Ауыл квотасы: парыз бен қарыз

Ауыл квотасы: парыз бен қарыз

Ауыл квотасы: парыз бен қарыз
ашық дереккөзі

Оқуға құжаттарын тапсырып, мемлекеттік грант ұтып алуға дәмелілер байқаудың аяқталуын тағатсыздана күтті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов грант иегерлерінің есімі өткен аптаның соңында жарияланады деп уәде еткен. Бірақ талапкерлер сарғая күткен тізім сейсенбі күні бір-ақ жарық көрді. Гранттан үміттілер жапа-тармағай газетке үңілді. Ұзын-сонар тізімнен өз есімдерін іздеді. Тапқаны қуанды, бөріктерін аспанға атты. Таппағаны қамықты, көз жасына ерік берді.

Байқауға қатысқан 67 мың түлектің 32168-і те­гін білім алуға мүмкіндік алды. Оның 4575-і­ ауыл квотасы бойынша оқуға түскендер. Ауыл мектебін бітіргені үшін қосымша артықшылықтарға ие болған бұл жастардың қуанышында шек жоқ. ЖОО-ны тәмамдаған соң мемлекет алдында борыштарын өтеуге тиіс екені әзірге ойларына кіріп-шықпайды.

Ауылдан түлеп ұшқан жастарды оқытып, жоғары білімді мамандарды ауылдың әлеуетін көтеруге жұмылдыру мақсатында бөлінген квоталар 2007-2008 оқу жылынан бастап беріле бастады. Елді мекендерде тапшылығы айқын сезілетін мамандықтар бойынша жалпы грант санының 30 пайызын ауыл мектептерінің түлектеріне берген мемлекет оқуларын тәмамдаған соң оларды 3 жыл бойы ауылда жұмыс істеуге міндеттейді. Алғашында тек жоғарғы оқу орны мен студент арасындағы келісімшарт негізінде бекітілген бұл борыш кейіннен «ҚР Білім туралы» Заңымен шегелене түсті.

Осы Заңның 47-бабының 17-тар­ма­ғында: «Ауылдық квота шегiнде пе­даго­гикалық, медициналық және ве­те­ри­нарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Заңның бұл талабын орындамағанның жазасы да дайын: (47-бап, 17-4-тармақ:) «Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті». Яғни, ауылға барудан бас тартқан маман өзінің білім алуы үшін қазынадан бөлінген қаржыны әр теңге, тиынына дейін санап, мемлекетке қайтаруы тиіс.

Ауыл квотасы бойынша білім алған алғашқы 2094 түлек ЖОО-ны 2011 жылы бітірген болатын. Еліміздің сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов оларға қалада қалып қоймай, мемлекет алдындағы қарыздарын қайтаруды қатаң ескертті. Қарамағындағыларға жас мамандарды ауылдық жерлерге бөліп, мамандықтары бойынша жұмыс тауып беруді тапсырды. Ал жергілікті атқарушы органдарға, мектепке дейінгі және орта білім департаментіне Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА және Қаржы орталығымен бірлесе отырып, кадрлардың жаңа ортаға бейімделуіне байланысты туындайтын түйткілді мәселелерді реттеуді бұйырды. Министрліктегілер ведомство басшысының бұйрығын шама-шарқынша орындады. 2012 жылдың басында сол кездегі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов тапсырманың қалай орындалғанын баяндады: «2011 жылы ауыл квотасы бойынша 2094 түлек білім алып шықты. Оның ішінде 2055 студент педагогикалық, 39 студент медициналық мамандықтар бойынша оқытылды. Олардың 1380 ауылдарға жіберілді»,– деді вице-министр.

