Жаңалықтар

ӨТКЕННІҢ КӨБІ ӨНЕГЕ ДЕСЕК ТЕ...

ашық дереккөзі

ӨТКЕННІҢ КӨБІ ӨНЕГЕ ДЕСЕК ТЕ...

Біз әруақтарына тағзым етіп отырған олардың екеуі де белгілі қайраткер, Совет өкіметі дәуірлеген жылдардың «өнімі» болатын. Және екеуі де Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология саласына жауап беретін жоғары қызметте болды. Аты-жөндері: Нұрымбек Жанділдин, Саттар Имашев.

Нұрымбек Жанділдин

 

Хош, бұларды неліктен неге еске алып отырмыз? Соңдарында халық жадында сақталып, құрметтейтіндей қам-қарекет, жарқын із қалып па еді? Әлде, жәй ас ішіп, аяқ босататын қатардағы басшылардың бірі болған ба еді? Екеуінің «жазығы» сол шақтардағы заман ырқы, темір тәртіпке бейімделе жұмыстанып, жаңбыр-жаңбырдың астында ғұмыр кешкені демесе, қасақана қиястыққа бармағанын аға буын өкілдері тәуірлеу білсе керек. Алайда, білудің білуі болады. Нақты айғақ, мәлімет-мағлұмат, дерек, көз көріп, куә болған жағдаяттар тұрғысынан білу бар да, «пәленше үй деді, түгенше бүй дедінің» төңірегіндегі өсек-аяң, жел сөз, ғайбатпен шегенделіп, шемен болған «дейді екендердің» жарапазаны өзінше. Олар кім? Дарабоз ақын Қасым Аманжоловша айтсақ, «аспандағы асық па, жоқ, жерде жатқан жасық па?» Міне, дәл осыған кесіп-пішіп төрелік айтпасақ та, кезінде оларды көріп-білген, бірге қызмет істеген, ақ сөйлеп, адалын айтатын ағайындардан естіген, тіпті, екеуімен де азын-аулақ дидарласып, тілдесіп, лебіздерін тыңдаған қарапайым көптің бірі ретінде ой өрбітіп көрсек дейміз (әрине, базбір дәлсіздік, жаза басу, қателесу ғажап еместігін – қауіп еткеннен алдын-ала ескерте отырып). Енді тоқ етеріне келсек, олардың екеуі де қазақы таным-түйсік, көргені, түйгені, тәжірибесі мол, биік мансапқа қатал сараптау сатыларынан өте отырып көтерілген, өзіндік бет-бейне, түсінік-пайым, алым-қарымы мол зиялы перзенттері болды. Кадр саясатын уысында ұстаған Мәскеу Қазақ республикасының бірінші басшысынан бас­тап, жауапты салаларды басқаруға жергілікті ұлт өкілдерін қаншалық шектеп, тежесе де, әйтеуір, идеология саласына олай ете алмады. Қарап отырсаңыз, пәленбай жыл ішіндегі республиканы басқарған пәленбай бірінші секретарьлардан бар болғаны екі қазақ – Шаяхметов пен Қонаев қана еске түседі. Кейбіреулер соған назалану орнына, кезінде сол екеуінің өзін де көпсініп, әлі күнге дейін «көлеңкелі жақтарын» жіпке тізуден шаршайтын түрі көрінбейді. Колбин деген кәрі түлкінің келуін жиырма бес жыл күттім деп зар жылағандар да болды-ау, ой, дүние-ай! Ендеше, іштеріне пышақ айналмайтын қызғаншақтар үшін Нұрымбек Жанділдин мен Саттар Имашев кімнің шікірәсі еді, тәйірі?! Олардың да елге, халыққа сіңірген еңбегі жайлы жақ ашпай, бірлі-жарым (амалсыз) мүлт кетіп, «жаза басып, жаңылған» тұстарын ғана әліге дейін қоздататыны несі?! Айталық, Нұрымбек Жанділдинді неге аз айтамыз? Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде ұзақ жыл қызмет еткен көрнекті жазушы Жекен Жұмақанов: «Нұрымбек нағыз секретарь еді ғой, әр күнгі жұмысын сағат сегізде газет қараудан бас­тап, редакцияларға жақсыны жақсы, жаманды жаман деп телефон соғатын, кейде редакцияға күтпеген жерден кіріп келіп, шұғыл мәжіліс өткізетін, газеттің сырын бес саусақтай білетін»,– дейтін Жанділдин емес пе еді? Өткен ғасырдағы 60-шы жылдардың ортасында секретарлықтан босап, шет тілдер инс­титутында ректор болған ол «Мәдениет және тұрмыс» журналына сұхбат алуға барған менен Жекен жайлы сұрап: «Сендерде істей ме? Е, ол мықты ғой, жолы болмай жүр. Редакторларың Мұса Дінішев белгілі журналист. Екеуі де соғысқа қатысқан, менен сәлем айт»,– деген еді. Онымен тынбай, мені бірінші рет көріп отырмын демес­тен: «Кезінде міндетімізді адал атқардық, бізде де көз-құлақ бар, естіп-көріп жүреміз, жұрттың анау-мынау сөзіне мән бермеңдер» дегені де бар болатын. Түсі сұсты, сөздері тас кескендей екен. «Өзім жазамын» деп дайындап апарған сұрақтарды алып қалды да, үш-төрт күннен соң жауаптарын машинкаға бастырып, тап-тұйнақтай етіп беріп жіберді. Бұл – бір. Екінші, сол шақтарда Қалдарбек Есімбеков дейтін ұлтжанды азамат (бұрынғы Шәуілдір) Қызылқұм аудандық партия комитетінде сегіз жылдай бірінші секретарь боп істеді. Әне, сол