Ресей және ЮКОС
Ресей және ЮКОС
ЮКОС дауына нүкте қойылды. Гаага соты он жылға созылған ЮКОС компаниясы мен Ресей арасындағы дауды доғарып, біржақты шешім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, Ресей аталмыш компанияны мемлекет меншігіне заңсыз түрде алғаны үшін 50 миллиард доллар өтемақы төлейді.
Жалпы, ұзаққа созылған соттың дәп осы кезеңде түйіні қойылғаны қызық. Еуропа мен АҚШ-тың, жалпы батыстың санкциямен үркітіп отырған тұсында ЮКОС дауының компания пайдасына шешілуі заңды сияқты. Себебі Ресей өтемақыны төлемесе, ГазПром мен РосНефть қиын жағдайға қалуы мүмкін.
2006 жылы аталмыш компания банкрот деп табылды. Себебі компанияның қарызы белуардан асқан көрінеді: 500 миллион доллар қарызы әртүрлі банктерден алынған. Проблемалық несиеге айналған шотты Роснефть сатып алып, тағдыры қыл үстінде тұрған ЮКОС атауын биржадан біржола өшіреді. Компанияның бұрынғы басшыларының арызымен Гаага соты Ресей энергетикалық хартияны бұзып, ЮКОС-тың активтерін заңсыз иемденді деген шешім шығарған. Бұл мәселе төңірегінде тағы бір қызық жайт бар. Сочи олимпиадасының алдында Ресей осы компанияның бұрынғы акционері М.Ходорковскийді болмашы сылтаумен түрмеден босатады. Сол кезде бұған көпшілік қатты таң қалысып еді. Көпшілік таңдай қағып, Путин мұндай қадамға неге барды деп таңданды? Бүгінде осы жайт Ресейдің өзіне айналып тиіп, өтемақы сомасын қайтарып алуды қарастыруда. Әуелде бұл сома 114 миллиард болған. Ресей мұндай қыруар қаражатты төлеуден бас тартқандықтан, сот ұзаққа созылған еді.
Бүгінде Ресей тарапы өтемақыны төлейтіні немесе төлемейтіні жайында ақпарат берген жоқ.