Жаңалықтар

ҰЛЫМ ЕКЕУМІЗ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНІП ЖҮРМІЗ

ашық дереккөзі

ҰЛЫМ ЕКЕУМІЗ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНІП ЖҮРМІЗ

Ленамен жуырда Түркияға сапар барысында таныстым. Лена дегенім, «Караван» газетінде істейтін әріптесіміз Елена Коэметц. Ұлты жартылай эстон, жартылай орыс Ленаның өзгелерден ерекшелігі сол, ашық-жарқын, жан адамды жатырқамайды. 

Бірнеше күн бірге жүрдік. Маған қатты ұнағаны, менің Ана тіліме деген құрметі. Қазақтар отырған жерде ғана емес, тіпті, түріктерге де қазақша сөйлеуі. Оған біздің түрік бауырлар да мәз. Достық байланысымыз елге келгеннен кейін де үзілген жоқ.

– Лена, қазақ тіліне деген қызығушылық қашан және неден пайда болды?

– Негізі Қазақстанның мәдениетіне, тарихына, қазақ тіліне деген қызығушылық мектеп қабырғасында жүргенде пайда болды. Өйткені біздің сынып қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытуға арналған жалғыз тәжірибелік сынып болатын. Сол кездерде мен сыныптастарыммен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көне дәуірден сақталған тарихи мекендерімен және ескерт­кіш­терімен таныстым. Есімде жақсы сақталғаны, Түркістан қаласы еді. Онымен қатар қазақша әндер мен өлеңдерді жатқа айттық. Менің ұстазым Раушан Нұрханқызы мектеп бітіргеннен кейін маған Түркістандағы туыстарының үйінде тұрып, сондағы университетте оқуға ұсыныс жасады. Бірақ мен Алматыда қалып, ҚазМУ-дің журфагіне оқуға түстім. Мектеп қабырғасында жүргенде тілді меңгеруде кәдімгідей жетістіктерге қол жеткізгенмін. Алайда, КСРО күйрегеннен кейін білім жүйесі де түрлі қиындықтарға тап болды. Журфакта бізге қажет емес пәндер оқытылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы негіздері. Менің бір крустасым: «Қысыр сиыр дегеннің не екені өмір бақи есімде сақталып қалды», – дейді. Ал журналист үшін тіл білу өте маңызды екені белгілі. Тіл білудің қадіріне қазір ғой жетіп жатқанымыз. Ол кезде қаперге ілмедік. Университеттен кейін қазақ тілін терең меңгеруді тоқтаттым. Сірә, жанымда жақсы мұғалім мен тіл үйренудің тиімді тәсілі болмағандықтан шығар. Ал 2000 жылы Ресейдегі туыстарыма қыдырып барғанда, олар Қазақстанның мәдениеті, тарихы, салт-дәстүріне қатты қызығып, менен егжей-тегжейлі сұрай бастады. Бір қызығы, мектепте оқып жүргенде жаттаған өлеңдерім, қазақша сөздер мен мақал-мәтелдер санамда қайта жаңғырды. Содан кейін қазақша үйренуге қайта кірістім. 

– Қазақша білу саған не үшін керек?

– Адамдармен араласуға, қазақша жаңалықтарды түсінуге, ұлымның сабағына көмектесуге керек. Айтпақшы, он бір жастағы ұлым Владтың қазақшасы маған қарағанда анағұрлым жақсы. Кейде тіпті, менің қателерімді түзетеді. «Караван» газетіне жұмысқа келгенде қазақ тіліне деген қажеттілікті қатты сезіндім. Өйткені біз адамдар онша орысша білмейтін қазақ ауылдары мен елді мекендеріне көп шығамыз. Осыдан үш жыл бұрын әріптес­те­ріммен бірге қазақша үйрену үшін мұғалім жалдадық. Біз тілді салт-дәстүр арқылы меңгеруге тырыстық. Сосын ұлыммен бірге оқуға көштім. Қазір қазақша жаңалықтар көруге ұмтыламын. 

– Ол қалай әсер етеді? Тілді үйренуге көмектесе ме?

– Көмектеседі. Бірақ әрине, қиындықтар да бар. Мәселен, септіктердің жалғауларын түгел есімде сақтай алмаймын. Тәжірибе керектігін түсінемін, онсыз болмайды. Маған шыдамды, төзімді адамдармен бірге тәжірибе жинақтаған ұнайды. Олар соңына дейін асықпай тыңдайды, қателерімді түзетеді. Әзірше күрделі, салалас құрмалас сөйлемдерді құрай алмаймын, жылдам да сөйлей алмаймын. Сондықтан ұлыммен бірге қазақ ауылына барып, қазақша үйренуді сонда жалғастырсам деймін. Қазір сондай бағдарламалар бар ғой. Қазақ тілімен бірге мен ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты да игергім келеді. Әсіресе, «Қара жорға» биін үйренуді армандап жүрмін. Жан-жағыңа жағымды әсер қалдыратын, ерекше күш-қуатқа толы керемет би! 