қадірменді Қалекең Алматыға қызмет бабымен әр келген сайын осындағы қызылқұмдық белгілі азаматтарды жиып, ресторанда шай беретін. Сондай кездерде Мұхтар Әлиев, Өмірзақ Айтбаев, Мыңбай Ілесов, Шәмші Қалдаяқов, тағы басқа қызылқұмдықтармен әлденеше рет дәмдес болғанбыз. Әдебиет, өнер, мәдениетке жақын Қалекең, Қалдарбек Есімбеков сол уақыттағы жас ақын Мұхтар Шахановтың да қызылқұмдық (кейін отырарлық) болуына сеп жасады (Мұхтар ұмытпаса керек). Шымкенттен Алматыға ұшарда хабарласатын Қалекеңді күтіп алып, қонақүйге апарып жайғастыратынмын да, содан ол қашан қайтып кеткенше бірге болатынбыз. Әне, сол Қалекең: «Кеше Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми-секретары Сақтаған Бәйішевтің үйінде қонақта болдым, – деді Алматыға кезекті келісінің бірінде. – Нұрымбек Жанділдин бастаған біраз адамды шақырыпты. Апырай, ол кісі, Нұрекеңді айтамын, қазақтың салт-дәстүрі, домбыраға қырын қарайды деуші еді, бекер екен ғой. Сақаңның үйінде домбырамен ән салып, күй тартқанына мен емес, дастарқан басындағылардың бәрі куә боп, риза болды. Мінезі соншалық биязы, жұмсақ болмаса да, кесіп айтып, өткір сөйлейді екен. Өз басым осы күнге дейін домбыраны дәл солай шебер тартқан ешкімді көрген жоқпын. Кім қалай десе өзі білсін, бірақ, мен көрген Нұрымбек Жанділдин қазақтың қасиетті домбырасын сыйламайтын пендеге ұқсамайды екен»,–деп Қалекең тершіген маңдайын сүртіп, өңі нұрлана түсті. Оның кім қалай десе өзі білсін дегеніне орай, менің де көрген-білгендерім еске түсіп, бір сәт соларға ой жүгірттім. Бірі… Орталық партия комитетінде істеген жылдарда Нұрымбек Жанділдин домбыраға қарсы екен, әншілер әнді пианино, фортепиано, баян, аккардеон, гитараның сүйемелдеуімен айтуы керек деп нұсқау беріпті дегендей дабыраны жұрттың бәрі естіп, таса-тасада күбір-жыбыр желдей ескені… Дәл соның айғағындай, даңқы дардай, атағы таудай белгілі әншілердің бәрі болмаса да, «Қазақконцертте» істейтін біреуінің домбыраны былай қойып, концертмейстр Морфессидің баянда сүйемелдеуімен тік тұрып ән салғанына куә болғаным да бар-тын. Іштей өкініп, бармақ шайнағаннан бөлек қолдан не келсін. Әйтсе де, қасаң идеологияның құдіреті ме, домбыра қайда қашады, онымен алысқа ұзамаймыз, ендігі жерде оған қоса еуропалық аспаптарды да меңгерген жөн деп қарағандар да болғаны жасырын емес. Әлгі Морфессидің баянына қосылып ән шырқаған әншінің де солай деп ашық айтқанын да естігенбіз. Сөйтіп, әділ ме, жоқ па, Жанділдинге сәл нәрсеге бола жаманат жамылды. Нұрекең қазақтың домбырасына қарсы болған деген қаңқу сөз де ауыздан-ауызға өтіп, әліге дейін қалмай келеді. Бір тәуірі, Жанділдин жайлы одан бөлек пәлендей бықсық сөз сол кезде де, кейін де естілген емес, басқадай албаты айғақ, дерек жоқ десе болады. Есесіне… Оның да жаны сірі емес, орталықтың қытымыр қысым, кеудемсоқ өктемдігіне төтеп беру амалдарын басқалардан бір емес, он есе артық білмей қалай атқарар осынау жауапты лауазымды? Ал, туа бітті зиялы, уақыт, дәуір, заман тынысын жіті аңғарып, сезіне білген, тамырын дөп басуға құмбыл қайраткерде басқадай мүмкіндік те болмаған шығар-ау демеске де әдді жоқ, ағайын. Және біз бұл жерде қазақтың киелі домбырасына «қарсы» шығып, «тәрк етпек» болған жоғары шенді партия шенеунігін әлденеден арашалап, ақтап, қорғаушы (адвокат) бола қалу ниеттен алыспыз. Кезінде басы жұмыр барша пенде секілді, ащы-тұщысы аралас ғұмыр кешкен марқұмның әруағы оны қажет те етпес. Қаузамағымыз – оның аты аталған жерде сол баяғы бір «білместігін» қайта-қайта қоздатып, жаңғырта бергенше, елге, қоғамға сіңірген қыруар еңбегі мен жағымды іс-әрекеттерін де елеп-ескеріп, әділетті сөйлеуге тиіс емеспіз бе? 1958 жылғы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен екінші онкүндігінде өнер патриархы, қазақ музыкасының жанашыры, академик Ахмет Жұбановты өз қолымен құрған Құрманғазы атындағы оркестрге дирижерлік етуге жіберілмеуіне, не сол шақта СССР Халық артисі болуы мүмкін Қазақ ССР Халық артисі Роза Бағланованың орнына ол атаққа Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген артисі Роза Жаманова ие болғанына Жанділдин жазықты ма? Осы орайда, дәл осы екі түйткіл жөнінде