Жаңалықтар

КИКІЛЖІҢ БАСЫ – ...ҚЫРЫМ ЕДІ

ашық дереккөзі

КИКІЛЖІҢ БАСЫ – ...ҚЫРЫМ ЕДІ

Әлемнің саяси картасында даулы аймақтар баршылық. Жылқы жылы олардың қатарын тағы біреуге толықтырды. Ресей – Украина, Ресей – АҚШ, Ресей – Еуроодақ, Ресей мен халықаралық қауымдастық арасын ушықтырған даудың басы Қырым еді. Саяси кикілжіңге себеп болған, экономикалық текетіреске ұласқан оқиғаның заңды-құқықтық статусы да анықталмаған. Ресми Кремль мұны «өз еркімен қосылу» деп атаса, халықаралық қауымдастық «аннексия» («күшпен қосып алу») деген терминді қолданады. Терминдік қарама-қайшылықтың өзі түрлі тараптардың бұл оқиғаға деген саяси ұстанымының алшақтығынан хабар берсе керек.

ҚЫРЫМНАН КӨРШІГЕ НЕ ПАЙДА?

Иә, Қырым – кикілжіңнің басы ғана еді. Оның үстіне, бұл – путиндік Ресейдің ресми ұстанымын айқындаған, империялық амбициясын әйгілеген оқиға болды. Бірақ кикілжің Қырыммен аяқтала қойған жоқ. Керісінше, Украинаның территориялық тұтастығын бұзған оқиға осы елдің егемендігіне, тыныштығына қауіп төндірді.

Оның үстіне Кремль Қырымды қанағат тұтып, саябыр табады дегенге сенім артатындар аз. Себебі Путиннің «Новороссия» атауын ауызға алуы тегін емес. Сәуір айында Украинаның шығыс облыстарында «халықтық республикалар» құрылды. Донецкі және Луганскі облыс­тарында орысшыл топтар Қырымның «өнегесімен» Ресейге қосылу туралы референдум өткіземіз деп талпынса да, бұл бастама аяқсыз қалды. 

Ал көрші елдің территориясын өзіне қосып алған Ресей үшін Қырымның пайдасы не? Одан ұтары не, ұтылары қайсы?

Қырым Ресейге түбі пайдалы бола ма, әлде зиянға түсе ме деген мә­се­леде түрлі көзқарас-пікірлер айтылып жүр. Қазақстандағы базбір сарапшылар Қырымның Ресейге қосылуынан жер­гілікті ұлт – ноғайлар үшін егемен ел болудың үмітін іздейді. Қырым феде­ративті мемлекет құрамында келешекте өз алдына отау құрып, бөлек шығуы мүмкін деседі. Кейбір халықтар бостандық жолында талай тар жол, тайғақ кешуден өтетіні белгілі. 

Қалай дегенмен де, көпұлтты Ресейде онсыз да ушыққалы тұрған мәселелер жетерлік. Солардың қатарына тағы біреуін қосқаны анық. Қырым татарлары атанған жергілікті ұлт – ноғайлар Ресейге қосылуға әу бастан құлықты емес. Саяси ахуалдың қысымымен амалсыз көндігуге мәжбүр болса да, ішкі наразылықтың болашақта халықтық қарсылыққа ұласпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

ҚЫРЫМ – КІМДІКІ?

2013 жылдың қараша айында басталған Украинадағы саяси дағдарыстың салдары – Қырым Жоғарғы кеңесі Тәуелсіздік туралы декларация қабылдап, егеменді Қырым Республикасын жариялауға ұласты. Бұдан соң Қырым Республикасының басшылығы Ресей құрамына өтуге талап білдірді. 

Ақыры Қырым түбегінің көп бөлігі Ресей Федерациясының құрамына өтті. Бұл жерде екі бірдей жаңа субъект пайда болды – Қырым Республикасы және федералды маңызы бар қала Севастополь. 

«Үлкен жетілік» те, НАТО, Еуроодақ, Еуро­палық кеңес, ЕҚЫҰ сияқты халық­ара­лық беделді ұйымдар, әлемдегі алпауыт мемлекеттердің басым көпшілігі Қы­рымның Ресейге өтуін «аннексия» деп ба­ғалады. Ал Ресей болса, Қырым Республи­касы тәуелсіз субъект ретінде Ресей Федерация құрамына кіруге өз еркімен келісім-шартқа қол қойды деп есептейді. 

