Жаңалықтар

АТА ЗАҢ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

ашық дереккөзі

АТА ЗАҢ – САПАЛЫ БІЛІМ КЕПІЛІ

Әлемдегі кез келген елдің, мемлекеттің ұстанатын, бағынатын заңы болады. Оны Конституция деп атайды. 

Біз «Ата заң» деп атаймыз. Кейбір мұсылман монархиялық араб елдерінде Конституцияның орнына қасиетті Құран сөздерін басшылыққа алады.

Конституция латынша «орнату» деген мағынаны береді. Ол кез келген елдің мемлекеттік және қоғамдық құрылысының ұстанымдары мен негізгі тұжырымдарын, аза­маттарының құқы мен міндеттерін анықтайтын негізгі құжат.

Ата заңға байланысты басқа заңдар мен заңнамалар жасалынады. 

Мысалы, ата заңымыздың 30-бабында «Азаматтар мемлекеттік оқу орнында тегін орта білім  алуына кепілдік беріледі, орта білім алу міндетті» деп атап көрсетілген.

Қазақ ерте кезден ел болып қалыптасқаннан бері заң аясында тіршілік етіп келеді. Тарихымызға көз жіберсек,  ұлт болып қалып­тасқаннан бастап ханның маңайында «Хан кеңесі» болды. Ол кеңестің заң шығару, сот билігін жүргізу құқы болғаны белгілі. Бертін келе хатқа түскен «Қасымханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» жасалынып, Күлтөбенің басында кеңес өткізіп отырған.

Бұл қазақ хандығының тарихи әлеуметтік-экономикалық және сая­си жағдайының туындысы болды. Қазақ хандығының заңдары «Жарғы» деп аталады. Бұл – «әділ жару», «әділ айыру», «әділ айту» деген мағынаны білдіретін болу керек. Қазақ хандығы заңдарының түп-төркіні қазақ халқында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген әдет-ғұрыптың ережелерінен шыққан.

Тәуелсіздік алуымызға байланыс­ты 1995 жылы 30 тамызда ҚР Конс­титуциясы бекітілді.

Ата  заң Қазақ деген халық бар екенін, ол ұлттың Қазақстан деген мемлекеттігін, елдігін паш ететін заңдық құжат. Ата заңымыз адам өмірін, бостандығын мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп біледі. Сөз бостандығы, меншік иесі, білім алу, дем алу, денсаулығын сақтау тәрізді адам баласына қажетті әрекеттерге құқылы екенін көрсетеді.

Ата заң еліміздегі қоғамдық та­тулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін эко­номикалық даму, қазақстандық патри­отизм қалыптастыру үрдістерін сақтайды.

Ата заңдағы бағыт-бағдарды іске асыру барысында ҚР-ның дамуы жақсы жолға салынды. Оның айғағы, Қазақстан халқының сауаттылығы Орта Азия мемлекеттері арасында 1-орында, яғни 99,6%,  ЮНЕС­­КО­­­ тарапынан зерттелінетін «Адам даму» индексі бар. Осы беделді ұйым жер бетінде барлық ұлт, ұлыс тайпалардың жеке дамуын зерттейді. Оның критерийлері:

Жан басына шаққандағы өнді­рістің ішкі өнімі;

Адам өмірінің ұзақтығы;

Білім беру индексі;

Ұлттағы талантты, дарынды адамдар т.б.

Осы көрсеткіш бойынша Қазақ халқы әлемдегі 6000 ұлт пен ұлыстардың арасынан 80 орынды иеленеді. Бұл, әрине, өте жақсы көрсеткіш. Осы жетістіктердің түп негізі Ата заңымызда жатқаны анық. 

Кез келген елдің білім беру жүйесін дұрыс жолға қоймаса, ол елдің экономикалық өсуі де болмайтындығы белгілі. Бұл біздің Ата-заңымызда атап көрсетілген. Соған байланысты соңғы кезде білім саласына зор көлемде қаржы бөлініп жатқаны белгілі және түбегейлі өзгерістер баршылық. Атап айтсақ, 2011 жылдан бері «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заңнамалық деңгейде академиялық еркіндік және дербестік беретін басқарудың ерекше түрі өмірге келді.