Ауылға жолдама алмаған 714 ма­манның қаншасы еңбекпен өтеу міндетінен босатылғанын, қаншасы әлі күнге дейін борыштар екені беймәлім. Қаладан кеткісі келмейтіндер немесе өз саласы бойынша жұмыс істеуге құлықсыздар әдетте 47-баптың 17-2 тармағынан сауға тілейді. «Білім туралы» Заңның дәл осы тұсында ауылдық жерде 3 жыл жұмыс істеу міндетінен босатылу мүмкіндігіне ие студенттердің санаттары көрсетілген. Жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекендерден бос жұмыс орнын таппаған мамандар, білімін одан әрі жетілдіру үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен жастар, сондай-ақ жүкті келіншектер, үш жасқа дейінгі баласы бар аналар мемлекет алдындағы борышты өтеуден босатылады. Сонымен қатар, жас маман қайтыс болса немесе жұмысты өтеу мерзімі ішінде І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда еңбекпен өтеу міндетінің күші жойылады. Ал жоғарыда аталған жағдайлардан басқа себептер ауыл квотасы бойынша білім алған түлектерді ауылдағы қызметтен құтқара алмайды. Мектеп бітіре салып қалаға қашатын жастар шалғайдағы ауылға барса, өркениеттен құр қалып қоятындай көреді. Жайлы жұмыс, мол жалақы, бақуатты өмірді тек шаһардан ғана табуға болады деген қасаң көзқарасты сіңірмегендері ілуде біреу.

 «Ауылдан қашпаймыз, тек әрі қарай оқуға мүмкіндік берсін»

Ауыл квотасымен оқуға түссе де, қалада қалып қоятындардың басым бөлігі – білімін жетілдіргісі келетіндер. Бірі магистратураға, бірі резидентура немесе докторантураға түседі. Алайда құжат тапсырар кезде оларға біраз кедергілерді еңсеруге тура келеді. Өйткені мемлекетке борыштар екенін білген соң оқу орындарының көпшілігі бұл жастарды қабылдауға құлықсыз. Жуырда С.Асфендияров атындағы университеттің интернатурасын (бес жыл оқып, жалпы медициналық білім дипломын алған маманды тағы екі жыл арнайы дәрігерлік сала бойынша оқыту жүйесін) бітірген бір топ жас осындай кедергімен бетпе-бет келді. Солардың бірі − 2007 жылы ауылдық квота бойынша медицина университетіне оқуға түскен Айман Керімжанова. Ол С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде 7 жыл бойы білім алып, одан әрі пластикалық хирургия саласын меңгеру үшін құжаттарын Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының резидентурасына (медицинаның клиникалық мамандықтарын тереңдете зерттейтін оқу жүйесіне) тапсырған. Алайда ол орталық құжаттарын қабылдауын қабылдап, арада біраз уақыт өткен соң қайтадан алып кетуін талап етіпті.

«Таңертең орталық меңгерушісі телефон соғып: «Құжаттарыңды алып кет. Оқуға ауылдық квотамен түсіпсің. Ары қарай оқуды жалғастыруға құқығың жоқ. Ауылға барып, үш жыл еңбек етуің керек» деді», – дейді жас маман. Заң бойынша білімін одан әрі жетілдіргісі келетін маман квота бойынша өзіне жүктелетін міндеттерден босатылатынын түсіндірмек болса да, орталық мамандары құлақ түргісі келмеген. Шілденің 24-і күні С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің алдына жиналған Айжан сияқты бір топ интернатура түлегі «Азаттық радиосының» тілшісіне өздерінің мұң-мұқтажын баяндап берді. Ондағы ойлары – БАҚ-тың көмегімен әділеттілікке қол жеткізу. Интерндер заңды көрсетіп, оқуын резидентурада жалғастыратын мамандар бірден ауылға баруға міндетті емес екенін дәлелдеп әлек болды. Жас дәрігерлер «ауылдан қашпаймыз, тек оқуымызды тереңдетуге мүмкіндік берсін» деді бір ауыздан.

«Олардың (резидентураға құжат қабылдайтын комиссияның – ред.) қолында ауылдық квотамен түскендердің тізімі бар. Соған қарап отырып, кешеден бері телефон соғып жатыр. Менікін тіпті қабылдамай қойды. «Сен тапсыра алмайсың, өйткені ауыл квотасымен түскенсің», – деді. Байқау бітетін күн таяп қалды. Біз не істерімізді білмей қалдық», – деп Нұрсайын Мұқашев есімді түлек те шарасыздығын білдірген.