Ресми Киев Қырымнан айрылғанын мойын­даған емес. Украина басшылығы Қырым мен Севастополь аумағын «Ресей уақытша басып алған жерлер» деп таниды. Бірақ бұл әрекетке қарсы тұрар әскери қауқар да, саяси көрегендік те таныта алмады. Әзірге Қырым мәселесін кейінге қалдырып, Украинаның шығыс аудандарындағы өртті сөндірумен әлек.

Дегенмен, 15 сәуірде Украина Жоғарғы Радасының Қырым Республикасы мен Севастополь қаласын Ресей Федерациясының басып алған аймақ деп тану туралы заң шығаруы Киевтің саяси ұстанымынан хабар береді.

Соғыс жағдайындағы ел өзінің әс­ке­ри қабілетін күшейтіп, қорғанысын арт­ты­руға мүдделі. Украинаның жаңадан та­ғайын­далған қорғаныс министрі Валерий Гелетей мемлекет тұтастығын қалпына келтіріп, Қырымды қайтаруға уәде берген болатын. «Украинаның жеңіске жететініне сенімім кәміл, біз жеңіс шеруін өткіземіз, ол міндетті түрде украиндық Севастопольде өтеді» деген сөздеріне Жоғары Рада мү­ше­лері ду қошемет көрсетті. 

Әзірге Қырымнан айрылған Киев бас­шылығының онсыз да алаңы жетерлік. Кейбір деректерге қарағанда, Украина Қырымнан айрылудың салдарынан 100 миллиард доллар шығынға батты. Экономистер Украинаның биылғы ЖІӨ бұрынғыға қарағанда әлдеқайда төмен болатынын айтуда. Өйткені Қырым Украинаның ЖІӨ-нің жыл сайын кемінде 3-4 пайызын беріп отырған еді. 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚЫРЫМ ТУРАЛЫ

27 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясында Украинаның территориялық тұтастығын сақтау, оның шекарасын халықаралық деңгейде тану туралы резолюция дауысқа түскен болатын. Ұйымға мүше 193 мемлекеттің 100-і жақтап дауыс берді. Әйтсе де, 58 мемлекеттің дауыс беруден бас тартуы, 24-інің мүлде қатыспауы көп жайттан хабар бергендей.

БҰҰ-ның Украинаның территориялық тұтастығын қолдау туралы резолюциясына 11 мемлекет қарсы шықты. Олар Ресейдің өзі және қазіргі одақтастары еді. Атап айтқанда, Армения, Белоруссия, Боливия, Венесуэла, Куба, КХДР, Зимбабве, Никарагуа, Ресей, Сирия, Судан. Осы тізімнен-ақ Ресейдің «достары» кімдер екені байқалады. 

Бұл орайда, Ресейге көршілес мемле­кет­тердің ұстанымы өзара ұқсас екені таң қалдырмайды. Тағдырлас елдер көбіне «өгізге туған күн…» қағидасымен өмір сү­ре­тіні белгілі. 

Белоруссия президенті Александр Лукашенко Қырымды «де-факто» Ресейдің бір бөлігі деп санайтынын ашық айтып, референдумды жақтап дауыс берді. 

Ал Қазақстан Сыртқы істер министр­лігінің 18 наурызда жария­лан­ған мәлім­демесінде «Қазақстанда Қырымда өткен референ­думды автономиялық республика тұрғындарының ерік-жігерін білдіру деп қабылдайды және осы жағдайдағы Ресей Федерациясының ше­шіміне түсіністікпен қарайды» делінген. Бірақ Қазақстан 27 наурыздағы БҰҰ Бас Ассам­блеясындағы дауыс беруден қалыс қалды. 

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қырым референдумының нәтижесі заңға сай деп танитындықтарын мәлімдеді. Бірақ БҰҰ-да аталмыш мәселе бойынша дауыс беру кезін­де бұл мемлекет те қалыс қалған. 

Қытай «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» мәлімдеме жасап, дауыс беруден қалыс қалды. 

Ауғанстан президенті Хамид Карзай Қырымның Ресейге қосылуын құптайтынын мәлімдеді, бірақ Ауғанстан БҰҰ-да дауыс беруден қалыс қалды. 