аталмыш онкүндікте (34 жасында) СССР Халық артисі атанған, таяуда өмірден өткен біртуар әнші Ермек Серкебаевтың пікірін келтірсек те аздық етпес. Алты жыл ішінде үш рет қайталап басылып, қазір бестселлерге айналды деуге болатын эссе-диалог кітапта Ерекең: «Онкүндік кезінде Нұрымбек ағамыз бізге биіктен қарамай, қайта біраз мәселені көпшілікпен, оның ішінде менімен де ақылдасып жүрді. Бірде мен жататын бөлмеге түн ішінде кіріп келіп, Роза Бағланованың онсыз да атақ-абыройы жетеді, әрі эстрада әншісі, әлі-ақ СССР халық артисі болатыны да анық, ал опера саласында Күләш Байсейітовадан бөлек СССР Халық артисі атағына ие болған қазақ қыздарынан ешкім жоқ, өзің білесің, қазір ол бақилық, сондықтан, сол атаққа Роза Жаманованы ұсынуға қалай қарайсың», – деп менен пікір сұрады. Мен не дейін, өзімнің де ойым сол еді, екі қолымды көтеріп қолдаймын дедім. Маған дейін ақылдасқан Қалибек Қуанышбаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Құрманбек Жандарбеков те бірден қолдапты. Сөйтіп, Роза Жаманова – ол кезде бар болғаны Еңбек сіңірген әртіс екеніне қарамай – ережеге томпақтау болса да, Жанділдиннің тікелей араласуының арқасында СССР Халық артисі атанды. Бұл жерде айтайын дегенім, Жанділдин жа­уапты мәселелерді жеке билеп-төстемей, жұртпен бірге талқылап, олардың пікірімен санасып отыратын. Сол онкүндікте Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің онша жолдары болыңқырамады. Мүсілім ішек-қарнымыз араласқан жан досым болатын. Сонда да, шындықтан асып қайда барамыз, ептеп өздерінен де бірдеңе-шірдеңелер болды дегендей… Қазақ асатпай жатып құлдық деуден сақтан деуші ме еді, оларда да сол құралпас бірдеңелер болса керек. Бірақ… Нұрекең айтқандай, арада онша көп уақыт өтпестен Роза Бағланова, Ришат Абдуллин – екеуі де СССР Халық артисі атағына ие боп, қатарымыз толыға түсті. Ал, сол онкүндікте Ахмет Жұбановтың өзі ұйымдастырған Құрманғазы атындағы оркестрге дирижерлік етуге жіберілмей және жөнді марапатқа ие болмау себебіне келсек, ол онкүндік басталардан көп ілгері «қам» жасап, домалақ арыз-шағымды қардай боратқан қызғаншақтардың қырсығынан деп білген жөн. Ағасы халық жауы, өзі ұлтшыл, моральдық жақтан бетінде шіркеу бар дегендей. «Мақтау жеткізеді, шағым өлтіреді». Бұл жерде Жанділдиннің жазығы жоқ. Жаманатты болу қиын ба, бәлкім, ақыры қолынан келмейтін болған соң, неге бұлай дегендерге «солай» деп айта салған болуы да ғажап емес. Бірақ, өз басым Нұрымбек Жанділдиннің Ахмет Жұбановты шын сыйлайтынын талай рет көрдім, куәмін. Ахаңның алдын кесіп өтпейтін. Бұлар жеке пікірім», – дейді. Сексенге толған жасына дейін шығармашылық өмірбаяны туралы бірде-бір рет шағын кітап тұрмақ, жібі түзу жөндем мақала жазылмаған (оған өзі де ырық беріңкіремегенін жасырмайтын) Ермек Серкебаевтың өз аузынан айтылған, Жанділдинге қатысты кітаптағы нұсқа негізінде келтіргенді дұрыс санадық. Сондай-ақ… Белгілі музыкатанушы ғалым, профессор Пернебек Момынов та таяуда Нұрымбек Жанділдинге қатысты: «Ол Орталық партия комитетінде істеген кезінде қазақ мәдениетін бір сәт естен шығармай, қолдан келгенінің бәрін істеп баққанына куәлердің бірімін. Бірде мені кабинетіне шақырып, барлық облыс орталығынан Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп сияқты мектеп ашсақ қалай болады дегені бар-тын. Мен олай істеуге болмайды, ондай мектептердің статусы консерваториямен пара-пар, толып жатқан музыкалық аспаптар қажеттігін айтпағанда, кадр тапшы, кім дәріс береді, кез келген көлденең көк атты жұмыс істей алмайды. Сондықтан, кейбір облыс орталықтарынан ғана бірді-екілі мектеп ашуға болар дегендей уәж айттым. Жалпы, Жанділдиннің қай мәселені болса да, сол саланың мамандарымен ақылдасып, көптің пікірімен санасатын жақсы қасиеті болғанын мен жақсы білемін. Өле-өлгенше пәле-жаладан көз ашпаған Ахмет Жұбановқа сан рет араша түсіп, іштен тынған сәттерін де көргенмін. Білмей сөйлейтін керауыздар не демейді. Ондайлар Нұрекеңнің өзі жөнінде де осы күнге шекті әлденелерді бықсытып қояды емес пе? Бір де бірі дұрыс емес», – дегені бар-тын. