ҰЛТТЫ ҚОРЛАУ
ҰЛТТЫ ҚОРЛАУ
Ұлттың ұлдарын қорлап, өздерінің жеке бастарының мақсаттарына қолданатындар Атазаңнан, ұлттың наразылығынан қалай қорықпайды? Бұл оңай олжаны көздеген әрекет пе, әлде арандатушылық па? Құзырлы органдар тарапынан қабылданатын шара мен тағайындалатын жаза қандай болмақ?
Күні кеше ғана Ұлы Абайдың ескерткішін қортық қылып, ұлттық намысымызға біраз тиіп еді базбіреулер. Енді Күй атасы – Құрманғазыны Пушкинмен сүйістіріп масқара қылды. Алматыда орналасқан «Студия 69» деген гей клубты жарнамалау, сондай-ақ, еліміздегі қызтекелер құқын қорғайтын ЛГБТ қауымдастығын насихаттау мақсатында түсірілген осы сурет әлеуметтік желілерге кеңінен таралуда. Сорақы жарнамасымақты дайындаған «HavasWorldwideKazakhstan» дизайн студиясы көрінеді.
Екі ұлттың ұлы тұлғаларын сүйістіріп», ортасына екі садақ оғы қадалған жүректі салғандар өздерінің осы «еңбегін» мақтан тұтатындарын да жасырмаған. Ұлттың ұлына айналған Құрманғазыны ғана емес, тұтас бір ұлтты, Қазақты қорлаған жетесіздерге құзырлы органдар тарапынан тыйым салынуы тиіс. Осы мақсатта, әлеуметтік желілер арқылы бір біріне үндеу тастаған қандастар Құрманғазының ұрпақтарын табуды және құзырлы органдарға шағымданып, әлгі гей клуб пен оның жарнамасын жасағандарды сотқа беруге бекініп отыр.
Жалпы, осындай әрекеттер соңғы кездері неге тым жиілеп кетті? Қоғамдық пікірден, азаматтардың наразылығы мен қарсылығынан қорықпайтындардың көздегені не? Оңай олжа табу ма, әлде ел ішіне іріткі салып, арандату ма? Бәлкім, ұлттық намыс пен жалған намыстың аражігін ажырата алмай қалатындығымыз себеп шығар осындай бассыздықтарға? Патриоттық сезімді күшейту, ел мен жерді, ұлт пен Отанды сүюді қалай сіңіреміз өскелең ұрпақтың бойына? Ұлттық идеология неге ақсап қалған? Өкініштісі сол, мемлекеттік және ұлттық идеологияға қатысты қабылданған шешімдер көп. Тек солар қағаз жүзінде қалып келеді. Тәуелсіздік алған 23 жылдың ішінде «ҰЛТТЫҚ НАМЫС» деген ұғым талайдың көңіліне жат.