Жаңалықтар

Қазақтар қалай демалып жүр?

ашық дереккөзі

Қазақтар қалай демалып жүр?

Міне, жаздың аптап ыстығының беті қайтып, жанға жайлы тамыз  айы да аяқталуға жақын қалды. Жазғы демалыс уақыты та аяқталуға жақын. «Біздің қазақстандықтар қай жерлерде және қалай дем алды екен?» деген сұрақ біразымызды қызықтыратыны белгілі. Еліміздің тұрғындарының басым көпшілігінің айтулы экзотикалық Мальдиви немесе Доминиканға баруға қалталары көтере бермейтіні мәлім.  Әдеттегідей ортақолды тынығушылар (орта есеппен жылына 40 000 жуық қазақстандықтар) Түркияның Анталья, Бодрум, Алания, Измир, Кемер, Белек секілді демалыс орындарын таңдайды екен. Базбір мәліметтерге құлақ ассақ, Қазақстаннан Түркияға баратын туристер саны жылдан-жылға 25-30 пайызға артып отырғанын байқаймыз. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын олардың саны 200-250 адамды құраса, соңғы жылы бұл 500 мың адамға жақындаған. Сөйтіп, Түркия туризімді дамытудың арқасында жыл сайын 30 миллион қонақтарды қабылдап, қызмет сапасын жақсартып, оны мемлекеттік табыстың негізгі көзіне айналдыра білді. Мұнда келген әрбір турист өздеріне көрсетілген қызмет үшін орта есеппен 1 мың доллар қалдыратын болса, туристердің арқасында 30 миллиард доллардың қаржысы жиналады екен. Бұл қай мемлекет болмасын аз қаржы емес! Мысалы, өткен 2013 жылы Түкияға келген туристер саны 32 миллионға жетіп, олардан түскен табыс 33 миллиард долларға жеткен. Алдағы кезде туризмді бұл ел одан әрі дамытуды мақсат етуде. Мысалы, 2015 жылға қарай туристер санын 60 миллионға жеткізуді межелеп отыр. Ал, 2023 жылы, яғни Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл толу қарсаңында бұл сан 100 миллионға жеткізілмек. Енді, ары қарай өзіңіз ойлана беріңіз…

Еліміздің тұрғындарының біразы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай, Шарджар аймағындағы теңіз жағаларындағы демалыс орындарына жол тартады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, үшінші орынды Шығыс Еуропадағы  Болгария, Чехия және Хорватия елдеріндегі курорттар мен демалыс аймақтары алады  екен.   Соңғы жылдары Испания, Италия, Тайланд, Вьетнам елдерінде демалатындар саны да өсе түсуде. Сөйтіп, базбір газеттердегі мәліметтерге сүйенсек, жылына шетелдің демалыс орындарында 200 мыңнан астам қазақстандықтар демалатын көрінеді. Ал, шағын топ көрші Қырғызстандағы Ыстықкөлді, Ресей мен Грузияның демалыс орындарын таңдайды. Еліміздегі Бурабай мен Зерендідегі, Алатау мен Алтай таулары бөктеріне орналасқан пансионаттар мен санаторияларында өткізетіндер де баршылық. Өкінішке қарай, еліміздегі баға жетпес табиғи байлығымыз – Алакөл мен Балқаш секілді көлдеріміздің жағажайларына барушылар саны әзірше көп деп айта алмаймыз. Өйткені оны халық білгенмен, оған барып-жету жол машақаты, ондағы қымбатшылық, инфрақұрылымдардағы кемшіліктер көптің көңілінен шыға бермейді. Мысал үшін қолда бар бірнеше мәліметтерге жүгінейік: Түркиядағы демалыс орындарына бару үшін жол қаражатын есептемегенде әр адамға орта есеппен 600 доллар қажет болса, Біріккен  Араб Эмиратына (Дубай, Шарджа) – 650 доллар, Чехияға (Карловы Вары, Марианске-Лазне) – 1000 доллар, Хорватияға (Истрия, Долмация) – 700 доллар, Болгарияға (Бургас, Варна, Алтын құм) – 600 доллар керек екен. Ал Алакөлге барып демалу үшін әр кісіге орташа 45 000 теңге қажет болса, оған автобустың жол ақысы 6 800 теңгені қосыңыз. Әрине, жер жаннаты атанған Бурабай аймағы туралы сөз басқа. Бурабайға әр демалушы 7000 теңгеден 155 000 теңгеге дейін  төлеуі тиіс. Айтушылар, онда демалу тым қымбат, кез келген кісінің қалтасына сай келмейтіні жайлы жыр қылып әңгімелейді. Яғни, еліміздегі қарапайым отбасы мұндай орындарға баруға қаржыны қайдан тапсын? Сондықтан басым көпшілік жазғы демалысын ауыл арасында өткізуге мәжбүр. 

