КЕЙ ШЕНЕУНІКТІҢ ҚҰЛҚЫНЫН АҚША ТЕССЕ...
КЕЙ ШЕНЕУНІКТІҢ ҚҰЛҚЫНЫН АҚША ТЕССЕ...
Қазақстаннан тыс өмір сүретін қандастарымыз мұнда кіру визасына қол жеткізе алмай, атажұртқа жете алмай зар болып жүргенде, ебін тапқан 13 мың қытайлық Қазақстанға «Еңбек визасымен» келіп, қара базарда сауда жасап, тайраңдап жүріпті.
КОНСУЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ШЕКПЕНІН ЖАМЫЛЫП…
«Время» газетінде «Сотрудники МИД помогали иностранцам незаконно въезжать в Казахстан» атты мақала жарық көрді. Ондағы жазылған фактілерге назар аударсақ, біздің Сыртқы істер министрлігіндегі шенеуніктердің көбіне күдікпен қарауға тура келетін сияқты. 12 жылды арқалап кеткен Қайсар Арқабаев 2008 жылдан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызметінің Алматыдағы департаментінде басшылық қызмет атқарып келген. Арқабаев бұл істі жалғыз атқара алмайтын болған соң, өзіне сыбайластар іздейді және алыстан емес, жақыннан табады. Консулдық қызмет департаментінің үшінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің шаруашылық басқармасының жетекші маманы, Алматы әуежайында мемлекеттік міндеттерді орындауға өкілетті Қанат Кинеевті өз жанынан табылуға үгіттегеннен кейін, Консулдық қызмет департаменті мен заңсыз виза жасатушылардың арасындағы арағайындықты Айгүл Қоңырбаева атқаратын болады. Айгүл Қоңырбаева Қазақстанға аты белгілі дипломат, ұзақ жылдар бойы Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментін басқарған, бүгінде депутат Уәлихан Қоңырбаевтың қызы. Айгүл Уәлиханқызы 60 фирманың атынан қытайларға заңсыз шақырту дайындап келген және сот барысында өзінің айлық кірісінің 100 мың долларға дейін жеткендігін ашық мәлімдеген. Алайда, неге екенін кім білсін, дәл осы адам ең жеңіл жазаға кесілген. Сөйтіп, 5 жылды арқалаған. Әрі жас балалары бар екені ескеріліп, оған бес жылдық жазаны бес жылдан кейін өтеуге рұқсат етілген. Қылмыстық істің материалдарына зер салсақ, Уәлихан Қоңырбаев Арқабаевқа жиі хабарласып, қызының бизнесіне көмектесуін өтініп келген, кеңестер берген. Қайсар Арқабаев Уәлихан Қоңырбаев секілді беделді тұлғаның өтініштерін аяқасты ете алмаған, тіпті кейбір дұрыс толтырылмаған құжаттарға да көз жұма қараған.
Бұл істе 12 жылдық жазаны арқалаған Қайсар Арқабаев шетелдіктерді іскерлік визамен шақыру үшін Қазақстанның шетелдегі консулдарын да, Үрімжіден Қазақстанға қоныс аударған үш Қытай азаматын да өзіне сыбайлас еткен көрінеді. Көп істі Грузия, Моңғолия және Қырғызстандағы консулдықтар арқылы тындырған. Жүздеген қытай азаматтары аталған елдерге бармай-ақ, Қазақстан визасын алуға қол жеткізіп келген.
Алайда, қызмет орнынан кері қайтарылған үш консулға ешқандай жаза тағайындалған жоқ. Олар кінәлілер қатарынан куәгерлер қатарына өткен. Өйткені өз істерін мойындарына алып, жаздым-жаңылдым деп өкініштерін білдіргеннен кейін, оларға кешірім берілген көрінеді. Арқабаевтың басқа сыбайластары – үш қытай азаматы: Рахимжан Умаержан – 7 жылға, Имиер Адилижианг, Юсуфу Ерхаити Па – 10 жылдан сотталды. Сыртқы істер министрлігінің өзге қызметкерлері – Елнар Айешев пен Қанат Кинеев – 11 жылдан, қытай азаматтарымен арағайындық жасауға көмектескен Кинеевтің туған ағасы Талгат Кабдымырза 10 жылға темір торға қамалған.
Басты куәгерлердің айтуына қарағанда, Арқабаев әрбір паспорт үшін арнайы баға кестесін дайындаған. Мәселен, Азия азаматтарының Қазақстанға келуі үшін алты айлық визаға – 3 мың, бір жылдық виза үшін – 5 мың теңге алып келген болса, Қытай азаматтары үшін бұл баға сәл өзгешелеу болған: үш айлық виза үшін – 5 мың, жарты жылдық виза үшін – 15 мың, бір жылдық виза үшін – 30 мың теңге алған. Бұл қаражаттың барлығы сыбайластар арасында бөлініп отырған. Сотталғандар енді қазынаға 242 миллион теңгені қайтаруы керек.
