңдап, шетелдегі мемлекет басшыларымен терезесі тең жағдайда сұхбат құрған алып тұлға. Ал осындай біртуар азаматтың туған жылына байланысты әр алуан пікірлер айтылып жүргені белгілі. Оның туған кезіндегі куәлік, қай жерде, қалай дүниеге келгені, Ташкентте мектепке қабылданғаны, Петербурда студент болғаны, қысқасы, сол кездері өз қолымен жазылған естелік құжаттарында Мұстафа Шоқайдың 1890 жылдың желтоқсанында өмірге келгені, ал оның қазіргі жыл санау бойынша 1891 жылдың қаңтар айына сәйкес келетінін айтуға болады. Демек біз бұл тұрғыда өз қолымен жазылған дүниелерді негізге алуымыз керек деп ойлаймын. Қисынға салатын болсақ, келесі жылы желтоқсаннан бастап 2016 жылы 125 жылдығы келе жатыр. Қазаққа ғана емес түркі дүниесіне ортақ тұлға болғандықтан Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы ЮНЕСКО шешімімен халықаралық деңгейде атап өтілуі керек деген ойымыз бар. Өйткені оның мұралары түркі халықтарына ортақ қазына.
– Дархан Қуандықұлы, сұхбатыңызға рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Қуат Шарабидинов