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, философ-ғалым Нұрымбек Жанділдиннің рухын ардақтап, құдайлық сөздерін айтқан басқа да ағайындарды білеміз. Солардың бірі – Ақат Құдайбердиев. Ұлы ақын Абайдың немере інісі Шәкәрімнің ұзақ жыл Алматыда тұрып, кейін туған жеріне көшіп барып, көзі жұмылғанша Жидебайдағы Абай музейіне шырақшылық еткен Ақат Шәкәрімұлы. Абай ауданына іссапармен барғанда аудандық партия комитетінің екінші сек­ретары, марқұм Бәтташ Сыдықов Абай музейіне өзі бастап апарып, Ақаңмен үйінде қона жатып әңгімелескен кездер еске түседі. Әне, сол жолы Ақат Шәкәрімұлы Алматыдан атамекеніне оралған соң әкесінің қырық жыл құдық түбінде жатқан сүйегін өз қолымен аршып алып, Абайдың қабіріне жақын маңға қайта жерлеп, басына кесене тұрғызғаны хақында мұңдана айтқан-ды. «Үлкен арманым әкемнің толық ақталмай, шығармаларының түгелдей жарық көрмеуі», – деп күрсінген-ді. «Ертеректе Нұрымбек Жанділдиннің қабылдауында болып, көмектесуін өтінген едім, обалы қайсы, әкемнің қайғылы тағдырына менен де қатты күйіне отырып, әзірше ол мүмкін еместігін, қолынан келмейтінін айтты. Ренжіме деп қайта-қайта қолымды қысып, жылы пейілмен шығарып салды. Онда Алматыда (Тастақ жақтағы) мектептердің бірінде мұғалім едім. Нұрекең маған білдірмей жасады ма екен, кім білсін, әйтеуір, ұзамай әлдебір марапатқа ие боп, аяқ астынан көзқарастары күрт өзгерген мектеп басшылары бұрынғыдан жылы қарап, асты-үстіме түсетін болды. Мұны өзімше Жанділдиннің арқасы-ау деп шамаладым. Ол жөнінде жұрттың анау-мынау дейтіні бекер екеніне сонда-ақ көзім жеткендей болған. Түсі суықтау көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, көп біліп, көп тоқығаны көрініп тұратын азамат қой (онда Жанділдиннің көзі тірі кез еді)». Кейін Абай ауданына барған сол жолғы іссапардан «Мәдениет және тұрмыс» журналына жазылған очеркте көбіне ауыл өмірі, шопандардың хал-жайы, оларға көрсетілетін мәдени-тұрмыстық қамқорлықтар баяндалып, ұлы ақынның мұражайы, Шәкәрімнің ұлы Ақат Құдайбергеновпен кездесу жөнінде сөз арасында тиіп-қашып қана, атүстілеу айтылған-ды (себебі, негізгі мақсат-тапсырма басқа болатын). Әйтсе де, арадан біраз жыл өтіп, Шәкәрім толық ақталған соң, Ақатпен кездесудің мән-жайы (сол кезде түсірілген фотосуретпен қоса) журналда жарық көрді. Өкінішке қарай, ол кезде Ақаң өмірде жоқ еді. Сонда да, әруағы риза болсын деп, естелік ретінде біраз жәй тәптіштей сөз етілген-ді. Домбыраға «қарсы болғанынан» ба, Жанділдиннің атын атау қаперге келмегені шындық-тын. Оның үстіне, ол (Жанділдин) Шәкәрімді ақтауға шамасы келмей, сағы сынбады ма? Қалай шамасы келсін, егер содан бір-екі жыл ғана бұрын Шәкәрімнің өлеңдерін «Социалистік Қазақстан» газетінің тұтас бір бетіне жариялап жібергені үшін басылым басшысы, редактор Рақымалы Байжарасов сол замат орнынан қалпақтай ұшқан болса. Ал, Нұрымбек Жанділдин дәл сол тұста Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы еді. Демек, Рақымалы Байжарасовты жазалаған да сол болмай, кім болмақ? Былайғы қауым сол кезде, одан кейін де, тіпті, қазірге шейін солай ойлап, солай пайымдайды. Бәріне Жанділдинді жазықты санайды. Жоқ, тіпті де олай емес. Жанділдиннің де үстінен қарайтындар әрісі Мәскеу, берісі осында да жетіп артылатын. КГБ-сы, цензурасы бар, өзге де шолақ белсенділер адым аштырмайтын алапат уақыт еді ғой. Сондай-ақ, ол шақтарда Шәкәрімді айдалада атқызып, мүрдесін құдыққа лақтырып кеткен «чекист» Қарасартовтың да (басқалардың да) көзі тірі болатын. Совет өкіметіне «сіңірген еңбегінің» қызығына бөленіп, ырғап-жырғап жүріп жатқан-ды (Академик Е.Бөкетовтің болған оқиғаны Қарасартовтың аузынан қаз-қалпында таспаға жазып алып, газетте жария ететіні көп кейін, сәл жылымық кез жеткен соң). Міне, мәскеулік алпауыттардың аузына қараған замандағы қазақ атқамінерлерінің бірі (қуыршақ десе де артығы жоқ) Жанділдин сондай қияметтің қыл көпіріндей қиын дәуірде ғұмыр кешіп, жүріс-тұрыс, қызмет – бәрі шектеулі, аңдулы болғанын да ұмытпаған жөн дер ек. Және бұл жолы оны жоғарыда айтқанымыздай, мақтап та, даттап та, әлденеден арашалап, қорғап та отырған біз жоқ. Ол өз дәуірінің перзенті, сәл тереңірек айтсақ, партияның сойылын соғатын (соқпай көр) солдаттарының бірі болды. Қазақта әріден