САЯБАҚТАҒЫ «КИНО ӘЛЕМІ»

САЯБАҚТАҒЫ «КИНО ӘЛЕМІ»

САЯБАҚТАҒЫ  «КИНО ӘЛЕМІ»
ашық дереккөзі

Облыс орталығындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы шағын амфитеатрда   төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп отырған «Кино әлемі» акциясының биылғы маусымы басталғалы біраз уақыт өтті. Бүгінде қала тұрғындарының жасыл шыршалар аясында, ашық аспан астында өтетін киносеанстарға жұма, сенбі күндері кешкілікте кәдімгідей жиналып, бала-шағаларын, тіпті үйіне келген қонақтарын ертіп барып, кино әлеміне саяхат жасауы үйреншікті көрініске айналды. Шын мәнінде де, компьютерлік дәуір, әсіресе, үйде отырып-ақ аудио-бейнелік өнімдердің неше атасын көруге мүмкіндіктің тууы көрермендер мен кинотеатрлар арасын едәуір алшақтатып та жіберген-ді. Енді кинофильмдерді ұжымдық көріп, тамашалаудың бағзы кездегі  үрдісі қалпына келгендей.    

Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты облыстық кино орталығы мекемесі қала тұрғындарының назарына «алтын қорда» сақталынған бірнеше ондаған отандық кино өнімдерін, сондай-ақ, Ресей және үнді фильмдерін ұсынып та үлгерді. 

Кинокөрермендердің бірсыпырасымен тілдесіп, пікірлерін білудің де сәті түскен. Ильмира Талимжанова, Тұмарым Күлтаева, Зейнеп Бейсенова (бәрі Тараз қаласынан), Зейнеп Сайра Нұржанова (Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылынан), Сандуғаш Тілеуова (Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылынан),   Мадияр Әшірханов (Астанадан), Аягөз Ережепова (Ақтау қаласынан), тағы басқалары ашық аспан астында, таза рәуішті табиғат аясында кино көрудің бір ғанибет іс екенін айтады. Олар, сондай-ақ, бір күнді балалар үшін аннимациялық ертегі фильмдер көрсетуге арнаса, өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі, тағлымы мол, төл тарихымызды түсіндіріп, насихаттайтын фильмдер көптеп түсірілсе, жастар көретін заманауи кинотуындылар да қамтылса, тіпті күнде кино қойылса деген пікірлерін де жарыса жеткізген.

– Жалпы, қалада кинотеатрлар жоқтың қасында екенін ескерсек, ашық аспан астында кинотуындыларды үлкен форматта көру мүмкіндігі жасалуының өзі  айрықша игілікті іс. Көрермендердің өтініштеріне орай мұнда сейсенбі-сенбі күндері аралығында кешкі сағат 21:00-де отандық кинофильмдер тегін көрсетіле бастады. Мұндай іс-шаралар басқа аудандар орталықтарында  да жүзеге асырылуда,– дейді облыстық кино орталығының директоры Есен Рымқұлов.

Акция үстіміздегі жылдың 30 тамызына дейін жалғаспақ.

Баймаханбет АХМЕТ, 

журналист   

Тараз қаласы