Баланы еңбексіз тәрбиелеу мүмкін бе?

Баланы еңбексіз тәрбиелеу мүмкін бе?

Баланы еңбексіз  тәрбиелеу мүмкін бе?
ашық дереккөзі
Халықаралық еңбек ұйымы «бала еңбегін баланың денсаулығына, дамуына, білім алуына кедергі келтіретін жұмыс» деп есептейді. Сондықтан бұл ұйым жыл сайын бала еңбегімен күрес күнін атап өтіп, оны жою шараларын ұйымдастырады. Мұндай күрес күндері біздің елімізде де қарқынды жүргізілуде. Ресми деректерге сүйенсек, әлем елдерінде 250 миллион бала өз жасына сай келмейтін жұмыс атқарып жүр екен. Бұл тақырып Қазақстан үшін де маңызды мәселе болып тұр. Балалардың ауыр жұмысқа жегілмеуін қадағалайтын БҰҰ-ның «Балалар құқықтарын қорғау туралы Конвенциясы» бар. Бұл заңды құжатқа Қазақстан да қол қойған. Сондықтан, заң талаптарын орындау біздің де міндетіміз болып есептеледі. Аталған құжатта «бала өзінің денсаулығына, білімі мен дамуына қауіп төндіретін жұмыс тапсырылған жағдайда қорғау құқығына ие. Мемлекет жұмысқа алуда бірінші кезекте адамның ең төменгі жас мөлшері мен еңбек жағдайына қатысты талаптарды белгілеуі керек» деп көрсетілген. Осы заңнамаға сүйенген кейбір билік өкілдері шаш алатын жерде бас алып, «балалардың құқығын қорғаймыз» деген желеумен оларды еңбектен алыстатып жатқандай.

Заң баланы кімнен қорғап жүр?

 

Балалар еңбегі бірнеше заңды құжаттар ар­қылы қорғалады. Олардың алғашқысы жо­ғарыда аталған БҰҰ-ның «Балалар құ­қық­тарын қорғау туралы Конвенциясы». Кейбір дамыған мемлекеттерде 15 жасқа толмаған ба­лаларды ауыр жұмыстарға толық жұмыс күніне қызметкер ретінде қабылдайды. Осылайша, балалардың білім алуына кедергі келтіріледі. Сол себепті, заң арқылы баланы ауыр жұмыстарға қабылдамауды, әрине, қадағалау қажет. Балалар еңбегін қанаумен қатар, оларды қылмыстық істерге итермелейтін де оқиғалар болады. Міне, осындай жағдайларды әшкерелеп, заңмен қудалау өте орынды. Бұл – конвенцияның негізгі міндеті. Ал демалыс уақытында ата-анасына көмектесу, мектепте, балалар үйінде кішігірім жұмыстарды атқару бала еңбегін қанау деген тұжырым еш жерде көрсетілмеген. Керісінше, осы арқылы бала еңбек етуге дағдыланады. «ҚР Еңбек кодексінің» 30-бабында тек 16 жасқа толған балалармен еңбек шар­тын жасасуға келісім беріледі. Бұл – қазақ­стандық балалардың мектеп бітіру жа­сымен есептелген. Сонымен қатар, ата-анасының немесе қамқоршысының жаз­баша келісімімен орта білім беру ұйы­мында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азамат­тармен, сабақтан бос уақытында, ден­саулығына зиян келтірмейтін және оқу про­цесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен кине­ма­тография ұйымдарында, театрларда, те­атр және концерт ұйымдарында, цирк­терде денсаулығына және адамгершілік тұр­ғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шы­ғар­малар жасауға және орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін. Мұндай жағ­дайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс. Кәмелеттік жасқа толмаған бала мектепке барып, толыққанды білім алуы қажет. Олар­дың басты міндеті – сауатты қоғам мү­шесіне айналу. Баланың толыққанды білім алып, өсуі үшін ата-анасы бар жағдайды жасайды. Ал мемлекет бұл істе ата-ананы барынша қолдап, баланы тәрбиелеуде жет­кілікті дәрежеде көмек көрсету қажет. Мұндай міндеттеме конвенцияда көрсе­тіл­ген. Билік өкілдерінің бұлжытпай орын­дайтын «Балалар құқықтарын қорғау ту­ралы Конвенциясындағы» бұл тармақ неге шенділердің есінен шығып кете береді? Осыдан біраз уақыт бұрын жетім бала­лар­ды қанатының астына алған Әмина қажыны «балаларды жұмысқа жегіп, мектепке баруына кедергі келтірді» деп айыптаған болатын. 10-13 жастағы балалар түнімен нан пісіріп, күндіз оны базарларда саудаға шығарған. Әмина қажы болса, балаларды еңбексіз тәрбиелеу мүмкін еместігін алға тартқан еді. Ата-анасыз қалған жетім бала­лардың басын біріктірген «Перзент» бала­лар үйі ешкімнен көмек алмайды. Сондықтан, олар өз күндерін өзі көріп үйренулері тиіс деген болатын Әмина қажы. Расында да, отбасындағы қаржының жеткіліксіздігі, жоқшылық кейбір балалардың еңбекке ерте араласуына әсер етеді. Жазғы демалыстарын түрлі жұмыстар атқарып, ақша табуға арнайды. Тапқан қаражатын келесі оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарына жұмсайды. Егер мемлекет тарапынан бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін жет­кі­лікті қолдау көрсетілсе, балалар қиын жұ­мыс­тарды істеуге мәжбүр болмас еді. Заңға сүйеніп, балалардың еңбек етуіне қарсылық білдіретін шенділер оларды еңбекке баулуға кедергі келтіргенше, алдымен осы мәселенің шешімін тапқаны жөн. Балаларды жұмысқа жеккені үшін ата-анасын жауапқа тартқанда заң орындары балаларды кімнен қорған жүр? Өзінің туған ата-анасынан ба? Баланың басты қорғаушысы – оның ата-анасы емес пе? Ата-ананы қудалауға тырысып жүрген кейбір шенеуніктерден гөрі баласына көбірек жаны ашитын да осы жандар.

