Жаңалықтар

ӘДЕБИЕТ ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДА ТОҚЫРАСА НЕ БОЛҒАНЫ?

ашық дереккөзі

ӘДЕБИЕТ ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДА ТОҚЫРАСА НЕ БОЛҒАНЫ?

–  Әңгімеміздің басын бүгінгі әдебиеттің жай-күйі мен ондағы атқарылып жатқан істер немесе серпіліс, өзгерістерден бастасақ. Сіздің «жаңа әдебиет», «поэзияның бүгінгі келбеті» немесе «тәуелсіздік ақындарына» деген көзқарасыңыз қандай?

– Бүгінгі әдебиет өз мүмкін­дігінше даму үстінде. Тоқырау жылдарында да дамыған әдебиет тәуелсіздік жылдарында тоқыраса не болғаны? Бірақ «жаңа әдебиет» деген мынау деп, бажайлап, бұтарлап, талдап беріп отырған әдеби сын жоқ, әдебиет сыншылары да, зерттеушілері де ғылымға ауып кеткен. Дегенмен бұрыннан келе жатқан қалам қайраткерлері қатарына кейінгі жиырма жылда елеулі туындыларымен қосылған, прозада Т.Әсемқұлов, Қ.Түменбай, Е.Аманша, Ж.Қорғасбек, Р.Мұқанова, Н.Ораз, Т.Закенұлы, Т. Кеңесбаев, Д.Амантай, Д.Рамазан, А.Кемелбаева, А.Ықсан, М.Омарова, М.Мұқановтың, т.б., поэзияда Т.Әбдікәкімов, Б.Жақып, С.Нұржан, Маралтай, Б.Алдияр, Б.Беделхан, М.Шоқанұлы, А.Исаділ, А.Елгезек, Е.Жүніс, Т.Таңжарық, Ұ.Байтайлақ, Д.Мәлікова, А.Тасқараның, т.б. шығармашылықтары туралы ба-йыпты пікірлер әлі айтылған жоқ. 

А.Кеңшілікұлы бастаған жаңа заманның сыншылары енді-енді бой көрсете бастады. Олар қадау-қадау қаламгерлердің шығармалары туралы орнықты пікірлер білдіріп жүргенімен, тұтас бүгінгі әдеби процесс пен оның ерекшеліктері, концепциялары туралы пайымды ой, тұжырымды кесім әлі айтыла қойған жоқ.

– Заманында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деп Абай атамыз ұлылыққа шақырған еді. Сіз де: « Қазақты тану үшін ең алдымен қазақты жақсы көріп, құлай сүю керек. Бұл жерде жалаң патриотизмге орын жоқ», – деген екенсіз. Бүгінгі «жаңа қазақтар мен шала қазақтарға» ұлтты сүюді неден бастау керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен ана тілін үйрену­ден бастау керек. Сонда туған тілде тұнып тұрған ұлттың ізгілік уызы, ұлылығы, өміршең, жасампаз қасиеттері бойына дари бастайды. Олардың өз тілін қолдануы ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды үйреніп, сіңіріп, ұстануға ұштасуы қажет. Ол үшін олардың бойында осы қасиет-құндылықтарды танып-білуге, қастерлеуге деген құлшынысты оята алсақ, аз нәтиже емес. Қазақ қоғамы оларға туған тіліміз бен діліміз, тарихымыз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз бен өнеріміз, озық дәстүрлеріміз, әдет-ғұрып, салт-санамыз – олар ден қойып жүрген үстем өркениеттерден ешбір қалыспайтынын дәлелдей білуі аса қажет. Сонда ғана жұрт айтып жүрген «шала қазақтардың» құрметтеу сезімі оянады. Сонда ғана қазақты тани бастайды. Оларға ең болмағанда Е.Бекмахановтың тарихы мен М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінің» аудармасын оқыта алсақ, сеңнің қозғалғаны деп есептей бер. Өкінішке қарай, біздің ұлттық поэзиямыздың ең жауһар үлгілері орыс тіліне лайықты аударылған жоқ. Сол себепті олар Абай мен Махамбеттен гөрі Омар Хайям рубаяты мен Шекспирдің сонеттерінен мысал келтіргенді жөн санайды. Дегенмен, Абай атамыз айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген қағидасы осы жерде қол ұшын береді. Сен айтқан «жаңа қазақтар мен шала қазақтарды» көзқамандар мен мәңгүрттердің қара тізіміне қосып, «ат құйрығын кесісуге» қашан да үлгереміз. Біздің ұстаным олардан бірден күдер үзіп, сыртқа теппей, теріс айналып кетпей, өз ортамызға, ұлт мүддесіне қызмет етуге жалықпай тарта беру болса деймін. Өйткені өздерін бүгін толыққанды қазақ ретінде сезініп-сезінбей жүргендіктен, «жаңа қазақтардың» қатарында ұлттың дамуы мен өркендеуіне түбінде зор үлес қосуы мүмкін аса қабілеттілер, терең білімділер, тығырықта жол таба білетін біліктілер мен іскерлер аз емес. 