келе жатқан «өлдің-өштің» дейтін қатал ақиқат бары аян. Егер сол бір аса білімді, алғыр, зерек, зипа, философ-ғалым, компартия қайраткерінің есімі онша көп аталмай, ұмытылғандай болуының себеп-салдары тек домбыраға «өштігі» болса, қазақтың одан басқа да мына өмірден шашасына шаң жуытпай, Абайдың «Әбдірахман өлгенде» деген өлеңіндегі «… жақсы өліпсің, япырай» дейтініндей дәрежеде әлдеқашан бақилық болған небір жақсы мен жайсаңдарының да аты-жөндерін неге ешкім онша көп ауызға ала бермейді?! Алмақ түгіл, солардың көбінің есімін есте қалдырарлықтай (кейбіріне ресми қаулы алынса да) іс-шаралар жүзеге асты ма, жұрттың жадында ма? Әй, қайдам. Мәселенки, С.Кеңесбаев, Ж.Тәшенов, Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Машанов, С.Бәйішев, Б.Кенжебаев, Қ.Шәріпов, К.Үсебаев, Латиф Хамиди т.б. Қайта кей-кейде оларға қарағанда Н. Жанділдиннің аузының «салымы» бар, жағдайы сәл-пәл мизам таразылау ма дейсің. Себебі, домбыраға қатысты десе де аты аталып, оқта-текте мейманасы бір «тасымай» ма? Өй, деген!.. Енді көзі тіріде де, бақиға озған соң да Жанділдиннің кебін одан да көбірек киіп, ол отырған орынтақта одан да көбірек отырып, өсек-ғайбат, өтірік-налаға да бір кісідей «кенелген» тағы бір қайраткерге келейік. Қапыда қазаға ұшыраған Шәкәрім Құдайбердиевтің ұзақ уақыт қапаста ұсталып, біржола құрып, жоқ болуға шақ қалған бүкіл (өлең, жыр, дастан, ән, күй) шығармашылық мұрасын аман сақтауға қамқорлық жасаған, Жанділдиннің қолынан келмеген шаруаны тындырған кім?

 

САТТАР ИМАШЕВ

 

Саттар Нұрмашұлы Имашев. Келмеске кеткен кеңестік кезеңде дербес (одақтас) республика атанған қазақ еліндегі идеологиялық салаға басшылық еткен саусақпен санарлық қайраткердің тағы бірі. Орталық партия комитетінде ұзақ уақыт секретарь боп қызмет еткеніне де, өмірден озғанына да көп жылдар өткен оны білетіндер бүгінде, бәлкім, сиреген де шығар. Көзін көріп, қызметтес болғандар да азайған болар. Ол идеология саласын басқаруға Н.Жанділдиннен кейін келді. Саттар Нұрмашұлы Имашевтың қазақ елінің өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі, әсіресе, әдебиет, мәдениет, өнер салаларының дамып, алға басуына қосқан үлесі, қолтаңбасы, жалпы, идеологияға қатысты ұшы-қиырсыз іс-шараларды ұршықтай үйіріп іске асырғанын ешкім де жоққа шығара алмасы кәдік. Бір сөзбен айтқанда, өз дәуіріне жараса еткен еңбек, атқарған қызметі ел тарихында қалғаны даусыз. Және оған да кесіп-пішіп баға беріп, не қорғаштап, мақтағалы да, даттағалы да отырған жайымыз жоқ. Әлгінде айтқанымыздай, біздікі тек өзі ғұмыр кешкен заман ауанына лайық биік лауазымды қызмет атқарған тұлғаны еске алып, аруағына тағзым етумен шектелу десек те жетіп жатқандай. Ал, ол оған бек лайық әрі он жеті-он сегіз жыл идеология басқару деген тіпті де аз жүк емес, оның үстіне, сол шақтардың қыр-сырына қанық, дәуір қарбаласын бір кісідей бастан өткеріп, біліп-сезінген ағайындармен бір сәт ой бөліскен де көптік етпес деп қараймыз. Бірінші айтарымыз, егер оны да пенде деп қарасақ, әлбетте, жақсы да, жақсы емес те жақтарын таразылап, жіліктеп шағарлық ниеттен аулақпыз. Екінші, Имашев кім еді, кім болды, ұзақ жыл елге сіңірген еңбегін жылы жа­уып, матап-бүркеп, мойын бұрмау керек пе, әлде, қарапайым пенде ретінде болса да еске алып, атын атау дұрыс па? Біз соңғысына құмбылмыз. Бұл пікірлерді өмірден өткелі аты-жөні дұрыстап аталмай, із-түзсіз қалып бара жатуының әділетке жата бермейтініне орай айтып отырмыз. Өз басым Имашевпен жұмыстас, құда-жекжат, көрші-қолаң, аралас-құралас болған емеспін. Тек анда-санда қызмет бабымен басқа әріптестермен қоса кабинетіне шақырғанда немесе үлкен жиындарда көріп, сөзін (баяндама) тыңдағаным болмаса. Бір жолы біраз белгілі газет-журналдардың редакторларын кабинетіне шақырғанда «Мәдениет және тұрмыс» журналының жетекшісі командировкада болып, орнына мен бардым. Бұл Саттар Имашевті тұңғыш рет жақыннан көруім болатын. Үлкен кабинеттің төрінде таудай боп отырған сырттай таныс тұлға өзін өте-мөте кішіпейіл ұстап, сөзіне әзіл қыстырып, қазақша-орысша аралас қысқа да нұсқа сөйлеп отырды. Бас-басымызға аты-жөнімізді атап, нақты тапсырмалар берді. Біз