Жаңалықтар

ОҚУЛЫҚ ӘУРЕСІ БАСТАЛҒАНДА...

ашық дереккөзі

ОҚУЛЫҚ ӘУРЕСІ БАСТАЛҒАНДА...

Балалардың жазғы демалысы аяқталып, жаңа оқу жылы басталатын уақыт та жетті. Барлық отбасылар жаңа оқу жылына дайындықты әлдеқашан-ақ бастап кеткен болар. Дегенмен, оқушылар мен ата-аналарды оқулық мәселесі әлі күнге дейін сергелдеңге түсіріп келеді. Жыл сайын кезігетін бұл мәселенің әлі де оңды шешімін табар түрі байқалмайды. Оқушының оқу үлгеріміне тікелей әсер ететін оқулықтың жетіспеуі Қазақстанның білім саласындағы ең өзекті мәселенің бірі. Бұл мәселе күн сайын айтылғанымен, соған назар аударып жатқан билік өкілдері онша көрінбейді. 

Оқитын бала көп, оқулық жоқ

Дамыған мемлекеттер қатарына қосыламыз деп ұрандап жүргенімізге де біраз уақыттың жүзі болды. Әлем елдерімен терезе теңестіру үшін білімді азаматтар қатарын арттыру керек. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау керек деп айтылғанмен, іс жүзінде жасалып жатқан әрекет аз. Заңға «кез келген Қазақстан азаматы тегін білім алуға құқылы» деп тайға таңба басқандай жазылып қойылған, бірақ… Ең алдымен, оқулықтардың саны мен сапасын реттеу керек. 

Қазақстанда 2013-2014 оқу жылын­да жалпы білім беретін 7561 мектеп тіркел­ген. Сол мектептерде білім алатын оқушылар саны 2 млн. 581 мың 600-ді құраған. Сол 2 млн.-нан астам оқушының көбісі жыл сайын оқулықпен толық қамтамасыз етілмейтіні де шындық. Белгіленген оқулықты толық алуға көп балалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары ие болады. Олардың кейбіріне де кітап жетіспей қалуы әбден мүмкін. Осылайша оқулықсыз қалғандар базарлар мен дүкен сөрелеріндегі қымбат кітаптарды сатып алуға мәжбүр болады. Үкімет балалардың тегін білім алуы үшін жағдай жасап, олар үшін арнайы оқулықтар дайындайды. Ал балалар болса өздері үшін әзірленген кітаптарды саудагерлерден сатып алып оқиды. 

Қазір оқулық басып шығаруға бөлі­нетін жыл сайынғы қаражат көлемі артып, сол қаржыға сай жыл сайын көп­теп оқулық та басып шығарылуда, ал оқулық сонда да жетіспейді. Сонда қы­руар қаржыға басылып шыққан оқулық­тарды кім алып оқиды? Қалай алып қарасақ та, оқулықтың саны оқушыдан аз болып келе жатқанына құлақ үйреніп кетті. Демек, жоғарыдағы шенділер Қазақстандағы оқушылардың жалпы санын білмейді ме?! Биылғы жылы өткен тамыз кеңесінде де Алматы шаһарының әкімі Ахметжан Есімов оқулықтар әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгендігін айтты. Әрине, бұл біз үшін де жағымды жаңалық. Бірақ соның жемісін оқушылар көре алса игі болар еді. 

Бұрындары ата-аналар үлкен бала­сына сатып әперген оқулығын одан кейінгілерге сақтап қоятын. Қазіргі уақытта бұл да мүмкін емес жағдайға айналды. Өйткені оқулықтарға жыл сайын өзгеріс енгізілді деген желеумен жаңартылып басылады. Сонда жыл сайын қандай өзгеріс енгізіліп жатыр? Бір қарасаң, оқулық заң жобасы емес қой жыл сайын толықтыру енгізетін. Тағы бір түсініксіз жайт мынау. Ғылымға жыл сайын өзгерту жасап, жаңалық енгізіп жатқан қай ғалым? Бұл жайдан-жай жасалып жатқан жоқ. Кітаптардың жыл сайын жаңартылуы белгісіз біреулердің қалтасын қалыңдатып жатқан болар дейді кейбір сарапшылар. Бір білеріміз қарапайым халықтың бұл жағдайды жеңе алмайтындығы. Аталған мәселенің шешімін Білім министрлігі ғана таба алады. Жасыратыны жоқ, жыл са­йын «оқушылар жаңа оқу жылында оқулықпен 100 пайыз қамтылды» деген ақпарат таратылады. Ал оқу жылының алғашқы айларында-ақ көптеген ата-аналар базарларды шарлап, баласына кітап іздеп жүреді. 100 пайыз оқулықпен қамтылып жатқан кімдер болғаны? Мұндай ақпарат биыл да жарияланды. 2014-2015 оқу жылының оқулықпен қамту кестесіне сәйкес оқушылар 100 пайыз мектеп бағдарламасына сай әзірленген оқулықпен қамтамасыз етілмек. Оқу жылы басталысымен мұның да нәтижесін көретін боламыз. Ең болмаса, биылғы жылы кітап іздеп сабылатындар саны азайып қалар.

