Украинадағы апат: КІМ КІНӘЛІ?
Украинадағы апат: КІМ КІНӘЛІ?
Тағы да орны толмас апат. Тағы да барша жұрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға орын алды. Бүкіл әлем халқы күңіреніп, аза тұтты. «Кемедегінің жаны бір» демекші, Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған ұшақтың әуеде күл-талқаны шығып, ондағы 298 адамның өмірі бір сәтте қиылды.
Олардың 15-і экипаж мүшелері, 189-ы Нидерландының, 44-і Малайзияның, 27-сі Австралияның, 12-сі Индонезияның, 9-ы Ұлыбританияның, 8-і Германия мен Бельгияның, 3-еуі Филиппин, Канада және Жаңа Зеландияның азаматтары. Ал тағы 4 адамның қай елдің азаматы екені анықталу үстінде. Малайзиялық әуе компания әрбір қаза болған отбасына қосымша 5 мың доллардан өтемақы төлейтінін жариялады.
Малайзияның әуе компаниясына тиесілі Боинг-777 ұшағы Украинаның шығыс бөлігінің үстімен ұшқан. Ұшақ Ресей шекарасынан 60 шақырымдағы Донецк облысындағы Гарбово және Снежное елді мекендерінің маңайына құлаған. Көк аспанда жанып, жерге жеткенше бөлшектенген әуе кемесінің кейбір сынықтары ауылдағы үйлердің ауласына да түсіпті. Іле-шала Украина қауіпсіздік қызметі малайзиялық ұшақты ресейлік сепаратистер құлатты дегенді растап, мұны дәлелдейтін аудио жазба да жариялаған көрінеді. Бұл жазбаны интернеттен біз де тыңдап көрдік. Әңгіме «Майор» және «Грек» деп аталатын белгісіз адамдардың арасында өрбіген. Оның бірі ұшақты казактар Чернухино блокпосты төңірегінде құлатқанын және оның азаматтық ұшақ екенін айтса, екіншісі – ұшақтағы заттар мен жолаушылар мәйітінің үйінді болып қалғанын хабарлап отыр. Украина қауіпсіздік қызметінің бастығы Валентин Наливайченко: «Жазбадағы РФ қарулы күштеріндегі екі офицердің сөзін әрі қарай зерттеуге кірістік» деген болатын.
Украина президенті Петр Порошенко: «Лаңкестердің көшбасшыларының бірі ресейлік басшыларымен сөйлескенде, Боинг-777 ұшағын атып түсіргендерін мақтана айтқан. Олар 298 адамның өлімін өздерінің жеңісі деп санайды. Бұл бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне жасалған лаңкестік шабуыл деп санаймын», – деді. Ол АҚШ президенті Барак Обама мен вице-президенті Джозеф Байденмен телефон арқылы сөйлескенде апатты зерттеу жұмысына американдық сарапшыларды да жіберуін өтініп: «Терроризм – әлемдік мәселе. Украинаға қарсы сыртқы қысым біздің ғана емес, бұл – еуропалық және дүниежүзілік қауіпсіздікке төніп тұрған қауіп. Оны жеңу үшін ортақ күш керек. Бүгінде бүкіл әлем агрессордың шынайы келбетін көрді. Шынында да, бейбіт адамдарды тасымалдайтын ұшақты атып құлату – күллі әлемге қарсы бағытталған халықаралық терроризм актісі болып табылады», – деп күңіренісін білдірді.
Тағы бір мәлімет көздерінің айтуынша сепаратистер ұшақты 10 мың метр биіктіктен атып түсіру үшін ресейлік «Бук» зениттік-ракеталық кешенін пайдаланған. Демек, мұндай күші бар әскери техника қайдан келді? Сонда, бұл қай мемлекеттің қолымен жасалған қастандық? Бүгінде әлемді дүрліктірген апат Украинадағы қалыптасқан жағдайға басқаша көзбен қарауға итермелеп отыр. Мәселен, саясаткер Хиллари Клинтон: «Ұшақты кім құлатуы мүмкін? Он мың метр биіктікте құлататын ғарыш-зымыран кешені қай мемлекетте бар? Меніңше, әскери техниканың Ресейден шығуы мүмкін. Яғни, бұл апаттың артында Ресей жақтастары тұр деген сенім арта түскен сияқты. Нақты айту үшін сараптама нәтижесін күтуден басқа амал жоқ» деген пікірімен бөлісті.