Грузия Украинаның тұтастығын қолдаса, Әзірбайжан бейбіт шешім қабылдауды қолдайтынын мәлімдеумен шектелді. 

Түркия мен Молдава Қырым егемендігі туралы референдумды қолдамайтынын ашық жариялады. 

БРИКС бойынша одақтас елдер (Бразиялия, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы) Ресей ұстанымына қолдау білдірді. 

Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Ресейдің Қырымды қосып алуын­ ашық айыптаса, шілде айының басында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы «Қырымның күштеп қосылуын» қолдамауға үндеді. 

Дегенмен, осы жолы Батыс өзі ұранда­та­тын демократияның «таяғын» жеді. Өйткені «халықтың еркі» – референдумның өткі­зілуіне де, оның нәтижесі жарияланып, соған сәйкес, Қырым Украинадан бөлініп, Ресейге өткенде де қарсы уәж айтуға лайықты аргумент таппады.

Ал Ресей болса бір оқ шығындамай, көр­ші елдің терроториясын өзіне қосып алу­дың «сәтті» үлгісін көрсетті. 

Бұл орайда, америкалық емес, ресей­лік PR-технологияларды өте шебер­ пайдаланғанын көреміз. Сол тұста Қы­рым­да Симферополь көшелерінде ілінген плакат­тардың бірінің мазмұнына қараңыз (суретте). Фашистік Украина мен демократиялы Ресейдің екеуінің бірін таңдауға ша­қырған плакат-насихаттың айтарының астары тереңде. Мұны көшеде ұрандатқан тобыр жасады деу нанымсыз.

«ҚЫРЫМДЫ ҚАЙТАРҒАНЫ ҮШІН»

Ресейдің Қырымды өзіне қаратуға деген ниеті көптен бері анық болатын. КСРО тарағалы бері орыс амбициясы асқына берді. 1992 жылы РФ Жоғарғы кеңесі 1954 жылы қабылданған құжатты жоққа шығаратын қарар қабылдады. Қырымға деген аңсар осы кезден бастап күшейе түсті.

Тоқсаныншы жылдардан бері орысшыл топтар Қырымды бөліп алуға тырысып баққаны да тарихи дерек. Кейін Киев күшін жойған Қырым Конституциясының қабылдануы, президент қызметінің бекітілуі осының айғағы. 

Ресей Федерациясының субъектісі ретінде танылу үшін бұл елдің конституциясына сәйкес, федерация құрамына ену үшін шетелдік мемлекеттен бөлініп шыққан аймақтың өтініш беруі аздық ететін. 2004 жылы Оңтүстік Осетияның Ресей федерациясының құрамына енуіне кедергі болған Конституцияның осы 65-ші бабы болатын. Ендеше, Ресей Қырымды Украинаның өзінен емес, одан бөлініп шыққан аймақтың өтініші ретінде қалай қосып алды? Бұл бапты айналып өту үшін, ақпан айында Мемлекеттік Дума заңға арнайы өзгертулер енгізіп, Федерацияның жаңа субъектілерін қабылдау тәртібін өзгерту қажет болған. 

11 наурызда Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласы өздерінің егемендігі туралы декларациясын жариялады. Осы декларацияға сәйкес, Ресей құрамына ену туралы референдумның нәтижесінде Қырым егемен ел ретінде фередация субъектісі болуға сұрана алатын болды. Осылайша, Кремль Қырымның тәуелсіздігін танып, оны өз еркімен Федерация құрамына қосып алды. Осылайша, Кремль идеологтары «шетелдік мемлекеттің бір бөлігін қосып алу» туралы 65-бапты айналып өтудің жолын тауып, көңілдерін бір демдеді. 

Көктемде Қырым мен Севастопольда 18,8 мың украиндық әскерилер болған, оның ішінде әскери-теңіз күштері де, әуе күштері де бар. Бірақ референдум өтіп, Қырым Ресейге қосылғанға дейін әскерилер ешқандай әрекет жасамады. Ал наурыз айының басында Украина аумағындағы ресейлік әскерилер саны 16 мыңнан асқан. 

Ақпанның 26-27-інде Симферопольдегі Қырым Жоғарғы Радасы мен Министрлер кеңесі ғимараттарын қарулы топ басып алды. Бір-ақ түнде Украинаның туы түсіріліп, Ресей Федарациясының жалауы желбіреп шыға келді. 

