Жаңалықтар

«БАСТЫҚТАР» АЗАЙЫП, МАМАНДАР КӨБЕЙСЕ...

ашық дереккөзі

«БАСТЫҚТАР» АЗАЙЫП, МАМАНДАР КӨБЕЙСЕ...

Тамызда «етек-жеңі» қырқылып, «сақал-мұрты» күзелген Үкімет күз маусымында жаңа құрамда іске кіріспек. Ықшамдалған министрліктер мен агенттіктер арасында сапырылыс әлі басыла қойған жоқ. Келесі аптаның сейсенбісінде Елбасы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысына қатысып, Мәжілістің төртінші сессиясын ашады. Бұл жиналысқа ықшамдалған Үкімет толық құраммен қатысып, Президенттің сөзін тыңдауы тиіс. Қыркүйектің басында жаңа сессияға кірісу – заң шығарушы орган үшін үйреншікті жағдай болса да, қазіргі Кабинет үшін де ресми тапсырма алып, тың бағытқа бет түзеудің орайы келіп тұр.

Кезекті саяси науқанға Үкімет қандай дайындықпен келді?

Атқарушы орган бұған дейін талай қысқаруды, оңтайландыруды, ықшамдауды бастан кешірген. Обалы нешік, қанша рет күзеліп, штат санын азайтса да, бір-бір жарым жылда бюрократиялық машина бұрынғыдай күмпиіп, салмағы ауырлап шыға келетін. Сондықтан да болар, бұл жолғы ықшамаудан елдің саяси өмірінде елейтіндей өзгеріс байқалмады. Қарапайым азаматтар үшін қазіргі Кабинет министрліктер санын азайтып, агенттіктер мен комитеттердің бірін біріне қоспақ түгілі, аппарат түгел дерлік қызметінен кетіп қалса да бәрібір сияқты. 

Тәуелсіздік жылдарында қазақ үкіметіне жабысқан кесел – қағазбастылық пен сөзбұйдаға салушылық осы штат санының шамадан тыс артуынан деп долбарлауға болар. Себебі, облыстық әкімшіліктер құрамында бір-біріне құзыреті қарайлас департаменттер әлі де баршылық. Көптеген министрліктерде қызмет-міндеті ұқсас «егіз» комитеттердің бар екенін айтумен Парламент мүшелері шаршады. Төл міндеті айқындалмаған комитеттер бірін-бірі қайталайтын бағдарламалар қабылдап, бюджет қаражатын есепсіз жұмсауды еселеді.

Егер «егіз» комитеттер мен департаменттер санын азайтуға сеп болса, бұл ықшамдаудың жөні бөлек те.

Дегенмен, ғажап нәрсе, атқарушы органда ықшамдау мен оңтайландыру неше рет жүргізілсе де, соңғы он жылда мемлекеттік қызметкерлер саны көбеймесе, азаймаған. 2003 жылдан бері олардың қатары 90 мыңнан асты. Яғни он жылда 8500 адам бюрократиялық машинаның бір тетігі болып «қаланды».

Осы уақыт аралығында шенеуніктік аппаратты ұстауға 600 миллиард теңге жұмсалған. Шығын көлемі соңғы он жылда 3,5 есе артқан екен. 

Халықтың саны 16,8 миллион болғанда, біздің елде бүгінгі таңда орташа алғанда әр 185 адамға 1 басшыдан келеді. Ендеше, оңтайландырудан соң шенеуніктер саны азая ма? 

Ресми деректерге жүгінсек, 54 комитет саны 30-ға дейін азайды. 17 министрліктің орнына 12 министрлік қайта құрылды. Оның 5-і – жаңа. 9 агенттік қысқарып, министрліктер құрамындағы комитеттер болып қайта құрылды. Осындай мекемелердің бірі Статистика жөніндегі комитет қазірдің өзінде жиырма шақты адамды қысқартуға шешім қабылдаған. 

Осыдан соң «Астанада жұмыссыздар саны күрт арта ма?» деген сұрақтың туындауы орынды.

Осы орайда, елдегі мемлекеттік қызмет саласында реформа жүргізілгелі көп болмағаны еріксіз еске түседі. Былтыр көктемде басталған реформа нәтижесінде «А» және «Б» атты екі корпус жасақталып, мемлекеттік қызметкерлер осы корпустарға бөлінген еді. «А» корпусы санатындағы мемлекеттік қызметтер тізіміне мемлекеттік органдардың аппарат жетекшілері, жауапты хатшылары, комитет төрағалары мен қала және аудан әкімдері жатқызылды. Осы жолы қысқартылған министрліктердегі жауапты хатшылар, комитет басшылары мен департамент басшылары қызметінен ғана емес, санатынан да айрылды. Былтыр күзде «А» корпусында 500-дей қызметкер болса, қазір олардың саны азайып қалғаны анық. 

