Жалға берілген жердің жартысы қайтарылады
Жалға берілген жердің жартысы қайтарылады
Бұған дейін баспасөз бетінде Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигоны мен Құрманғазы ауданындағы Азғыр полигондары жайында талай мәрте жазылған болатын. Бұл туралы Парламент те үкімет алдында мәселе көтерді.
Осы өңірде мүгедек болып өмірге келіп жатқан сәбилердің де тағдыры көпшілікті алаңдатуда. Алайда, Ресейдің ракета қалдықтарынан тараған улы гептилдің зардабына қарсы ешқандай шара қолданбай келгені өкінішті.
Полигон жанын мекендейтін жергілікті тұрғындар Ресейдің қоластына кеткен шұрайлы жерлер нағыз ауылшаруашылығын дамытатын және мұнай барлауға аса қажетті өңір екені анық. Сондықтан да халықтың талабы – Ресейге берілген жерлерді біртіндеп қайтару.
Бүгін белгілі болғандай, жалға берілген жердің жартысы қайтарылатын болыпты. Осы күнге дейін 750 мың гектер жерді иеленіп отырған Тайсойған полигонының иелігі арнайы комиссия шешімімен 125 мың гектарға дейін қысқартылатын көрінеді.
Ал Мұнай өндіру компаниясының өкілі Әйіп Сұпығалиев бұл аумақта 51 млн. тоннадай мұнай қоры бар дейді. Егер қайтарып алынған жерді мүмкіндігінше ауыл-шаруашылығына пайдалануға және мұнай кенін өндіруге де болады. Бұл жергілікті халық үшін екі қолға бір күрек.
ҚР Парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: «Бұл – экономикалық емес, әлеуметтік мәселе. Сондықтан министрліктер мен Үкімет тарапынан қолдау бар. Бұл жерлер өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Кеңес одағының ядролық қаруларды сынайтын полигоны болған. Кейін де Ресей жалға алып, бейбіт мақсаттағы әскери зымырандарды сынау алаңына айналдырды. Үсті малға табылмас жайылым, асты көмір сутегі шикізаты қорына бай жерді пайдалануға рұқсат жоқ. Келісімшарт бойынша жалға берілген жерге қазақстандықтардың аттап басуға құқы жоқ»,–дейді.