Жаңалықтар

Денсаулық сақтау жүйесі: Тағы да тоқырау ма?

ашық дереккөзі

Денсаулық сақтау жүйесі: Тағы да тоқырау ма?

Денсаулық сақтау министрлігі таратылды. Енді адам өмірі мен оның денсаулығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауға қатысты мәселелерді шешу Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құзіретіне берілді. Қайта құру мен таратудан кейін денсаулық сақтау саласының жағдайы қандай болмақ? Қаражаттың көбейгеніне қарамастан, Қазақстан медицинасы неге жақсармайды?

ЖАҢА МИНИСТРЛІК – ЖАҢА ТҮЙТКІЛДЕР

Үкіметтің жаңадан жасақталатыны жөніндегі әңгіме Кәрім Мәсімовтің сәуір айындағы тағайындалуынан кейін қызу талқылана бастады. Күзге қарай болжанған ауыс-түйістер 6 тамыз күні орын алды. Елеулі өзгерістердің бірі –денсаулық сақтау саласы мен еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының бір министрлікке бағынуы. Ал жаңа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшысы – Тамара Дүйсенова. Салидат Зекенқызы орынбасарлық қызметке жайғасып, денсаулық саласын үйлестіру жұмысын жалғастыратын болды. Қайырбекованың басшылығы кезіндегі ведомствоны тарату жөнінде Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева бірнеше рет мәлімдеген. Бұған министрдің мына бір сөзі себеп болды: «Денсаулықты қорғау жауапкершілігін министрден, әкімнен, жұмыс берушіден, қарапайым азаматтан талап етіп, соны нақты жазып қою керек. Бұндай нормаларды қабылдамайынша, біз өз денсаулығымызды қадірлеп, оны қорғау мәдениетін халыққа сіңіре алмаймыз». Бар жауапкершілікті адамдардың өзіне жүктеген министрліктің қажеттілігіне қоғам күмәнмен қараған. Халықтың өз денсаулығына қарайласып жүру керектігіне ешкім сөз таластырмайды. Егер дәрігерлерден, медициналық ұйымдардан жауапкершілікті алып тастасақ, Денсаулық сақтау министрілігінің шын мәнінде, қандай қажеттілігі болуы мүмкін?! Бір жағынан, тиісті міндеттерін атқара алмайтын ұйымды тарату  шешімі осыдан кейін де қабылдануы ықтимал. 

Екінші жағынан, дәл осы реорганизация алдағы уақытта адамдарға оңай тимейтінін ескерген жөн. Көптеген елдерде денсаулық сақтау ісімен (Германия, Франция, Жапония, Ресей) жеке ведомство айналысады. Бұған дейін күрделенген мәселелердің жеке министрлік кезінде еш шешілмегенін назарға алсақ, онда жаңа ведомство құрамында бұл мәселелердің нәтижелі шешілуі тіптен екіталай. Тарихқа көз жүгіртсек, 1997 жылы Денсаулық сақтау, білім және мәдениет министрлігі болып, 1999 жылы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі болып қайта құрылғанында үш саланың жағдайы бірдей нашарлап кеткен болатын. Қазіргі амал оңтайландыру мақсатымен жасалғанымен, адам денсаулығы мен өмірін сақтауға қаражатты үнемдеу, кадр­ды қысқарту тіптен ақылға сыйымсыз. Демек, мемлекет үшін денсаулық сақтау басымдылық мүдде емес. Оның орнын қазір энергетика басты (жаңадан Энергетика министрлігі құрылды). Салдарынан, енді медициналық мекемелердің бюджеті мен қызметкерлер құрамы қысқарады, қызмет көрсету түрлері мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі төмендейді. Себебі, жаңа министрлік, жаңа талаптар мен жаңа ережелер. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне қосымша бас ауыртар жайларды қосты. 

