Жаңалықтар

Оралманның айы оңынан туа ма?

ашық дереккөзі

Оралманның айы оңынан туа ма?

Екі күннен бері қазақ ақпарат құралдары бір-бірінен сүйінші сұрасып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамыздың 6-сы күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашып, олардың ел ішінде орналасуына жағдай жасауымыз керек» деген мәлімдемесімен қуана бөлісіп жатыр. Өкінішке қарай, біздің Үкіметте оралманға қарсы саясат ұстанып отырған бір мүдделі топ бар сияқты болады да тұрады.

Мәселен, 2011 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайында Елбасы шетелдегі қазақтардың Қазақстан үшін маңызын айқындап, оларды, әсіресе, жастардың көптеп қоныстануына жол ашу қажеттілігіне тоқталды. Ол кезде біз бүкіл қазақ бөркін аспанға атып қуанған болатын. Бәріміздің көкейімізде Құрылтайдан кейін шеттегі қазақ Қазақстанға ағылады деген ізгі үміт тұрды.  Алайда Құрылтай өте салысымен, қазақтарды әкелуге жол ашудың орнына, оларды атамекенге оралтпаудың түрлі сылтауы ойлап табыла бастады. Құрылтай өткен соңғы үш жылда оралманның өтпеген өткелегі жоқ. Әуелі «Азаматтық туралы» заң қабылданып, онда оралмандардан келген елінің азаматтығынан шығып келуді талап ететін бап енгізді. Бұл заң ақпарат құралдарында әжептәуір дау туғызды. Ұзақ пікірталастың нәтижесінде Елбасының арнайы Қаулысымен аталған баптың күші жойылды. Бірақ, аз уақыт өтпей жатып, оралмандарды тұрақты тіркеуге қатысты талаптарды күшейтетін жаңа Қаулылар қабылданды. Міне, тұрақты тіркеудің шырғалаңы қажытқан оралмандарды күнде кездестіретіндей дәрежеге жеттік.

Жақында ғана «Түркістан» газетінде «Талдықорғандағы шырғалаң» атты мақала жарық көрді. Онда 100-ге жуық отбасының тұрақты тіркеле алмауы салдарынан Қазақстаннан Қытайға депортациялануы мүмкіндігі жайында сөз қозғалған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен осы мәселеге орай хабарласып, көмектесетіндіктерін айтты. Бірақ, аяғы немен аяқталары белгісіз. Жақында ғана «31 канал» телеарнасының «Информбюро» жаңалықтар қызметінен  7 жыл бойы азаматтығын ала алмай сандалып жүрген жас ана туралы сюжет көрдік. Ол да күрмеуі шешілмес тұрақты тіркеуге тұра алмағандығының салдарынан пүшәйман болып жүр.

Ол ол ма, Ерболат Досаевтың ықпалымен қабылданған «Еңбек мигранттары туралы» заңда оралмандардың азаматтық алу мерзімі төрт жылға созылды. Бұрын бұл 3-6 айдың ішінде шешілетін еді. Онымен қоймай оралмандардың Қазақстанға келіп тұрақты қоныстануы үшін төлем қабілетін анықтау қажеттігі көлденең тұрды. Биыл сәуір айынан бері оралмандарға оң қабақ танытатынын білдірген Үкімет, Тамара Дүйсенова бастаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (қазір бұған Денсаулық та қосылды) сірескен сеңді бұзуға уәде берді. Олардың ең әуелі қолға алғаны оралмандарды қоныстандыру аймағы жайлы Қаулыны өзгертіп, олардан төлем қабілетін талап етпейтін дәрежеге жеткізді. Дегенмен, бұл мәселенің бір жағы ғана. Енді оралмандарды тұрақты тіркеу шырғалаңынан босату керек. Бұл үшін мәселеге Ішкі істер министрлігін жұмылдырған абзал. Егер ішкі істер органдары тіркеу тәртібін өзгертпесе, құр ұрандаудан ештеңе өнбейді. Оралманның айы оңынан тусын десек, Елбасының тапсырмасына мойын бұруды өзгелер емес, шенеуніктер қолға алған жөн.