Жаңалықтар

ТӘЛІМГЕРДІ ТҰҚЫРТҚАН ТӘЖІРИБЕЛІК РЕФОРМАЛАР

ашық дереккөзі

ТӘЛІМГЕРДІ ТҰҚЫРТҚАН ТӘЖІРИБЕЛІК РЕФОРМАЛАР

Елімізде кезінде қабылданып, кейіннен керексіз боп қалған, қайнауы шала реформалардың кесірі енді тиюде. Әсіресе, асығыс заңнамалар білім саласында жиі кездесетін келеңсіздікке айналған. 2009 жылы кейбір мамандықтар бойынша магистратура бір жылға қысқартылып, тәжірибе жүзінде енгізіле бастады. Сол жылы университетті тәмамдап, ғылымға бет бұрған бірқатар жастар магистратура грантын иеленгенде осы дипломның өздеріне кесірі тиетінін білген жоқ еді. 

Бүгінде сол дипломның пайдасы болмаса да, зияны жоқ деп келген сол кездегі магистрлер қандай білім алғанына енді көздері жеткендей. Себебі бір жылдық магистратура ЖОО-да сабақ беруге мүмкіндік бермейді, қайта магистратура оқуға да есік жабық, білімін жалғастырып PhD докторантураға тапсыруға да жарамсыз. Екі ортада ешкімге қажетсіз дипломның иесі ғылым магистрі де болмай шығады. Дәп осы критерийлер бойынша «Болашақ» бағдарламасы да құжат қабылдамайды. Олай болса министрлік бұл тәжірибені енгізуге неге асықты? 

Осындай тәжірибеге тап болып, екі ортада қыжалат болған «жар­тылай магистрлердің» бірі Елнұр Әлімова Қазақстан Республи­касы Президентінің «Болашақ» ха­лықаралық бағдарламасына қатыс­қысы келгенмен, дипломы ешқандай мүм­кіндік бермей тұр. «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Білім және ғылым министрлігіне жолдаған хатында былай дейді: «Бұл арманымның орындалуына кедергі келтіріп отырған бір жайт бар болып шықты. Ол – «Болашақ» бойынша магистратура бағдарламасына бұған дейін магистратураны оқымаған азаматтар қатысуға құқылы деген ереженің алдымызды орауы. Ал мен 2010 жылы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің магистратурасын тәмамдағанмын. Бірақ… иә, бірақ магистрант деген дәрежем болмаса, бұл диплом еш жерге жарамсыз-тын. Себебі, бізге бір жылдық магис­тратура бағдарламасын оқытқан болатын». Елнұрдың айтуынша, 2009 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін журналистика мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Дәл сол жылы осы жоғары оқу орнының журналистика факультетінің магистратурасына мемлекеттік грант негізінде түседі. Ол кезде аталмыш факультет магистратурасына 13 білім гранты бөлінген екен. «Қыркүйек айында оқуға келгенімізде қазақ бөліміне түскен 9 магистрант тек бір жылдық білім грантына ие болғанын, ал екі жылдық бағдарламаның 4 гранты орыс бөліміне берілгенін білдік. Факультет басшылығы оқуға қабылдар алдында құжат тапсырушыларға сол жылы бір жылдық және екі жылдық магистрлік бағдарлама бар екенін ескертпеді. Құжаттардың барлығын жалпы байқауға қабылдады да артынша гранттарды өз қалауларынша бөле салды. Тіпті, байқау кезінде жинаған баллдарымызға қараған да жоқ. Сол кез­дегі факультет деканы Ғалия Ыбраеваға шағым айтқанымызда: «Қайта қазақ бөліміне көбірек грант берге­німізге рахмет айтыңдар», – деген­ жауап алдық. Өкініштісі, бұл саны бар, сапасы жоқ білім гранты болып шықты», – дейді. 

Білім министрлігінің қиянатына ұшыраған тәлімгер жалғыз ол емес. Сол жылы оқуды тәмамдап, қолдарына алған құжаттары – «журналистика бойынша білім магистрі» деп жазылған диплом. Ал екі жылдық магистратураны бітірген түлектердің дипломында «журналистика бойынша ғылым магистрі» деп жазылады. 

