Жаңалықтар

Шенеуніктер ешқашан қысқармайтын сияқты

ашық дереккөзі

Шенеуніктер ешқашан қысқармайтын сияқты

Үкімет қайта жасақталды. Бұрынғы аты дардай кейбір министрліктер комитет деңгейіне түсірілсе, кейбір ведомстволардың өкілеттігі артты. Министрліктер саны ықшамдалып, 12 министрлік қана қалды. Өкілеттігі ықшамдалған сала министрліктері басқа ведомстволардың қол астында жұмысын жалғастыра береді. Ал бұрынғы министрлер өз саласының басы-қасында қалып, бұрынғы ісін жалғастырмақ. 

Үкіметті қайта құрылымдауға түрткі болған шара – шенеуніктер санын азайтудың амалы. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ Ақордадағы отырыста қадап айтқан болатын. Олай болса, не өзгерді немесе не өзгермек? Ел экономикасы мен саясатына, елде қалыптасқан жағдайды шешуге бұл өзгертулер қалай әсер етпек? Осы орайда бірқатар сарапшыларды сөзге тартқан едік. 

Дос Көшім, саясаттанушы: 

– Үкіметтегі өзгертулер мемлекеттің қаржылық қиындыққа ұшырағанын білдіретін сияқты. Соңғы уақытта қолға алынған қоғамдық мәселелерге назар аударсақ, әйелдердің зейнет жасын көбейту, зейнетақы қорларын бір қорға біріктіру және жеке мүлікке салық салу туралы жиі айтылуда. Оның ішінде оралмандарға берілетін квотаны уақытша тоқтату да бар. Мұның барлығы бір нәрсеге тіреледі – қазынаның қалтасы тесік деген сөз. Менің ойымша, мәселені осылай шешпек. Бұл реформа үшін жасалған реформа сияқты. Мемлекеттің саяси бағыты бәрібір бұрынғы қалпында қалады. Министрлік басшылығына келген адамдардың барлығы бұрын да сол маңайда, біреуі орынбасар болған, сол баяғы кадрлар. Басқару жүйесі бәрібір өзгермейді. Кейбіреулер шенеуніктер азаяды деген ойда. Бұл теория аса сенімді емес, себебі шенеуніктер көбейтудің басқа да жолдарын тауып алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осындай мәселе көтерілген. Бірақ олардың саны азайған жоқ. Үкіметтің ауыс-түйісінен мен бір ғана нәрсе күттім. Мемлекеттік тілге қатысты агенттік немесе өз алдына бір ведомство, салиқалы орган құрылса деп армандадым. Елімізде сыбайлас жемқорлықтан кейінгі өзекті мәселе – мемлекеттік тіл проблемасы. Екінші бір күткенім – оралмандар жағдайы. Көші-қонды біресе Ішкі істерге қосады, біресе айырып алады. Көші-қонды агенттік ретінде еншісін беріп, өз алдына бөліп шығара ма деп ойлап едім. Бірақ бұл мәселелердің ешқайсысы қозғалған жоқ. Пәлендей бір жаңалық болады, халыққа пайдасы шаш-етектен деп ойламаймын. 

Сонымен қатар министрлік деңгейінде тұрып, агенттік немесе комитет деңгейіне түсіп қалуы еш қауіпті емес. Себебі олар министрлік болып тұрғанда да тындырған дәнеңесі жоқ. Мысалы, өзім сыйлайтын азаматтардың бірі Әлихан Бәйменов төраға болған агенттік «А» корпусы, «В» корпусы дегенді ғана ойлап тапты. Мемлекеттік қызметкерлерге байланысты ештеңе бітірген жоқ. Тым құрыса мемлекеттік қызметкерге қазақ тілін білу туралы талап та қоя алмай отыр. 

Ресеймен қол ұстасып қалдық.Оларға жарияланған санкциялардың нәтижесі көріне бастады. Ресейдің босағасында отырғандықтан соққының бір ұшы бізге де тие ме деген қорқыныш бар. Осыдан бір жыл бұрын Қашаған ашылады, бюджетімізді толықтырады деген үміт болды. Бірақ қаншама қаражат құбырларға жұмсалып, желге ұшты. Елдегі әлеуметтік жағдай жақсы, зейнеткерлердің ақшасы, жәрдемақылар уақытылы беріледі. Дегенмен мемлекеттің қаржы тапшылығына ұшырағанын анық мойындауымыз керек. 