Жастардың шағымына Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының диплом алғаннан кейінгі білім секторының меңгерушісі Гүлбаршын Шахметова жауап берді. Ол ауылдық квотамен бітірген интерндердің құжаттарын бірінші жолы келгенде қайтарып, тек екінші қайтара келгенде қабылдағандарын мойындады. «Талапкерлердің ауылдық квота туралы шарттары бар-жоғын білу үшін интернатура бітірген оқу орнына қайтарып отырдық. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бізге сондай нұсқау берілген. Олар ауылдық квота бойынша мемлекеттік грантта оқыды. Ауыл олардың білікті маман болып келгенін күтіп отыр. Мемлекет бұл жастарға сенген еді», – деді Гүлбаршын Шахметова. Ол резидентурада оқу туралы табанды шешім қабылдап, орталыққа қайтадан келген жастардың құжаттарын қабылдайтындарын айтқан. Алайда қабылдау комиссиясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырған орталықтың тағы бір маманы «Азаттық» тілшісінен министрліктен ауыл квотасымен оқу бітіргендерді қабылдамау туралы ауызша нұсқау алғандарын жасырмаған: «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен бізге ауыл квотасымен бітіргендердің құжаттарын мүмкіндігінше қабылдамау туралы ауызша нұсқау түскен. Оларды практикалық денсаулық сақтау саласы күтіп тұр. Оларға ауылда жұмыс істейді деген үміт артылған. Бірақ ақылдаса келе, құжаттарын қабылдаймыз деп шештік. Өйткені ресми бұйрық жоқ».

Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы бастапқы райынан қайтты, борышкерлерді өзгелерден алаламай байқауға қосты. Бірақ ауыл квотасы бойынша оқыған жастарға қырын қарайтындар өзге оқу ордаларында да жетерлік. Жоғары білімнің алғашқы сатыларын мемлекет тағайындаған арнайы жеңілдікпен бітірген ауыл жастарына резидентураға түсер кезде осы сынды келеңсіз жайттармен күресуге тура келетінін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жоғары медициналық мектебінің директоры Айгүл Балмұханова да жоққа шығарған жоқ.

– Түлектеріміз бізде жоқ маман­дық­тар бойынша өзге ғылыми зерттеу­ орталықтарының резидентураларына құжат тапсырып жатыр. Мәселен, кар­диология институтына барған бір шәкіртімізді «ауыл квотасымен оқып­сың» деп конкурсқа қабылдамапты. Осындай түлектеріміз бізге қайтып келді. Біз оларға резидентураға құжат тапсыруға толық құқықтары бар екенін айтып, өзіміз қабылдадық, – дейді профессор.

