Жаңалықтар

«ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ» ҚЫЗМЕТІ ҚАНША ТҰРАДЫ?

ашық дереккөзі

«ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ» ҚЫЗМЕТІ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Қайбір елдерде мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы өте жоғары. Қазақстанда негізгі салмақ түсетін аймақтық, әкімшілік қызметкерлердің айлық еңбекақысы төмен, керісінше лауазымды тұлғалардың, яғни қолында билігі бар ірі шенеуніктердің айлығы жоғары. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту, шенеуніктер санын кемітуге ілінетіндер де бірінші айтылғандар сапынан. Бас қаладағы биік лауазымдылардың жылдық табысы мен мал-мүлкі қарапайым халыққа әлі де белгісіз. 

Айлық табысын жасырғандар

Қазақстанның лауазымды тұлғаларының еңбекақысы халыққа әлі де жұмбақ. Бұл тақырыпты қозғауға Ресей шенеуніктерінің айлық еңбекақысын көбейту түрткі болған еді. 

Былтыр бірқатар шенеуніктер айлық жалақысын жасырмай айтып берген болатын. Олардың қатары да көп емес. Атап айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы басшысы Серік Әбденов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов және Дін істері бойынша агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Жоғарыда аталған үшеудің де айлық жалақысы бірдей – 600 мың теңгедей болған. Анда-санда айлық табысын ашық айтатындар саны көп емес. Осы тұрғыда Исекешов мырзаның: «Әбденов екеуміздің қызметіміз бірдей, сондықтан бірдей еңбекақы аламыз», – дегені есте. Бірақ биыл Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қызмет аясы кеңейгенін ескерсек, басшылықтың да табысы еселенетін сияқты. 

Ал Ресейде жыл басында шенеуніктердің еңбекақысын көтеру туралы жарлық шықпай тұрып, Владимир Путин өзінің және Премьер-министр Дмитрий Медведевтің қаржылай сыйақысын 2,65 есеге өсіру туралы жарлыққа қол қойған. Әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында ұлғайтылды деп түсіндірді ол халыққа. Сондай-ақ Ресей президенті өзінің басқа мемлекет басшыларынан табысы аз екенін тілге тиек етсе керек. Мәселен, АҚШ-тың президенті Барак Обаманың жылдық табысы – 400 мың доллар (14 миллион рубль). Ұлыбритания және Жапония премьер-министрлерінің де табысы осы шамалас. Ал Германия канцлері Ангела Меркель жылына 290 мың еуро табады, бұл да 14 миллион теңгеге парапар. Бұл Ресей президентінің айлығынан 4 есеге көп. Ал 2012 жылы билікке келіп, өзінің және министрлердің жалақысын 30 пайызға қысқартқан Франция президенті Франсуа Олландтың табысы – 15 мың еуро екен. Қазақстан президентінің жылдық табысы бұл мемлекеттерден әлдеқайда төмен. Дегенмен елдегі экономикалық ахуал мен доллар курсын ескерсек, дамыған мемлекеттердің басшыларының табысына көз алартудың қажеті жоқ. 

Премьер-министр Кәрім Мәсімов 2010 жылы осы қызметте отырғанында табысы туралы жеке блогына жазған болатын. Сол жазбаға сәйкес, айына – 700 мың теңге алатынын айтқан. Әлі сол қалпында ма, жоқ па, ол белгісіз. Былтыр жүргізген сауалнамаға назар салсақ, депутаттардың айлық еңбекақысына көңілі толмайтыны байқалады. Мәжіліс депутаты Егор Каппель: «Мен де, екі балам да мемлекеттік қызметтеміз. Еңбекақы жетпей жатады. Бірақ бұл Парламент депутаттарының айлығын көтер дегенім емес. Егер депутаттардың табысын көбейтсе, басқа салаларды ұмыт қалдырмау керек», – десе депутат Айгүл Соловьева нағыз істің адамы екенін көрсетті. Себебі, ақшаны жұмсайтын уақыты жоқ. «Меніңше, депутаттар жалақысына риза… Жұмыста болған соң, оны жұмсайтын уақыт та жоқ. Өмір сүруге молынан жетеді. Жолдасым, балаларым да жұмыс жасайды. Жаз айларындағы аймақтарды аралауға кететін шығын жеке төленеді», – дейді. Мәжіліс депутат ы Жамбыл Ахметбеков: «Қазір қолыма 500 мың теңге аламын. Меніңше, өте жақсы еңбекақы. Еуропамен салыстырғанда аз, көршілес Ресейде депутаттар бізден әлдеқайда көп алады. Қырғызстанда бізден де төмен. Сондықтан бұдан жоғары еңбекақы сұрауға қақымыз жоқ, экономиканың мүмкіндігі жоқ оған», – деген пікірімен бөліскен. Халық қалаулыларының не жұмыс істеп, күнделікті немен айналысатыны қарапайым жұртқа беймәлім. Себебі ашықтық жоқ. Олай болса, депутаттың қандай шаруа тындырғанын білмей тұрып, соған лайық ақы алдың ба деп сұрау да ыңғайсыз. 

