Жаңалықтар

Тамыз конференциясы. Алматыдағы білім саласы қай деңгейде?

ашық дереккөзі

Тамыз конференциясы. Алматыдағы білім саласы қай деңгейде?

Еліміздің барлық қалаларында жыл сайын ұйымдастырылатын білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтіп жатыр. 20 тамызда Алматы қаласында өткен конференцияға қала әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және өзге де білім қызметкерлері қатысты. 

Жас өнертапқыштардың “Болашақ балалардың қолында” атты көрмесін тамашалаудан басталған кеңестің ресми бөлімін Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева бастады. Рахат Сейдахметқызы Алматы қаласындағы білім мекемелері мен онда оқып жатқан оқушылар туралы статистикалық мәліметтерді ұсынды. Қазіргі білім саласындағы басты мақсат – мектептердің барлығын Н.Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейіне көтеру. Ол үшін мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру бірінші орынға қойылып отыр. Алматыда балабақша тапшылығы да жыл сайын кеміп жатқандығын қуана жеткізді. Қалалық білім басшысының сөзіне сенсек, Алматыдағы білім саласы даму үстінде. Және сол үшін барлық жағдай жасалғандығын да тілге тиек етті.

Ал қала әкімі Ахметжан Есімов өз кезегінде Алматыдағы мектептер санының жетіспейтіндігін алға тартты. Жақында Алматыға тағы бір мөлтек ауданның қосылуына байланысты мектептердің жеткіліксіздігі кәдімгідей сезіле бастаған. Дегенмен бұл мәселені Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып шешетіндігін айтып сендірді Есімов мырза. 

Кеңесте қозғалған тағы бір мәселе оқулықтар жайында болды. Биылғы жылы оқулықтар үшін жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл тамыз кеңесінде айтылған жағымды жаңалықтардың бірі болды.

Алматылық білім саласының қызметкерлерін көбірек алаңдатқан ұстаздардың жалақысы екен. 50-60 мың теңге көлемінде ғана жалақы алатын ұстаздардың айлық табысын арттыру туралы ұсыныс бірінші рет жасалып отырған жоқ. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов балабақша тәрбиешілерінің де жалақысын арттыру туралы ұсыныс жасады. 

Дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысқан бас кейіпкерлердің (Аслан Сәрінжіпов, Ахметжан Есімов) мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде баяндама жасағаны орынсыз болғанын да жасыра алмаймыз.

Жиын соңында білім саласының жылдық қорытындысы жасалып, үздік деп танылған қызметкерлер марапатталды.