Таяуда жолымыз түсіп, еліміздің Шығыс өңіріндегі ғалым-дәрігер профессор әріптестерім Серікжан Ботабаев пен Төлебай Рахыпбековтің шақыруымен Семей шаһарында болдық. Олардың ұсынысымен Алакөл жағалауында он күн демалуды ұйғардық.  Кейін білгеніміздей Семей мен  Алакөл арасы 720 шақырым жол екен. 

Жан-жағымыз қазақтың жазық Ұлы даласы. Үлкен жолдың бойында ауыл-село тіпті сирек. Олардың басым көпшілігі көзге қораш көрінеді. «Жол қадірін жүрген біледі» демекші, жиі жол жүретін Серікжан:

– Семейден негізгі Алматы – Өскемен тасжолына дейін 150 шақырым жол. Сол аралықты жөндейміз деп асфальттарын әр жерден ойып алып тастағанына 4-5 жылдың көлемі болды. Жол бойы шаң, тозаң, арық-атыз, сай-сала. Әзірше оның жөндеуі қашан аяқталатыны белгісіз болып тұр. Содан үлкен жолға жеткенше жүйкең әбден жұқарады. Жеңіл машиналарға тіптен обал болып тұр. Ал, Алматы – Өскемен  жолы да мәз емес, көп жері қырық-шұрық ойылып, тозып кеткен. Сондықтан адымыңды аштырмайды…  Жол жақсы болса Алакөлде демалысын өткізетіндер саны аз емес. Көл жағалауларын әлі де одан әрі абаттандырып, инфрақұрылымдарды дамыта түссе жарар еді. Сонда мұнда келушілер саны жаз бойы толастамас еді. Шет елге кеткен миллиондаған қаржы, еліміздің ішінде қалар еді. Ол қаржы экономикамызды одан әрі дамытып, жүздеген кісіні жұмыс орнымен қамтамасыз етер еді. Әттең, әзірше олай болмай тұр. Несін айтамыз, бұл бағытта ойланатын, іске асыратын мәселе аз емес… 

 Қазақтың белгілі мекені Аягөзді де артта қалдырып, үлкен жолдан бұрылып, Тастескен ауылы мен Үржар бағытымен келеміз. Бұл жерде де біраз жылдардан бері жөндеу жұмыстары қолға алынған екен, ойдым-ойдым шұқанақтар шаң-тозаң. Әйтсе де әр жерде әртүрлі техникалар мен жұмысшылыр еңбек етіп жатқаны көзге шалынады. 700-ден астам шақырымға жалғасқан ауыр жол күн бата бізді айтулы Алакөл жағасындағы Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай ауылы) елді мекенінің жанындағы демалыс аймағына жеткізді. «Жеттік пе, жетпедік пе?» деп сағатымызға қарадық. Жолға 10 сағатқа жуық уақытымыз кетіпті. Көл жағасындағы шағын қалашықта қанат жайған әртүрлі демалыс үйлері, пансионаттар мен коттедждер көз тартады. Әрине, олардың арасында ерекше көзге түсетіндері «Айгерім», «Керуен», «Алакөл арасан» секілді демалыс үйлері. Көзге қораш көрінетін үйлер де баршылық. Бірақ бір байқағанымыз, бұл қалашық негізгі жоспарсыз, ретсіз, ығы-жығы салынып жатқан қалашыққа ұқсайды. Әзірше тек екі негізгі көшеге асфальт төселген, басқалары шағыл тас төселген көшелер. Әлгі шаңы бұрқыраған көшелерден бір автокөлік жүрсе, сәл жел соқса шаң-тозаң көтеріліп, көрші аулаларды, ашық кафелер мен асханаларды шаң басып қалады екен.  Сондықтан жергілікті әкімшілік пен сәулетшілер қазірден бастап бұл қалашықтың одан әрі даму жоспарын ойластырып, тал-деректер отырғызып, көгеріштендіріп, гүлдер егіп,  абаттандырып, көшелерді ретке келтіргендері жөн деп ойлаймыз.

