Жаңалықтар

ЖАБАЙЫ БАЗАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

ашық дереккөзі

ЖАБАЙЫ БАЗАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ

Алматы қара базарларымен-ақ алыс-жақын шетелге танымал еді. Солтүстік айналым базарлары мен қаланың бұрыш-бұрышына жайғасқан жайма базарлар ешқашан мұрты бұзылмастай көрінетін. Көпшіліктің «Барахолка» бұзылып, орнына ірі сауда орталықтары орын тебеді дегенге сенімсіздікпен қарағаны да есте. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде қара базарлардың күлі көкке ұшып, көз сүйсіндірген сауда орталықтары көбеюде. 

Ал халық арасында «көкбазар» аталатын Орталық базар маңайындағы жабайы сауданың бір-ақ күнде жойылғаны да баршаға аян. Бұл үрдіс қаланың түкпір-түкпірін түгел аралап, жайма базарды барынша азайтты. Десе де, 2013 жылы барлық сауда орындарының жартысын дерлік әртүрлі базарлар құрапты. Үй іргесіндегі дүкендердің үлесі 21 пайыз, супермаркеттер мен ойын-сауық орталықтарының үлесі 4,3 және 3 пайызға жеткен. Таяуда өткен Ритейл Бизнес Қазақстан-2014 саммитінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитетінің өкілі Қайрат Ертуғанов ұсақ базарларды азайтып, орнына ритейлерлік жүйені қалыптастыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ аталмыш жиынға еліміздегі ірі сауда компаниялары мен тасымалдаушылары, сауда үйлерінің директорлары қатысты. 

Сауда желілерін дамыту – бәсекелестікке дайындау дейді «Сауда саясатын дамыту орталығының» директоры Руслан Сұлтанов. Себебі өз бетінше қара базарлар мен жабайы сауда бәсекеге жарамсыз боп қалады. Еуразиялық экономикалық аймақта нарық ортақ болғандықтан, шетелдік кәсіпкерлер мен ірі сауда желілері өз филиалдарын ұсынатыны айдан анық. Олай болса, ритейлерлік жүйені пайдаланудың маңызы зор. Ал үкіметке салық жинауға оңтайлы, санитарлық талаптар сақталған ортақ алаң керек болса, өндірушілер мен диқандарға тауарын өткізетін жер керек. Алайда еліміздің сауда орталықтарында өзі өндіруші – өзі сатушы ұғымы жоқ. Тек сауда орнын бір жылға жалға алған саудагерлер мен алыстан ат жектіріп келіп, тауарын арзанға сататын шаруа бар. Бұл тұрғыда шаруаға еш пайда жоқ. Ал саудагер шаруадан алған арзан өнімді үстеме бағамен нарыққа ұсынады. Бұл тізбекті тарқату үшін шаруалар үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылып жатады. Бірақ бұл жүйе де тұрақсыз, себебі жыл бойы тауар тасымалдау ұсақ шаруа үшін мүмкін емес. «Түйткілдің түйінін қалай тарқатуға болады? Өркениетті базарлар құруымыз керек. Біз – шығыс еліміз, базарларсыз ешқайда бара алмаймыз. Бірақ қазіргі базарлардың жағдайы сын көтермейді. Өйткені бүгінгі күні оларда басты рөл атқаратындар өздері өндірмей, диқаннан сатып алып, үстеме баға қойып сатушылар. Диқан келгенімен оған орын жоқ, сондықтан өткен бағасына саудагерге тапсырады да кетеді. Осылай диқан жақсы өнім ала алмайды да, ірі супермаркеттер жергілікті өндірушілер өндіретін көкөніссіз, жеміссіз және етсіз қалады», – дейді «КазАгроМаркетинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Мұхамеджанов. Мәселен, жыл-он екі ай «Магнум», «Арзан» сияқты сау­да үйлерінде көкөніс арзан бағамен сатылады. Тіпті ең арзан көкеніс сататын «Алтын орда» базарынан да арзан болып жатады. Бұл жоғарыда айтылған тізбектің дәлелі. Жалпы фермерлердің кооперативін құру, бір орталыққа біріктіру шаруалар өнімін тиімді бағамен сатуға жәрдемдесер еді. Бұл мәселені шешу үшін Украинадағы сияқты ұсақ диқандар өз өнімдерін өздері сататындай жағдай жасау қажет. «Біздегі айтылып жүрген мыңдаған фермерлер үшін мыңдаған сауда орындарын құру керек. Сонда сапалы сатып алушылар немесе ритейлерлік желі өкілдері келіп, диқандармен келісімшарттар жасап, біреуінен 300, екіншісінен 500, үшіншісінен 1000 тонна өнім сатып алған болар еді. Іс жүзінде сол жерде диқандардан пул құрып, олар тауарды сақтап және мерзімінде жеткізіп беруге міндеттеме алатын келісімшарттар жасайды. Нәтижеде, ритейлерде өнімнің уақтылы жеткізілуіне сенім, ал диқандар тиісті табыс болады. Бұл – оларды біріктіретін бірден-бір жол» деген ұсыныс айтты Мұхамеджанов мырза. Бірақ шаруалардың өз көлігі, комбайны, жалпы техникасы жоқ. Өнімін сақтайтын қоймалары да жоқ. Сондықтан өнім алу үшін қажетті нәрсенің барлығын дерлік жалға алады, бұл оның кооперативпен бір жылға келісімшарт жасап қойып, жұмыс істеуіне кедергі. 

Еуразиялық экономикалық аймақ алысқа есік ашып отыр. Кәсіпкерлер, саудагерлер мен ұсақ кәсіп иелері бәсекеге төтеп беру үшін жаңа жүйеге көшуі тиіс. Онсыз да отандық кәсіпкерлер еңбегін тұншықтырып отырған импорттық өнімдердің дәурені жүріп-ақ тұр. «Қазақстанда жасалған» брендті қалыптастыру үшін өндіруші компаниялар алдымен бағаны төмендетуді ойластыруы қажет. Ол үшін менеджмент, логистика, бухгалтерлік есепке кететін шығындарды азайтып, оңтайлы жолдарын қарастырғаны жөн. 

Қазіргі таңда саудамен айналысатын адамдардың саны шамамен 1-2 миллион адам, бұл халықтың 13,4 пайызы. Жалпы сауда айналымы соңғы жылы 86 пайызға өскен. Бүгінде қара базарға барып, дорбасын қампайтып қайтатындар қатары мен өркениетті сауда орталықтарының жеңілдіктерін іздейтіндер саны бірдей десек қателеспейміз. Қатер төндірген қара базар – «Барахолканың» күлі көкке ұшты. Тура мағынасында қолдан өрт қойылып, саудагерлер барар жер, басар тау таппай қалған. Жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін саудагерлер қала сыртынан салынған базарларға ысырылды. Мәселен, «Алтын орда» базары маңайынан салынған жаңа талаптарға сай келетін базарға көшірілді. Бірақ осы орталықтардың өзі «барахолкаға» айналып келе жатқандай. Қаладан ысырсақ та, қала сыртына орналасып жатыр. Жалпы батысқа шығатын күре жолды базармен күрмеу, түбінде базарды тағы ығыстыруға әкеп соғатыны анық сияқты. 

Ақниет ОСПАНБАЙ