Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗ ҚОҒАМНЫҢ ТӘНІНДЕГІ ЖАРА

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСІЗ ҚОҒАМНЫҢ ТӘНІНДЕГІ ЖАРА

 

Қазақстаннан Сирияға тағы 16 азамат аттанған. Ақпарат құралдарында шыққан бұл хабар жұртшылықты тағы да дүр сілкіндірді. әлеуметтік желілерде орналастырылған бейнероликтегі қазақ жігіті Қазақстанда Ислам халифатын құру үшін соғысуға шақырды. Аталмыш үндеу еліміздегі экстремизм мен терроризмге қарсы күресті қайта күн тәртібіне шығарды.

БЕЙНЕБАЯН ҚАШАН ТҮСІРІЛГЕН?

Сарапшылардың айтуынша, бұл видео жарты жыл бұрын түсірілуі мүмкін. Қолдарындағы автомат, әскери киім мен жүздері суық. Бейнероликте «Әбу Әниса» деп аталған қазақ жігіті қазақстандықтарды радикалды әрекеттерге баруға шақырған. Бұл үндеудің бұрынғыдан өзгерек болуы мынада. Өткен жылы жарияланған роликте Сириядағы жағдай, соғысқа аттанудың мақсат-міндеттері айтылса, жаңасында Қазақстан аумағында Ислам мемлекетін орнату үшін қолға қару алуға үгіттеп отыр. Өкінішке қарай, «Аллах үшін» деп ұрандаған жауынгерлер Жаратушының қанды қылмыстарды, соғыс пен қақтығыстарды құп көрмейтінін ұмытқан болар. Әлемде Ислам дінін оқып-үйренуге ешкімнің тыйым салып, зорлықпен өзге дінге бет бұрғызып жатпағанын ескерсек, онда Сирия және өзге де араб елдерінде жүріп жатқан «жихад» қолдан жасалған сыңайлы. Әсіресе, Сириядағы оппозициялық күштердің құрамындағы діншілдердің көп жағдайда Батыстың араласуымен «қасиетті соғысты» жүргізіп жатқаны жасырын емес. Ендеше, жихадты, сонымен бірге әлемдік саясаттан хабары жоқ адамдардың жат ел аумағында «ортақ отан» үшін қолға автомат алып, адам қыруы неліктен? Мемлекеттің конституциялық құрылымын күштеп құлатуға, ел бірлігі мен татулығына нұқ­сан келтіруге бағытталған радикалды топ­тардың әрекеттері Қазақстан үшін жылдан жылға қауіпті болып барады. Екі аптадан бері қоғам назарына ұсынылған бейнероликке қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер министрлігі әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. 

Саясаттанушы Ерлан Қарин өзі­нің Әлеуметтік желілердің парақ­­ша­сында аталмыш үгіттеу роликтерінің пайда болуы арқылы радикалдық құрылымдардың өсуі мен оған қазақ­стан­дықтардың көптеп тартылуы жө­нінде сендіру насихаты жүріп жат­қанын айтады. «Ақпаратты берудегі жауапкершілік ескеріл­мейді. Нәтижесінде, радикал­дар­дың мүдделестерінің саны көп сияқты болып шығады. Бірақ, бұл жауынгерлер Сирияға өткен жылы барған болу керек. Ал жаңалықтарда олар бүгін келген секілді көрініс қалыптасқан. Бейнероликті дәл қазір шығарып отырғандар біздің ақпараттық кеңістікті жіті бақылап, қадағалап отыр деген сөз», – деген пікірде. Бейнероликте айтылғандай, Сирияда мыңдаған немесе жүздеген қазақстандық соғысып жүр деген жалған болар. Олардың әскери қақтығыстарға қатысуы, үндеулер жариялауы билік органдары, ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың экстремизммен күресуде одан ары табандылық көрсетуді талап етеді. 

НӘТИЖЕЛІ КҮРЕСТІҢ КЕПІЛІ ҚАНЕ?

