Жаңалықтар

АТАМНЫҢ АТАҒЫ ОЛҚЫ ДЕП...

ашық дереккөзі

АТАМНЫҢ АТАҒЫ ОЛҚЫ ДЕП...

Қазақстан тәуелсіздігін алған 23 жылдың ішінде ұлттық саясатын қалыптастыруда көптеген кемшіліктер жіберіп, можантопайлық деңгейге дейін түсті. Біздің осы уақытқа дейін ауыз толтыра айтар бір мақтанышымыз – отаршылдықтың таңбасындай болған жер-су атауларына тарихи атауларын қайтарып, еліміздің ұлттық бет-бейнесін айқындау болғаны анық. Бірақ…

Бірақ, жақсы басталған игі бастаманы науқаншылдық құртты. Қызды-қыздымен еліміздің тарихи тұлғаларын былай қойып, әр ру өз батырларын әспеттеуді, қала берді әркім өзінің аталарын тарихта қалдыруды мақсат ету күшейді. Қазір қандай да бір шаруаңмен елдің түкпір-түкпіріне сапар шексең, Қазақстан тарихында аты аталмаған, өмірбаяны бейтаныс тұлғалардың атындағы көшеден аяқ алып жүргісіз. «Мынау кім? Қазаққа қандай еңбек сіңірген?» деген сауалдарға: «Пәлен жыл осы ауылды басқарған», «Пәленше деген депутаттың әкесі» немесе «оның баласы қазір атақты миллиардер» деген сияқты жауаптарға қарық боласың. Тосыласың. Шын мәнісінде, ол адамдардың қазақтың бір шаңыраққа ұйысу жолында немесе қазақ ұлтының күрескерлік тарихында қалдырған ешқандай ізі жоқ. Тек болып-толған ұрпағының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. 

Жалпы, қазір идеология деген сөзден көбіміз ат-тонымызды ала қашамыз. Алайда, тәуелсіздікке ұмтылған елдердің қандай да бір идеологиялық қазығы, ұлттық күретамыры болмаса, ол қайраңда жүзген кемедей бұлталақтап, өз бағытынан айрылып қалатыны анық. Басқа елдерді қайдам, Қазақстан қазір бағытынан айныған немесе айрылған кеме іспетті. Қай жарды барып соғатыны беймәлім. Бұрын кеңестік 15 республиканың қай еліне барсаңыз да, қай облысы, қай ауданы, қай ауылына енсеңіз де орталық көшесі – Лениннің атымен аталушы еді. Өзге де ірі көшелері – Коммунистік, Комсомол, Карл Маркс, Калинин, т.б. да коммунистік идеология жолында жан-тәнімен күрескен, коммунист ұрпақ санасында күн көсемдік дәрежеге жеткен тұлғалардан аяқ алып жүргісіз болатын. Ең бастысы – олардың барлығы бүкіл одақ көлеміне танымал, ірі сая­си тұлғалар еді. Сол атаулардан-ақ Кеңес Одағы коммунистік идеяның жаршысы, насихатшысы екенін екінің бірі білетін. Ал қазір біздегі орталық көшелердің атауын осылай Қазақ мемлекетінің қалыптасуында ерекше ізі қалған, ұлттың көсемі бола білген бір ірі тұлғаның атымен атау дәстүрін қалыптастыруға не кедергі болып отырғанын түсініксіз. Елдегі саясаттанушылар мен тарихшылардың осы ретте бір байламға келе алмай жүргені де қайран қалдырады. Стратегиялық зерттеу институттары қазақтың қоғамдық ойын, мақсат-мүддесін сарапқа салғанның орнына, отаршылдардың күшпен таңған идеологиясының жетегінде кетушілік басым. 23 жылда жүйеленбеген тарих енді қашан жүйеге түсіп, елдің ұлттық байламы қашан бірізденеді? Оған берер жауабымыз тағы жоқ. Билік өзгенің сойылын соғып, өзгенің тілінде сөйлеп, өз тарихын ұлықтай алмай жатқанда, төмендегі кейбір шенеуніктер аталары мен әкелерінің атын тарихта қалдыру үшін қолдарынан келгендерін жасап бағуда. 

Мәселен, біздің редакциямызға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының атына келіп түскен мына бір ашық хатта Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Таңсық ауылының тарихи Тарлаулы атауы додаға түскені айтылады. Алматылық бизнесмен-банкир Тоқтархан Қожағапанов өз әкесі Жұманның атын тарихта алтын әріптермен жазу мақсатында алақандай ауылдағы Мәдениет үйі мен бір көшенің атын беруге қатты ықпал еткен көрінеді. Ол ол ма, әлгі кәсіпкер мұнымен тоқтамайды. «Тарлаулы» деген тарихи аты бар елді мекеннің атын енді әкесінің атымен алмастыруға әрекет етіп жүрген көрінеді. Ал Жұман ақсақалдың бұл ауылға сіңірген бар еңбегі – кішігірім «МТС»-та директор, ұсақ шаруашылыққа басшы, ферма меңгерушісі ғана болған көрінеді. Тарлаулықтар кәсіпкердің бұл бассыздықтарына шамдана әрі қамыға отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына ашық хат жолдаған екен. «Тарлаулы» – Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлудың мүрделері жатқан, Түркі әлеміне танымал киелі мекен. Қос мұңлықтың көзі тірісінде осылай аталған жерге «Жұман» деген беймағлұм атау тіпті де сай келмейді» делінген отыздан астам қоғам, мәдени және саяси қайраткерлердің қолы қойылған хатта. Аталған ауылдан үш министр, медицина ғылымы бойынша, дүниежүзіне мәшһүр екі-ғылыми зерттеу институттың іргетасын қалаған ғалымдар шыққан. Сөйте тұра, бұл ауылда солардың бір де бірінің есімін еншілеген бір де бір көше жоқ екен. Заң талабында тарихи жердің атауын сол ауылдың тумасы екен деп, адам атымен атауға болмайды. Алайда әлгі кәсіпкердің оны ойлайтын ойы жоқ. «Ашық хат» біздің редакцияның хат қоржынында.  

Дәл осындай шу былтыр Оңтүстік Қазақстаннан да, Жамбыл облысынан да шыққан еді. Тіпті кейбір облыстарда қазақтың атақты батырлары мен ойшылдарының өзін көзге ілмей, өз атасының атымен алмастыруға ниет етушілер көбейген көрінеді. Сондықтан дәл осындай бассыздықты тоқтатар уақыт келіп жетті. 

Ана бір жылдары осындай бассыздық белең алып бара жатқаннан кейін бе, жер-су атауларын өзгертуге біраз уақыт мораторий жариялаған еді. Былтыр «Ономастика туралы» заң қайта қабылданды. Осы заңнан кейін, империализмді көксейтін бір топ тарихи атауларды қайта өзгертіп, бұрынғы империалистік сананың қайта оралуын аңсайтындығын танытса, екіншілері ата-бабасын тірілтуді мақсат етіп жүр. Ал ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қазақ халқын қынадай қырған қызыл коммунистердің атына қойылған жер-cу аттарын өзгерту үшін күресіп жүрген ұлтшылдардың үні әлі бәсең естіледі. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