Жаңалықтар

ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

ашық дереккөзі

ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі №248 Қаулының күшін жойып, оның орнына №783 Қаулыны қабылдаған болатын. Естеріңізде болса, №248 Қаулы биылғы наурыз айының 20-сында қабылданып, онда оралмандарды қоныстандыру аймақтары бекітілген еді. Осы Қаулы бойынша, шетелден келген қазақтар Қазақстанның 7 облысына ғана қоныстанады делінген. Олар: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Атырау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары. Бұдан өзге өңірлерге келген қазақтар Қазақстанда тұрақты тұру үшін төлем қабілетін растау қажет және ол үшін есеп-шотында 2,5 млн. теңге болуы тиіс-тұғын. Қаулы күшіне енген күннен бастап, шетелден келетін қазақтардың көбі қоныстану аймағына келмегені себепті тіркеуден бас тарту басталды. Сондай жандардың бірі тек өткен аптада ғана бізге Алматы облысының Талдықорған қаласынан хабарласты. 

– Ақын Сара ауылына үш ағайынымды әкеліп қоныстандырған едім. Үшеуінде үштен-төрттен бала бар. Олардың 4-еуі мектеп жасында. Үй-жайларын өзім сатып алдым, жағдайын жасадым, еңбегін тауып бердім. Тек соларды орналастырайын десем, есеп-шотында 2,5 миллион теңге болуы қажет деген талап қойып отыр. Әйтпесе, өзге өңірлерге барып, қоныстансын дейді. Олардың көшіп-келуге де қаржысы болмады. Өзге өңірлерге барса қалай күн көреді, – деп шағымданды Қытайдан оралған кәсіпкер Жақсыбек. 

Біз оларға Үкімет №248 Қаулыны №783 Қаулымен алмастырғаны жайында, алайда ол Қаулының әлі жарыққа шыға қоймағанын айтқан едік. Өткен аптада Үкімет аталған Қаулыны баспасөзде жариялады. Сөйтіп, оралмандарды қоныстандыру аймағы Алматы мен Астана қалаларынан өзге Қазақстанның 14 облысына кеңіді. 

Дегенмен, бұған дейін оралмандарды қоныстандырмаудың амалымен заңды қырыққабат шырғалағаны мәлім. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы көктемде оралмандарды қабыл­дау тәртібі өзгереді деп бір желпіндіріп тастады. Алайда заңға тиісті өзгертулер жыл аяғына дейін қабылданбақ. Оған дейін қолданыстағы заңдар бойынша өмір сүретін боламыз. Бұл заңдарда шетелден келетін қазақтарды тұрақты тіркеу түйткілдері бастан асады. Ішкі істер органдары талап еткен құжаттарын әкеліп бере алмай, Қазақстан мен Қытай арасында сабылған қандастарымыздың бір тобы өткен аптада тағы да баспасөзге шағынып, өз мұңдарымен бөліскен еді. Редакцияға қоңырау шалынысымен, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына сапар шектік. 

Бізді «Алаш жұрты» қоғамдық ұйы­мының жетекшісі Анархан Ерғазы қарсы алды. «Алаш жұрты» қоғамдық ұйымының алдында қайшыласқан халық. Барлығы дерлік Қытайдан оралған қандастарымыз. Проблемалары біреу. Бір жыл бойына тіркеле алмағандықтан, шекара асып, Қытайға қайта қайту керек. Бірақ, олар осында қоныстану үшін келгендіктерін және ешқайда қайтқылары келмейтіндігін айтты. 