Шынында да, бүлікшілердің бассыздығы мен қаскүнемдігі кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Тіпті, олар жан-жақтан келген комиссияның да жұмысына кесірін тигізіп жатқан көрінеді. Кеше ғана орын алған қайғылы апатқа қарамастан бейбіт халыққа оқ атуды қоймаған топты нағыз қанішер дерсің. Тап қазір Донецкінің Кожевня және Красная Заря елді мекендерінің жанында сепаратистер мен украин әскерилері арасында соғыс қыза түсуде. Лаңкестер кімнің бұйрығын күтіп, не орындап отырғаны айдан анық. Мұның артында қай мемлекеттің саяси мүддесі қорғалып жатқандығынан да бүкіл әлем хабардар. Әр елдің сарапшылары өз ойларын айтып, кінәлі тарапқа қатысты пікірлерін білдіріп жатыр. Осы уақытқа дейін ешкім орын алған апатты өз мойнына алмады. Керісінше, қайғылы оқиғаға қатысы болуы ықтимал тараптар бір-бірін кінәлауда. «Росавиацияның» хабарлауынша, малайзиялық Боингті атқан украиналық зымыранның негізгі көздегені Ресей президенті Путиннің ұшағы болуы мүмкін. Осы тұрғыда РФ президенті Путин қайғылы жағдайға Украина мемлекетін айыптап: «Біз Украинаның шығысындағы қақтығыстардың бетін бейбіт келіссөздерге бұруға тырысқанбыз. Алайда, украиналықтар құлақ аспады. Енді бұл мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарау керек. Ресей өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасайды. Негізінде бұған аумағында апат орын алған ел жауапты. Егер Украина әу бастан бейбітшілікті қаласа, мұндай сұмдық болмас еді», – деп азуын көрсеткен соң, Украина президенті Петр Порошенко да қарап қалмады. Ол CNN телеарнасына берген сұхбатында: «Біз ашықтықты қалаймыз. Қайғылы апат Донецкі маңында болса да, көкті ойқастап жүрген ресейлік әскери күштерінің қару-жарағы екені белгілі. Ресейдің жаласын мүлдем құптамаймын. Егер тексеру шаралары әділ өтсін десе, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын» деп кесіп айтып, халықаралық қауымдастықтан істің ақ-қарасын зерттеуге қолұшын беруін сұрады.
Іле-шала АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Донецкідегі сепаратистердің әрекетіне тосқауыл қою керектігі жөнінде мәлімдеме жасады. «Ресей әлгіндей сепаратистерге билік жүргізіп отыр. Мұны ешкім жасырмайды да. Ресейдің оларға күш пен рух беріп, тіпті ауыр қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырғанын білеміз. Сепаратистердің лидерлері – ресейлік азаматтар. Сорақысы сол, олар қайғылы апат болған жерге мамандардың келіп, тексеру жұмыстарын жүргізуіне де кедергі келтіруде», – деді ол.
Қалай дегенмен де, қазір апатқа байланысты түрлі болжам айтылуда. Оның кейбірі құлаққа кіреді де. «Маусым айында ғана техникалық тексеруден өткен ұшақтан ешқандай ақау табылмаған еді» деген малайзиялық мамандар мұны бүлікшілердің қолымен жасалған әрекетке балап отыр. Соңғы тәулікте Донбасстағы қарулы күштер операциясы кезінде әскерилер 40-қа жуық Ресей азаматын тұтқынға алған. Олардың көбі – шешендер екен. Мұны Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров та мойындайды. «Украинадағы әскери қақтығысқа шешендер де қатысуда. Бізге қазір бұйрық берілсе, Шешенстанның 74 тұрғынын Украинаға жіберуге дайынбыз…», – депті Қадыров.
