БІЗДІҢ ЕЛДЕ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ ҚАНША?
БІЗДІҢ ЕЛДЕ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ ҚАНША?
Жұмыссыздық
– ежелден бері әр мемлекеттің ең негізгі түйткілдерінің бірі. Бірақ
Қазақстан билігі үшін жұмыссыздық мәселесі мүлдем жоқ сияқты. Бұны
Статистика агенттігінің мәліметтері де дәлелдеп отыр. Осы жылдың маусым
айында жұмыссыздық деңгейі 459,8 мың адамды немесе 5 пайызды құрады.
Көрсеткіш өткен жылға қарағанда 0,1 пайызға төмен. Бұндай фантастикалық
көрсеткіштер бойынша еліміз Еуропаның жетекші елдерін, АҚШ-ты басып
озғанын біреу білсе, біреу білмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында өткен айдың соңында
55,6 мың адам («Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысатындар
құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген.
Жұмыссыздар
үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,6 пайызын құрады.
Республика экономикасында 2014 жылғы маусымда, бағалау бойынша 8,6 млн.
адам жұмыспен қамтылды. Биылғы II тоқсанның алдын ала деректері бойынша
өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан жұмыспен нәтижелі
қамтылғандар үлесі 70,0%, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар – 30,0%
құрады. Бұл енді ресми мәліметтер болып қана отыр.
Еліміздегі
жұмыссыздар саны статистикалық агенттіктің сандарынан бірнеше есе көп
екенін арнайы маман не сарапшы болмай-ақ айтып беруге болады. Бірақ
шынайы жағдайды жасыру не үшін керек? Мысалы, Еуропадағы жұмыссыздық
салдарынан мыңдаған адам көшелерге шығып, биліктің саясатына
қарсылықтарын көрсетіп жатыр. Тіпті осының себебінен билік басындағылар
ауысуда. Әлбетте, біздегі атқамінерлер де тұрақтылық пен тыныштықты
сақтау мақсатында ауыз ашпай отыр. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы
бойынша жыл сайын жұмыссыздық деңгейін 5% көлемінде ұстап тұру міндетін
тағы қосыңыз. Шенеуніктердің тапсырманы құлшына орындауы да осындай
жағдай қалыптастыруда. Халқының жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз ғана болу –
әр елдің арманы. Алайда, соңғы жылдары арманымызға жеткенімізбен,
көшелеріміздегі көрініс басқаша. Сандар мен есептерге сенсек, республика
баяғыда-ақ өндірістік елге айналып, азаматтардың әлеуеті жоғарылауы
қажет емес пе? Бірақ, жұмыссыздық мәселесінің жоқтығын мифке айналдыруы
артынан Қазақстанның өзіне ауыр соққы ретінде тиетінін ескеру қажет.
Өйткені, мәселені жылы жауып қойғанымен, оның кезі келгенде атойлап бой
көрсетіп, адам айтқызбас жағдайларға әкелетіні тарихтан белгілі.
