Жаңалықтар

Атамбаев ағасын да аямайды

ашық дереккөзі

Атамбаев ағасын да аямайды

“Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев ІІБ-на өзінің туған бауыры Қалыйбек Шаршеновті тергеуді тапсырды” деп хабарлады “Вечерний Бишкек” газеті. Бұған себеп болған – Қалыйбек Шаршенов қатысқан қылмыстық іс. Айта кетерлігі, бұл қылмыстық оқиға осыдан 20 жыл бұрын тіркелген. Сол уақыттан бері іздеуде жүрген Атамбаевтың ағасын бір ай бұрын ресейлік шекара күзетшілері Мәскеу әуежайында қолға түсірген. Дегенмен, ол кезде Шаршенов аман-есен Бішкекке оралған болатын. 

Алмазбек Атамбаевқа мұндай ақпарат жеткен кезде ол заң бойынша шара қолдануды тапсырған. 1994 жылы басталған бұл іс әлі де жабылмаған. Қалыйбек Шаршенов осыдан 20 жыл бұрын “Адис” фирмасына басшылық етіп тұрған кезінде серіктестеріне қарызын қайтармаған. Бішкектегі Октябрь ауданының ІІБ-на “Қырғыз-Жер” фирмасының басшысы мен белгісіз қытайлық азамат арыз түсірген. Шағым бойынша Қалыйбек Шаршенов “Қырғыз-Жер” фирмасының басшысы 56 203 сом, ал қытайлық азамат 10 мың доллар қарызын қайтаруды талап еткен. Алайда Шаршенов кінәні мойнына алмай, “Қырғыз-Жер” фирмасының міндеттерін орындамағанын алға тартқан. 

Осыдан кейін қозғаусыз қалған іс сол күйінде ұмытылып кеткен. Президенттің бауыры да бұл іс туралы оңай ұмытқан секілді. Өзінің 20 жыл бойы іздеуде жүргенін Мәскеу әуежайында білген екен. Ешбір ІІБ қызметкерінің ойына оралмаған бұл оқиға тек ресейлік шекарашылар Шаршеновті қолға түсіргеннен кейін ғана қайта қаралды. Нәтижесінде Қалыйбек Шаршенов қос азаматтың да қарызын қайтарып берді.

Бұл оқиғаның орын алуы көршілес қырғыз тәртіп сақшыларының қалай жұмыс істейтінін көрсеткендей болды.