Сондай-ақ шенеуніктерді А корпусы, В корпусы деп аражігін ажыратып алсақ, еңбекақы көлемін шатыстырмаймыз. Себебі мемлекеттік қызметкер ретінде емтихан тапсырып, А корпусына өткен шенеуніктердің айлығы мен қызметі жоғары. Жыл басында президент А корпусының жалақысын 50 пайызға арттыратынын айтқан болатын. Сондықтан болар жуырда тестілеуден бестік баға алды деп жалған сертификат жасатқан алаяқ шенеуніктер ұсталды. Жалған сертификаттың не үшін жасалғаны әлі күнге жұмбақ…

Санкция да райынан қайтармады

Биыл ресейлік шенеуніктердің айлық еңбекақысы көтеріледі. Федерация президенті Владимир Путиннің жарлығымен, 2018 жылға дейін мемлекеттік қызметтегі шенеуніктердің жалақысы екі есеге ұлғаяды. Батыстан төнген санкцияларға қарамастан, федералдық деңгейдегі қызметкерлердің еңбекақысын біртіндеп жоғарылату басталып та кетті. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 460 миллиард рубль бөлінбек. Алып федерацияның күлімен кіріп, отымен шығатын, жанкешті шенеуніктер үшін мемлекет аянып отырған жоқ. Ал зейнетақы, жол жөндеу, денсаулық сақтау мен баспана құрылысы салалары ақсаған күйінше қалып, мемлекеттен аталмыш салаларға бөлінетін бюджет жеткіліксіз күйде. 

Бүгінде ресейлік шенеуніктердің орташа еңбекақысы – 75 мың рубль, шамамен 375 мың теңге. Ал лауазымды тұлғалар, айталық министр, депутат, сенаторлардың еңбекақысы одан да жоғары. Ай сайын ұлғайып отырғанын ескерсек, орташа есеппен – 130 бен 580 мың рубльдің аралығында. Қазақстан лауазымды тұлғаларының айлығынан жоғары. Иә, жоғарыда айтылған 460 миллиард рубльдің есебінен зейнеттегі мемлекеттік қызметкерлер зейнетақысы көбейеді. Қыруар жалақы тағайындалатын «сарай қызметшілерінің» санын кеміту 2010 жылы қолға алынған екен. Алайда араға 4 жыл салса да, мемлекет қызметкерлерінің саны небәрі 10 пайызға ғана қысқарыпты. 

Жыл басынан бері айтылған бұл мәселе халықаралық сарапшылардың назарына бірден ілікті. Ресейге белгіленген санкциялардың қисапсыз шығын әкелетіні өз алдына. Еуроодақтың есебінше, алдағы бір-екі жылда салынған санкциялардың шығыны 100 миллиард еуродан асып жығылмақ. Осындай жағдайда әлеуметтік саланы емес, мемлекеттік қызметкерлердің айлығына жанашырлық таныту орынсыз әрекет деген пікірде көпшілік. 

Ресейде қаражат тапшылығы байқалып, сандықтың түбі көрініп қалған сыңайлы. Себебі зейнетақы резервтерінің жылдық шығыны өте көп. Ресей Зейнетақы қорының басшысы Антон Дроздовтың айтуынша, биылғы дефицит 335 миллиард рубльді құрап отыр. Бұл сома келесі жылы тағы да ұлғайып, 830 миллиардқа жетпек. Ал тәуелсіз сарапшылардың болжамы тіпті қорқынышты. Олардың айтуынша, зейнетақы қорының қаржы жетіспеушілігі 1 триллион рубльге дейін бармақ. Жалпы, бұл жағдай азулы көршіміздің барлық саласын иығынан басатыны белгілі. Әсіресе, әлеуметтік салалардың онсыз да әлсіз жағдайы көтерем болып қала бермек. 