Кейбіреулердің басты кемшілігі ана тілін білмеуі, қазақы қанының сұйықтығы ғана емес, басты қасіреті – өз ұлтының мүддесін тәрк етіп, өзге ұлттың тілінде сөйлеп, ойлап, іс тындырып, өмір сүрген адам сол басқа ұлттың ұлына да, құлына да айналатынын сезінбеуі. Керек болса, олардың кейбірі кез келгенімізді құлдық менталитет туралы оқытып жіберуі мүмкін, бірақ өз бастарында құлдық психология бар деп ойламайды. Мұндай құлдық менталитеттен нешеме ғасыр талай жұртты билеген орыстардың өзі әлі күнге дейін құтылып болған жоқ, ал ұзақ жылдар орыс отарында болған біз де бірден айығып кете алмай жатырмыз. 

– Рим еліне жайлы болған императордың бірі Әулие Тит (Флавий Веспасион): «О, жалған-ай! Бүгін бір кісіге кісілік көрсете алмадым. Сөйтіп, бір күнім босқа өтті», – деп қынжылған екен. Ел басқарған батырдың да, ақынның да илегені бір терінің пұшпағы ғой. Ақын, халықтың жанашыры ретінде «қазаққа» не бере алдым деп ойлайсыз? 

– Оны ел-жұрт өзі айтар. Мен мынаны тындырып тастадым деп күпсінетін жайым жоқ. Аузымды қу шөппен сүртпейтінім де анық. Кісінің мерейтойы қарсаңында, немесе кезінде берілер бағалардың, айтылып-жазылатын қошемет-қолпаштардың әсіреқызылы мол болуы мүмкін. Елге сіңірген еңбегіңнің нақтысы некрологта жазылатын болар. Әрбір ақын қазаққа бірнеше келісті кітап, бірнеше жемісті бұтақ беріп кетсек те жаман болмас.

– Бір сұхбатыңызда былай деген екенсіз: «Біз білетін, біз көрген, кітапты қойны-қонышына тығып жүріп оқитын қалың оқырмандардың буыны бұл күнде өмір аренасынан кеткен, қартайған, азайған, селдіреген. Олардың орнын жаңа буын басқанымен, бұлар басылым оқырманы емес, интернет оқырманы болып шықты. Оларды оқырман дегеннен гөрі, көрермен, тыңдарман деген дәлірек шығар». Айтқаныңыз қисынды. Заманына қарай адамы деп шығармашылығыңызды ғаламтормен байланыстыруға тырыстыңыз ба? 

– Жалпы, жаңа заман өнер адамын өзіне бейімдейді. Бүгін компьютер мен ғаламторсыз өмір сүре алмайтындай дәрежеге жеттік, ертеңгі күнді тіпті де елестете алмаймыз. Мен оны 1993 жылдан бері қолданып келе жатырмын. Кезінде 12-13 жыл бойы жазылып, әртүрлі дәптерлерде, қағаздарда ретсіз шашырап жатқан өлеңдерімді өз қолыммен теріп, жинақтап, «Киіз кітап» етіп құрастыруға компьютер білгенімнің көп пайдасы тиген. Бірақ Интернет арқылы шығармашылығымды насихаттай алғам жоқ. Соған құнтым жетпей жүр. «Әдеби әлем» атты әдемі электронды кітапхана-сайтқа менің сол «Киіз кітабымдағы» өлеңдерімді көшіріп қойған екен, көргендегі қуанышым көп ұзамай су сепкендей басылды, себебі қаптаған қатеден көз сүрінеді. Қателерін түзетіп берейін деп, кімге хабарласарымды білмедім. Ал басқа сайттар мен басылымдар «Әдеби әлемдегі» сол өлеңдерді қате-қате күйінде көшіріп басып жүргенін байқадым. Бұрмаланған тіркестерің мен ұйқастарыңды көргенде қандай күйде болу керек деп ойлайсың? Ондайды «жыныңа тиетін «жанашырлық» деп айтуға аузым бармайды.

Осыған қарап, Т.Кәкішев, Ә.Кекілбаев ағаларым, немесе Ақберен інім сияқты реті келсе өз сайтымды аштырып қойғаным дұрыс па деп қалдым. Жалпы, жоғарыда мен атаған қаламгерлерден басқа бірнеше ақынның ғана жеке сайты бар. Қазіргі қазақ интернетінің кітапханалары әлі жұтаң. Көптеген классиктеріміз әлі компьютер тіліне көшірілген жоқ. Іздегеніңді таба алмайсың. Сондықтан біздің әдебиеттің электронды нұсқаға зәрулігі күннен-күнге арта бермек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Әңгімелескен Еркежан ЖҰМАТАЙ