Жаңалықтар

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ: ЕРТЕҢ ТАҒЫ ДА СОТ БОЛАДЫ

ашық дереккөзі

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ: ЕРТЕҢ ТАҒЫ ДА СОТ БОЛАДЫ

Күні кеше ғана мойнына 13 миллион теңге көлемінде моральдық шығын салынған әріптесіміз Жарылқап Қалыбай апелляциялық шағым түсіріп үлгермей жатып, тағы да сотқа шақырылды. Екі сарапшынгың «экстремизмді насихаттаудың нышандары болуы мүмкін» деп күлтебілтелендірген қорытындысының соңы журналист үшін тағы да сергелдең болды.

Соңғы кездері соттан көз ашпаған әріптесіміз Жарылқап Қалыбай ертең тағы барады судьяның алдына. Өткендегі 13 ардагерден кейін Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Алматыдағы Әкімшілік сотқа журналистің үстінен шағым түсіріпті. Бірақ алғашқы күні отырыс болмады. Өйткені Ж.Қалыбай істі қарауы тиіс судья Арман Тұрғанбаевтан бас тартатынын айтып, Әкімшілік сотының төрағасына өтініш жазды: «Былтыр SСAT компаниясы қызметкерлерінен мемлекеттік тілді талап еткенім үшін мені 3 күнге абақтыға қамаған – осы Арман Тұрғанбаев. Соттың шешімімен келіспесем де, мені абақтыға қамап тастады. Арман Тұрғанбаевтың менің тағдырымды екінші рет шешкенін қаламаймын». Төраға сол күні-ақ оның өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, 18 шілдеде судья Д.Алыбай істі қарауды бастады.

Сонымен, Жарылқап Қалыбайдың үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 344-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Себебі, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының 92 нөмірінде экстремизмді жақтау белгілері бар деген күдікпен сараптама тағайындапты. Сараптама нәтижесінде құқық қорғау органдарының сарапшылары Равилов пен Мұқанова «Гитлерге арналған 52 беттік журналдағы сауалнама айдарында «Гитлер – фашист емес» деген мақалада экстремизмді насихаттау белгілері болуы мүмкін деген қорытынды жасаған. Яғни, сарапшылардың өзі аталған материалда «мүмкін» деген қорытындыға келген. Кешегі отырысқа олардың екеуі де қатысқан жоқ. Ал бізге түсініксізі сол, да Жарылқап Қалыбай кінәлі ме, жоқ па, екі сарапшы да ашып айтпайды. Қорытындыларында «экстремизмді насихаттау белгісі болуы мүмкін» деп күлтебілтелендіреді. Есесіне, шағымданушылардың арызын жоққа шығарған Ж.Қалыбайдың адвокаты Шымқуат Байжанов пен «Әділ сөз» қоғамдық қорының жанындағы Ақпараттық даулы құжаттар бойынша лингвистикалық сараптама жасайтын маманы Рахиля Қарымсақова «АҢЫЗ АДАМ» журналындағы Гитлерге қатысты мақалаларды жілікше шағып, біртіндеп талдап берді.

