Жаңалықтар

«БЕКЕТ АТА» МЕШІТІ – БЕРЕКЕЛІ ОРДА

ашық дереккөзі

«БЕКЕТ АТА» МЕШІТІ – БЕРЕКЕЛІ ОРДА

Алатау ауданы – Алматы қаласындағы мешіті көп үлкен аудандардың бірі. Бұл ауданда бұрын 7 мешіт болса, қала көлемінің кеңеюіне байланысты енді оған 10 мешіт қарайды. Осы 10 мешітке ауданның орталық мешіті «Бекет ата» басшылық етеді. Аталған мешіттер «Бекет ата» мешітіне есеп беріп, одан бағыт-бағдар алады.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқар­ма­сының мүфтиаты «Таугүл-3» мешітінің имамы Орынбасар Дәуренбековті биылғы жылдың наурызында «Бекет ата» және оған қарасты мешіттердің тұралап қалған жұ­мыс­тарына жан бітіріп, алға жылжытуы үшін «Бекет ата» мешітіне Бас имам қылып бекітті. 

Ер мен ел сенімін ақтауға қашан да сергек қарайтын Орынбасар Дәуренбеков төрт айдың ішінде сөз етіп отырған аудан мешіттерінде көптеген жұмыстар атқарды. Біраздан бері жөндеу көрмеген «Бекет ата» мешітін бүтіндей бастады. Мешіт жанындағы медресе асханасына күрделі жөндеу жүргізілді. Мешіт жайнамаз-кілемдері жаңартылды. Мешіт ашылғалы бір мүшелдің жүзі болса да, «Бекет ата» мешітінің жағдайы осыған дейін оңала қоймаған еді.

Құрбан малын соятын арнайы жердің жоқтығы, пәленбай жыл жерге көмілген мал қан-жынының иісін жойып, санитарлық талаптарды сақтау шараларын қалыптастыру да аз жұмыс емес. Мешіт жанындағы медресе мен жатақхананы қайта жөндеп, қарилар дайындайтын оқу орнын ашу да кезек күттірмейтін жоспардағы ауқымды іс.

Аудан мешіттерін аралап, олардың жағдайларын көрген Орынбасар алдымен жұмысты адами қарым-қатынастарды реттеуден бастады. Наурыз айында іске кіріскен кезде мешіттер арасында спорт, атап айтқанда, футбол жарысын ұйымдастырып, келген жұртқа қазақы ақ дастарқанды жайды. Пәлен жылдан бері бір ауданның мешіттері боп жүрген мешіт қызметкерлері бірін-бірі танымайтын боп шықты. Осы шарадан соң олар жүз көрісіп, төс қағысып, таныс-біліс бола бастаған екен. Орынбасар көпшіл, кең пейілді жан. Аудан мешіттерінің жұма намаздарына барып, уағыз-насихат, т.б. рухани шараларды өткізуге мұрындық болуда. Сондай-ақ «Әскер ата», «Заря Восток», «Нұр», «Қыстаубайұлы Манас» мешіттеріне күрделі жөндеу жүргізіп берді. 

«Бекет ата» мешіті орналасқан «Шаңы­рақ» халқының жағдайы орташа деңгейде. Олар­дың мешіт істеріне көмек қолын созуға мұр­шалары да жоқ.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры та­сысын» деп қазақ бекер айтпаған. Қасиетті Рамазан айында «Бекет ата» мешітінің Бас имамы Орынбасар Дәуренбеков қайы­рым­дылық шарасының ең үлкенін –онко­ло­гиялық дертке шалдығып, ауруханада ем­деліп жатқан кісілерге Меккеден арнайы тапсырыспен алдырған Зәм-зәм су, діни кітаптар салынған дорба таратудан бастады.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан аудан бойынша 700 адамды қамтыған ауызашар жасады. 60 отбасыға азық-түлік таратылды. Ережеп, шағбан айларының дүйсенбі және бейсенбі күндерінде тұрақты түрде ауызашар беріп келсе, рамазан айының 30 күнінде де 250 адамға ауызашарды үзбей берді. Қасиетті Қадір түні күні және күнделікті тарауих намазының алдында жамағаттың білім деңгейлерін арттыру мақсатында әрдайым сұрақ-жауап сайысын ұйымдастырды. 

Бас имам Орынбасар Дәуренбеков алда атқарылар жұмыстардың шаш-етектен, алайда оны атқаруға бір Алла күш-қуат беретінін, Алланың бергенін, Аллаға қайтаруға қай уақытта дайын екенін айтты.

Айттың үшінші күнінде «Бекет ата», «Ақсай», «Тастақ» мешіттері бірігіп, бас қосып, арқа-жарқа болды. Отыз күн оразадан кейінгі ортақ ойлар да сол кезде айтылды.

Қысқасы, іс тетігін, кетігін тауып қалай білетін, иман, ислам жолында жанын салып жүретін Орынбасар Дәуренбеков «Шаңырақты» шартарапқа танытуға кірісіп кеткендей көрінді.

 Күлпара ЖҰМАҒАЛИ