Жаңалықтар

ТҮРКИЯ 12-ШІ ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАДЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКИЯ 12-ШІ ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАДЫ

Тарихта тұңғыш рет президентін сайлаған Түркия халқы ел басшысы ретінде премьер-министр Ердоғанды таңдады. Фракциялық басқару жүйесі орнаған түріктер елі саяси дода барысында билік басындағы Әділет және даму партиясына сенім білдірді. Бірнеше жылдан бері Ердоғанмен алысып келе жатқан түрік оппозициясы тағы да қауқарсыз.

Кеше Түркия халқы тұңғыш рет өздерінің он екінші басшысын сайлады. Саяси додаға үш үміткер – Түркияның қазіргі премьер-министрі Реджеп Тайип Ердоған, «Ислам конференциясы ұйымы» Екмеддин Ихсаноғлы мен күрдтердің Халықтар демократиясы партиясының тең төрағасы Селахатдин Демирташ қатысқан болатын. Ресми деректерге сүйенсек, Ердоған 51,7 пайыз дауыспен президенттік сайлауда жеңіске жетті. Кеше кешке баспасөз мәслихатын өткізген Түркия Орталық сайлау комиссиясының президенті Сади Гүвен: «Үміткер Тайип Ердоған 100 пайыз сайлау бюллетендерін санау нәтижесінде басымдықпен жеңіске жеткені анықталды. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру процесінің екінші кезеңін өткізуден бас тартты»,– деп мәлімдеді. Оның айтуынша, дауыс беру кезінде заң өрескел бұзылмаған. Алдын ала есептеу 11 тамызда ресми түрде жария етіледі. Ал Ердоған басшылық ететін Әділет және даму партиясының өкілі Хүсейн Челик: «Мұндай жеңіс – кездейсоқтық емес! Біздің халқымыз Ердоғанға президент болуға рұқсат етті», – деді.

Сайлаушылардың басым бөлігі өзін қолдағанға Ердоған да дән риза: «Бүгін демократия тағы да жеңіске жетті. Бүгін маған дауыс бергендер де, бермегендер де жеңіске жетті. Бүгін Түркияның 77 миллион халқы бар 81 уәлаятының ұпайы түгелденді».

Саяси дода барысында үміткер ретінде бақ сынасқан Ихсаноғлы – 38,9 пайыз, Демирташ 9 пайыз дауыс жинаған. Деректерге сүйенсек, Ихсаноғлы әсіресе, елдің батыс және оңтүстік провинциялардағы басты бәсекелесі – Ердоғанды басып озған екен. Өзінің жеңілісін ресми түрде мойындаған Ихсаноғлы Ердоғанды құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі. Ал Демирташқа күрдтер шоғырланған аймақтағылар (Иракпен шектесетін Ширнак пен Хаккяри провинциялары) көп дауыс берген.

Премьердің қазіргі көмекшісі Бүлент Арынч: «Қай жағынан алсаңыз да, Ердоған күшті премьер екенін дәлелдегеннен кейін халық қаһарманы деңгейіне көтерілді. 14-15 партияның біріккеніне қарамастан, ол бәсекелестерінен басым түсті, – деді.

P.S. «Соңғы кездері, әсіресе, былтыр өзі мен отбасына қатысты бірнеше рет басы дауға қалған Ердоған саяси мансабын тоқтатады» деген сарапшылар пікірі адыра қалды. Фракциялық басқару жүйесі орнаған Түркияда Ердоғанның бастамасымен, тұңғыш рет президенттік сайлау өткізіліп, ол сайлауда Ердоған жеңіске жетті. Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс, дипломатиялық қарым-қатынас жақсы. Сауда айналымын ұлғайтуға көңіл бөлінуде. Екі елдің инвесторларын экономиканы қолдауға жұмылдыруда. Бірақ Ердоған Түркі бірлігін күшейтуде Нұрсұлтан Назарбаев сияқты белсенді әрекет етеді деу – қисынсыз. Өйткені Ердоған түркілерден гөрі, арабтарға көбірек бүйрек бұрады. «Ұзынқұлақ» Ердоғанның арабшылдығы қайын жұртының әсерінен деген сенімде. Сондықтан да түркішілдікті аса жақтырмайтын Ердоған түркілерді ұйыстыратын шараларға көңіл бөлмесі анық. Демек, Түркі әлемін күшейтуге қатысты шараларда Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Өзбекстан жұмыла жұдырық болуы тиіс. Өкініштісі, саналардағы кеңестік империядан қалған құлдық сана түркішілдіктің терең тамыр жаюына кедергі.