Сотта сөйлеген сөзінде адвокат Ш.Байжанов: «АҢЫЗ АДАМ» журналының бірінші бетінде Бас редактор Жарылқап Қалыбай не үшін Гитлерді журналға шығарып отырғанын, оның адамзатқа қасірет әкелгендігін ашық жазған. Журналдың сыртында Гитлердің суреті қызыл фонға, яғни қанның түсіне қойылған. Ал фашизмнің свастикасының бөлшектенген суретін салған. Ал енді «Сауалнама» айдарында 5 ғалым «Сіздің ойыңызша, Гитлер қандай адам» деген сұраққа пікір білдірген. Соның ішінде Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер – фашист емес» деген сөзі оны фашизмді жақтап, халықты экстремизмге шақыру мақсатында айтылмаған. Егер автор мәтінде халықты бүлік шығаруға айдап салып, ұлтаралық наразылық тудыруға итермелесе, оның осындай сөздерін редактор журналға басса, онда әңгіме басқа. Редакторды эксремизмді насихаттады деп айыптау үшін сауалнамадағы пікірдің авторын сот экстремист деп дәлелдеу керек алдымен. Ең алдымен мәтіннің мазмұнына мән берілуі керек. Осы мәтінде экстремизмді насихаттайтын белгілердің жоқтығын сарапшы ғалымдар анықтап отыр», – десе, ондаған жылдар бойы тіл саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Рахиля Қарымсақова: «Мен тіл маманымын, 42 жылдық еңбек өтілім бар, 12 жыл сараптама саласында қызмет етіп келемін. Экстремизмге қатысты даулы құжаттар сараптамасы методикасының авторының бірімін. 26.06.2014 жылы «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының 2014 жылғы №8 санына сараптама қорытындысын шығардық. Мұндай сараптаманы жасау үшін материалмен толығымен таныстық және негізгі мазмұнына мән беріледі. Одан кейін мәтіннің қандай мақсатта жазылғаны анықталады. Сараптама қорытындысын қысқаша түсіндіре кетсем, журнал негізінен Гитлер туралы емес, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Гитлердің рөлі туралы және екінші айтайын деген ойы Ресей тарапынан төнген қауіпке қатысты пікір білдіру. Журнал толықтай бір тақырыпта жазылғандықтан ондағы бір материалға ғана сүйенуге болмайды. Журналдың алғашқы бетінен бастап соңына дейін барлық айдарларға сараптама жасалды. Мұнда ешқандай экстремизмді насихаттайтын белгілері табылмады. Жалпы жер бетіндегі адамдардың көбі Гитлерді жауыз, қанішер деп танитын болса, көпшіліктің арасында оны мықты саясаткер, неміс халқының көшбасшысы деп қабылдайтындар да бар. Егер Нағашыбай мырза, Гитлердің білімді, ұлтшыл екенін айта келіп, халықты алаңға шығуға шақырса, онда экстермизмді қоздыруға әрекет етті деп айыптауға болар еді», – деген уәж айтты.

Сонымен, бүгін Алматыдағы Әкімшілік сотта сот отырысы жалғасады. Сансыз сот отырысынан шаршаған, моральдық және материалдық тұрғыда шығынға батқан Жарылқап Қалыбай өзін сергелдеңге салған даудың астарында былтыр «SCAT» компаниясы өкілдерінің ықпалы бар деген сенімде. Сондай-ақ, қаржылық тұрғыда өзін өзі ақтап отырған үш бірдей журналдан түсетін пайдаға көзін алартқан бәсекелестердің де «үлес» қосуы бек мүмкін екен. Өйткені соңғы айларда журналдарды сатуда бөлшек саудадан түсетін кіріс күрт төмендеп кеткен. Ал Қазақ қоғамындағы қызу пікірталас пен наразылыққа себеп болған «Гитлер дауы» туралы басқа да азаматтардың айтары бар. Себебі өткенде 13 ардагер Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағымданып, судья 13 миллион теңге айыппұл салғанда сарапшылар пікіріне жүгінген едік.

Абзал ҚҰСПАН, адвокат:

– Сот шешімін көзбен көрмей тұрып, пікір айту әрине ертерек. Дегенмен, бұл істің бастапқы кезінде мен араластым, жол қашықтығына байланысты Алматыға келіп қатысу мүмкіндігім болмады, алайда, сотқа дейінгі у-шуға араластым, одан кейінгі сотқа берілген талап арызды көрдім, талап арызда жаңа ештеңеге де сілтеме жасалмаған. Сондықтан, менің  заңгер ретінде пікірім сот шешімі 100 пайызға ЗАҢСЫЗ. Басқа жағдайда басқа орыстілді газетті осындай себеппен сотқа беріп  көріңізші, Сіздің талабыңызды сот қарамақ түгілі, қабылдамай тастайды. Әншейінде, заңгер басымызбен біздер қарапайым кез-келген азаматтық іс бойынша талап арыздарымызды сотқа уақытылы қабылдата алмай жүреміз. Ал, зейнеткерлер атынан берілген мына талап арыз болса ҚР АІЖК-нің 150 бабымен бекітілген талаптарына сәйкес келмейді. Сонда да сот оны қабылдап, ол аз болғандай тез арада шешім қабылдап үлгерді. 

1-  БАҚ арқылы біліп отырмыз, «құқықтары бұзылған, моральдық зиян шеккен» талапкерлер қазақ тілін білмейді, қазақша журналды, ондағы мақалаларды оқымақ түгілі, кейбіреулері өздерінің сотқа талап арыз бергендерін де білмейді. Бұл – Жәкеңнің өзі айтып жүргендей, осы істің артында ұйымдастырушылар бар екендігінің нақты дәлелі. 

  Сонымен, мен сот шешімімен неге келіспеймін;

Біріншіден, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 2 бабы 1-бөлігіне сәйкес, сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлетіні, цензураға тыйым салынатыны нақты бекітілген.