Ресей Қарулы күштерінің Қырымда «бейбітшілік және тыныштық орнатуға» атсалысуына Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің, одан соң Қырымның сол кездегі және қазіргі басшысы Сергей Аксеновтің президент Путинге жасаған үндеуі желеу болды. 

Ресей президенті Владимир Путин наурыз айының басында-ақ Украина территория­сында Ресей Қарулы күштерін пайдалануға қатысты Федералдық жиынға үндеу тас­тап, оған рұқсат алғанына қарамастан, бір айдай уақыт орыс армиясының көрші ел аумағында әскери іс-қимыл жасағанын жоққа шығарумен болды. 

Ал 17 сәуірде Владимир Путин тікелей эфир кезінде Ресей әскерінің Қырым түбегіндегі референдум кезінде «ха­лық­тың таңдауын еркін білдіруі» үшін әрекет еткенін ашық мойындады. «…біздің міндетіміз қырымдықтардың өз таңдауын еркін білдіруіне жағдай жасау екенін мен жасырған емеспін… Сондықтан Қырымдағы өзін-өзі қорғау күштерінің артында, әлбетте, біздің әскерилер тұрды» деді ол. Кейін Кремль Қырымда әрекет еткен әскерилерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Оның ішінде Қорғаныс министрлігінің «Қырымды қайтарғаны үшін» арнайы медалі де бар.

ОН КҮНДЕ ӨТКІЗІЛГЕН РЕФЕРЕНДУМ

Қырымның Ресейге қосылу туралы өткізілген референдумның құқықтық негізі әлі қайта қаралуы керек. Себебі демо­кра­тиялық қоғамның басты құралдарының бірі – халықтың еркі саяси саудаға салынбауы үшін референдум өткізудің тәртібі дұрыс сақталуы тиіс еді. Мемлекеттік заң шығарушы орган – Украинаның Пар­ламентінің қаулысына сәйкес, заңсыз деп жарияланған, аяқ астынан ұйым­дастырылған, бар-жоғы он күннің ішінде өткізілген референдумның нәтижесі шынайы деуге сену қиын.

Оның үстіне, референдум өткізілген кезде Қырым территориясында нысаны анықталмаған шетелдік әскерилердің жүргені ішкі қажеттіліктен гөрі сыртқы ықпал-әсердің басым болғанын айғақтайды.

Дегенмен, референдум туралы әңгіменің ақпан айынан бастап айтыла бастағаны белгілі. Әуелі мамыр айының аяғында өткізу жоспарланған референдум мерзімі бірнеше рет өзгертіліп, ақыры 16 наурызға белгіленді. Іс жүзінде референдумды жариялау мен оны өткізудің арасы 10-ақ күн еді. Халықаралық тәжірибеде мұндай «суыт» референдумды іздеп табу қиын-ақ. Жарияланған нәтижелерге сәйкес, Қырым мен Севастополь тұрғындары 95-96 па­йыз Ресей субъектісі болуды жақтап дауыс берген. Бір айдан соң Ресей президенті Владимир Путин Қырым референдумында «тыныштық пен тәртіп сақталуы үшін» ресейлік әскерилердің атсалысқанын ашық мойындады. Ендеше, шетелдік (оның үстіне, мүдделі) мемлекет армиясының қадағалауымен өткен референдумның нәтижесі қаншалықты әділ болмақ? Оның үстіне, Киевтің өтініші бойынша референдум жағдайын бақылауға келген ЕҚЫҰ өкілдері Қырымға кіре алмағаны да көп жайтты аңғартады. ЕҚЫҰ бақылаушыларының белгісіз әскерилер жолын бөгеп, кері қайтуға мәжбүр еткен.

Ақыры, 17 наурызда референдум нәти­же­сіне сүйене отырып, Қырым Респуб­ли­касы егемен мемлекет болып жарияланды. Бұдан соң Ресей Федерацияның жаңа субъектісі болуға өтініш беріп, арнайы келісім-шартқа қол қойғаны белгілі. Кремль әуелі президент жарлығымен Қырым Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін танып, сосын оны құрамына қосып алу туралы келісім-шарт жасасты. Енді алдағы уақытта басқа мемлекеттердің белгілі бір аумағын өзіне қосып алу үшін осы үлгі қайталанбай ма деген сұрақтың туындауы заңды, әрине.