Оқулық бағасы шарықтап тұр

Хош делік. Жетіспейтін оқулық сол күйінде жетпейді. Ата-аналар тағы да оқулық іздеп шарқ ұрады. Базарларда сатылатын оқулықтарды сатып алуға барлық ата-ананың шамасы жете ме? Әрине, жоқ. Тіпті, жағдайы жақсы деген отбасылардың қалтасына да біраз салмақ түсіреді. Бір үйде мектепке баратын бірнеше бала бар. Олардың әрқайсысына кем дегенде 3-4 кітаптан жетпей қалады. Демек, ата-ана 8-9 кітап сатып алуға мәжбүр болады. Ал базарлардағы оқулықтардың бағасы да арзан емес. Бастауыш сыныптардың оқулықтарының өзі 500-600 теңгеден басталады. Ол оқулықтардың қосымша дәптерлері тағы бар. Олардың бағасы да өскен. Кем дегенде 700-800 теңге. Енді есептей беріңіз. Бір баланың бір оқулығы мың теңгеден асып жығылды. Және бастауыш сынып оқушысының оқулығы үшін. Жоғарғы сыныптың оқулықтары 1200 теңгеден басталады. Төрт кітап сатып алсаңыз 5000 теңгеңізден айрыласыз. Баласы үшін кез келген ата-ана ақшасын аяп қалмайды. Жыл сайын баласы үшін оқулық сатып алатын ата-аналардың бірі – Ақжарқын Торғынбекова. Үш баланың анасы Ақжарқын баласына жыл сайын кемінде 5 кітап сатып әпереді екен. «Үлкен қызым мектеп бітіріп кеткелі 3 жыл болды. Қызыма бір жылдары барлық кітабын сатып әперген кездерім де болған. Айта кетерлігі, қызым мектептен оқулықтарды ешқашан толық алған емес. Қазір екінші ұлыма да солай жыл сайын оқулық сатып аламыз. Оқулықтар да қазір қымбаттап кетті. Жыл сайын бағасы да өсіп жатыр. Әр жылдағы бағаларды жаттап та алдық қазір. 7-8 мың теңгеміз оқулыққа кетеді. Балалардың оқып-тоқуы үшін аянбаймыз ғой. Десек те, баланың мектепте тегін білім алуы деген жай сөз болып қалды. Жыл басында оқулығы деп жырлаймыз, жыл соңына дейін мектепте жинайтын ақшалары тағы бар. Баламыз қатарынан қалмасын деп бар тапқанымызды соларға жұмсаймыз», – дейді Ақжарқын Торғынбаева. Алматы қаласының тұрғынынан баласының қай мектепте оқитынын сұрағанымызда, оны жариялаудан бас тартты. Бұл – бір Ақжарқынның ғана айтары. Ал Ақжарқын сынды баласы үшін барын беріп, оқулық сатып алып қиналып жүрген қаншама ата-ана бар. Шығындалып сатып алған оқулықтағы өріп жүрген қателер тағы да жүйкені жұқартады. Әр жыл сайын әр түрлі болып кездесетін «Қазақстан тарихындағы» деректер балаларды да, ұстаздарды да әбден шатастырды. Мектептерде оқулықтың жетіспейтіндігін ұстаздар да жоққа шығармайды. 

Әлия Бердібекова, кітапханашы:

– Біз мектеп кітапханасына келген кітаптарды оқушыларға түгел үлестіріп береміз. Жетпейтіні рас. Кейбіреулердің қолына 2-3 кітаптан ғана тиюі мүмкін. Ата-аналар келіп ренжіп жатады. Бірақ бұл біздің кінәміз емес қой. Бізге жеткізілетіні сол ғана. Әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасының балаларын оқулықпен толық қамтуға тырысамыз. Оқулықтың жетіспейтіндігі туралы жыл сайын айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, жылда осы жағдай қайталанады. Министрліктегілер оқушы санын есептеп, соған сәйкес оқулық әзірлесе екен деген тілегіміз бар. Бұл мәселенің шешімін тек министрлік қана шешіп бере алады.

Гауһар Саттарова, мұғалім:

– Оқулық мәселесі жыл сайын қозғалатын тақырып. Бірақ, соның әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанына таңмын. Мұны тыңдар құлақ болмай жүрген секілді. Ата-аналармен жылда алдын-ала жиналыс жасап, оқулық жайлы сөйлесеміз. Олай етпесек, ертеңгі күні ата-аналар тарапынан наразылық туады. Тіпті, оқушыларға «сенің ата-анаңның оқулық сатып әперуге жағдайы жетеді, саған кітап берілмейді» деп айтуға ұялатын болдық. Біздің қолымызда тұрған ешнәрсе жоқ. Министрлік тапсырысты дұрыс бермейді, әлде баспалар тапсырысты толық орындамайды. Қателік кімнен екенін де білмейміз. Базардағы кітаптар қайда, қалай жасалып жатқандығын да тексеру керек секілді. Оқулықпен толық қамтамасыз етпейді. Сөйте тұра, оқушылардың білім деңгейінің төмендігіне ұстаздарды айыптайды. 

Өткен аптада Елордада өткен тамыз конференциясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық-сараптама орталығының директоры Серік Ерсәлиев мектеп оқушыларының көштен қалу себебін айтқан болатын. Шетелдік сарапшылардың сөзіне сүйене отырып сөйлеген Ерсәлиев мырза оқушылардың білім деңгейінің төмендігіне олардың жазғы демалысының тым ұзақтығы кінәлі деді. Екінші себеп ретінде ұстаздардың балаларға дұрыс назар аудармауын алға тартты. Ал оқулықтың жеткіліксіздігі туралы бір ауыз сөз айтпады. Ең бастысы, оқулық мәселесін шешіп алған жөн болар.

Әсел ӘНУАРБЕК