  Адольф Гитлер – Ж.Қалыбай басқарып отырған қазақтілді журнал жазбай-ақ, әлемге танымал болған тұлға.  Одан бөлек, Қазақстан Республикасындағы бірде-бір заң актісімен Гитлерге қатысты мақала жариялау немесе зерттеу жұмыстарын жүргізуге тиым салынған жоқ. 

  Екіншіден, журналға сұхбат берген бір ғана автор Н.Есмырзаев тарапынан Гитлердің жеке басына жағымды мінездеме берген жағдай болды. Алайда, ол автордың өзінің құқығы, оның пікірі – редакцияның пікірі дегенді білдірмейтіні туралы журналдың бірінші бетінде жазулы тұр.

  Одан басқа, жоғарыда аталған Заңның 17 бабының, 1 бөлігіне сәйкес, «Редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлықсабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi» – екендігі көрсетілген.

Редакция алқасы аталған баптың 2 бөлігіне сәйкес, тек оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға ғана құқылы. Бұл жоғарыда атап өткенімдей, сот шешімін көзбен көрмей, таныспай тұрып беріп отырған пікірім. Сот шешімін оқыған соң пікірімді толықтырып қайта беруге дайынмын.

Ал енді, Жарылқап ағамызға қатысты ішкі істер органдарымен қозғалған  әкімшілік жауапкершілік мәселесіне келетін болсақ, ол кісіге тағылған айып мына баппен сараланған:

244 баптың 2 бөлігі (сөзбе-сөз); Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге, экстремизмдi немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға бағытталған, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олардың техникалық амалдары мен тактикасын ашатын мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiн Қазақстан Республикасының аумағында тарату, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, –  бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерi тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге – жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әдетте, тәжірибеде ішкі істер органдарымен қозғалған көптеген әкімшілік істер сотқа жетпей заңсыз деп танылып бұзылып немесе сотта қысқартылып жатады. Менде, мына істі солардың қатарына кетер деп үміттенемін. Ең бастысы – сауатты қимылдап, уақытында шағымдар келтіріп, құқықтық тұрғыдан қорғану жағына баса көңіл бөлу қажет. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды дегенмен, сотқа дейін де, заңдылықтың орныдалуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын Прокуратура органдарына шағымданып бастаған дұрыс. 

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

– “Аңыз Адам” журналына қатысты шыққан сот шешімі зор алаңдаушылық туғызады. Қанды Гитлердің қылмыстарын айыптап, тарихтан сабақ алуға және бұндай зұлматтың XXI ғасырда қайталануына жол бермеуге шақырған басылымға жасалып отырған қысым мүлде түсініксіз. Журналдың мазмұнымен таныспай, қалайша осындай қатқыл әрекеттерге баруға болады? Журнал мұқабасындағы Гитлердің суретіне келсек, сот пен ардагерлер неге ресейлік мұқабадағы “Адамзаттың тағдыры” деген сөзді, фашистік свастиканы қақ айырып тұрған қолдардың суретін неліктен көрмеді, әлде көргісі келмеді ме? Немесе дәл сол Гитлердің суретін басып шығарған ресейлік “Правда”, “Известия”, “Комсомольская правданы”, американдық “Тайм” мен “Уашингтон Посты”, француздың “Фигаросын” басқа да мыңдаған басылымдарды, фильмдерді, том-том кітаптарды неліктен ешкім қудалаған жоқ, әлде сол Гитлердің өзі секілді отқа жаққан жоқ? Ал “Аңыз Адам” сандарының бірін қанішер Сталинге арнағанда ешкім неге өре түрегелген жоқ? Осындай ащы да жауапсыз сұрақтар көп. Кезінде Борис Пастернактың да шығармаларын КСРО-да дәл осылай оқымай жатып айыптаған. Соңынан оны бүкіл әлем мойындап, Нобель сыйлығын берді. Бүгінде орыс халқы Пастернакты мақтан тұтады, ал оған қиянат жасағандардың үні де, қарасы да өшкен. Кезінде ұр да жық саясаттың құрбандарына Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар, басқа да қазақ халқының сүйікті ұлдары, публицистері, ақын-жазушылары айналды. Заман өте олардың ұлық есімдері көше мен алаңдарға берілді, ал оларды Мәскеу тапсырысымен қинаған жендеттер ел қарғысына ие болды. Тажал КСРО дәуірі, азат ой мен әділдікті жаншыған ресейлік отарлау мен репресиялар заманы келмеске кетті. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Осыны түсінер кез, бөгде елдердің болмаса да өзіміздің тарихтан сабақ алатын кез жетті ғой.