Жалпы, Қазақстандағы экстремизм мен терроризм түйткілінің өзге де қордаланған мәселелер секілді шешу жолдарынан гөрі себеп-салдары көп. Елімізде кейінгі жылдары оннан астам террорлық әрекеттер орын алған. Онда 17 құқық қорғау органдарының қызметкерлері қайтыс болған. Бас прокуратураның мәліметінше, жүзден астам қазақстандық шетелде террорлық актілерге қатысқан. Оның дені 14-29 жас аралығындағы жастар. Жиырмаға жуық экстремистік ұйымның қызметі тоқтатылған. 2013 жылы 38 қылмыстық іс қозғалып, 83 адамның 51-і терроризм, 32-сі экстремизм үшін сотталды. Радикалды ұйымдардың көптеген ошақтары Атырау, Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қылмыстар саны 50-ге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 61,3%-ға өскен. 15 қылмыстық іс қозғалып, тоғыз азамат жауапкершілікке тартылды. Бір жағынан қылмысты ашу көбейсе, екінші жағынан бұл радикалды құрылымдар мен оның өкілдерінің елімізде көбейгенінен де хабар береді. Биыл маусым айында Алматыда «Хизб-ут-Тахрир» тобының бес бірдей мүшесі сотталды. Ұйымның қызметі сонау 2005 жылы тоқтатылған. Алайда Мұхит Мұсахожанов, Асхат Сәрсембаев, Ерболат Оспанов, Қуаныш Ботбаев, Оңалсын Дүйсенбай атты азаматтар қалада кездесулер өткізіп, онда экстремистік ойларды насихаттап, конститутциялық құрылымды күштеп құлату, ислам халифатын құру туралы мәселелер көтерген. Ұйымдастырушысы – Мұсахожанов 7,5 жылға, қалғандары 6,5 және 6 жылға сотталды. Осы жылы Павлодар тұрғыны терроризмді насихаттап, Қазақстан аумағында әскери жихад жасауға шақырғаны үшін алты жылға сотталды. Прокуратураның мәліметінше, ол 4 жыл Сауд Арабиясында тұрып, сол жақта радикалдық идеологияны мықтап меңгерген. Сонымен бірге, шілде айында Шымкентте үш азамат террористік ұйым құру мен оның қызметіне қатысу, терроризмді қаржыландыру баптары бойынша 5 пен 9 жыл аралығында бас бостандықтарынан айрылды. Ал Қарағанды облысында «Әл-Қайда» ұйымының мүшесі болған төрт адам 6-12 жыл аралығындағы мерзімге темір торға тоғытылды. 

Үкімет 2013-2017 жылдар ара­лығына діни экстремизм мен терро­ризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Биыл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 24 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат экстремизм мен терроризммен тиімді, әрі нәтижелі күресудің кепілі бола ала ма? Алда қалай күресу керек? 

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАЖЕТ

Радикалды ағымдардың, жат дүниенің ең алдымен шетелдік ақпарат көздерінен келетіні белгілі. Ақпараттық қауіпсіздік саласында Қазақстан 22 жыл ішінде көптеген әттеген-айлар жіберіп алды. Ұлттық мүдделерді тиісті қорғай алмау күллі қауымның санасының улануына, ақпараттық соғыста жеңілуіне әкеп соқтырды. Өткен жылы экстремистік деп танылған 1100 шетелдік интернет-портал жабылды. Тыйым салынған әдебиеттердің қара тізімі пайда болды. Биылдың өзінде 15 интернет-ресурс жабылды. Дегенмен, ұйымдар енді астыртын әрекет етуге көшті. Әлеуметтік желілерге кеткен радикалдар арнайы топтар құрып, үндеулерін жалғастыруда. Ал сол әлеуметтік желілерде көбінде жастар тіркелген. Өмір мен қоғам туралы пікірлері толықтай қалыптаспаған жасөспірімдердің бұл ойлардың жетегінде кетуі де осыдан. Әлбетте, билік толығымен экстремистік ақпарат қайнарларын бақылап, сүзгіден өткізіп отыра алмайды. Демек, билік ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа әдістеріне көшуі қажет. Діни қызмет, оның айналысында қалыптасқан жағдай туралы объективті, шынайы ақпараттар тарататын сапалы контент қалыптастыру міндеті тұр. Ол қалыптаспайынша, радикалдардың үстемдігі басым болып қалатыны анық. Құқыққорғау органдары да интернеттегі экстремистік бағыттағы сайт-порталдарды, әдебиеттерді тез арада анықтау жүйесін одан әрі жетілдіруі керек. 

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Әлеуметтік-экономикалық жағдай. Көп жағдайда сарапшылар адамдардың радикалды ойлар өкілдерінің уысына тез түсуін осы себептермен байланыстырады. Үкімет әлеумет жағдайының жақсарғанын айтқанымен, шынайы әлеуетінің құжаттардағы сандардан айтарлықтай өзгеше екенін мойындамай отыр. Қымбатшылық, жұмыссыздық, кедейшілік әлеуметтік наразылықтарға әкеледі. Бұл 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасына, Атырау-Ақтаудағы жұмысшылардың бас көтеруіне түрткі болды. Өмірі мен жұмысына қанағаттанбайтын адамның биліктен көңілі қалған соң дінге бет бұрып, Құдайдан көмек сұраудан басқа амалы қалмайды. Дәл осы сәт ең шешуші кезең. Дәл бұндай уақытта адамды «оқып алушылар» көбейеді. «Біздің дін бәрінен артық, дұрыс» деп өз құрамына алатын арам ойлы адамдардың қатарына қалай кіріп кеткенін білмей қалады. Егер билік әділетті, өмір сүруге қолайлы, тең қоғам құрып, тиісті әлеуметтік саясатты жүргізсе, жағдай мүлдем басқаша болар еді. Үкімет халық жағдайы жөніндегі шынайы ақпаратты жасырып, мәселені жылы жауып қойғанымен, түйткілдің өзінен-өзі шешіле кетпейтінін ескерген жөн. Бұны назарға алмайынша, экстремизмнің ұяшықтарының қалыптасуына жағдай жасала береді.

Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес қоғам назарында болуы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің терроризм фактілерін халықтан жасырып, мейлінше тұрақтылық пен тыныштық көрінісін сақтағысы келетін сияқты. Бірақ ақпараттың аздығы одан гөрі қауіпті. Алып-қашпа әңгіме, керісінше, халық арасына үрей туғызады. Қазіргі ақпарат заманында Кеңес уақытындағыдай ашықтықтан бас тарту мүмкін емес. Сондықтан, билік заман талабын ескеруі қажет. 

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ), Діни істері агенттігі де халық алдында имиджді жақсарту жолдарын іздегені жөн. 2012 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданған заң агенттікті үлкен сынға ұшыратты. Діни қажеттілікті мемлекеттік мекемелерде орындауға тыйым салынған бап үшін радикалды ұйымдардың Қазақстанға қоқан-лоқы көрсеткен жағдайлары да белгілі. Мемлекеттік мекемелерде орамал тағу мен намаз оқуға тыйым салынғаннан кейін экстремистер мен террористердің көз алдында Қазақстан «такфир» (кәпір) мемлекеттер қатарына қосылды. Бұл біздің жағдайды одан ары күрделендіріп отыр. Мешіттердегі имамдардың кейбірінің діни білімінің жоқтығы да мәселені ушықтырып отыр. Әзірге ҚМДБ кадр сапасын шешуге тырысып-бағуда. Бірақ, щынайы сауатсыз имамдардың өзгелерді үйретуі қауіпті. Кәсіби деңгейді құқыққорғау органдары да көтеруі де маңызды. Себебі, көп жағдайда қауіпсіздік қызметі радикалдарды алғаш анықтаған кезде ұстамай, олар қатарын көбейтіп, экстремистік ойларын кеңінен насихаттап жүрген соң ғана қолға түсіретіндері айтылып жүр. 

ӨЗБЕК СЦЕНАРИЙІ НӘТИЖЕСІЗ

Қазіргі таңда Қазақстан экстремис­терге қарсы күрестің өзбек сценарийін қайталап отыр. Ислам Каримов жүзедеген радикалды ұйымдар мен олардың өкілдерін ұзақ жылдарға түрмеге қамап, елдегі тұрақтылықты осылайша берік бақылауда ұстап отыр. Алайда, қазір өзбек билігінің өзі бұл саясаттың қате болғанын айтады. Бүгінгі түрмеде намаз оқитындардың бөлек тобы қалыптасып үлгергенін айтқан жөн. Бұл үрдіспен ондағы түрме әкімшілігі де күресуге қауқарсыз болып отыр. Осы тұста Сауд Арабияның тәжірибесімен бөліскен жөн дер едік. Мысалы, онда экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдарды оңалту орталықтары бар. Өткен жылы орталыққа 3000 азамат түсіп, оның 92 пайызы экстремистік идеологиядан бас тартқан. Бұл орталықта сотталғандар «идеологиялық тұрғыдағы аурулар» ретінде саналады. Араб әмірліктеріндегі бұл шараны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жоғары бағалаған. Сондықтан Қазақстанда да экстремистер мен террористерді оңалту орталықтарын құру уақыты келді. Себебі, түрмеден шыққаннан кейін ол адамдардың тағдыры беймәлім. Қайта сол бағытқа кете ме, әлде қалыпты өмірге орала ма, оны ешкім білмейді. Ал жеке түрме құру идеясынан гөрі, аталмыш орталықты құру әлдеқайда нәтижелі секілді. 

Қорытындылай келгенде, экстре­мизм, терроризм секілді түйткілдермен күрес бір күннің не бір жылдың мә­селесі емес. Онымен күнделікті аяушы­лықсыз, табанды күресу қажет. Ол үшін ең алдымен мемлекет ішкі шиеленістің бауын ағытып, азаматтарының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауы қажет. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, дамуына мүмкіндіктер болса, радикалды ойлар өзінен-өзі жойылады. 

Диас БЕЙСЕНБЕК