де қысылып-қымтырылмай, өзімізді еркін сезіндік. Бірде әзілі ме, шыны ма, мол денесімен селкілдей күліп, «бешбармақты азайту керек, люди обжирают» деп қалды. Мұнысына онша түсінбей, тіксініңкіреп қалғандар болды. Өйткені сол тұстарда дүкен біткеннің бәрінде азық-түлік тапшы, ет деген көзден ұшып, бес саусақты толтыра асап, «обжирать» ететін ахуал жоқ еді. Біреулер естілер-естілмес «өзі етке тойып жүрген соң айтып отырғаны да» деп күбірледі. Сол құралпас тағы да бірдеңелер айтқан Имашевтің алдынан біз, бәрібір, үлкен әсермен көңілденіп шықтық. Әсіресе, қоштасар тұста маған қарап: «Мұсекең келген соң оған осыларды ұмытпай айт», – дегеніне таңданғаным есте («Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев ол кезде майдандас серіктерімен кездесу үшін Волгоградқа кетіп, сонда жүр еді). Міне, солайша, қызмет жағдайына байланысты Саттар Нұрмашұлымен одан кейін де ара-тұра ұшырасып жүрдік. Білікті, тәжірибелі, ысылған, сақ, сергек, бір пошымы баяғының билеріне келетін, селкілдеп күлгенде төбедегі сандалшамдар сықыр-сықыр теңселіп, қосыла сылдырлайтындай көрінетін байсалды да басалқалы нағыз партия шенеунігі болатын-ды. Нағыз партия шенеунігі болған соң, біреуге жағып, біреуге жақпайтыны, біліп-білмей айтылатын өсек-аяң, ғайбат-жала, сәл жаза басқан жаңылыс қадамды жүндей сабап, шаңын қағатын жайдақылықтар болмай тұрмайтыны да екібастан белгілі. Саттар Нұрмашұлы жөнінде де нелер айтылмады? Оны өз құлағы да шалып жүретіні жалған емес-ті. Бірде бір жиында жасаған баяндамасында ашық тұспалдап айтқан сондай сөздері газет беттерінде де жарияланды. Мейлі, оларды қоя тұрайық та, енді өзіміз жақсы білетін басқа да кейбір дерек-фактілерге ден қойып көрелік. Қазақтың көрнекті жазушысы Өтебай Қанахин, өзінің айтуынша, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған, ашаршылық жылдарда көптеген ет жақынынан айрылып, анасы екеуі қалады. Кейін екеуі екі ажырап, Өтекең балалар үйінде тәрбиеленеді. Бұқара облысының Тамды ауданында ғұмыр кешетін көзі тірі анасымен ұзақ жылдардан соң ғана табысады. Бұл екі арада Өтекең әскер қатарына алынып, әскери-әуе десанты бөлімшесінде қызмет етеді. Соғыс аяқталған соң Совет әскерлері құрамымен бірге Порт-Артур қаласында болып, офицерлік қызметін 1954 әлде 55-жылға дейін жалғастырады. Біржола сонда қала берер ме еді, қайтер еді, егер «Ауыр күндер» атты роман жазып, қолжазбасын Алматыдағы Жазушылар одағына жіберіп, Сәбит Мұқановтан «шығармаң ұнады, «Жұлдыз» журналында жария­ланады, тез жет» деген жауап алған соң, СССР Қорғаныс министрлігіне қайта-қайта хат жазып, әрең рұқсат алып, қазақ астанасына түпкілікті келмегенде. «Онда үйленгенмін, бір ұлым бар, кейін тағы екі ұлды болдым, пәтер жалдап, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке тұрдым, – деп әңгімесін жалғастыратын Өтекең. – Ол газетте мен сияқты соғысқа қатысқан редактор Қасым Шәріповтен бастап, Жекен Жұмақанов, Құрманғали Ұябаев, Кемел Тоқаев, Хамит Ерғалиев, Сәуірбек Бақбергенов секілді көп азаматпен бірге жұмыс істедім. Бір-екі жылдан кейін «Ара» журналы ашылып, редакторы Ғабит Мүсірепов мені сонда шақырды. Ұзамай «Жазушы» баспасына бас редактор боп ауыстым. Жыл сайын бір-екіден кітабым шығып, жаңа пәтер алдық. Онда жұмыс қауырттау екен. Анда-мұнда қатынас қағаз жазу көп уақытты жейді екен. Орысша. Көбіне Орталық партия комитетіне. Бірде ойламаған жерден сол мекемеге – ОК-ке қызметке шақырды. Қызмет болғанда, анау-мынау емес, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Меңгеруші әйел еді, кейін ер адам болды. Екеуі де орыс. Себебі, идео­логия жөніндегі секретарь қазақ – Имашев екен. Ол мені алғаш қабылдаған кезде барғанымда алдында жатқан бір буда қағазға көзім түсті. Бәрі менің бірде баспа, бірде одақ атынан орысша жолдаған қатынастарым. Мол денелі, қысықтау көзді, салқынқанды, сабырлы Имашев маған ойлана қарап отырды да: – Порт-Артурда әскери қызметте болыпсың. Онда кім болып істеп ең? – деді. – Штабта хатшы болдым, писарь дей ме, сол тақылеттес, –деп жауап бердім. – Дұрыс. Ол мына іс қағаздарыңнан көрініп тұр. Сені сондықтан жұмысқа алмақпыз. Бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына. Қалай, келісесің бе?