ЫРЫСТЫ, КҮРІШТІ – ҚЫЗЫЛОРДА
ЫРЫСТЫ, КҮРІШТІ – ҚЫЗЫЛОРДА
ҚҰРЫЛЫСТА ҚАРЫМДЫ ҚАРҚЫН БАР
Биыл Астана қаласына он алты жыл толды. Бұл тарих үшін тым қысқа уақыт. Бірақ, осы аз ғана уақытта ел байтағы – Астана адам танымастай деңгейге көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Шығыс пен Еуропаның сәулет өнеріне бейімделіп салынған жас қаланың бүгінгі кескін-келбеті кімді болса да тамсандырмай қоймайды.
Жыл өткен сайын таранып, көркіне көрік қосып келе жатқан шырайлы шаһарда бүгінде салынған және салынып жатқан құрылыс нысандары көпке үлгі болып отыр. Сондықтан да болар еліміздің қай өңірі болмасын қазір Астанаға қарап бой түзеп келеді. Оның айқын нышаны Сырда да бар.
Шындығында, соңғы жылдары Қызылорданың құрылыс саласындағы жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп отыр. Әріге бармай-ақ, осы бір жыл шамасында қаладағы бір Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан әсем де сәулетті облыстық мекемелер үйі мен Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйі, Назарбаев атындағы зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейі, 1200 орынға арналған дарынды балалар мектебі салынып, пайдалануға берілді. Бұл көшеде әлі де салынып жатқан нысандар жетерлік. Ал олардың барлығы толықтай пайдалануға берілгенде тек қана осы бір көшенің кескін- келбеті қазіргісінен де құлпырып шыға келетінін көзге елестету қиын емес. Өйткені, бүгінгі өзгеріс ертеңгі әдемі әлемді көз алдыңызға әкеледі.
Облыстық құрылыс басқармасының дерегіне жүгінсек, соңғы жылдардағы құрылыс қарқынына қарап көңіл сергіткендей боласың. Өткен жылы облыс орталығы мен елді мекендерде салынатын нысандардың жобаларын әзірлеу мен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 27,1 млрд. теңге толықтай игерілсе, нәтижесінде облыста тұрғын үйді қосқанда 152 нысан пайдалануға берілген. Сондай-ақ, осы қаржы есебінен 66 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, олардың мемлекеттік сараптамадан қорытындысы да алынған.
Биылғы беталыс та жақсы жалғасын табуда. Бір ерекшелігі, биыл осы саладағы қаржы өткен жылғымен салыстырғанда 1,6 млрд. теңгеге артық игеріледі деп болжануда. Соның ішінде облыста 30 мектеп, 9 балабақша, 21 денсаулық сақтау орны мен 5 спорт, 11 мәдениет ордасы мен жатақхана, мұрағат, халыққа қызмет көрсету орталығы және бір әлеуметтік нысан салынады. Сөйтіп облыс бойынша тұрғын үйді қоса есептегенде 173 нысан пайдалануға берілмек. Бұл дегеніңіз, биыл салынып, пайдалануға берілетін құрылыс нысандарының былтырғы жылмен салыстырғанда 19-ға артық екенін көрсетеді.
Халықтың тұрмыстық жағдайының бір көрінісі тұрғын үй жайлылығына байланысты екені рас. Бұл тұрғыдан алғанда облыста түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлер көптеп салынуда. Қарапайым халық үшін сондай тиімді бағдарламалардың бірі «Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы. Биыл осы бағдарламаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 7,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Өткен жылдан 1,8 млрд. теңгеге артық. Сонымен қатар, өткен жылы облыста 556 пәтерді құрайтын 93 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін 837 пәтерді құрайтын 102 тұрғын үй тұтынуға тапсырылмақ. Бір айта кетерлігі, биыл «Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы аясында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс корпорациясы” акционерлік қоғамы Қызылорда қаласынан 230 пәтерді құрайтын төрт үйдің, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамы 210 пәтерді құрайтын алты үйдің құрылысын бастайды. Сөйтіп, сәтін салса бұл үйлер келер жылы өз қоныстанушыларына есік ашатын болады.
Мұның бәрін саралай келгенде кейінгі жылдағы құрылыс саласында жүргізілген жұмыстар қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республикада үздіктер қатарынан көрініп отыр. Ал биылғы қарқын жетістікті арттыруға негіз болады деп санаймыз.