Дамығаны білінбейтін денсаулық сақтау саласы

Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесінің аспанына қара бұлт жиі үйіріліп, дау-дамайлар көбейді. Әсіресе, Жақсылық Досқалиевтің екінші рет Денсаулық сақтау министрі атанған сәті (2001-2004 ж. аралығында министр болды) атышулы жағдайлармен есте қалды. Жемқорлық қылмысы бойынша жеті жылға сотталып, кейін ақталып шықты… Оның орнына жайғасқан орынбасары Салидат Қайырбекова да салаға айтарлықтай өзгеріс әкелмеді. Медициналық қызмет сол баяғынша қолжетімсіз. 

Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі таңда басты жетістік ретінде ана мен бала өлімінің төмендеуін алға тартады. Соңғы үш жылдың ішінде ана өлімі 3,7 есеге, бала өлімі 25 пайызға азайған. Министрліктің басты көзірі де – осы. Алайда, Қайырбекованың «Жалпы республикада ана мен баланың өлімі азайғанымен, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Себебі, мұнда босанатын аналардың саны басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп» деген пікірі түсінбестік туғызды. Қазақтар ең көп шоғырланған өңірде ана өлімінің азаймауын немен түсіндіруге болады? Демек, ведомство ана мен бала денсаулығын жақсарту бойынша кешенді жұмыстарын одан әрі жалғастыруы керек. Денсаулық саласына 2004 жылдан бері 10 жыл ішінде бөлінген ақша 5 есеге артып, биыл 862 млрд. теңгеге жетті. Жаңа нысандар мен жабдықтар сатып алынуда. Жалпы айтқанда, министрлік қолынан келгенін барлығын жасап жатқан көрінеді сөздеріне сенсек. Алайда, осы шарапат халыққа сезілмей келеді. 

ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛЫП КЕТЕТІН КІМ? ДӘРІГЕР…

Ең алдымен, министрліктің ресми деректері шынайы жағдайға сай келіңкірей бермейді. Қазақстан БҰҰ әзірлеген денсаулық индексі бойынша, 187 елдің арасынан 129 орында. Бұл позиция­да еліміз бірнеше жыл қатарынан орнынан қозғалмай тұр. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесіндегі серпін туралы айту әлі ерте. Қазақстанның дамуы туралы әңгіме қозғағанда билік үнемі Сингапурды мысал етеді. Мәселен, онда әрбір министрлік жеке бизнес корпорациясы ретінде жұмыс істейді. Кез келген министрлік бюджеттен бөлінген әрбір тиын үшін жауапты. Ал бізде миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, нәтиже мардымсыз. Есеп комитетінің мәліметінше, министрліктің бюджеттік және өзге де заңнамалар бо­йынша заңбұзушылығы 70 млрд. теңгеден астам. Ал медициналық ұйымдардағы хаттамалардың жартысынан астамы заманауи талаптарға мүлдем сәйкес келмейтін көрінеді. Сонымен қоса, өткен жылы мемлекет кепілдендірген тегін қызмет үшін дәрігерлердің ақша алған 179 фактісі тіркелген. 

Бір ғажабы, елімізде адам қателік жіберген сайын қызметі өсе түсетін сияқты. Дәл осындай жағдай дәрігер қателігіне де байланысты. Адам өліміне себепкер болған  кейбір ақ халаттылар қызметтерінен қуылудың орнына сол жұмыстарында ары қарай «адал» қызмет етіп жүре береді. Қатал тәртіп пен жүйеліліктің жоқтығы ведомство қызметінің тиімсіздігін арттырып отыр. Мысалы, Өскемендегі №1 қалалық ауруханадағы инфекциялық бөлімінің санитарлық жағдайы «адам өміріне қауіпті» болып танылған соң, бас дәрігерге сот шешімімен бар-жоғы 5 АЕК (шамамен 9 мың теңге) салынған. Ал Хромтауда науқастардан ақша алған үш аурухана басшысына жарты млн. теңгеге жуық айыппұл салынды. Бала өліміне себепкер болған Павлодар облысындағы дәрігер шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды… Мамандардың айтуынша, медицина саласында дәрігердің қателігін дәлелдеу мүмкін емес, сондықтан олардың көпшілігі қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Осы жағдай ауруханалардағы жауапсыздық пен немқұрайлықтың кең таралуына түрткі болып отыр. Мысалы, өткен жылы ақ халаттыларға қатысты қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс бойынша тек екі іске қатысты ғана сот шешімі шыққан. 