Тағы бір көңіл аударатын нәрсе, жатып орындар мен демалыс үйлері және пансионаттардың шамадан тыс қымбаттылығы.  Орта есеппен бір тәулікке әр демалушы 10 мың теңге жаратса, жақсы орындар үшін тәулігіне 25-40 мың теңге көлемінде қаражат керек екен.  Көл жағасындағы жағажайлар да көпшіліктің көңілін көншіте қоймайды. Халықаралық деңгейге жеткізу үшін әлі де талай еңбектену керек сияқты. Өйткені оның басында көлеңкелік шатырлар, жататын орындық-жатақтар, қоқыс пен кәкір-шүкірді салатын жәшіктер тіптен жоқ. Демалыс үйлерінің иелері ол мәселелерге әлі көңіл бөле қоймаған тәрізді. 

Біз болған демалыс аймағының бір ерекшілігі көл суының ерекше шипалық қасиеті екен. Ол (әсіресе Жарбұлақ аймағы) әртүрлі минералды тұздарға өте бай көрінеді. Сондықтан болар бұл жерде  Кеңестер заманында ғарышкерлер ұзақ сапардан кейін, өз-өздеріне келтіретін реабилитациялық сауықтыру үйі болыпты. Көпшіліктің айтуынша, Алаккөл суы адам организіміне жиналған радионуклейдтерді  қысқа мерзімде сыртқа шығарып, адам денсаулығына зиянды әсер ететін радиация мөлшерін  азайтатын қасиеті бар екен (әйтпесе КСРО-ның басқа аймақтарынан ғарышкерлерге арналған демалыс орны табылмады дегенге кім сенеді?!). Көлге демалушылардың арасында дерттеріне шипа іздеп келушілер аз емес екен. Мысалы, еліміздің орталық, шығыс, оңтүстік аймақтарды есепке алмағанда әртүрлі тері ауруларымен (экзема, псариаз және т.с.) ту сонау Мәскеуден, Новосібірден, Магаданнан, Омбыдан, Алтайдан келіп емделіп жатқандарын кездестіруге болады. Олардың кейбірі ондаған жылдар  бойы жаз айларындағы демалысын біздің шипалы көл жағасында өткізіп, суға шомылып, балшық-ылайға түсіп жүргеніне куә болдық. Соның арқасында тіпті, кейбірі содан құлан таза айығып кеткен көрінеді. 

Алакөл төңірегіндегі басты проблемалардың бірі жол мәселесі екенін мақала басында айтып өттік. Алматы мен Астанадан 900 шақырым, Өскемен және Семейден 700 шақырым жол жүру кімге болса да жеңіл емес. Оның үстіне тегіс жол болса бір сәрі, ойдым-ойдым жолмен жеткенше сілікпең шығары тағы белгілі.  Мысалы, Семейден Алакөлге автобус 16-17 сағат жүрсе, Алматыдан 20 сағатқа жуық уақыт керек екен. Жаз айларында Алакөлден 120 км қашықтықта орналасқан Ұржар селосына Алматыдан күнара ұшақ қатынасы бар дегенді де құлағымыз шалды. Қалай болса да, әзірше шипалы көл жағасына жету мәселесі толық шешімін тапты дей алмаймыз. Жолдың ауырлығы, көл жағасындағы халыққа қажетті жағдайлардың  шешілмеген кейбір түйткілдері әлі шаш-етектен. 

Сандаған ой санамызды әр жаққа жетелейді. Еліміздің Алакөл, Балқаш, Бұхтырма, Зайсан, Сабындыкөл және де басқа табиғатты әсем орындардың шипалы жағажайлары әлі күнге дейін демалушыларды өзіне тартпай келе жатпауына не себеп?  Туристік, демалыс орындарындағы инфрақұрылымдарды дамыту ісінен біздің инвесторлар неге бойын аулақ ұстайды?  Ішкі туризм жанданып, жалпы халық оның рахатына қашан бөленер екен, шіркін?!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург 

Тараз – Семей – Алакөл – Тараз