Қалаға құмар кадрлар

Министрліктің ауызша нұсқаулары­ның сыры мәлім. Тұрмысы тұралаған ауыл­дарды көтерудің негізгі жолы білік­ті кадрлармен қамтамасыз ету екені бесене­ден белгілі. Сол үшін мемлекет әу баста «ауылға барамыз» деп қолдарын қойып, мөрлерін басып берген жастардың уәдесін қайта-қайта естеріне салуда. Әсіресе, ауылда медицина мамандары қат болып тұрғанда интерндердің жаппай резидентура оқимыз дегендері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ұнай қоймағаны анық. Ашықтан-ашық қарсылық білдірсе, бұлары заңбұзушылық болатынын білгендіктен, түлектердің жолын жанама тәсілдер арқылы бөгеуге көшкен сияқты. «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасынан береке кеткелі ауыл­ға маман тарту Үкіметтің бас ауруы­на айналды. Жаңадан оқу бітірген жастар баспана мәселесі мен тұрмыс мұқтаждықтары шешілмеген ауылдық жерлерге баруға қайдан ынталы болсын? Тәуекел етіп, мемлекеттік бағдарламамен елді мекендерге барғандар көп ұзамай қайтып келді емес пе? 5 жыл ішінде «Дипломмен ауылға» жол тартқан 3659 адам келісімшартты бұзып, қалаға қарай тұра қашқан. Ауыл тұрмысына бейімделе алмаған бұл мамандар мемлекетке 11 миллиард теңгеден астам шығын келтірді. 2009 жылғы ақпанның 18-інде Үкіметтің 183-қаулысымен бекітілген «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну» туралы ережеге сәйкес жыл сайын бюджеттен әр маманға 1 миллион 300 мың теңгеге дейін көтерме жәрдемақы және 28 миллион теңгеден аспайтын сомада несие бөлініп келеді. Сонда да ауылға баруға, барған соң тұрақтап қалуға ынталылардың саны көбейер емес. Тіпті, ауылдық квотамен оқуға түскендердің көпшілігі ауылдан құтылу жоспарын әу бастан дайындап қояды екен. Бұл − С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің соңғы курсына (интернатураның 2-курсы) көшкен студент Шәріпова Назирамен тілдескен соң түйген ойымыз.

Ауылдан құтылу жоспары

Назира ауыл квотасы бойынша университет пен студент арасындағы келісімшартқа қол қойғанымен, құжаттың өзіне жүктеген міндеттеріне көпке дейін мән бермеген. Яғни, оқу бітірген соң ауылға барып үш жыл еңбек етуі керектігі ойына кіріп-шықпаған. Бірақ кейінірек жоғары курста оқитын қыз-жігіттерден мәселенің мәнін түсінгеннен кейін ойлана бастапты. «Келер жылы интернатураны бітіремін. Жоғары білімді маман екенімді растайтын құжатты ала салысымен ауылға барып, жұмысқа орналасуым керек. Өйткені 6 жыл бұрын ауыл квотасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болдым. 3 жыл ауылда еңбек етуім керек екенін ойласам, студент болып жүре бергім келеді» дейді болашақ дәрігер. Биылғы түлектердің ауылдық квотаның кесірінен резидентураға түсуі қиындағанын естіген соң Назираның уайымы тіпті күшейген:

− Бұрындары жастар оқуын жалғастыруға аса құлықты болмаса да, борышты өтеуден босатылу үшін магистратураға, резидентураға түсуге барын салатын. Жастардың білімдерін жетілдіруіне заңның көзқарасы түзу. Сондықтан бакалаврдан кейін магистратураға, интернатурадан кейін резидентураға түскен мамандар ауылда қызмет ету міндетінен босатылады. Борышыңды өте деп ешкім олардың соңынан түспейді. Алайда ауылға баратын жастардың қатары күрт сиреген соң мемлекет жастардың әрі қарай оқуына кедергі жасай бастаған тәрізді. Биылғы түлектердің басына түскен жағдайға қарап басқа не ойлауға болады? – дейді ертеңіне алаңдаулы бойжеткен.

Назира ауылға барудан қашпайтынын айтты. Бірақ шаңырақ көтерген соң болашақ жары екеуі Алматыда өсіп-өнуді жоспарлап қойған. Жақсы қызметте істейтін жігіт жылы орнын тастап, келіншегінің соңынан ауылға бармайтынын бірден айтыпты. Қазір екеуі өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатыр екен.