Санкцияның үшінші толқыны басталмақ
Бұған дейін Еуроодақ пен Батыс елдері Украинадағы Еуромайдан кезінде Ресейге екі рет санкция енгізген болатын. Сол арқылы мемлекеттік шенеуніктердің шетелде қызғыштай қорғаған есепшоттары бұғатталған еді. Әрі былайғы жұрт кімнің қанша байлыққа иелік ететіндігіне де көз жеткізген. Міне, осы бастаманы қатаң түрде жалғастыруды құптайтындардың саны күрт артуда. Бір-екі күндікте саясаткер Юлия Тимошенко: «Ресейлік әскерилердің әл-Каидадан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан әл-Каидаға не істелді, оларға да солай жасау керек. Әлемдік қауымдастық Ресейдің Украинаға қарсы соғысын факт ретінде мойындап, азаматтық ұшақты құлатуға байланысты тәуелсіз тексеру жүргізіп, айыптылар халықаралық қылмыстық соттың алдында жауап беруін талап ету керек. Ол үшін агрессор мемлекет ретінде Ресейге қарсы қаржылық-экономикалық санкцияның үшінші толқынын енгізген жөн», – деп атап өтті. Қазірдің өзінде Еуроодақ та Ресейге қарсы жаңа санкция дайындауда. Мұның нәтижесінде жоғары технологиялық тауарлар экспортына екі есеге дейін тыйым салынбақ. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон жаңа санкция енгізу жөнінде Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Франсуа Олландпен кеңесіп, қажетті қатаң шараның бәрін қабылдайтынын тілге тиек етті. Демек, Ресейдің кінәсі дәлелденсе, батыс тарапы қатаң шаралардың жаңа толқынын даярлап отыр. Осы оқиғадан кейін әлемдік қор биржасы да зардап шегуде. Әсіресе, азиялық қор биржаларының көрсеткіштері едәуір төмендеп кеткен. Қазірдің өзінде әлемдік ірі әуе компаниялары Украинаға ұшатын бағыттағы әуе тасымалын тоқтатты. Бұған дейін орташа және жоғары биіктікте ұшуға рұқсат етіліп келген әуе кеңістігі құлаған ұшақтың себеп-салдары анықталып, тексерілгенше жабылады. Мұның өзі ел экономикасына едәуір соққы болмақ. Ал осы Малайзия әуе компаниясының Боинг-777 ұшағы наурыз айында Куала-Лумпурдан ұшып шығып, Тынық мұхитында жоғалып кеткен болатын. Мұндағы 239 адам ұшты-күйлі табылмады. Осылайша, шығынға биыл бір емес, екі рет батқан “Malaysia Airlines-тың” активтері күн өткен сайын құлдилап барады. Тіпті, мамандар компания дағдарыстың салдарынан жабылып қалуы мүмкін дейді. Себебі, соңғы тоғыз айда “Malaysia Airlines-тың” нарықтық құны 40 пайызға арзандап үлгеріпті. Путин G 20-ға қатыса ма? Австралия премьер-министрі Тони Эбботт Ресейдің G 20 саммитіне қатысу-қатыспауы апатқа ұшыраған малайзиялық ұшақтың себебін анықтауға байланысты екенін айтты. Оның пікірінше, егер ұшақ ресейлік ракета арқылы атып құлатылған болса, онда Ресейді үлкен жауапкершілік міндеті күтіп тұр. Премьер Тони Эббот: «Қолда бар деректер ұшақтың Ресей бүлікшілері бақылауға алған аймақта және сол елдің қару-жарағының көмегімен апатқа тап болғанын көрсеткендей. Соған сәйкес, ұшақтың Украина аумағында орын алғанын сылтауратқан Ресейдің сүттен ақ, судан таза шығуына жол бермеу керек. Олардың бұл жоспары жүзеге аса қоймас», – деді. Яғни, қараша айының 15, 16-сында Брисбен қаласында өтетін «жиырмалыққа» Путин келе ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Бір анығы, бұған дейін Ресей Украина төңірегіндегі оқиғаларға байланысты G 8 халықаралық саммитіне қатыстырылмай, алқалы басқосу алдын ала белгіленген Сочиде емес, «жетілік» ретінде Брюссельде өткен болатын. Алайда, кейбір сарапшылар Австралияның бұл саммиттен Ресейді ғана шектей алуы неғайбыл екенін айтады. Ал Эбботтың нидерландық әріптесі Марк Рютте: «Путиннің соңғы мүмкіндігі бар. Егер ол шынымен де жаны ашып, көмек қолын созуға даяр болса, іске кіріссін», – деп толықтырды. P.S. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі малайзиялық Боинг-777 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты арнайы қарар қабылдап, әділетті тексеру жұмысын талап етті. Қаруланған әскери күштерден сарапшы мамандарға кедергі келтірмеуін сұрап, аймақта барлық қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырды. Ал осы істің ақ-қарасын анықтау Нидерландыдан келген мамандарға тапсырылмақшы. Онсыз да агрессор атанып отырған Ресейдің осы оқиғадан кейін халықаралық қауымдастықпен қатынасы шиеленісе түсетіні хақ. Әсіресе Голландия елі Ресейге тіс қайрап отырған сияқты. Себебі, көктен атып түсірілген ұшақтың бортында болған жолаушылардың көпшілігі осы мемлекет азаматтары еді. Сарапшылардың пікірінше, Путин Нидерланды билігімен ара қатынасты ушықтырмауға барынша жанын салып бағуда. Тағы бір деректерге сенсек, Ресей Президентінің үлкен қызы мен күйеу баласы бірнеше жылдан бері Голландия елінде тұрып жатқан көрінеді.
Динара Мыңжасарқызы