ӘР ЕЛДІМЕКЕНДЕ 2 АДАМ ҒАНА ЖҰМЫССЫЗ
Еліміздегі нақты жұмыссыздар санына тоқталсақ. Осы күнге дейін Қазақстанда жұмыссыздарды есепке алу жүйесі дұрыс құрастырылмаған. Заң бойынша, еңбекпен қамтылған азаматтардың санатына толық не толық емес уақыт жағдайында жұмыс істейтіндер, кәсіпкерлікпен шұғылданатындар, өз бетінше жұмыспен айналысатындар, азаматтық-құқықтық шарттар негізінде еңбек ететіндер, ақы төленген (кез келген, мерзімі белгісіз) жұмыста істейтіндер кіреді. Демек, базардағы саудагерден бастап, биліктегі жоғары лауазымдағы азаматқа дейін түгелі жұмыспен қамтылғандар болып саналады. Қорасында қой-сиыры немесе бірнеше тауық-қоразы бар адамдардың өзі «бизнесмен». Тіпті, өз үйінде тәтті тоқаш, нан пісіріп дүкенге апаратын адам да кәсіпкер болып шығады. Сонымен бірге, жұмыссыздар деп тек тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген адамдарды ғана есепке алады. Ал жергілікті әкімдікте тіркелмеген не тұрақты мекенжайы жоқ жандар қаншама?! Бұл азаматтар әлбетте, агенттіктің есебіне алынбайды. Жұмыссыз болып тіркелгендерді қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға жіберіп, еңбекпен қамтылғандар санатына қосады. Бұл жұмыс түрлерінің уақытша екенін есепке алмай нәтиже шығару – билік тарапының өз-өзін алдауы, кей жағдайда асыра сілтеуге баруы деп бағалауға болады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында өткен жылы 280 жұмыссыз адам тіркелген. Ауданда барлығы 43 елді мекен бар екенін ескерсек, сонда әр ауылда бар жоғы 6-7 адам ғана жұмыссыз болғаны. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында жұмыссыз болып 97 адам тіркелген екен. Ауданға кіретін 38 ауылдың әрқайсысында орташа 2 адам ғана жұмыссыз болып шығады… Дені дұрыс адам мұндайға сене ме?
ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ… НЕГЕ ЖАСЫРАМЫЗ?
Сонымен, Қазақстандағы шынайы жұмыссыздық деңгейі қандай болуы мүмкін? Еңбекпен қамтылған адамдардың жалақысынан 10 пайыз міндетті зейнетақы төлемі төленетіні белгілі. Қазіргі таңда бұндай адамдар саны 5 млн.-нан астам. Бұл – еліміздің экономикалық белсенді тұрғындарының 75 пайызына (8,6 млн.) жуығы. Демек, 25 пайыздан астам адам бізде жұмыс істемейді деген сөз. Бұл санның шынайы жағдайға жақындығын мынадан көруге болады. Едәуір дамыған, өндіріс ошақтары бар Португалия, Испания, Италия, Грекияда жұмыссыздық 18-35 пайыз аралығында. Ал Қазақстан секілді шикізат елінде жұмыссыздық бар-жоғы 5 пайыз. Сондықтан қалай салыстырсақ та, 5 пайыз жұмыссыздық деген ешқандай есеп-қисапқа, логикаға сыймайды.
ШЕНЕУНІКТЕР ЖҰМЫССЫЗДЫҚҚА ЖАҒДАЙ ЖАСАЙДЫ
Жұмыссыздықтың кең етек жаюына түйткілді шешуге арналған іс-шаралардың нәтижесіздігі әсер етіп отыр. Тіпті, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының қызметін өткен жылы Есеп комитеті тиімсіз деп бағалады. 2013 жылы жұмыспен қамту бөлімдеріне барған 944 оралманның тек 51-і ғана (5,4%) қайта даярлау курстарына жіберілген. Комитеттің мәліметінше, оқыту бағдарламасы еңбек нарығындағы сұранысқа сай сауатты жоспарланбаған. Оның салдары жасанды жұмыссыздыққа әкеліп отыр. Тексеру нәтижесінде мемлекеттік бағдарламадан 7,8 млрд. теңге шығын келген. Бұдан бөлек, қайта оқыту жүйесі қазіргі стандарттарға сәйкес келмейді. Несие беру жүйесінде де олқылықтар көп. Мәселен, Қарағанды облысында 601 кредитке бар-жоғы 59 адам жұмысқа