Жаңалықтар

Төрелік Минскідегі Тәуелсіздік сарайында айтылды

ашық дереккөзі

Төрелік Минскідегі Тәуелсіздік сарайында айтылды

 Украина мен Ресей арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынас бүтіндей бір халықты берекесінен айырып, екі оттың ортасында қалдырды. Көршілес екі славян елдерінің ушыққан қарым-қатынасын түбегейлі шешіп, төрелік айтатын кез жетті. 

Минскінің Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Украина лидері Петр Порошенко, Беларусь көсемі Александр Лукашенко және Еуропалық одақтың өкілдері бас қосты.

Бұл басқосуды басшылардың ұзақ күткені баршаға мәлім. Тараптарды татуластыратын жиын өткізу туралы бұған дейін бірнеше рет көтерілді. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік орнату туралы табанды ұсынысы мемлекет басшыларын Минск төріне жинады. Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, Еуропалық одақтың энергетика мәселелері бойынша жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Гюнтер Эттингер және Еуропалық одақтың сауда мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Карел де Гюхт қатысты.

Кедендік одақ пен Украина ықпалдастығы, Еуроодақ ассоциациясы мен Украинаның оңтүстік шығысындағы шиеленісті шешу кездесу уақытын әдеттегіден ұзарта түсті. Мемлекет басшылары кездесуден кейінгі брифингті жарым түнде өткізді десе де болады. Кездесудің басты себепшісіне айналған Елбасымыз: «Бұған дейін ха­лық­аралық деңгейде тараптар­ды жақындастыру бойынша көпте­ген келіссөздер жүргізілді. Жене­вадағы, Берлиндегі министрліктер деңгейіндегі және басқа да келіссөздер Украинадағы жағдайды реттеуге ықпал етеді деп ойлаймыз. Сондықтан біз бүгінгі күнге дейін қол жет­кізген оң үдерістерді сақ­та­уымыз керек. Украинадағы жағ­дай осы елдің ауқымынан әлдеқа­шан шығып кетті. Қазіргі таңда бұл халықаралық сипатқа ие болуда. Бүкіл әлем осы жағдайға назар аударып, жіті қадағалап отыр. Бұл жалпы алғанда, бүкіл дү­ние­жүзі үшін аса қауіпті», – деді.

Бұл кездесудің басты қонағы Владимир Путин өз сөзін Кремль саясатынан бастады. Ресейдің  кез келген ха­лықтың, кез келген мем­лекеттің тәуелсіз таңдауын құр­меттеген, әлі де құрметтейтінін айта келе, екі ел экономикасының өзара тығыз байланыста екенін ескертті. Путин мырза өз алаңдаушылығын жасырмай, төтесінен тартты.

–  Украинаның Еуропалық одақпен ассоциация жөніндегі келісімі іс жүзінде жүзеге асса, бұрынғыдай ынтымақтастық сақтала ма? Бұл Кедендік одақ елдерімен арадағы ықпалдастыққа қаншалықты әсер етуі мүмкін? Украина нарығының есігі біздің елдеріміздің тауарларына келгенде жабылып қалмай ма? Бұл елдер арасындағы бұған дейінгі қалыптасқан жағдайларға сөзсіз әсер етеді. Бұл – Украина нарығына еуропалық тауарлар көптеп ағылады деген сөз. Бәсекелестікке төтеп бере алмаған украиналық тауар ең бірінші кезекте осы елдің өз нарығынан ысырылып шығарылады да, біздің елдерімізге, ең алдымен, Ресейге ағылады. Сондықтан, міне, осындай мәселелерді ашық талқылап, оған айрықша назар аударуымыз керек, – деді Путин мырза. Іле-шала Еурокомиссарлар «арбаны да сындырмай, өгізді өлтірмей-ақ» жол табуға болатынын айтты.

Ресейге салынған санкциялардың себепшісі –Украина шиеленісі екені анық. Сондықтан Украинаны қалай да уысынан шығарып алмаудың қамы жасалып жатқан сияқты. Украина – ТМД-дағы тығыз инте­гра­ция­лан­ған экономикалық кеңіс­тік. Кеден одағы елдері Украинаның жетекші сауда-экономикалық әріптесі болып саналады. Мәселен, 2013 жылы Ресей мен Украина арасындағы сау­да айналымы 50 млрд.  долларды құраған. Ал биыл Кеден одағы нарығындағы Украина экспортының көлемі 30 пайызға жеткен.