Андрей Чеботарев, саясаттанушы: 

– Менің ойымша, қайтадан құрылымдау елдегі жағдайды жақсартуға бағытталған. Алайда Үкімет жұмысына байланысты нақты концепция құру қажеттілігі баяғыда туындап еді. Үкіметті қандай да бір оқиғаның ыңғайына байланысты қайта-қайта өзгертпес үшін әуел бастан-ақ Үкімет мынадай болуы керек деген талап қалыптастыру қажет болатын. Қазіргі таңда орын алған өзгерістердің қандай нәтиже беретінін уақыт көрсете жатар. Меніңше, бұл құрылымдау алда болатын кейбір жағдайларға дайындық ретінде жасалды ма деп ойлаймын. Мысалы, кезекті девальвация болуы да ғажап емес. Себебі девальвация қоғамның басты қайғысына айналған, бәрінің айтатыны сол. 

Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер саны азаяды, бұл мемлекеттік бюджетті жеңілдетеді. Екіншіден, аппараттағы жемқорлықты кемітуі мүмкін. 

Мақсат Ілиясұлы, экономист: 

– Үкімет құрамының өзгеруі қандай да бір үлкен саяси өзгерістерге әкеледі деп ойламаймын. Себебі, біріншіден, Энергетика, Ұлттық экономика, Денсаулық және әлеуметтік қорғау сияқты ірі министрліктер пайда болды. Энергетикаға экологияны қосу қасқыр мен қойды бір қораға қамау сияқты. Ал Ұлттық экономика министрлігі қаржы және банк саласындағы Ресейдің экспансиясын тоқтата ала ма? Денсаулық сақтау мен еңбек және әлеуметтік министрліктерін біріктіру екі саланың да әлсіреуіне әкеліп соғады деп ойлаймын. Украинадағы жағдайды, Ресейге салынып жатқан дүркін-дүркін санкцияларды көріп отырып, осындай қиын-қыспақ уақытта бір министрлікті жауып, бірін-біріне қосудың қажеттілігі шамалы болатын. Қарап отырсаңыз, сол баяғы адамдар. Енді бір-екі ай бойына шенеуніктердің бір министрліктен бір министрлікке көшуі орын алады. Ал басқа оңды өзгеріс болады дегенге сене алмаймын. Себебі, қандай да бір жаңалықты жаңа адамдар, жаңа топ немесе жаңа басшы жасайды. 

Көптеген комитеттердің, агенттіктердің аймақтық, яғни облыстардағы құрылымдары қысқарады деді. Бұл ең қате нәрсе деп бағалау керек. Бұрын да орталыққа боямаланған, бұрмаланған, мақтау, өтірік көрсету, тапсырманы асыра орындау сияқты ақпараттар келетін. Ал енді ол тіпті қиындай түспек. Орталық атқарушы органдардың жергілікті мәселелерден хабары болмайды. Жергілікті әкімдердің жолы болады. 

Дәл осындай Үкімет құрамын өзгерту Кәрім Мәсімов алғаш Премьер-министр болған кезде де орын алған. Мүмкін бұл үкімет құрамын өз қалауымен жасақтап алу қажеттілігінен туындаған шығар. Менің ойымша, осы барлық ауыс-түйістің бәрі Владимир Школьникті министр ету үшін жасалған сияқты көрінеді. Сергей Лавров Қазақстанға еріккеннен келген жоқ, оның үстіне ол АЭС салу Ресей үшін аса маңызды екенін ескертіп, жақында арнайы келісімге қол қойылатынын да мәлімдеді. Ал В. Школьниктің жоғарылауына, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың ықпалы зор болды деп есептеймін. Мәселен, 2010-жылы Uranium One компаниясының басқару пакетін «Росатомның» бөлімшесі «Атомредметзолото» сатып алғанда оны сатуға Қазақстан Үкіметі келісім берген болатын. Ол кезде Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрды. Ал осы жылдың 29 мамырында Қазақстан мен Ресей Президенттері Қазақстан аумағында АЭС салуға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Содан бір айдан соң 25 маусымда Астанада ресейлік «Росатом» компаниясы мен Қазақстанның «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Қазақстан аумағында АЭС салу бойынша әріптестік орнатуға қатысты меморандумға қол қойған. Кәрім Мәсімов мырза Үкімет басына келген соң дәл бір ай өткенде осындай оқиғалардың орын алуы кездейсоқтық деп айту қиын-ақ. 

Владимир Школьниктің баласы қазір Ресей азаматы ғана емес, сол елдің үлкен бизнесмені екенін де білесіз. Ол да түрлі ойға жетелейді емес пе? Сондықтан Владимир Школьниктің Энергетика министрлігін басқаруына қарсымын. Себебі, Қазақстанға АЭС салуға болмайды. Чернобыльдің зардаптары әлі күнге біткен жоқ. Чернобыль апатынан зардап шеккендерге қарап, көріп отырып, Ресеймен бірге атом станциясын салу халықты апатқа итермелеумен бірдей. 

Дайындаған 

Ақниет ОСПАНБАЙ