ПАЙДАДАН ШЫҒЫН КӨП, НӘТИЖЕДЕН ҚАТЕЛІК КӨП

Медициналық құрамның кәсібилігі де үлкен сұрақтар туындатады. Әсіресе, дәрігерлердің қызмет көрсетуі сын көтермейді. Өкінішке қарай, олар үшін баяғыда-ақ Гиппократқа берілген анттары ұмытылып, науқастар клиентке ауысқан. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, азаматтардың көпшілігі медициналық қызмет түрлеріне шағымданады. Сондықтан, барлық деңгейдегі медициналық қызметкерлердің қызмет көрсету сапасын жоғарылату мен жетілдіру шараларын қолға алу керек секілді.  

Сарапшылар салаға бөлініп жатқан қаражаттардың талан-таражға түсіп жатқанына алаңдаулы. Медициналық мекемелердің, құрылғылар мен техника сатып алуда бюджет миллиардтаған теңгеге шығынға бататыны құпия емес. БҰҰ-ның келтірген мәліметтеріне сәйкес, гепатитке қарсы дәріні басқа елдерге қарағанда үш есеге дейін қымбатқа дейін сатып алады екенбіз. Мысалы, Грузия оны 65 долларға сатып алса, Қазақстан оны 310 долларға алады. Бұл тек ресми  анықталған жайт. Осы себепті  ведомствоға ашықтық пен қоғамдық бақылау жетіспейді.

Денсаулық сақтау жүйесінде ең негізгі түйткілдер де шешілмеген. Мәселен, депутаттар мәжілісте Талдықорғандағы 120 адамды емдеуге арналған мекемеде 200 адамға дейін қаралғанын келтірген. Және бұндай фактілер еліміз бойынша әр аймақта кездеседі. Ауылдық жердегі жағдай тіптен төмен. Ауылдағы тапшылық қаржыландырудан емес, білікті дәрігерлердің жоқтығынан туындап отыр. Мысалы, 9 облыста құны миллиард теңге тұратын құрылғылар қаңырап тұр. Себеп – оларды қолданып, жұмыс істейтін адам жоқ.  Кадр жетіспеушілігі мамандық беделі мен оның тартымдылығының төмендігінен. Атышулы парақорлық оқиғалары, күнделікті шағымдар, әлбетте, дәрігер беделін биіктете қоймасы анық.

«Саламатты Қазақстан» бағдар­лама­сына 251 млрд бөлініп, ол бойынша әр адам қалаған дәрігерін таңдау, дәрі-дәрмекті қолжетімді бағамен алу, бағдарлама аясында тегін скринингтен өту, науқастар құқығын қорғау институтын қалыптастыру мүмкіндіктерін іске асыру жоспарланған. Осы тізімнің ішінде қайсысы орындалды және орындалуға жақын? Дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру туралы меморандум болғанымен, препараттарың құны қазір шамамен 10-20 пайызға астам жоғарылады. Сондықтан бағдарламада көзделген міндеттер орындалмай сәтсіздікке ұшырады деуге толық негіз бар. 

Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің орындалуы да созылып кетті. Ауруханаларда бәсекелестік деңгейін арттыру, дәрігер мен емхананы таңдау сынды мақсат-міндеттер қойылған еді. Бірақ, жағдай бірыңғай жүйе құрылмай тұрған кезден еш айырмасы жоқ. Ауыл-аймақта сол баяғынша бір аурухана, бір дәрігер, бір қызмет түрі. Қаладағы жағдай да айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Сондықтан, бұл жүйе дұрысталмай, қазақстандықтардың денсаулығы түзелмес.  

Диас БЕЙСЕНБЕК