2020 жылға дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» (НЗМ) – дербес білім беру ұйымының даму стратегиясында білім беру модельдерін халықаралық стандарттарға сәй­кес жүргізу қарастырылған. Страте­гиялық әріптес Кембридж универ­ситетінің «Халықаралық емтихан кеңесімен» бірлесіп жаратылыстану – математикалық бағыттағы эксперименталдық кіріктірілген білім беру бағдарламасы әзірленді. Негізгі және жоғары мектеп бағдарламалары Халықаралық бакалавриат ұйымының принциптері мен философиясына сәйкес іске асырылады.

Білім берудің инновациялық және көптілді моделін құру (НЗМ) желісін кеңейту арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда елімізде 10-нан аса Назарбаев зияткерлік мектебі жұмыс істейді, болашақта 20 мектепке жеткізу көзделіп отыр. Әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің стратегиялық мәселелерінің бірі 12 жылдық білім беру моделіне көшу болып табылады. Осы мәселені тиянақты анықтау үшін 11 эксперименттік мектеп жұмыс істеуде. Жоспар бойынша 2015-16 оқу жылында 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу белгіленген.

Қазақстан елі Лиссабон конвенциясына қол қойған мемлекет болғандықтан 12 жылдық білім  жүйесіне көшу міндетті болып табылады. Себебі, бүкіл әлемдік орта білім беру 12 немесе кейбір Европа елдерінде 13 жыл болып есептелінеді.

Бүгінгі таңда білім саласында «Адам капиталы» деген ұғым ендірілген. Оның негізінде адам өзінің еңбегін, шеберлігін, машығын капиталға айналдыру жатыр. 

Адам капиталы 4 қабілетке байланысты:

Өмір сүре білу қабілеті;

Жұмыс жасау (ақша табу);

Инновациялық қабілет;

Үйренуге қабілеттілік.

Бүгінгі таңда дамыған елдерде адам капиталы 75 пайыз, ал бізде 21 пайыз болып есептелінеді. Жалпы қоғамды алға сүйрейтін 4 локомотив болса, соның бірі білім беру үрдісі: 

Білім;

Ғылым;

Өнер;

Мәдениет.

Бұлар адам капиталы арқылы іске асады. Адам капиталын тиімді пайдалану үшін оның білімі, кәсіби шеберлігі және жасаған жұмысының сапасы дұрыс болу керек.

Оқыту үрдісінің қазіргі заманғы міндеті заманауи ақпараттық технологиясын пайдалану. Олар:

Қазіргі заманғы компьютерлік техника;

Телекоммуникациялық байланыс техникалары;

Интерактивті әдістемелік бағдар­ламалар;

Қазіргі заманғы оқытудың инновациялық технологиялары.

Сонымен бірге Жапон елі тәрізді ұлттық құндылық, ұлттық салт-дәстүрлерімізді қазіргі заманға сай мультимедиялық техникалармен өрнектеу. Ұлттық білім мен тәрбие берудің негізгі мақсаты – жастарды ментальды (қоршаған ортаны ақыл-оймен қабылдау), тазалыққа, өз еліне, халқына адал қызмет етуге, ұлттық құндылық пен байлықты игеруге, өз ұлтын сүюге  тәрбиелеу. Ұлттық тәрбие мен халық мұрасы елімізді, қоғамды гүлдендіруге қажетті құрал. Осы аталынған жайттардың барлығы да  Ата заңымызда атап көрсетілген.

ҚР білім саласындағы қазіргі өзгеріс мектептегі пәндерді ТІМSS және PISA Халықаралық салыс­тырмалы зерттеу орталықтарының нұсқаулығына сай оқыту үрдісі болып табылады. 

Осы бағыт бойынша біздің Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты біліктілік курстарын өткізуді бастады. Білім беру үрдісін әлемдік кеңістікке шығару мақсатында үкімет 2012-2050 жыл арасында 160 млрд. инвестиция тартқаны белгілі.

Алайда осыншама мол қаржы діттеген жеріне түгел жете қоюы екіталай. Күдік көп. Соңғы 5-6 жыл көлеміндегі білім министрлігінің және оның орынбасарларының бөлінген қаржыны талан-таражға салып, алды істі болып, кейбіреуі орнынан алынғанына куәміз.

Дүйсенбі  Шардарбеков, 

педагогика ғылымдарының

кандидаты, доцент