ӘР ЕЛДІҢ КАРТАСЫ БАСҚА…

Саяси ойындардың нәтижесі заманауи картографияға салқынын тигізіп жатыр. Қырымның құқықтық мәртебесіне қатысты көзқарас қайшылығынан қазіргі кезде оның әлемдік саяси картадағы орны түсініксіздеу болып тұр. Анығын айтқанда, әр елдің осы мәселеге орай саяси ұстанымына сәйкес, Қырым әр түрлі бейнеленуде. Мысалы, АҚШ ұлттық географиялық одағы Қырымды саяси картада сұр түспен бейнелеуге шешім қабылдаған. Сұр түс – бұл аймақта территориялық кикілжіңнің бар екенінен хабар береді. 

Ал ғаламтордағы Қырымның мәртебесі бұл мәселені тіпті сан-саққа жүгіртуге себеп болды. Google порталы Қырымды даулы аймақ деп белгілеген, бірақ Ресей мен Украинада оның мәртебесін екі басқа көрсетеді. Егер сіз ғаламторды Украинада қолдансаңыз, іздеу порталы оны Украина территориясы деп көрсетеді де, ал Ресей аумағынан осы порталға кірсеңіз, Қырым – Ресей Федерациясының субъектісі болып шығады. Yandex іздеу порталы да осындай жолды таңдаған. Yandex компаниясы мұны «әр елдің тұтынушылары үшін оларға нанымды ақпарат беру» саясаты деп түсіндіреді. 

Ғаламторлық сайттардың әрқайсысы Қырымды әр түрлі кейіпте бейнелеуде. 

Мысалы, Bing Maps, National Geographic, HERE порталдары оны Украина аумағы деп көрсетсе, Mail.Ru картасы Ресей территория­сы деп сипаттайды. OpenStreetMap қызметі Қырымды әрі Ресейдікі, әрі Украинанікі деп көрсетеді.

НОҒАЙДЫҢ КҮНІ НЕ БОЛАР?

Тарихи деректерге жүгінсек, Қырым АССР-і 1921 жылы құрылған екен. сол кезде тұрғын халқының саны 1 126 000 адамды құрайтын республика аумағында ресми деректерге сәйкес ұлттық бөлініс мынандай болған: 49,6 пайызы орыстар, 19,4 қырым татарлары (ноғайлар), 13,7 пайызы украиндықтар.

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында, ноғайлар жер аударылғаннан кейін Қырым түбегінде республика жойылып, Қырым облысы құрылды. Тек 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі қырым татарларына туған жерге қайта қоныстануға рұқсат берді.

Ал 1954 жылы Қырым облысының Украина ССР құрамына берілуін қазіргі орыс тарихшылары қателікке балайды. 

Қырымды қосып алуды «Украинадағы орыстардың тарихи жады мен тілін сақтап қалу» құқығын қорғау мақсатымен түсіндірген Путин осы түбектің жергілікті халқы – ноғай ұлтының мүддесін қайтпек? Қазіргі кезде ноғай тілі Қырымда мемлекеттік тіл болып жарияланып, ноғай ұлтының этникалық, тарихы, мәдени ерекшеліктері сақталады деп мәлімделгенімен, саны жағынан аз ноғайдың болашағы күмәнді. Қазіргі статистикалық деректер бойынша, ноғайлар Қырым халқының 20 па­йызын құрайды. Ноғай ұлтының ресми ұстанымы Мәжіліс өкілетті органы арқылы жарияланып жүр. Мәжіліс әу баста Ресейге қосылуға қарсы болып, еуроинтеграцияны қолдады. Тіпті Киевтегі еуромайданға қатысу үшін Қырымнан арнайы ноғайлардың топтап аттанғаны туралы дерек бар. Симферопольдағы орыс қауымдастығымен теке-тіреске түскен де осы жергілікті ноғайлар еді. Алайда, қанша қарсыласса да, ноғай ұлты Қырымның Ресейге қосылуына тосқауыл бола алмады. Ал Крмель байырғы ұлтты сабасына түсіру үшін оның «тілін, мәдениетін сақтап, тарихына құрметпен қарау» туралы заң қабылдап жатыр. 