Анархан Ерғазы, «Алаш жұрты» қоғамдық ұйымының жетекшісі:

– Оралмандарды тұрақты тіркеу жөнінде және азаматтығын тезірек беру жөніндегі заң жобалары күзде қаралады деп естідік. Қуаныштымыз. Алайда, сол заң жобасы қаралып болғанша, мұнда визасының уақыты өтіп кеткен жүзге жуық отбасының жағдайы ауыр болып тұр. Біз Ішкі істер министрлігінен ол отбасыларды осында қалдыруға бір амалын жасауды сұрап отырмыз. Алайда, Ішкі істер министрлігі қазіргі қолда бар заңдармен жұмыс істейтіндігін айтады және оларды мұнда қалдыра алмаймыз, депортация жасаймыз дейді. Егер, депортация жасалса, бұл адамдардың Қазақстанға енді 5 жылсыз кіру мүмкіндігі болмайды. Ал олар бүкіл мал-мүлкін сатып келіп отыр. Осында қоныстануды мақсат еткен еді. Бір жыл бойы тұрақты тіркеуге қажетті құжаттарды жинай алмады. Өзге құжаттарды жинауға болады, тіпті сотталмағаны жайында анықтаманы да алып келдік. Алайда, бізге қиыны – Қытай консулынан «біздің осында тұруымызға қарсы емеспін» деген келісімді алу. Екіншісі, Қытайдан НОПОС-тан, яғни тұрақты тіркеуден шығып келу басты проблема болып отыр. 

Жәнібек Сағынбек: 

– Осы қазан айында менің визамның уақыты аяқталады, ал уақытша тіркеуім аяқталды. Оны осы Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы созып бермей отыр. 

– Бір жылдың ішінде неге тұрақты тіркеуге тұрмадыңыз?

– Былтыр қазан айынан бастап, ешқандай тіркеу болған жоқ. Заңды күтеміз дегенді желеу етіп, ешқандай тіркеу жұмыстарын жүргізбеді. Осында кемінде 50 рет келген шығармын. Қытайда көптеген отбасыларға 2 баладан артық балалы болуға рұқсат жоқ. Мына баланың Қытайда екі баласы болған еді. Егер үшінші балалы болса, оны іште жатқанда тұншықтырар еді. Үшінші баласын осы Қазақстанға келіп туып отыр. Сол нәрестені тіркете алмай жүрміз. Осындағылар Қытайға барып, тіркетесіздер дейді. Ал біз осында қаламыз деп келген едік. 

Тілеубек Сағынбек: 

– 2012 жылы қараша айында көшіп келдім. Бір отбасында 5 жан едік. Былтыр үлкен ұлымды көшіріп келдім. 2013 жылдың тамызында ол жақтан құжаттарымды ыңғайлап, келіп болғанша, заң қабылданып кетті де, азаматтыққа қабылдануға кеш боп қалды. Менен өзге 4-еуі ҚР азаматтығын алған. Ал мен, үлкен ұлым және немерем үшеуміз қазір өткелектен өтудей-ақ өтіп келеміз. Ол жаққа қайта барғанмен қалай тірлік етеміз? Бүкіл дүние-мүлкімізді сатып келдік. Мұнда келгелі де тіркелудің әлегімен не жұмыс жоқ, не басқа күнкөріс жоқ, тапқан-таянғанымызды бір жылда бір-ақ бердік. 

– Бір жылдың ішінде тіркелуге не кедергі болды? 

– Мен мұндағылардың бүкіл талабын орындадым. Сотталмағаны туралы анықтаманы алып келдім, Нопостың өзін өшірттім, алайда бәрібір тұрақты тіркеуге қабылдамай тастады. 

Анархан Ерғазы:

– Бұл кісілерден Қытай консулынан келісім әкелуді талап етеді. Қытай консулы Қазақстанның ішкі ісіне араласа алмаймыз деп ондай анықтаманы беруден бас тартады. «Қазақстан шетел азаматтарына ықтияр хат бере ме, тұрақты тіркеуге ала ма, азаматтыққа қабылдай ма, ол бізді қызықтырмайды.Егер ондай құжат керек болатын болса, Қытай азаматтығынан шығып кел» деген жауап алдық. Ал Қытай заңында шетел азаматтығын қабылдамайынша, олар өз азаматтарын азаматтықтан шығармайды. Сөйтіп екі ортада теңселіп қалған жайымыз бар. 

