ДОС БЕРГЕН 300 МЫҢ ДОЛЛАР
ДОС БЕРГЕН 300 МЫҢ ДОЛЛАР
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов қамауға алынды. Ол 300 мың доллар көлемінде пара алды деп айыпталып, қыркүйекке дейін абақтыға жабылған болатын. Осы аптада агенттік төрағасы қызметінен босатылды.
Әуелде Оспанов мырзаның алған қаражаты 200 мың доллар делінсе, кейіннен бұл соманың 300 мың доллар екені анықталды. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы қаражатты алғанын жоққа шығарған жоқ. Оның айтуынша, бұл қаражатқа баласының тойын жасамақ. Сондықтан досынан алған көрінеді. Бұл мәліметтің дұрыс-бұрысы беймәлім. Десек те тергеу жұмыстары жалғасуда.
Соңғы кездері халық пара алып, абақтыға тоғытылған шенеуніктерге таңғалмайтын болған. Үйреншікті дүние сияқты. Бұған дейін Ауылшаруашылық министрінің орынбасары, іле-шала департамент басшысының үстінен қылмыстық із қозғалып, бүгінде ісі қаралуда. Қазір де агенттік басшысының ірі көлемде қаражат алғаны – басты дәйек болып тұр. Қорғаушы Хамида Айтқалиеваның баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында, ол адамның табиғи монополиялар субъектісіне еш қатысы жоқ. Бірақ «пара алу жөнінде қылмыстық іс қозғау туралы» қаулыда оның қатысы бар деп көрсетілген. Қорғаушы ханым: «Ең қызығы – ақша табиғи монополиялар субъектісінікі емес, Мұрат Оспановтың досынікі. Яғни бұл ақша пара құралы бола алмайды. Мысалға, «пара беруші» Иванов делік, ол табиғи монополия субъектісі болмағандықтан, оған монополияға қарсы мекемеде өз мәселесін шешудің қажеті де жоқ. Ендеше ақшасын кімнің болмасын мүддесі үшін пара беруге пайдалана алмайды және оған пара берудің қажеті жоқ. Сондықтан біз пара құралы да жоқ, соған сәйкес, пара беру де, алу да болған жоқ деп санаймыз. Бұл адам тіпті делдал да емес», – дейді.
Ал Оспанов мырзаның ісіне келер болсақ, істің қызу жүріп жатқанын қоғам жіті қадағалап келеді. Жуырда Оспанов мырзаның тергеуге бара жатқанда қашып кетпекші болғаны туралы мәлімет барлық баспасөз беттерінен жарқ ете қалды. Әрине, әуелде жұрт таңқалысты. Бірақ бұл істе бір шикіліктің бары рас. Іле-шала Оспанов мырзаның қорғаушысы Хамида Айтқалиева жағдайдың мүлде басқа қырын жария етті. Қорғаушының сөзіне сенсек, Оспанов мырзаны тергеу барысында ұрып-соққан. Оған сотталушының бетінің сырылғаны мен қолының жарақаттанғаны дәлел. «2014 жылы шілденің 1-і күні, агенттікке келген кезінде ол сап-сау болатын. Сондықтан бұл факті бойынша тексеру жүргізу керек. Оспанов маған тұтқындалғаннан кейін бір тәуліктен аса ас-сусыз отырғанын айтты, мұны да азаптауға жатқызуға болады», – деп Оспанов мырзаға қиянат көрсеткенін айтқан. Алайда, Оспанов мырза ешқандай да ұрып-соғудың болмағанын айтуда. Ал екінші тараптың сөзіне құлақ түрсек, тергеуге бара жатқанда Мұрат Оспанов өзінің денсаулығы болмай тұрғанын айтып, көлікті тоқтатқан. Сол арада қашып кетпекші болып, 15 метрге дейін қашып үлгерсе керек. Десе де, қайта құрықталып, қарауылмен бірге омақаса құлап, екеуі де жеңіл жарақат алған.