ҚЫРЫМ – ҚҰМАР ОЙЫНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛА МА?

Қазіргі кезде Қырымда жыл соңына дейін «өтпелі кезең» жарияланған. Бұл жаңа субъектінің федерация құрамына экономикалық, қаржылық, несиелік және құқықтық жүйесіне қосылуы үшін берілген мерзім. 

Қырымнан қандай экономикалық пайда болуы мүмкін? Алғашқы 5-10 жылда Ресей үкіметі Қырымның интеграциясы үшін орасан көп қаржы құюға мәжбүр болатыны анық. Премьер-министр Дмит­рий Медведевтің айтуынша, алғашқы бес жылда түбекке құйылатын инвестиция көлемі 700 миллиард рубль (19,4 миллиард доллар) болмақ. Енді Үкімет осы орасан қаржының әр рублін діттеген мақсатта жұмсалуын қадағалау қажеттігін ойлап, басы қатуда. Бірақ Қырым түбегін дамыту бағдарламасына соншалықты қаржы құюға барлық шенеуніктер келісіп отырған жоқ. Қаржы министрі Сергей Шаталов кейбір нысандардың құрылысына қажетті қаражат көлемі тым көбейтіліп жазылғанын мәлімдеді. 

Қырымның туризм ошағы ретінде экономикалық тиімділігін жоққа шығару қиын. Дегенмен, халықаралық қауымдастық тарапынан құқықтық мәртебесі анықталмаған аймаққа шетелдік туристер ағылып келе қояды деуге сену қиын. Шілде айының басына дейін Қырымға саяхаттап келгендер нөпірі былтырғы кезеңмен салыстырғанда саябырлағаны айтылды. 

Қырымның курорттар мен туризм министрінің орынбасары Ольга Бурованың айтуынша, жыл басынан бері Қырымға ат басын бұрғандар саны 1 миллион 772 адам. Оның ішінде түрлі шаруалармен жүргендер де, демалуға келгендер де бар. Қалай дегенмен де, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 35 пайызға аз. Ресми деректерге қарағанда, былтыр Қырымға 5 миллионнан аса адам саяхат жасаған. Сарапшылар биылғы туристік маусымда мұндағы туристер саны 3 миллионнан аспайды деп отыр. 

Шамасы, Қырым енді сыртқы емес, ішкі туризмге көбірек иек артатын сияқты. Қазірдің өзінде ресейлік мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға қызметкерлерін Қырымға демалысқа аттандыру туралы астыртын нұсқау берілген. Осылайша, Қырым шетелдік туристерден гөрі ресейліктер көбірек демалатын мекен болады. Туризмді жолға қою үшін әуелі жолаушы тасымалы мәселесін шешу керек. 

Қырымның инфрақұрылымын дамыту мәселесі қазірдің өзінде түрлі пікірталастарға арқау болып отыр. Кубан жағалауын Керчьпен жалғайтын көпір салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Жаңа көпірдің құрылысына шамамен 5 миллиард доллар қажет екен.

Сауық-сайран іздегендерді шақыру үшін Кремль болашақта Қырымды құмар ойындарының орталығы ретінде дамытуды көздейді. Президент Путин онда қосымша ойын аймағын құру туралы заңға қол қойып та үлгерді. Ойын аумағы Үлкен Ялтада орналасады. Бес жылдан бері Ресейде құмар ойындарына тыйым салынғаны белгілі. Тек арнайы белгіленген аймақтарда, яғни Алтай, Краснодар, Приморск және Калининград облыстарында құрылған орталықтарда рұқсат берілген. 

Қырымның жаңа басшылығы ойын бизнесінен Қырым бюджетіне жыл са­йын 25 миллиард рубль пайда түседі деп үміттеніп отыр. 

Қалай болғанда да, Ресей Қырымды қо­сып алу арқылы өзінің ішкі қай­шы­лығын үдеткені рас. Орыс патриотизмі мен империяшылдығын одан әрі үсте­мелей түсті. Енді саяси және эко­но­­микалық санкциялар салдарынан халықаралық қауымдастықтан оқ­шау­лана бастаған Ресейге көп ұзамай сыртқы емес, ішкі саясатқа көбірек көңіл бөлуге тура келеді.

Гүлбиғаш ОМАР