Құрманғазы:

– Менің әйелім осында келіп босанған. Содан бері тұрақты тіркеу тоқтады. Қытайдан сотталмағаны туралы анықтаманы әкелу үшін екі рет Қытайға бардым. Үш айлық баламда әлі күнге дейін куәлік жоқ. Сол баламен шығып кет дейді, екі балам қаладағы №17 мектепте оқып жатыр. Алдағы айдың 20-сында визамның уақыты бітеді. Жағдайымды айтып, құзырлы органдарға барсам, балаңды алып шығып кет дейді. Ал Қытайда үшінші балаға рұқсат жоқ. Ол баламды алып Қытайға барсам, не мен өте мол көлемде айыппұл төлеуім керек, не ол балаға қастық жасалынады. Сол үшін Қытайға қайтқым келмейді. 

Жарқын Қаппар:

– Ана Еркін Шынғазы деген бала менің інім. Бұлар былтыр 10 қазанда осында көшіп келген. 16 маусымда олар кішкентай сәбилі болды. Бұған дейін екі баласы бар еді. Енді баланың шешесін Қытайға барып визаңды создырып кел, әйтпесе уақытша тіркеуге де тіркемейміз деп жатыр. 

Серхан Дөнентайұлы:

– Былтыр келген едім. Құжаттарымның бәрін бір айдың ішінде ретке келтіріп, азаматтыққа өткізейін деп алдына алып келгенде, кеше ғана заң өзгеріп кетті деп қабылдамай қойды. Сосын уақытша тіркеуге тұрдым. Қазір сол уақытша тіркеудің де уақыты аяқталуға жақын, ол аяқталса төлейтін айыппұлымыз бар. Соны ұзартып алайын деп, ішкі істерге келсем, оны да ұзартып бермей отыр. Сонымен амалым құрып отырған жайым бар. 

Анархан Ерғазы:

– Бұл кісінің уақытша тіркеуі аяқталғалы біраз уақыт болды. Ал уақытша тіркеуді виза уақытымен созып беруге ешкім құлықты емес. Визасының уақыты аяқталмаса да, тіркеусіз жүргені үшін бұл кісіге салынар айыппұл бар және сот ашып, елден қуып жіберуі де мүмкін. 

Жиналған адамдардың айтар проблемасы біреу. Тұрақты тіркеуге бір жыл бойына тұра алмаған. Визасының уақыты аяқталуға жақын, уақытша тіркеуінің уақыты біткен. Оны ары қарай созуға ешкім құлықты емес. Туғанына 40 күн болмаса да кішкентай сәбиін көтеріп, құзырлы органдарды сағалап жүрген екі жас ананы ертіп, Алматы облысы Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасына бардым. Онда бізді қабылдаған полиция майоры Нұрмұқан Босқынбаев Ішкі істер қызметкерлерінің қолдағы бар заңдармен ғана жұмыс істейтіндігін айта отырып, уақытша тіркеу тек үш айдан, 6 айға ғана жасалатынын айтты. Өкінішке қарай, қандастарымыз осы уақыт аралығында тұрақты тіркеуге қажетті құжаттарды түгендеп әкеле алмай отыр. Өйткені бұған шырмауықтай шырмалған талай заңдық кедергілер кінәлі. Алдағы күзде Парламент оралмандарға қатысты заңнамалық актілерді қарауды қолға алмақ. Сол кезде осы заңға ішкі істер органдарының да өкілдері араласып, оралмандарды тұрақты тіркеуге алу процедураларын жеңілдетуге үн қосу қажет. Өйткені, бүкіл процесс осы тұрақты тіркеуден басталады. Оны жеңілдетпейінше, оралмандардың бұған дейін қордаланған түйткілі толық шешілмейді. 

Ал Нұрмұқан Босқынбаев екі сәбидің ата-анасының уақытша тіркеуін визасының уақыты аяқталғанға дейін созып беруге уәде берді. Бұл олардың бір ай ішінде Қытайдың Қазақстандағы елшілігінен балаға құжат алу үшін берілетін мүмкіндік екен. Сәбиге берілген төлқұжат арқылы олар Қытайға шығып, қайта келуіне болады дейді ол. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