Тәрбие негізі – еңбекте

 

Жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары. Қазақ ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «тәрбиенің негізі – еңбекте» дейді. Тіпті, білім алудың өзі еңбек арқылы келеді. Еңбектеніп ізденбеген баланың білім алып жарытпайтыны анық. Білімді ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектің маңызы орасан екенін шенділер әлі де түсінбеген секілді. Өйткені заң орындары жаз мезгілінде балалардың жұмыс істеуін қадағалауды жыл сайын ұлғайтып келеді. Әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі мақта теру науқанына қатысатын мектеп оқушылары көзге жиі ілігеді. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында ата-анасына қолғанат болып жүрген балаларды тіпті алқаптардан қуып шығуға, базарда ата-анасының жеке кәсібіне жәрдемдескен балалардың ата-анасын қудалауға дейін барады. «Бала еңбегін қанау фактілері» көбіне еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркелетін көрінеді. Мұның себебі оңтүстік қазақтарының ата-бабамыздан қалған тәрбие мен дәстүрді берік ұстанатындығында болар. Ата-анасының жанында жүріп, ең­бек етіп жүрген балалар бір уақыт мақта тергеннен құқығы тапталмайды. Базар­лар­да ата-анасының жанында саудаға көмек­тес­кеннен бала ешқандай зиян шекпейді. Ең таңданарлығы, өзіміз де шетелдік миллионер, миллиардерлердің өмірін жас балаларға үлгі етуге құмармыз. Әрі әлгілердің қаршадай күнінен еңбекке араласқанын жиі қайталаймыз. Сонда қисын қайда? Мектепте кезекшілік атқарып, тақта, еден сүрткеннен білім алуға кедергі келмейді. Есесіне, балалар еңбек етуді, адал нан тауып жеуді меңгереді. Ерте жастан кәсіппен айналысудың, тіршілікке араласудың қандай болатынын көзбен көріп, үйренеді. Бала еңбексүйгіш болып өссе, оның несі айып? Міне, мұндай еңбекке араласқан балаларға кедергі келтірудің ешқандай қажеті жоқ. Ал мектепке мүлдем бармай, күні-түні қара базарларда жүрген көрші мемлекеттерден келген отбасылардың балалары немесе бір отбасының асыранды балалары өгей ата-аналарының тарапынан ауыр жұмыстарға жегілуі мүмкін. Оларды заң жолымен ретке келтірген дұрыс. Ата-анасының рұқсатымен жұмыс істеп, нан тауып жүргендерді жазғырып, оны заңға қайшы әрекет деп танудың қажеттілігі шамалы. Елімізде бұдан өзге орын алып жатқан құқықбұзушылық әрекеттерді әшкерелеп, солардың шешімін табуға көбірек бас қатырған абзал. Балалардың еңбегіне қарсы болатындар қазақы тәрбиені қолдамайтындар сияқты. Балаларды еңбекке баулу қазақтың тәрбие мектебінің алғашқы сатысы болатын. Ал қазір жағдай мүлдем өзгерді. Балаларды еңбек етуден өзіміз қашыратын болдық. Қит етсе «заңға қайшы» деп баланың құқығын қорғаушылар табылады. Сол қорғаушылар баланы еңбектен алыстатып, олардың болашақта жалқаулыққа бой алдыруына әсер етіп жатқанын біліп жүр ме екен? Гүлшат Махажанова, мұғалім:  – Мектеп жасындағы балаларды жұмысқа тарту қазір заңмен қудаланады. Әрине, баланы еркінен тыс ауыр жұмысқа жеккендерді жазалау керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Алайда ата-анасының рұқсатымен денсаулығына нұқсан келтірмейтін, оқуына бөгет болмайтын жұмыстардан баланы алшақтату орынсыз. Мектепте де «еңбек» сабағында балаларға түрлі шаруаға икемді болуды үйретеді ғой. Сондықтан, оқығанын, көргенін іс жүзінде жасап көргені дұрыс. Қазіргі уақытта баласын сабақтан қалдырып, жұмысқа жегіп қоятын ата-аналар мүлдем жоқ десек те болады. Барлық ата-ана бала­сы­ның заман талабынан қалмай, білімді, сауатты болғанын қалайды. Сондықтан баласы үшін барлық жағдайды жасайды. Мектеп жасындағы балалардың жұмысқа араласуы жазғы демалыс уақытында көбейеді. Қо­лынан келген жұмысты істеп, бос уақытында жа­нұясына жәрдемдескенін қылмыс көруге болмас. Қандай жағдай болмасын, баланың ең­бекке ерте араласқаны дұрыс деп санаймын. Баян Қалдарбекова, ата-ана: – Менің үлкен балам биыл 9-сыныпты тәмамдады. Отбасында жолдасым ғана жұмыс істейді. Төрт балам бар. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Сондықтан, жолдасымның тапқан табысы айдан-айға әзер жетеді. Үлкен ұлым қазір жұмыс істеп, бізге көмектесіп жүр. Жазғы демалыс уақыты болғандықтан, күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Түнде мейрамханаларда даяшы, күндіз бұзылған көліктерді бөлшектеумен айналысады. Әрине, жұмысы қиын. Шаршайды. Бірақ, біздің басқа амалымыз жоқ. Алғашында баламыздың жұмыс істеуіне қарсы болғанымызбен, кейін өзге амалымыз қалмады. Күнделікті асымызды тауып келіп жүр. Жаңа оқу жылына да өзі дайындалады. Ал оқу жылы басталғанда күндізгі жұмысын тоқтатады. Біз де балаларымыздың өз қатарынан қалмай білім алғанын қалаймыз. Сондықтан, оны сабақтан қалдырмауға тырысамыз. Ерасыл Мырзабек, 13 жаста: – Менің жұмыс істеп жүргеніме екі­ айдан асты. Көлік жуамын. Жазғы де­ма­лыста былтырдан бері жұмыс істеп жүр­мін. Жұмысым қиын болса да, қызық. Дос­тарыммен бірге барамыз, бірге қайтамыз. Сыныптастарым жұмыс істейміз деген соң, мен де ата-анамнан рұқсат сұрағам. Олар жұмыс істеуіме рұқсат бермейтін бұрын. Кейін келісті. Тапқан ақшамды өзіме жаратамын. Базарларда арба сүйреп жүретін балалардың қасында менің жұмысым оңай ғой. Жұмыс берушілер бізге «біреу сұраса он алтыдамын» деп айтыңдар дейді. Бірақ, бізден ешкім жасымызды сұраған жоқ. Мұнда кезекпен келеміз жұмысқа. Үйде болғанда да, әке-шешеме үйдің жұмыстары үшін көмектесемін. P.S. Ойға қонбайтын заң талаптарының әсерінен еңбекке енжар жастардың қатары көбейіп барады. Аталған заң жобаларына түзетулер енгізу қажет болар. Дегенмен, бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес. Халықаралық дәрежедегі заң талаптарына бағынсақ та, қазақы тәрбиенің қайнар көзін естен шығармағанымыз абзал. 

Әсел ӘНУАРБЕК