Бірақ қысқартулар Астананы ғана емес, аймақтарды да шарпуы сөзсіз. Жалпы, портфель ұстаған шенеуніктер армиясының қатарынан шығып қалған мамандар қайда бармақ? Оның үстіне, штат қысқартуға алдымен ілігетіндер біліктілігі төмен, тәжірибесі аз қызметкерлер болары түсінікті. Ендеше, қағазбастылықтан өзгеге машықтанбаған мамандарды жұмыспен қамту оңай болмасы анық. Бұл да экономикаға қосалқы ауыртпашылық.

Осы орайда, осыдан бес жыл бұрын Кәрім Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезінде кең көлемдегі штат қысқарту болғаны еске түсіп отыр. «Штат қысқарту» мен «шығын қысқарту» Мәсімов үкіметінің айнымас қасиеті болмаса не қылсын?

Обалы нешік, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы қателіктер мен мемлекет игілігін дұрыс жұмсамаудағы кемшіліктердің түпкі себебі Кабинеттің қолапайсыз тұрпаты екенін Елбасы талай рет айтып жүр. «Мұндай ебедейсіз шенеуніктер аппараты қолға алынған шараларды жүзеге асыруда тежегіш болады, олардың игі ықпалын азайтады. Сондықтан әрбір басшы өзінің аппаратын жетілдіруді ойлауы тиіс», – деді Президент. 

Ықшамдалған министрліктер мен аймақтық әкімшіліктер бұдан былай бастамашылдықты өз қолдарына алып, өз алдына шешім қабылдауға қабілетті болуы керек. Бюрократиялық кемшіліктерді жоюдың бірден-бір жолы осы. 

Ықшамдалған Үкімет құрамындағы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыреттер мен міндеттерді айқындап, нақты бекітіп алу жұмысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл үшін қаңтар айына дейін қажетті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Басқаша айтқанда, етек-жеңі қысқартылған Үкімет жаңа құрамда толыққанды жұмысқа жаңа жылдан соң ғана кіріседі деген сөз.

Екінші жағынан, министрліктер мен агенттіктерді қосу, біріктіру, күшін жою, жаңасын құрудың өзі орасан шығын. Шығындарды қысқартамыз дегенмен де, шығын атаулыдан құтыла алмайтыны анық. 

Сәуір айының басында ғана жаңадан құрылған Кабинеттің алты ай өтпей тағы да құрылымдық өзгеріске түсуі мемлекеттік аппараттағы дағдарыстан хабар береді. Қазіргі қысқартулар мен оңтайландырудың бәрі мемлекеттік бюрократиялық машинаның жүрісін жылдамдатып, жұмыс істеу сапасын арттыру үшін жасалатыны жасырын емес.

Ғаламдастыру үрдісі елдің ішкі саясатындағы шешімдердің түп себебін сырттан, басқа елдердегі оқиғалар тізбегінен іздеуге жетелейді. Соңғы кездегі Ресей мен Еуроодақ, АҚШ және басқа мемлекеттер арасындағы экономикалық санкциялар, аймақтық соғыстар мен ғаламдық экономикадағы тұрақсыздықтың ішкі жағдайға әсер етпеуі мүмкін емес. Үкімет экономикалық саясатты мүлтіксіз жүзеге асыру үшін әлемдік экономикадағы ахуалды жіті бақылап отыруға мәжбүр.

Осы орайда, ішкі әкімшілік өзгерістерге халықаралық оқиғалардың салдары деп қарауға негіз бар. Дегенмен, бұл жолғысы өзгерістердің басы ғана болуы ықтимал. Жыл айналмай жатып, қазіргі Кабинеттің бұрынғы көлемге дейін кеңейіп, «сол баяғы жартас» болмасына еш кепіл жоқ.

Тағы бір назар аударатын жайт – бұған дейін Үкіметтегі өзгертулер, қысқартулар, оңтайландырулар күзге салым, қыркүйек-қазан айларында жасалатын. Бұл жолы жаздың соңғы айына тұспа-тұс келуі тегін емес, сірә. Қалай дегенмен де, Президент тамызда Үкіметті бекер ықшамдаған жоқ. Келесі аптаға жоспарланған Парламенттің бірлескен отырысында талай сұраққа жауап берілері анық. Бәлкім, билік тармақтарының алдына қойылар жаңа бағыт, тың міндеттер ашық айтылар.

Сейсенбіге дейін күтелік…

Гүлбиғаш ОМАР

Астана