− Алла қаласа, келер жылдың жазында үйленуді жоспарлап қойған едік. Алайда мамандарды ауылдарға бөлетін мемлекеттік комиссия өз жұмысын көктемде бастап кетеді екен. Яғни, тұрмысқа шықпай тұрып мені ауылдардың біріне бекітіп, жұмыс орнымды белгілеп қоюлары мүмкін. Сондықтан жоспарымыз өзгеретін сияқты. Ертерек тұрмысқа шығып, комиссияға неке туралы куәлігімді көрсетсем, мені Алматыдан алысқа жібермейді. Өйткені «Білім туралы» заңда: «Жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде немесе оған жақын орналасқан елді мекендерден бос жұмыс орнын таппаған мамандар квота бойынша міндеткерліктен босатылады» деп жазылған. Алматының маңындағы елді мекендерде дәрігер тапшылығы жоқ деуге болады, мемлекет квота шеңберінде бұл жақтан маған жұмыс тауып бере алмайды. Мұндай жағдайда заңда көрсетілгендей, ауылдық жерде 3 жыл жұмыс істеу міндетінен босатылар едім. Алматыда жеке меншік клиникалар, диагностикалық орталықтар өте көп, білікті мамандарға ұсынылатын жалақы да жоғары. Қаладан жұмыс табу аса қиындық тудыра қоймайды деп ойлаймын. Сондықтан ертерек шаңырақ көтеруге қамданып жатырмыз. Ата-анамызға мән-жайды айттық. Олар бұл асығыстыққа түсіністікпен қарады, − дейді Назира.

«Мемлекетке борыштар екенін білмей жүргендер көп»

Болашақ дәрігердің айтуынша, ауылдық квота бойынша оқып жүргендердің көпшілігі борыш өтелмесе, мемлекет қаржысын қазынаға қайтару керектігін білмейді. Ауыл мектебін бірге бітірген сыныптастарының көпшілігі өткен жылы оқуды бітіріп, қолдарына дипломдарын алып қойса да, ешқайсысы ауылға бармаған. Жұмыс тапқаны өз мамандығы бойынша орналасып, таппағаны өзге салаға түрен салып, көпшілігі Алматы мен Астанада қалып қойыпты. «Достарымның көпшілігі борышты 3 жыл еңбекпен өтемесе, ақшалай қайтаруға тура келетінін білмей жүр. Ұлттық университеттерде бір жылдық оқу ақысы орта есеппен 600-700 мың деп есептесек, төрт жыл білім алғаны үшін қанша ақша құюы керек екенін есептей беріңіз. Медицина университетінің студенттері үшін бөлінетін қаржыны тіпті атауға ауыз бармайды. Сондықтан ауыл квотасы бойынша оқып жатқан жастар осы бастан қамданса екен. Ертең сотқа шақырту келіп тұрмасына кім кепіл? Ғаламторды ақтарып отырсам, ондай оқиғалар өте көп екен. Құқықтық кеңес берумен айналысатын сайттар арқылы заңгерлерден көмек сұраған қаншама жастың жазбасын оқыдым», − деп Назира өзінің үндеуін біздің газет арқылы замандастарына жеткізгісі келді.

Расында да бейғам жүргендердің қарасы қалың екен. Солардың бірі – өткен жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін құрылысшы маманығы бойынша бітірген Айбек Қалманбаев. Қала сыртынан үй салып, ата-анасын Алматыға көшіріп әкелген жас маманның ауылға барғысы жоқ. Осы жерде шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі болмақ. Оқу бітіргелі бері ауылға бар деп ешкім міндеттемегендіктен қамсыз жүргенін айтты. «Менің курстастарымның көпшілігі мен сияқты ауылдық квота бойынша оқыды. Бірақ оқып жүргенде де, бітірген соң да бізге ешкім борыштар екенімізді ескерткен емес. Ауылға жіберген күннің өзінде де, біздің мамандық бойынша ол жақтан жұмыс табыла қоюы екіталай. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын», – дейді Айбек. Бүгін болмаса да ертең мемлекетке қарыз екенін біреу оның есіне салары анық. Әр нәрсенің өтеуі бар. Үкімет ауылдан түлеп ұшқан бұл жастарға өзгелерден ерек артықшылықтар беріп, бекерге тегін білім берген жоқ. Жиған ілім-білімімен ауылды көгертеді деп сенді. Бірақ 3 жыл қызмет етпек түгілі, ауылда 3 күннен артық тұра алатындарына олардың өздері сенбейді. Кемел келешектен күдерін үзбеген ауылдар жаңалық пен жасампаздықты әлі қанша күтері беймәлім.