–деді сөзді келте қайырып. Келісемін демей не дейін. «Рахмет! Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын»,– дедім де, сол күні жаңа қызметке кірістім. Шынымды айтсам, мұндағы жұмыс күрделі болғанмен, онша қиындығы жоқ екен. Бәрі таныс, ықпыл-жықпылы белгілі, жаңғақтай шағуға болады, тек ерте келіп, кеш қайту керек, оның үстіне командировка көптеу екен. Енді онсыз бола ма? Осылай сатыдан-сатыға өрлеп, бірқатар тәуір лауазымдардың құлағын ұстамады ма бұл ағаң. Кейін семья жағдайыма байланысты Имашевтің алдынан өтіп, өз еркіммен босадым да, осында келдім ғой. Міне, енді сенімен бір кабинетте отырмыз. Екеуміз де «Мәдениет және тұрмыс» журналының бөлім меңгерушісіміз», – деп қарқылдай күлді Өтекең. Бәрі рас. Солай. Екеуміз ағалы-інідей жұп жазбаймыз. Бірақ, кейде аяқ астынан өң-түсі сұрланып, жан дүниесі астаң-кестең болғандай көрінетін Өтекең сәл қынжыла, күйіне отырып әлдебір тосындау әңгімелердің шетін шығаратын: «ЦК-да жүргенде талай қызықты көргенбіз, – деп, – «Жазушы» баспасына ауысқаннан бастап кейбір дос-жолдастар сені сүйрейтін мықтыларың көп дейтіндеріне онша мән бермесем де, ЦК-ға ауысқан соң «айттық қой, Имашев та, сен де жершілсіңдер, бәрі соның арқасы» деуді шығарды. Бір емес, әлденеше рет. «Ау, мүлде олай емес» дегенге иланбайды. Илану не, қайта мазақ етіп, тіпті, өршелене тіл тигізетін болды. Мәскеуге домалақ арыз да айдады. Сонан соң бір жолы шыдамай: «Қой, Сәке, сізге зияным тимей тұрғанда бұл жерден кетейін», – деген де кезім болды. Бірақ, Имашев «айта береді, шындық олай емес қой, босқа ренжіме» деп көнбеді. Өз басым, сірә, бұлай болар деп ойлаппын ба? Сонда пәленбай адам істейтін ең үлкен үгіт-насихат бөлімінде батыс өңірден көп болса үш-төрт қызметкер болатын да, олардың өзі жұмысқа Имашев мұнда келерден көп бұрын қабылданған адамдар еді. Білесің ғой, таяуда осы журналда жарияланған «Кәрі шөңге» деген әңгімем сол орайдан жазылды. Осы нағыз жала емес пе, шырағым. Сен жассың ғой, біле жүрсін деп айтып отырмын»,– деген Өтекең ізінше жұмсақ жымиып, селкілдей күлді. – Дәл солай,– деді арадан жылдар өткенде Мәдениет министрлігінде өнер басқармасын басқарып жүргенде ОК-тің Мәдениет бөліміне 26 жасында жауапты қызметке ауысып, төрт жылдан кейін бұрынғы шаңырағына министрдің орынбасары боп қайта оралған бүгінгі көрнекті театртанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Әшірбек Сығаев. – Имашевті менен жақсы білетін ешкім жоқ десем, бәлкім, нанбауыңыз мүмкін. Нанбағаныңыз дұрыс. Ешкім жоқ емес, көп, жетіп жатыр: Сайын Мұратбеков, Сұлтан Оразалин, Марал Ысқақбаев, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков… қайсы бірін айтайын. Солардың қайсысы Имашевтің екі туып, бір қалғаны дейсіз. Оның үстіне, Имашев ресейлік қазақ емес пе? Пәлен-түген дейтін түгі жоқ. Имашевті жамандайтындардың өсегіне менің де құлағым сарсылып біткен. Имашев нағыз партия функционері. Көріп тұрыңыз, бұл қазақ әлі Имашевтың тырнағына зар болады. Мені жұмысқа алу үшін қабылдап, әңгімелескенде көмекшісіне: «Бұл жігіттен үш-төрт жылда мынау деген қызметкер шығады»,– деп бас бармағын көрсеткен. Солай болдық па, болмадық па, әуелі Алла, онан соң сіз білесіз (деп қалжыңға бұрды). Өз басым Әшірбек те, ол жоғарыда атаған зиялылар да сол көзқарастарынан айныған жоқ шығар деп үміттенемін. Басқа болмаса да, Әшірбектің табандылығына иман кәміл. Қарапайым тілмен айтсақ, әргі-бергіде Жанділдин мен Имашев жайлы сөз қозғалғанда олар екеуі бірігіп ширек ғасырдан астам Қазақстанның идеологиясын басқарды деп қоя салу басымырақ. Ал, жарайды, сонда ол қандай идеология? Бүгінгідей көзбен көріп, қолмен ұстауға болмастай аты бар да, заты жоқ бұлдырлау әлдене ме, жоқ, қоғамдық қалыпқа ие, рухани даму, өрлеу-өсу, халықпен біте қайнасып, жадында сақталғандай салмағы, жарқын із, өзіндік сүрлеуі бар басы ашық, әмбеге раушан, түсінікті, салиқалы сала ма? Кеңестік кездегі идеология қалай еді, сол хақында бірер сөз. Халықтың рухани өсуі, ауыл, аудан, қаладан бастап, барлық жерде мәдени ошақ, соған сай іс-шаралар, ауыл-село мәдениеті, ауыл шаруашылық салада жұмыс істейтін