БАЙҚАУ – БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ШЫҢДАЙДЫ
Қызылордада «Қазақстанның үздік тауарлары – 2014» өңірлік көрме байқауы болды. Оған өнеркәсіп, азық-түлік және қызмет көрсету салалары бойынша 41 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.
Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл көрме 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мақсат айқын, отандық өнімнің сапасын арттыра отырып, бәсекеге қабілетін шыңдау.
– Біз Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық интеграцияның мол мүмкіндіктерін пайдалана білуіміз қажет. Өңір кәсіпкерлерінің өнімі ешкімнен кем емес және де қолда бар мүмкіндіктерді жетілдіру жолында бірлесе жұмыс жасаған жөн, – деді көрме байқауына келген облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов.
Жалпы көрме сөресінен алуан түрлі өнімдер орын алған. Азық-түлік тауарларынан бастап қолөнер бұйымдары, ауыр және асфальт бетондар мен силикат кірпіштер дайындайтын құрылыс құмы мен құмды грави өнімдері, жиһаздың түр-түрі. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті өнімнің бүгінгі жетістіктері толығымен назарға ұсынылды. Сыр елі дегенде күріштің кереметін жақсы білетін көрме қонақтары қазалылық «Сыр маржаны» мен сырдариялық «Абзал және К» серіктестіктері ұсынған ақмаржан өнімдеріне үлкен қызығушылық танытты. Сондай-ақ, тоқыма мен ағаштан жасалған керемет дүниелер көрменің нағыз ажарын келтірді.
Негізгі үш 3 номинациядан тұрған байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын «Smart Rubber» ЖШС жеңіп алса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Жан и Ш» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Сыр маржаны» ЖШС топ жарды. Мамандардың айтуынша, осы көрмеде үздік болған жергілікті тауар өндірушілер қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысатын болады.
ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ЖЕКЕМЕНШІК ДӘРІХАНА
Қызылорда облысында белсенді түрде дамып келе жатқан аудандардың бірі – Шиелі. Сол Шиеліде жеке кәсіпкер Нұрлыбек Мырзабековтің өз қаржысымен бой көтерген жаңа форматтағы фарма-маркет дәріханасы тұрғындар иігілігі үшін тағы бір ерекшелік болды. Екі қабатты ғимарат сәулетімен ғана емес, халыққа қызмет көрсету аясының кеңдігі, фармацевтика саласындағы жаңа технологиялардың игерілуімен дараланады. Сыр өңірінде алғаш қолға алынған бұл жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана эннафэйшен» компаниясының меншік иесімен тығыз байланысы арқылы жүзеге асырылып отыр.
Соңғы жиырма жыл көлемінде аудан тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде өзіндік мүмкіндіктерін көрсете білген «Мөлдір және компания» толық серіктестігі аудан орталығында 3 дәріхана, аудан көлемінде 5 осындай салалық мекемеге иелік етіп келеді. Ал жоғарыда аталған жоба ғимараттың бірінші қабатындағы фарма-маркетімен және республика бойынша қолға алынған үшінші жоба ретінде ерекшеленеді. Бұрын мұндай жоба Астана, Өскемен қалаларында халыққа қызмет көрсетсе, енді Қызылорданың Шиелісінде жүзеге асырылады. Онда итальяндық жаңа үлгідегі робот техникасы іске қосылып, қызметтің сапасы және сонымен қатар ұқыптылығының артықшылығы басты құндылық саналады. Ал жаңа ғимараттың күн сәулесінен қуат алатын қондырғымен жабдықталуы тағы бір ерекшелігін айқындап тұр. Бұл Елбасының баламалы қуат көздерін пайдалану жөніндегі тапсырмасына нақты іспен үн қосудың белгісі болса керек.
Осындай жаңалықтың жарқын үлгісіне айналған ғимараттың ашылу салтанатында Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, ұзақ жылдар бойы облыстың денсаулық саласын басқарған, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов, «Облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті» басшысының орынбасары Ғалия Бәйменова және де аталмыш жобаның жетекшісі Астана қаласындағы «Астр-лаб-солюшен» компаниясының президенті Әсел Нұрымбетова қатысып, тілектестік білдірді.