Төрелігін айтып, тараптарды татуластыру Минскіде өткізілгендіктен, Украина президенті Петр Порошенко Беларусь президенті Александр Лукошенкоға алғысын айтты. Сондай-ақ қантөгісті тоқтату украин халқы үшін ең маңызды дүние екенін жеткізді. «Мен бұл кездесу аясында барлық тараптар­­­дың қандай да бір кемшіліктер мен қиындықтарды алға тартып, өзара кінәласуы дұ­рыс емес деп ойлаймын. Керісін­ше, біз өзара түсіністікке қол жет­кі­зуіміз керек. Ең басты мәселе – кез келген елдің тәуелсіз­­дігі мен шек­арасының біртұтасты­ғын құр­меттеу. Бұл әсіресе Украина­ға қатысты. Осы жиын­ға қатысушылар Украина­ның тәуелсіздігіне күмән келтір­мейді деп ойлаймын. Демек оның халқының өзінің бүгініне және болашағына таңдау жасауына толықтай құқы бар. Өкінішке қарай, жан­түршігерлік оқиғалар орын алды. Бұл XXI ғасырда жол беруге болмайтын жағдайлар. Сондықтан, менің Минскіге келудегі көздеген мақсатым – қантөгісті тоқтату. Қиын және күрделі болса да, сая­си келісімге қол жеткізу», – деді Порошенко мырза.

Кездесу соңында журналистерге арналған брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен тараптар келісімге келіп, барлық мәселені шешуі үшін бар күшімді салдым. Кез келген соғыс, тіпті, әлемдік соғыстар да әрқашан келіссөздермен аяқталған, сондықтан, тараптар ымыраға келуі тиіс, ымыра деген – бір-біріне жол беру. Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Петр Порошенконың жеке кездесуі – біздің бүгінгі кездесуіміздің басты, негізгі нәтижесі. Өйткені алты ай бойғы соғыс кезінде олар бір-бірімен кездескен емес, бір-бірімен тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сөйлесті. Мен бұл кездесуді өте маңызды деп есептеймін”, – деді.

Маңызды кездесуден бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Петр Порошенкомен кездесу өткізіп, оның Ресей президентімен келіссөзге келуі маңызды мәселе екенін қадап айтқан болатын. Сонымен қатар Елбасы Донбасс пен Луганскінің зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек беру мәселесін көтерді. «Онда ғимараттар қирап қалған, қыс таяп қалды. Луганскіде электр орталықтары, құбыр жүйелері бұзылған. Қыс қатты болады деген болжам бар, халыққа қарапайым заттар жетіспей жатыр: дәрі-дәрмек, азық-түлік. Сондықтан бұл аймақтарға гуманитарлық көмек қажет, Қазақстан бұған атсалысуға дайын. Мен гуманитарлық жүкті жеткізу кезінде өңірде бітімгершілік орнатуды және бұл көмекке Ресей ғана емес, басқа елдер де қатыса алуы үшін арнайы дәліз жасауды ұсындым. Біз бұл тақырыпқа салмақты түрде сөйлестік”, – деді Президент.

Ал тәуелсіз сарапшылар Кедендік одақ пен Еуроодақ елдері үміт артқан кездесудің еш нәтиже бермейтінін айтуда. Себебі Путин Ресей әскерінің украин шекарасына енгенін мойындаған жоқ, олай болса, келіссөз жүргізу мүмкін бе деген сауал тастауда. Ең бастысы, Қырым түбегінің мәселесі біржола шешілмей, Донбасстағы соғыс тоқтатылмайтынын айтушылардың сөзінде үлкен мән бар. Украинада бейбітшілік орнатуды қалайтын әлем елдері Қырымның тәуелсіздігін мойындауға құлықты ма? Егер де осындай жағдай туа қалса, Луганск пен Донбасс шиеленісі бір-ақ күнде тыйылар ма еді?!