Үйі жоқ әкімдер барнемесе ұстаздар өте бай 

Әрине, Қазақстандағы жалақыны дамыған мемлекеттермен салыстыра алмаймыз. Мемлекеттік қызмет, әлеуметтік және өндіріс орындарының қызметкерлері де өте төмен жалақыны қанағат тұтуда. Еліміздегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, орташа айлық еңбекақы – 100 мың теңге көлемінде. Бірақ осынау 100 мың теңгенің сыңғырын естімейтіндер де бар. Әсілі, депутат 500 мың теңге алса, мұғалім 50-60 мың теңге алады. Орташа айлық – 250 мың теңге болғаны ма? АҚШ-та ең жоғарғы жалақы – ұстаздар мен медицина қызметкерлерінде. Дәрігер болу көпшіліктің қолынан келе бермейді, сондықтан ұстаздық етуге тырысады. Ал бізде керісінше…

Шенеуніктердің еңбекақысын былай қойғанда, бастарында баспаналары да жоқ. Еліміздегі ең ірі мегаполистің әкімі Ахметжан Есімов былтыр бір сөзінде: «Менің Алматыда үйім жоқ. Әйелімнің пәтерінде тұрамын» деген болатын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Ол кісі де жұртпен кезекке тұрып, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша құжат рәсімдеуі керек пе еді?! 

Жалпы, осындайда мемлекеттік қызмет­керлердің декларация толтырып, мал-мүлкін ашық жариялауы сөзбұйдаға салмайтын басты мәселе. Жауапты қызметке тұрарда пәленше үйім бар, пәленше көлігім бар дегенді ашық айтып берсе. Әйтпесе шенеуніктердің біразының үйі жоқ, әйелінің, енесі мен фамилиясы басқа туыстарының қожалықтарында, жалдамалы пәтерде тұрады. 

Отставкадағы басшылар

Қазақстан Республикасы Конституция­сына сәйкес экс-президентті қорғау, оған қыз­мет көрсету мен қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ отставкадағы президентке жалақысының 80 пайыздай мөлшерінде зейнетақы тағайындалады. 

Беларусь Жоғары Кеңесінің бұрынғы төрағасы Станислав Шушкевичтің өз зейнетақысын көбейту туралы бірнеше бастама көтергені есте. Беларусьтың қазіргі перзиденті Александр Лукашенко президентке тағайындалатын 70-75 пайыздық мөлшерді алып тастап, зейнетақыны өзі белгілейтін болған. Сөйтіп бұрынғы басшының зейнетақысы 37 центке түскен. 

Шушкевич мырза 1991 жылы Борис Ельцин және Леонид Кравчукпен бірге Беловежская Пущада Кеңес Одағын ыдыратқан соңғы үкімге қол қойған адам ретінде танымал. 1997 жылы оған 3200 беларусьтік рубль мөлшерінде зейнетақы тағайындалған. Кейіннен оның зейнетақысы 2 доллар мөлшеріне дейін төмендеді. Бүгінде оның зейнетақысы бір еуроға да жетпейді. Ал Беларусьтағы жалпы бір айлық зейнетақы мөлшері орта есеппен алғанда бүгін 150 доллар шамасында (480 мың 3200 беларусь рублі).

Экс-президенттердің зейнетақысы қанша? Ресейде бұрынғы президенттер президент айлығының 75 пайызын алып отыратын. Бірақ Борис Ельцин қайтыс болған соң, оның зейнетақысы тоқтатылып, әйеліне қамқоршысынан айрылу бойынша зейнетақы төленді. Ал Михаил Горбачев мырзаға жоғарыда айтылған заң бойынша бір тиын да төленбейді. Себебі РФ президенті болған емес. Қазір Путиннің жалақысы 700 мың рубльдің үстінде болса, зейнетке шыққан соң Медведев пен Путин мырза осы соманың 75 пайызынан үмітті. 

Ал дүниежүзі елдері бойынша зейнетақысы ең жоғары зейнеткерлер – Жак Ширак (Франция), Гордон Браун (Ұлыбритания премьер-министрі), Гельмут Коль (Германия) және Билл Клинтон (АҚШ).

Ақниет ОСПАНБАЙ