Жарты жылда 10 мың іскерлік виза дайындалған
Қытайлықтарды заңсыз шақыратын фирмалар жайында 2012 жылы алғашқы ақпараттар пайда бола бастаған. Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы Қазақстан визаларын заңсыз рәсімдейтін «Shangri-La» және «Radi Tour» фирмаларын әшкерелегендігі туралы айтылады аталған ведомствоның баспасөз-қызметінің мәлімдемесінде. Еңбек визасына қол жеткізген қытайлықтар Алматының қара базарында сауда жасаумен айналысқан. Аталған фирмалардың үстінен қылмыстық іс қозғалғандығы айтылғанымен, оның немен аяқталғандығы белгісіз. Сондай-ақ, Қытай азаматтары тіпті жұмысы тоқтап тұрған фирмалар арқылы да шақыртулар алып келгендігі сол кездің өзінде белгілі болған. Мәселен, «Ағашстрой» ЖШС-нің басшысы қайтпас сапарға кеткеніне қарамастан, оның құрылтайшылары осындай заңсыз әрекетпен айналысқан. Алатау ауданы прокуратурасы аталған фирманың үстінен де қылмыстық іс қозғаған.
«Время» газеті 2012 жылы «Прокуратура Алматы проверяет «деловых» иностранцев» деген мақала жариялайды. Сол мақалада айтылған фактілерге назар аударсақ, 2012 жылы 2400 Қытай азаматы мен 200 Пәкістан азаматы Қазақстанға заңсыз шақырылған және заңсыз «іскерлік» визасымен келген. Сол кездегі Алматы қалалық прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Азамат Әлібеков:
– Биылғы бірінші тоқсандағы тексеру жұмыстарын аяқтадық. 6 қылмыстық іс қозғалды. Біз жүргізген сараптама бойынша таңданарлық жағдайлар көп болды. Мәселен, біз Қытайдан заңсыз біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелетін фирмалардың біразының жолын кескенімізбен, шетелдік жұмыс күшінің ресми саны үш есеге дейін азайғанымен, Қазақстанға іскерлік визамен келетін қытайлықтардың саны 4 есеге артқан екен. 2012 жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде 10 мыңнан астам іскерлік виза рәсімделген. Прокуратура осы «іскер» шетелдіктерді іздестіруге кірісті. Осы жылдың мамыр айында «Қарасу» шағын ауданының жанынан 15 жолаушысы бар екі автобус құрықталды. Олардың барлығы да «іскерлік» визаны заңсыз алып келгендер болып шықты. Ұсталғандарды тергеу барысында анықталғаны – олардың «іскерлік» виза рәсімдеген фирмаларға ешқандай қатысы болмай шықты. Олар тіпті бұл фирмалардың қайда орналасқанын да білмейді. Олар іскерлік визаларды Үрімші мен Құлжа қалаларында 500 бен 1000 доллар көлеміне сатып алған. Ол фирмалар ешқандай салық төлемеген, көрсетілген заңдық мекен-жайларынан табылмаған. Көптеген фирмаларды Қытай азаматтары ашқан.
P.S. Жалпы соңғы жылдары жемқорлықпен күрес арқасында бірсыпыра шенеуніктің жасаған көптеген бассыздықтардың беті ашыла бастады. Тіпті, ана бір жылдары Қазақстанның қазба байлықтары туралы мемлекеттік құпия құжаттарды сатқандар жайлы да естіген едік. Шенеуніктің құлқынын ақша тессе, ол ұлтын, халқын сатуға дейін дайын болатындығы қынжылтады. Біздегі көптеген мемлекеттік қызметкерлердің ұлттық, елдік құндылықтарды аяқасты етуге дайындығы – елдің ертеңінің бұлыңғырлығын танытса керек. Қытайда ел қазынасына қол салған шенеуніктер ату жазасына кесіледі. Сол себепті де, олар мемлекет қазынасына қол салудан именеді. Ал біздегі жазалардың тым солқылдақтығы, азаматтардың арды емес, қарынды ойлауына жол ашатын секілді. 2008 жылдан бері 13 мың Қытай азаматтарын заңсыз елге әкелген аталмыш шенеуніктер атажұртына жете алмай жүрген қандастарының бір шағымын орындауға көмектесе алған жоқ еді. Біз газетімізде қаншама рет осы мәселені дабылдатқанымызбен, оған селт еткен ешқандай мемлекеттік мекеме, тіпті депутаттар да болған емес. Керісінше, 242 миллион теңгені үш жылдың ішінде заңсыз табатын, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қауіп төндіретін іске олар ойланбай барып отыр. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлердің этикасы қайта қарауды талап етеді.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