САРАТС – ҮЛКЕН ЖОБАНЫҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ
Сыр – Анадан несібе сүзген халықтың сенімін үкілеген бұл жаңалық шын мәнінде, басшылықтың табанды еңбегінің бір нәтижесін көрсеткендей болып отыр. Енді САРАТС жобасының екінші кезеңіне қаражат бөлінетін болды. Бұл дегеніңіз, тек, теңізден балық аулаған жұрттың кәсібін жетілдіру емес, Арал өңірінің бүгінгі табиғи болмысына жаңа қырынан дем беретін нағыз игілік десе болады.
Сәл шегініс жасасақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экологиялық аймақтағы бес мемлекет басшысының басын Қызылордада қосып, алғаш рет Арал проблемасын халықаралық деңгейде талқылауға ұйытқы болған Елбасымыз Арал экологиясының проблемасы төрткүл әлемге ортақ екенін, оған әлемдік қауымдастықтың көзін жеткізіп, сауықтыру жолында қыруар күш-жігер жұмсау керектін шегелеп тұрып айтқан болатын. Міне, сол уақытта Қазақстан Президентінің бастамасымен халықаралық «Аралды құтқару қоры» құрылып, аталған ұйым экологиялық өңірдің мәселелерімен мықтап айналыса бастады. Соның арқасында Кіші Аралды сақтап қалу идеясы – САРАТС жобасы дүниеге келді. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға Қазақстан Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп 86 млн. АҚШ долларын бөлді. Ал жуырда Қызылордада жасалған меморандумға сәйкес аталған банк алдағы бес жылға 22,2 млрд. теңге қаражат бөлетіні мәлім болды. Бұл қаржының әдепкі бөлігі келер жылдың екінші тоқсанында аударылмақ.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев атап өткендей, құрғап қалған Арал теңізінің қайта оралуы әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірді. Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқан бірегей жоба «Ғасыр жобасы» ретінде танылып, төрт құрлықтың назарын өзіне аударды. Нақты кезеңде теңізде жылына 1 млрд. текше метр су қалатын болса, жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда судың көлемі артып, теңіз аумағы 1325 шаршы шақырымға ұлғаймақ.
Аймақ басшысы өткен жылдың тамыз айында Астанада өткен арнайы мәжілісте САРАТС-2 жобасының техника-экономикалық негіздемесі туралы жасаған баяндамасында жергілікті жердегі балықшылар қауымы мен су мамандары ұстанымдарының тиімділігін дәлелдеп, бірдеңгейлі теңіз нұсқасы қабылданған еді. Енді үлкен жобаның екінші кезеңіне қатысты қаржының бөлінуіне негіз қалануы көптің қуанышына айналып отыр.
Сонымен Қызылордада Дүниежүзілік банкі және Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі арасында САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Ал жобаның екінші кезеңінде атқарылатын жұмыстар қандай?
Білуімізше, САРАТС-2 жобасы екі кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңінің жалпы құны 22,2 млрд. теңге.
САРАТС-2 жобасының жүзеге асырылуын жеделдету мақсатында жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тәсілін қолдану туралы шешім қабылданып, бірінші кезеңіне мына компоненттер енгізілген.
Олар:
– Қызылорда су торабының сол жағалаудағы шлюз-реттеуішін қалпына келтіру;
– Қазалы мен Қармақшы аудандарында қорғаныс бөгеттерінің құрылысын жүргізу;
– Қармақшы ауданындағы Қорғанша және Тұрымбет учаскелерінде өзен арнасын түзету;
– Қазалы ауданындағы Бірлік ауылы тұсында автомобиль көпірін салу;
– Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру;
– Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандарын кеңейту.
Сонымен бірге, САРАТС-2 жобасының І кезеңін жүзеге асыру кезінде Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және Сырдария өзені бассейнінің Қазақстан бөлігінде су ресурстарын басқарушы жұмыс орталығын салу және жабдықтау компоненттері бойынша ТЭН дайындау жұмыстары қоса атқарылмақ. Қысқасы, тұтас аймақ халқының тіршілігі үшін өмірлік маңызы бар бұл жоба өз құндылығымен айқындала бермек.
Қуат Шарабидинов,
Айғали Қарабалев,
Қызылорда облысы