– Ойлаңыздаршы, магистратура бағдарла­ма­сының өзі алдағы уақытта ғылыммен айналысуға жол ашатын мүмкіндік емес пе? Бұлай болмаса магистратураның қажеті не? Министрлік дәл сол жылы дипломы еш жерге жарамсыз шикі, дүбәра магистранттарды не үшін дайындады?

Сонымен, бұл құжат кәдеге жа­ра­маған күйі үйде жатты. Жатса жатсын, бірақ ол маған кесірін тигізеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді.

Енді міне, хабарландырудағы тәртіп бойынша ағылшын тілінен IELTS емтиханын тапсырып, тиісті балл жинап болған соң, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орта­лы­ғының құжат қабылдау және байқауды ұйымдастыру бөліміне телефон шалғанымда: «Магистрлік дәрежесі бар үміткерлер «Болашақ» бойынша магистратураға тапсыра алмайды» деген жауап естідім. Құжаттарды қабылдау мен байқауды ұйымдастыру бөлімі: «Phd бағдарламасы бойынша бағыңды сынап көр» деп ұсыныс айтты. Шетелдік университеттердің Phd бағдарламасына өз бетіммен түсе алатыныма сенемін, алайда ол үшін толыққанды магистратура дип­ломы қажет екені түсінікті. Мен бір жылдық мына магистратура дипломыммен шетелдікі түгілі, ел ішіндегі жоғары оқу орындарының Phd бағдарламасына да тапсыра алмаймын, – дейді Елнұр Әлімова. 

Тығырыққа тірелгендіктен, министрге хат жолдаған. Себебі кінә министрліктің асығыс шешімінен. Елнұр Әлімованың талабы біреу – «Болашақ» халықаралық бағдарламасына магистратура санаты бойынша қатысуға рұқсат алу. Тиісті өтініштері «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Ғани Нығметов пен оның үш орынбасарына 20 тамыз күні электронды пошта арқылы жолданған. 27 тамыз күні Халықаралық бағдарламалар орталығынан мынандай екіұшты жауап келген: «Болашақ» стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәрежені (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) алғаш рет алу, резидентурада алғаш рет оқу үшін бір рет тағайындалады. Конкурсқа қатысуға жоғары арнаулы білімі, бакалавр дәрежесі немесе осы қағидалардың шарттары мен талаптарына сәйкес құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі. Бұған қоса, қағидаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Осы өзгерістерге сәйкес «Болашақ» стипендиясы үміткерде осы дәреженің болуы немесе болмауына қарамастан дәреже алу (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) үшін бір рет тағайындалатын болады».

Бұл жауапқа түсінбестік танытып отырған Е.Әлімова: «Сонда қағидаларға өзгеріс енгізілуі үшін әлі қанша уақыт күтуім керек? Дипломым жарамсыз болғандықтан, мен тәрізді Білім және ғылым министрлігінің кезекті «тәжірибесінің» торына түскен дүбәра магистранттар үшін әлгі шектеуді неге қазір алып тастауға болмайды? Біздің санымыз көп те емес қой», – дейді.

Сондай-ақ, бұл кедергіге Білім және ғылым министрлігінің білім саласында жасаған кезекті бір реформасының салдарына тап болғандықтан, аталмыш ведомство басшысы Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповтің жеке блогына да хат жазған. Алайда ол министрдің блогына әзірге жарияланған жоқ.

«Бұл Білім және ғылым минис­тр­лігіндегі бітпейтін, таусылмайтын рефор­маның кесірі. Мен және мен сияқтылар міне, сол таусылмайтын «тәжірибенің» торына түсіп отырмыз», – дейді Елнұр. 

Ұлттық тестілеудің жүргізіл­ге­ніне биыл 10 жыл. Алдағы жылдары осы тестілеудің алынып, емтихан қабылданатыны жиі айтылып жүр. Егер министрліктің реформалары уақытша ғана өмір сүрсе, оларды қабылдаудың қажеті қанша? Ал бар-жоғы бір-екі жыл өмір сүрген бір жылдық магистратураның жемісінен гөрі, кесірі алда талайды тығырыққа тірейтіні белгілі болып отыр. 

Ақниет ОСПАНБАЙ