– Қазақтардың салт-дәстүрін үйренуде тарихы мен тарихи ескерткіштері де әсер етеді ғой…

– Міндетті түрде әсер етеді! Былтыр мен Алматы облысындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Ұзынағаштың арғы жағындағы Қастек қаласының маңындағы мекен. Табиғатын сөзбен айтып жеткізе алмайтын мөп-мөлдір сұлулық. Кешке қарай алаудың басында отырып, бәріміз тәтті қиялға шомдық. Көз алдымызға осыдан бірнеше ғасыр бұрын тіршілік еткен ата-бабаларымызды елестеттік. Сол кездің өзінде салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі өте керемет дамыған екен. Көне қалаларда сауна, монша, хауыз, су құбырлары болды дегенге сену қиын. Оларды тіпті, қазірдің өзінде кейбір ауылдардан таба алмайсың ғой! Мен осындай көне ірі қалалар Түркия, Египет, Грекиядағы сияқты ашық аспан астындағы мұражайларға айналғанын қалаймын. Сонда ғана біздің көне ескерткіштерімізге, жалпы елімізге деген туристер қызығушылығын арттыра түседі. Әрі көне қалаларға саяхат жасау біздің балалар үшін де қызық болар еді. Негізі біздің тарихымыз өте қызық. Соның қадірін біліп, сақтауымыз керек. Өкініштісі сол, әкімдіктерде өзінің түп-тамырын ұмытып қалған мәңгүрттер көп сияқты. Тарихи мекендердің жер бетінен сүріліп кетуіне де сондайлар кінәлі. Мен археологтардың әрбір тарихи ескерткіш пен мекенге шынымен жандары ашитынын білемін. Сол себепті де мақалалар жазып, оларға сәл де болса, қолдау білдіруге тырысамын. 

– Қазір қазақша білмейтін отандастар тілді үйренуге қажетті құралдардың аздығын, қолда бар оқулықтардың күрделі екендігін айтады. Сеніңше, қалай?

– Жуырда мен Ержан Орынбетов дейтін қазақ мұғалімімен таныстым. Өте керемет кісі! Шет тілдерін, сондай-ақ, қазақша үйренудің тиімді тәсілін ойлап тауыпты. Шартты түрде «Жалқауларға арналған қазақша» аталатын осы тәсіл өте қызық әрі қарапайым. Өкінішке қарай, әдеттегі курстарда маған онша қызық емес. Менің пікірімше, тіл адамдарға қызық әрі тартымды етіп үйретілуі қажет. Сонда ғана құлшыныс артады, мақсатқа бастар жолдағы кедергілерді де емін-еркін игере аласың. Мысалы, менің ұлым төртінші сыныпты бітірді. Тапсырмалары тақырыптарға бөлінген, бірақ өте қиын әрі күрделі. Күрделі сөйлемдер көп, сөз тіркестері де. Ол қасықты қазақша қалай сұрауды білмейді, есесіне, оған «жүзеге асырды», «достық пен күштің діңгегі» деген сияқты тіркестерді жаттауға береді. Бұлар өте қиын. Тапсырмалар өте қарапайым болуы тиіс. Өйткені күнделікті өмірде біз дәл сол қарапайым сөздерді қолданамыз ғой. Қазақ тілі пәніндегі ең басты кемшілік осы, меніңше. Ойын түрінде берілетін тапсырмалар әлдеқайда тиімді.

– Меніңше, тілді меңгеруде араласатын ортаның да ықпалы зор. Күнделікті тәжірибе алмасу үшін достарыңның көмегі бар ма?

– Дұрыс айтасың, ортаның ықпалы зор. Егер жұмыста қазақша білетін әріптестер көп болса, қазақша үйрену әлдеқайда жеңіл әрі тез болатынына сенімдімін. Қазір қазақша сөйлейтін әріптестерім қолдап жүр. Мүмкіндігінше қазақша сөйлесуге тырысамыз. Білмегендерімізді не қате айтқан тұстарымызды білетіндері түзетеді. Меніңше, тәй-тәй басқан бала сияқты қазақшаны енді үйрене бастағандар үшін айналасындағы адамдар өте маңызды. Әсіресе, қателескен кезіңде мазақтап күлген, бетіңе басқан өте жаман, жағымсыз. Анам менің ұлыма: «Сен Қазақстанда тұрасың, қазақша үйрен. Сонда ғана сенің болашағың жарқын болады, алысқа барасың», – деп Құдайдың құтты күні ескертеді де отырады. Өкініштісі сол, қазақ тілін біз мектеп жасынан бастап қолға алмадық. Сабақ болатын, бірақ бәрі қағаз жүзінде ғана. Қазақ тіліне ешкім мән берген жоқ. Соның зардабын енді тартып жатырмыз. Әлбетте, мұның бәрі өткінші. Себебі, қазақ тілін үйренуге деген ниет бар, құлшыныс та күннен күнге артып келеді. Демек, қиындықтарды еңсеріп, қазақшаны жетік меңгеріп алатыныма сенімдімін.

– Ойыңдағы мақсатың мен армандарың орындалсын, Лена! Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы