Той бизнес кімдердің қалтасын қалыңдатып жүр?
Той бизнес кімдердің қалтасын қалыңдатып жүр?
Бір келер жазын той-думансыз өткермейтін қазақ
бар тапқан-таянғанын тойға шашып, азар да безер болады-ау. Тойдың боладысын жыр
қылған бүгінгі тойшыл қауымның жөн-жоралғылары мен кәделері де заманауи стильге
икемделіп келеді. Алмағайыптар мен замандар тоғысының қақтығысынан туған:
«Дәстүрің де озығы бар тозығы бар» дейтін мына мәтел салтымызда орын алған
олқылықтарды ақтап тұрған сияқты.
Естімеген елде көп, кейінгі уақыттарда алып
қашқан қыз әке-шешесіне кешірімге келіп, артынша «Қыз ұзату» жасай беретін
болған. Той жасау – осылайша қисынды, қисынсыз парызға айналған. Я болмаса
әйтеуір бір ақтарылуға тиісті іс. Осы сынды бұрала тартқан той әурелесі
бәсекелестікке бой алдырып, бардың малын шашып, жоқтың берекетін қашырып тұрған
жайы бар.
Торқалы тойлардың да күн санап жаңғырған жаңалығы
мен уақытына сай сәні келісіп отырады. Мысалы, жас келіннің бетін ашқан асаба
«Беташарда» түскен қаражатты қағып-сілкіп өзі алып жатады. Өткеннің
той-домалағында да, сөз бастаушы болмады емес, заманында бағалы саналған қасқыр
ішік, түлкі тымақ арнайы бет ашқан сері жігіттің мойынына ілінетін. Қазір
қалтаға басар көк қағазсыз, асабаның арқасына шапан жауып құтыла алмайтыныңыз
анық.
Орта деңгейдегі сәні мен салтанаты келіскен той өткеру үшін біршама
қаражат кетеді. Әсіресе, екі тізгін бір шылбырды қолға алып, бастан аяқ тойдың
айнасына айналатын асабалар қауымы той бизнестің белін буып, көзін тапқан.Той
иесінің бар жинағанын опырып әкететіндердің басты тізімінде асаба тұрады десек,
екіншісі,дүйім жұртқа дүркіреген той жасағанда, оның атын атақтылар келіп
асқақтатпаса тағы болмайды. Әншілердің қауырт қызған жұмысы да тойдың тірлігімен
сабақтас. Тойда ақ тер көк терге түсетін әншілер де, той иесінің бірталай
қалтасын қағады. Қалай десек те, біз секілді тойшыл қауымның дүркіреп той
өткізбесе, көңілі көншімейтіндігі қанға сіңген қасиетке айналғалы қашан.
Қалай бұра тартсақ та, бүгінгінің ақиқаты айналып
келгенде көк қағазға келіп тірелетіндігімен барлық мәселе шешімін табады.
Тойдың заңдылығында да бар бұл мәселе. Жылына 200 той болса, соның жартысы
«тегін той» деп саналатын әншілер мен асабалардың көрер пайдасы қанша көк
қағазды құрайды? Той бизнес кімдердің қалтасын қалындатып жүр? Жағдайын жақсарту
үшін тоймен айналысу әдетке айналған ба? Бұл турасында тойға тікелей қатысы бар
әншілер мен асабалардың өз аузынан естігенді жөн санадық.
Әнші, Өмірқұл Айниязов:
– Осы
жазда да той өте көп болды. Өз басым басқа қалаларға көр бара бермеймін. Ал,
Алматы қаласында күніне 4-5 тойға кіріп, көркін қыздыруға тура келеді. Шындығы
сол, концерт қойып ақша тапқаннан, тойға барып ақша тапқан жеңіл әрі ұтымды.
Қаражаты да екеуімен салыстырғандай емес. Қалтамның қалыңдығы тойдан қаншалықты
қалыңдағандығын айтпай-ақ қояиын, десе де, көңілімнен шығады. Негізінде
әншілерге тойдың сұранысы жоғары.
Жазушы, ақын, асаба, Бейбіт Сарыбай:
– Той басқаратыным анық.
Табыс көзім екені де рас. Бірақ басты табыс көзім деп айта алмас едім. Тойсыз да
күн көруге болады. Және сол тойдың өзімен-ақ, басқа жұмыс істемей күн көруге болады. Онда
неге жұмыс істеймін. Өйткені, өмір бойы тамада болмасымыз анық.
Сондықтан адам қатарында болуым керек. Тамада деген абыройлы ат емес. Мақтанатын кәсіп
те емес. Сондықтан жұмыс жасаймын, адамдық істермен айналысамын. Ал,
жағдай жасау дегенге келсек, білмеймін қаншалықты жағдай жасағанымды. Солқоңыртірлік. Жұрттар құсап байып кеткен түгіміз жоқ.
Және көш соңында да емеспіз. Шүкір!
Әнші, Нұрлан Еспанов:
– Әнші өнер адамы ғой. Біз үшін
той табыс көзі. Басқа басқа біздің елімізде диск сатып не, концерт беріп
мұртыңды майлай алмайсың. Бізде де отбасы бар. Десе де,
шығармашылыққа негізгі уақытымызды бөлеміз. Отбасын асырау, бейнебаян түсіру,
әлеуметтік жағдайыңды қалыпқа келтіру – тойдан көретін табысыңа тәуелді болып
отырғандығын жасырмаймын.
Ержан Жұмабек, асаба:
– Өзім ЖОО-да оқытушымын. Оған қоса, журналистік саланы да
меңгергенмін. Мен үшін асабалық ешқандай да, табыс көзі саналмайды. Аузымды
нанға жарытып отырған өз мамандығым, қызметім. Ал, той басқаруды хобби ретінде
ұстанамын.