миллиондаған еңбеккерлерге көрсетілуі тиіс мәдени-тұрмыстық қамқорлық, мектеп оқушыларын октябрят, пионер, комсомол сатылары бойынша тәрбиелеу, жоғары білім берудегі қатаң ереже, тәртіп, мамандарға алдын-ала жұмыс орнын тауып қою, солардың ішінен ел басқаратын қайраткерлер тәрбиелеу (шығару), кітап, баспа, газет-журнал, не керек, идеологияға қатысты мәселе шаш етектен еді, әрі олар мінсіз атқарылатын. Бүгінгідей оқушы тұрмақ, үлкендер, тіпті, ешкім түсінбейтін кейбір сауатсыз оқу құралдары, төрт оқулықта Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің туған, өлген жылдарын төрт түрлі етіп жазу болмайтын. Болса, қылмыспен тең деп саналатын. Қатаң жазаға тартылатын. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бір ғана оқу министрі он екі, он үш рет ауысып және бәрі де өздерімен бірге ала келетін «жаңа» реформаларын іске асыра алмай, омақасып жатса, не деуге болады? Кеңестік дәуірдің басы ашық, баршаға түсінікті идеологиялық жұмыс саласында басқадай сұмдықтар болса да, дәл ондай сұмдықтар болған емес, болмайтын да. Жанділдин мен Имашевті сондықтан еске алып, өз міндеттерін жеке бас емес, мемлекеттік тұрғыдан қалай атқарғанына жақтамай да, даттамай да, ешкімнің егініне түспей, ешкімге салмақ-жүк артпай, айттым-біттімге салмай, қоғамның қаймана бір мүшесі ретінде ой жіберіп отырмыз. Бар болғаны. Жасырмаймыз, көбіне субъективті арнадан нәр тартуға талпынып. Енді жоғарыда Жанділдин жайлы баяндалған жазбаларда аты аталған Шәкәрім ақынның ұлы Ақат ақсақалға оралайық. 1974 жылы Абай ауданына барғанда көріп, танысқан Ақат Құдайбердиев (онда фамилиясы солай аталатын) кейін арадан көп жылдар өткенде «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакциясына мені арнайы іздеп келді. Бұрынғыдан сәл еңкіш тартып, жасы ұлғайғанмен, тың, жүріс-тұрысы ширақ, өзі аса көңілді екен. Ұмытпасам, сол шақтарда әкесі Шәкәрімнің шығармаларына жол ашылып, алғашқы тырнақалды кітаптары там-тұмдап шыға бастаған-ды. – Өзің білесің, басқаларға қарағанда, менің әкемнің жолы ауыр болды ғой. Әйтеуір, түбі қайырлы боп, бағы жанды, шүкір. Енді саған айтайын дегенім, әкемнің барлық шығармаларын осындағы архивтен әрең тауып қолға түсірдім,–деді Ақат ақсақал асықпай, байыппен сөйлеп. –Архивке алғашында өзім барып едім, ондағылар анау деп, мынау деп, іздеуге ерінді ме, бере қоймады. Онан соң Орталық Комитетке барып, Имашевтің қабылдауына жазылдым. Айтылған уақытта алдына кіріп, жағдайды айттым. Кім екенімді білген Имашев жылы сөзін айтып, хабарын өзіміз айтамыз, телефоныңызды тастап кетіңіз деген соң, осында түскен жамағайын інімнің үйінің телефонын беріп, кабинетінен риза боп шықсам да, көңілім алабұртып, тағатсызданып жүрдім. Бірақ, ол азамат екен, мені қабылдаған күннің ертеңіне түстен кейін көмекшісі телефон соғып, тез барыңыз, бәрі дайын деді. Барсам, бұдан үш-төрт күн бұрын барғанда жөнді сөйлемеген бастық алдымнан өзі шығып, қарсылап, шаруаны тап-тұйнақтай тындырып берді. Саған тоқ етерін айтып отырмын ғой, Имашевтің арқасында бәрі ойдағыдай болды. Егер ол болмағанда, кім білсін, қолға түгел тиер ме еді, тимес пе еді, білмеймін. Сонан соң рахмет айтайын деп Имашевтің қабылдауына екінші рет жазылдым. Бұл жолы бірден қабылдап, кітап етіп шығару туралы бір жерлерге телефон соғып, нықтап тапсырды. Енді міне, Алла бұйырса, әкемнің мен білетін шығармалары алда толықтай жарық көрмек. Сол жөнінде мақала жазып, саған әкелдім. Мүмкін болса, журналға бассаңдар жақсы болар еді, – деген Ақат ақсақал машинкаға басылған он шақты бет қағазды алдыма қойды. Онда маған айтқандары ретпен, кең түрде баяндалып, Имашев жөнінде де жылы лебіздер мол екен. Оларды оқып, кәдімгідей арқаланған менің де Имашевқа деген құрметім еселеп арта түскендей болды.

Нұрымбек Жанділдин, Саттар Имашев. Екі тұлға, екі қайраткер. Компартия билеген, айналаға екі шоқып, бір қарайтын заманда қыл үстінде ғұмыр кешкен қазақтың қос тарланы, аяулы перзенті. Жарық дүниеден адами парыздарын бір кісідей өтеп аттанған оларға бүгінде мақтаудың да, даттаудың да қажеті шамалы. Тек есте сақтайтын азды-көпті еңбектері еленіп, қажет шаралар жүзеге асса, кәнеки!

Зәкір АСАБАЕВ