Жаңалықтар

Ол қазақтың Иван Бунині еді...

ашық дереккөзі

Ол қазақтың Иван Бунині еді...

 

Қазақ әдебиеті тағы бір қарымды қаламгерінен айрылды. Жазушы Қалихан Ысқақ 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Біз қаламгердің замандас әріптестерінің қимастық естеліктерін оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

Қалихан Ысқақовты «қазақ прозасының қара солдаты» деп атайтынбыз. Асқар Сүлейменов Қалихан ағаға: «сен қазақ әдебиетіндегі солдаттық өмірге “қара солдат” боп өзіңді өзің әкелгенсің» деп күлетін. Өйткені қазақ әдебиетіндегі қазақ тіліне мейлінше сақ қарайтын, мейлінше қызғанышпен қарайтын, қызғыштай қорғайтын жан Қалихан Ысқақов еді. Сөйлемде бір сөз қайталанып немесе артық тұрса, ол адамның шығармасын шығарма деп есептемейтін. Көрген сөйлемінің астын сызып қояды да «балшық» дейді. Сөздерді дұрыс қолданбағандарды қалай жазушы дейміз. Тілді білмейтін, әдебиет пен журналистиканы шатастыратындар көбейіп кетті деп қысымы көтеріліп, өзімен-өзі әлек боп жүретін

Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов үшеуміз бірге көп жүрдік. Мені Қалихан Ысқақовпен таныстырған Асқар Сүлейменов болатын. Оқу бітіріп, әдебиетке енді араласа бастаған кезімде Қалихан ағаның «Бұқтырма сарыны» деген шығармасын қатты сынап, мақала жазғанмын. Содан кейін Жазушылар одағының алдында кездесіп қалдық. Асқар екеуі келе жатыр екен. Асқар екеумізді таныстырды. «Дулат Исабеков деген сен бе? Сен әлі түсінбеген екенсің» деп біраз сөз айтып тастады. Бірақ мен пікірімді өзгерткен жоқпын. Кейін жақсы араласып кеттік.

Қалихан ағаның мінезін де, тазалығын да, тентектігін де көрдім. Тордағы арыстандай бұрқырап тұратын мінезі болатын. Жазушылар одағында қаншама оқиғаны бастан өткердік. Осында келіп, шешіліп сөйлесетінбіз. Шығармаларын оқып жүрдім. 50, 60-жылдығында мақала жаздым. Риза болды. Тойын да басқарып бердім. Жазушылар арасында шығармашылық ұстаным, адамгершілік принцип, саяси көзқарас, қоғамдық ой-пікір сәйкес келмесе, ол жазушылардың дос болуы мүмкін емес. Олар жай ғана сыйласатын адамдар болады. Ал біз «сіз-біз» емес, «шыж-быждың» ортасында болдық.

Қазақ әдебиетінде Бек Тоғысбаев, Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази бастаған «Бес тапал» атанған бір буын бар еді. Солардың бірі де осы – Қалихан Ысқақов болатын. .

Қалихан ағаның Бунинді аударғанының өзі неге тұрады. Бунин тіріліп келіп, қазақшаны біз сияқты білер болса, Қалиханға риза болар еді. Көп ретте Қалағаң тіл жағынан Буниннің алдына түсіп кетеді. Ол Буниннің стилі, тілі арқылы әдебиетке баға беретін. Теңдесі жоқ аудармашы десек те қателеспейміз.

