ҚАРА АЛТЫННЫҢ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ
ҚАРА АЛТЫННЫҢ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ
Темір тұлпары барлар желіп жүріп, жанармай таңдаудан қалды. Бүгінгі таңда Қазақстанның жанар-жағармай нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығына байланысты қиын жағдай туындап отыр. Қазақстанның жанар-жағармай қауымдастығының басқарма басшысы Болат Әуетаевтің мәлімдемесіне сүйенсек, «кейбір жанар-жағармай бекеттері қазір мұнай өнімдерінің тапшылығына байланысты бір қолға жіберілетін жанар-жағармай өнімдері көлемін шектеуге немесе талондық жүйеге көшуге мәжбүр болып отыр» екен.
Қазақстанда – мұнай тапшылығы
Шілде айында жағдай одан әрі ушыға түсті және бөлінген мұнай өнімдерінің көлемі өткен жылдың осы уақытымен және биылғы қаңтармен салыстырғанда 2,6 есеге азайғандығы турасында да басқарма басшысы атап өтті. Осы негізде қауымдастық ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі және баға қалыптастыру тетіктері бойынша жұмыс тобының кеңейтілген жиналысының хаттамасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі ай сайын бөлетін «Аи-92» бензин көлемін сарапқа салды. Сараптама нәтижесінде 2014 жылдың қаңтарынан бастап бөлінетін «Аи-92» бензин көлемінің азайғандығы байқалады. Мысалға, бөлінген көлем 2014 жылғы қаңтар және ақпан айларында 2013 жылғы осы уақытпен салыстырғанда 20 пайызға төмен болып шыққан. Сонымен қатар, Б. Әуетаев: «Мұнай өнімдерінің бөлшек сауда нарығындағы жағдайын қалпына келтіру үшін қауымдастық бірнеше ұсыныстарды алға тартады. Біріншіден, бөлшек сауда жасаушыларға өтінімдеріне сәйкес лимиттенген көлемде мұнай өнімдерін бөлуді қамтамасыз ететін шаралар қабылдау қажет. Екіншіден, көтерме сауда жасаушыларға жанармай шекті бағасына мемлекеттік реттеу енгізу керек», – екендігін айтқан.
Саны да, сапасы да сыр бере бастады
Атмосфераны ластайтын негізгі фактор болып отырған темір тұлпарлардың саны күн санап артуда. Автокөлік бөліп шығаратын газдың құрамында шамамен 200 зат бар десек, оның бірі түгелдей жанған немесе шала жанған көмірсутектер болып отыр. Шала жанған көмірсутектер машинадан шығатын түтіннің құрамында, әсіресе көлік моторы баяу істеп тұрғанда көп бөлінеді. Қалада көлік тасқынының жыл сайын өсуі экологиялық жағдайға, тұрғындардың денсаулығы мен қала экологиясына айтарлықтай кері ықпалын тигізіп отыр. