Жаңалықтар

Жанармай неге тапшы?

ашық дереккөзі

Жанармай неге тапшы?

Әлдебір себептермен Алматыдан Шелекке жол тартқан едік. Құлжа күре жолымен ызғытқан біздер жолда бірнеше жанармай бекеттеріне бас сұқтық. Әсіресе, «Гелиос», «ҚазмұнайГаз», «Роялпетрол» секілді ірі жанармай бекеттерінің таблосында АИ92 маркалы бензинді алып тастаған. Жұрт арасында тез арада бедел жинап үлгерген «Газпромнефть» бекетінің жарнама кестесінде АИ92-нің тұрғанын көріп қуанып кеттік. Ішке еніп едік, әрбір колонкаға «92 жоқ», «92нету» деп бадырайтып, орыс-қазақ тілдерінде жазып қойыпты. Абырой болғанда, бізді «Ақжолтай» атты бұрын ат басын бұра бермейтін шағын бекет құтқарды. «30 литр» аламын деп едім сөзге келмей, сар еткізіп құйып берді. Алайда, бұл бекеттердің өз  заңдылықтары бар. Олар сізге фискалды чек ұсынбайды. Жанармайының сапасына да кепілдік бермейді. Жарты шақырымнан кейін, машинаңыз сапасыз бензиннен қақалып-шашалып жатса да, шаруасы жоқ. Өйткені, сізге олар бензин сатқаны туралы ешқандай құжат ұсынбады ғой. Не де болса нар тәуекел, жанармайсыз қалғанша, құйып алуға тура келді. Қайтар жолда да сол көрініс. Бұл жолы бізге жомарттық танытқан «Petrol Service» болды. Ол багымды толтырып беруге қуана келісті. Қазір сол бензинмен ары-бері құйғытып жүрмін. Соған қарағанда, тым сапасыз емес сияқты. Кім біледі, машинаның моторына келе-келе зақым келтіре ме? Оны әзірге болжай алмаймын.

 Бізді қызықтырып отырғаны, мұнайлы державаның халқы неге жанармайға жарымайды? Неге күзгі жиын-терім уағында міндетті түрде осындай ажиотажға тап боламыз. Билік неге осы бір түйткілді мәселені шешуге келгенде қауқарсыз? Шынымен монополистерге әлі жетпей ме? Сұрақ көп, жауап жоқ. Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда біз атап өткен ірі мердігерлер АИ92 маркалы бензиннің тапшылығын сезінгелі біраз уақыт болған екен. «Газпром нефть-Казахстан» соңғы бір ай көлемінде АИ-92 маркалы бензинді әрбір тұтынушыға 20 литрден ғана беріп келіпті. Бұның сырын ішкі нарыққа бензинді аз тасымалдаумен түсіндіреді сарапшылар. Олардың түсіндіруінше, жаңа жыл шығысымен, қажетті бензинді 20 пайызға кем әкеле бастаған. Мамыр айына қарай ол тағы екі есеге азайған.

Жанармай қауымдастығының пікірінше, Ресейден мұнай өнімдерін тасымалдаушы бірден-бір оператор «ҚазмұнайГаз» жекелеген нарық сұранысына жауап беруге қауқарсыз. Әрі олар бензин тапшылығын реализаторлардың қолдан туғызып отыруын да жоққа шығармайды. Үкімет жанармай тапшылығын сұраныстың артуымен және егін орағы мерзімімен байланыстырады.

Бүгінде жанармай тапшылығы – Орал, Рудный, Қостанай және Алматы қалаларында қатты байқалады. Алайда, Қазмұнайгаз Аи-92 маркалы бензиннің Алматы, Орал, Қостанай қалаларында жетпей жатуы мүмкін емес деп таңғалып отыр. Тамыздың 15-і күні таратқан ақпаратында «АИ-92 маркалы бензин – Алматы мен Алматы облысында – 20 мың 50 тонна, Батыс-Қазақстан облысында – 2427 тонна, Қостанай облысында – 8 мың 946 тонна. Бұл аталған аймақтардың 7-10 күндік сұранысын толығымен өтейді. Тәулік сайын Қазақстан жанар-жағармай құю бекеттерінен 5,5-5,8 тонна бензин құйылатынын ескерсек, Қазақстанда бензин тапшылығының орын алуы мүмкін емес» делінген.  

ҚазмұнайГаз компаниясы ірі мердігерлердің бензин бағасының қымбаттауын күтіп, бензин тапшылығын әдейі қолдан жасап отыруы мүмкін деген ойда.