орналасса, Қостанай облысында 216 млн. теңге берілген 108 шағын несие бойынша екі-ақ адам жұмысқа тұрған. Түйткілді шешуде, дәлірегі, шешімін тапқызбауда елеулі рөлді шенеуніктер атқарып отыр. Өткен жылы Павлодар облысындағы аудандардың бірінде жұмыспен қамтуға бөлінген 600 млн. теңгені әкімдік қызметкері жымқырғаны белгілі болды. Анықталғандай, құрылыс және архитектура бөлімінің бұрынғы басшысы қызметтік лауазымын асырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ОҚО-да бағдарламаны іске асыруда өрескел заңбұзушылықтар кетіп, 7 млн. теңге талан-таражға түскені анықталған. Көптеген құжаттар қолдан жасалып, бағдарламаға жалған қатысушылар туралы анықтамалар берілген. Орталық жүзден астам адамды төрт мамандық бойынша қайта оқытып шыққан. Бірақ нарықтағы сұранысты ескермегендіктен, көпшілігі орнықты жұмыс таба алмаған. Осы мәселеге қатысты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өз ойын айтып кеткен еді: «Тек өткен жылы оңтүстік жақтағы облыстарға 9 млрд. теңге бөлінді. Жұмыссыздардың көпшілігі сонда. Ал биыл өткен жылға қарағанда олардың саны екі еселенді. Бірақ жұмыспен тек 2%-ы ғана қамтылған немесе 25 мың адам. Жалпы, 60 мың адам жұмысқа зәру. Республика бойынша барлығы 40 мың адам оқытылып, оның тек тең жартысы ғана орналастырылған. Демек, біз оқытамыз, үміттендіреміз, соңында жұмыссыз қалдырамыз. Жекелеген орындарда бақылау жоқ. Министрліктер мен әкімдер тарапынан жаппай басссыздық орын алған». Шындығын айтқанда, қоғамда адам капиталы бағаланбайынша, «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламалар сәтсіздікке ұшырай береді. Бүгіннің өзінде жүзден астам кәсіби білікті мамандар мен ғалымдар шет ел асып жүр. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы тіптен қиын. Жалпы, әлем тәжірибесінде мемлекеттік бағдарламадан бөлек жұмыссыздықты инвестициялық жағдайды жақсарту арқылы, яғни бизнес-ортаны отандық және шетел инвесторларына тартымды етіп жасап жоюға болады. Бізде қалыптасқан жағдайда бұл қаншалықты іске асуы мүмкін? Бәсекелестік жоқ, парақорлық жайлаған бизнес орта, кәсіпкерлер мүддесі мен құқығы қорғалмаған заңнама инвесторлар үшін тартымды болмайтыны айдан анық. Сондықтан, жұмыссыздықтың төменгі деңгейін ғана сөз етіп жүрміз. Жұмыссыздардың көбеюіне мигранттарды заңдастыру да ықпал тигізуде. Ресми емес мәлімет бойынша, жыл сайын Қазақстанға 700 мыңнан астам келімсек келеді. Арзанқол жұмыс күші ел азаматтарының жұмыс орындарын тартып алып, қосымша жұмыссыздықты туғызып отыр.
ЖҰМЫССЫЗДАР ЛАҢКЕСКЕ АЙНАЛА МА?
Елдегі жаппай жұмыссыздың неге әкелуі мүмкін? Біздіңше бұның жауабын әркім біледі. Саясаттанушы Ерлан Қарин өз зерттеуінде: «Зерттеу кезінде біз 2004-2013 жылдары аралығында терроризм бойынша қозғалған қылмыстық істерді сараптап шықтық. Сондай-ақ сотталған азаматтар мен олардың туған-туыстарымен сұхбаттастық. Жалпы, біздің зерттеуіміз лаңкестік үшін сотталған 150 азаматты және осы іске қатысы бар 77 адамды қамтыды», – деген еді. Ал ұсталып, жауапқа тартылғандардың 73 пайызы –жұмыссыздар. Сондықтан жұмыссыздықтың көбеюі әлеуметтік наразылықтың артуына, радикалды топтардың пайда болуына әкеледі. Ал бұл мемлекеттің конституциялық құрылымына, халық бірлігіне орасан зор нұқсан келтіреді. Бұл жайт биліктің халық жағдайын тағы бір рет терең ойлануына себеп болып табылады.
Диас БЕЙСЕНБЕК