Жалпы, бұл істің әлі ұзаққа созылатыны анық. Агенттік төрағасы Мұрат Оспановқа ҚР ҚК 311-бабы 5-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бапқа сәйкес сотталушы 10 немесе 15 жылға бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағалығына Мұрат Оспанов 2012 жылдың қаңтарында жайғасты. Оған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары және облыс әкімі аппаратының басшысы болған. Ал 2008-2010 жылдар аралығында ТМРА төрағасының орынбасары болды. Оспановтың екі жыл төрағалығында агенттік жұмысын жетілдіруге бағытталған шаралар жүзеге асты. Ол республикадағы бөлімшелердің кейбір басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тартуға тапсырма берген. Оспановтың өзі бұл туралы «электр қуатының тарифтері заңсыз белгіленген, оны аймақтық департамент жетекшілері дұрыс қадағаламаған» деп қадап айтқаны есте.
Монополистен парақор жаман…
Жемқорлықтың алдын алып, тосқауыл қою, сыбайластардың әрекетін әшкерелеп, тарифтер тұрақтылығын реттеу – агенттіктің басты міндеті екені белгілі. Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне қатысты көңіл толмаушылықтар өте көп. Атап айтсақ, жанармай бағасы, азық-түлік және басқа да тауарлар бағасы бақылаусыз қалып, әркім өз білген бағасын ұсынады. Ұсақ дүкендерді былай қойғанда, ірі сауда орталықтары мен жанармай бекеттерінің өзінде әртүрлі баға. Осындайда антимонополиялық агенттік қайда қарап отыр деушілер көп. Қарапайым ғана мысал: «Алтынорда», «Орталық базар» сияқты ірі сауда орталықтарының кіреберісінде бір баға, ортасында басқа баға, ал бутиктерде мүлде басқа баға. Бұл жағдайдың үйреншікті болғаны соншалық, тіпті антимонополиялық агенттіктің бар екенін де ешкім ескермейтін болған. Осыдан төрт жыл бұрын да агенттіктің басы дауға қалып, қызметкерін сотқа сүйрелеген еді. Атап айтсақ, 2010 жылы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды деген күдікпен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысының үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Бірақ сол кездегі агенттіктің басшысы Нұрлан Алдабергенов үкіметтің отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында жауапты хатшының қызметтен шеттетілмейтінін айтып, мәселені жуып-шайған. «Ол әзірге қызметтен шеттетілген жоқ, неге десеңіз, оған қазір тағылып отырған айыптар оны қызметтен шеттеуге негіз бола алмайды. Бұл айыптар бойынша адам жұмыс істей бере алады, айып тағылған екі адам қазір өз міндеттерін атқарып жатыр. Оған лицензия беретін қызметкерлерге қысым көрсетті деп айып тағып отыр. Ұрлық туралы мәселе болып отырған жоқ. Лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану», – деп тағылған айыптарды елемеген кейіп танытқан. Сот процесі бір жылға созылып, 2011 жылы сот шешім шығарды. Оған сәйкес, агенттіктің Жауапты хатшысы Александр Конопляный шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдалана отырып, «Бақыт-компаниясы» ЖШС-нің өкілдерімен бірлесіп, аталмыш компанияның лицензия шарттары бұзылған жанар-жағармайды сақтау мен сату арқылы кәсіпкерлік жұмыстарының алға басуына ықпал етті. Осыған қарай кәсіпкерлер Б.Ибраев пен Е.Орманов «мемлекет иелігіне жататын жерден заңсыз түрде өз еркімен май құю стансасын ашып алды. Нәтижесінде 1,3 миллиард теңге көлемінде қаржы тапқан.
Соңғы жылдары жанармай бағасы бірнеше рет көтерілді. Бірақ агенттік бұл мәліметті де бірден реттей алмады, агенттік белгілеген тарифті құлаққа да ілмей, өз бағасын орнатқан жанармай бекеттері бүгінде баршылық. Мәселен, бір апта бұрын «жанармай көтеріледі екен» деген сыбыстың шыққаны сол, республикадағы кейбір бекеттер бағаны аспандатып-ақ алды. Тағы да ТМРА қайда қарады?
«Балық басынан шіриді» дейді қазақ. Кейінгі кездері сыбайлас жемқорлықпен құрықталғандардың көпшілігі лауазымды тұлғалар. Парақорлық – айықпас дертке айналғандай. Қатерлі дерттің шипасы – құрықтау болса, Қазақстанда жемқорлар сұғанақтығын тыяр ма еді? Әй, қайдам…
Ақниет ОСПАНБАЙ