Біз бас қосқанда әдебиет, әдемілік жайлы көп сөйлесетінбіз. Соңғы уақыттарда жиі араласа алмадық. Өмірден өткенін естігіенде, үйімнің бір қабырғасы құлап қалғандай болды. «Өмір – сайран, аяғы – ойран» екен ғой. Қайтып келмейтін кездерді сағынамын. Әдебиеттің өсуіне ықпал еткен аз адамның бірі – Қалихан ағамыз еді. Әдебиетте оқыс оқиға, күтпеген құбылыс жасау Қалиханның қолынан келуші еді. Ол енді тарихқа енді. Шығармалары әдебиеттің  алтын қорынан орын алады.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:

Қазақ тарихында «бүкіл түрік халқы Алтайдан тараған»  деген сөз бар. Халық Алтайдан тараса, халықтың сөзі де Алтайдан тарамай ма? Қалихан ағамыз Алтайдан келген қазақ сөзінің, қазақ көркем сөзінің бұлағы, қайнары сияқты. Ол жәй ғана сөйлемейді, бейнелеп, суреттеп сөйлейді. Қазіргі тілімізде мәселенің мәні ғана түсіндірілсе, ол көркем тілмен сурет салып жеткізетін. Мұндай жазушы қазақ әдебиетінде өте сирек.

Бұл кісі кешегі Мұхтарлардың, Сәбит, Ғабит, Ғабидендердің қолына су құйып жүріп, тәлім-тәрбиесін тікелей көрген адам еді. Біздің ортамызда да ағалыққа жараған. Мінезі де, сөзі де, қылығы да бүкіл болмысы ағалыққа жарайтын. Ол кісі әділ болатын. Ақиқатын айтатын. Бетің бар, жүзің бар демейтін. Алтайдан тараған қазақ тілінің, көркем әдебиеттің бұлағындай адам еді. Арда азаматтан айрылып қалдық. Кең пейілді нағыз қазақтан айрылдық. Қазақ өлмейінше бұл кісінің аты да өлмейді.

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ, жазушы:

Қан жағынан тамырлас, жан жағынан өзектес Қалихан ағам қайтты өмірден.

Ол қазақтың Иван Бунині еді. Орыстың тілі, орыстың көркем сөзі Бунинмен қалай түрленсе, қазақтың қарасөзі де Қалиханмен солай түлеп, түрленген-ді. Екеуі де тілді тірі дүние деп білген ғой. Ал осы тірі дүниеге қылдай қиянат жасамай өткен екі адам болса, олар – орыста Бунин, қазақта Қалихан шығар. Бұл жағынан олар рухтас, үндес қана емес, домбыраның қос ішегіндей егіздес десек те болар. Айырмашылығы – тек екеуінің екі тілде жазғаны ғана. Бұған көп дәлелдің керегі жоқ, алдымен Бунинді оқы, сосын Қалихан жасаған оның аудармасына қара («Балқарағай» әңгімесінен бастап «Арсеньевтер өмірі» романына дейін) – егіздестікті сонда көресің! Тек көкіректе көзің, жүректе сезімің болсын!

Көзі тірісінде-ақ «айшықты сөздің академигі» атанған сол Бунин өлерінен аз бұрын, 1953 жылдың 2 мамыры күні «Күнделігіне» былай деп жазған екен: «Тым жақын уақытта, таяу күндердің бірінде мен де бұл өмірде болмаймын – одан кейінгінің бәрі, бәрі де маған жұмбақ,түпсіз тұңғиық. Бір білетінім сонда –  Роговский, Шмелев, Пантелоймоновтардың қатарына баратыным ғана…»

Қалихан ағам да міне, сол жұмбақта түпсіз тұңғиыққа қарай – баяғы достары Ақан Нұрманов, Нәсіредин Сералиев, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаровтар кеткен жаққа аттанып барады. Бұл қаламдастары кезінде замана желі қай жақтан соқса сол жаққа қисая бермеген, Биағаң-Бейімбеттен қалған шыншыл қарасөзді отыз жылдан кейін жарасты жалғап жеткен жаңа тынысты бір шоғыр-ды. Осы шоғыр ішінде Қалихан суреткерлік, стилистік жағынан олардың қасында емес, басында тұрған хас талант еді.

Қош аға! Сіз туралы жазудың бұл – басы ғана. Қарасөзді қадірлей білетін талайлар әлі тамсанып сізді еске алатыны сөзсіз.

Дайындаған Әсел Әнуарбек