«БЕЙБІТ МИССИЯ-2014»: ҚОРЫТЫНДЫ ДАЙЫНДЫҚ
«БЕЙБІТ МИССИЯ-2014»: ҚОРЫТЫНДЫ ДАЙЫНДЫҚ
Бүгін «Чжужихэ» полигонында (ҚХР) Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің «Бейбіт миссия-2014» антитеррорлық бірлескен оқу-жаттығулары шеңберінде әскери бөлімшелердің қорытынды дайындықтары өткізілді.
Бірлескен әскери топтың мотоатқыштары, танктер мен артиллериялық бөлімшелері нақты белгіленген уақытта шартты түрдегі қарсыласқа оқ жаудыру үшін өздерінің жауынгерлік позицияларына қарай аттанды.
ШЫҰ қатысушы мемлекеттер Қазақстан, Қытай және Ресей әскери-әуе күштерінің бөлімшелері әуе шабуылын қамтамасыз ету тапсырмаларын орындады.
Қазақстандық ұшқыштар, Талдықорған авиациялық базасының командирі подполковник Ерлан Науанов жетекшілік ететін авиациялық буын жаттығудың мәні бойынша ҚХР мен РФ авиациясымен бірлесіп, шартты түрдегі жаудың артиллериялық позицияларына шабуыл жасады.
Қазақстан әскери әуе күштерінің С-295 ұшақтарынан парашютпен десант түсірілді. Оны майор Сабыр Ермекбаевтың басшылығымен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері әскери қызметшілері жүзеге асырды.
Тапсырманы орындау үшін десантшылар 800 метр биіктіктен толық жабдықтарымен парашютпен секірді.
Тактикалық эпизод бойынша «Елді мекендегі заңсыз әскери құрылымды қоршап алып, жою» қазақстандық арнайы мақсаттағы бөлімшенің еншісіне тиді. Майор Константин Пискунов басшылық ететін құрылым шартты түрдегі жауды жойып жіберуді табысты орындады.
Оқу-жаттығу барысында дайындықтар күнделікті жүргізілді, әр күн сайын дайындық сабақтары күшейіп, оқ дәрілерді қолдану да арттырылды. Бүгінгі дайындық кезінде оқ-дәрілер шығыны 100 пайызды құрады.
– Бірлескен әскерлер тобы жақсы нақты әрі қатесіз әрекет ететін дайындалған құрылымға айналды. Әрбір дайындық сайын бөлімшелердің өзара іс-қимылы жетілдіріле түсуде,–деп атап өтті Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Руслан Мұздыбаев.
Әскери бөлімшелердің қорытынды жаттығулары 29 тамыз күні өткізілетін шешуші кезең алдындағы дайындық болып саналады.
«Бейбіт миссия-2014» жаттығуының шешуші кезеңі күні әуе шеруі өткізіледі. Шеруді қазақстандық Су-27 жойғыш ұшағының авиациялық буыны ашатын болады.
Индира Байсалбекова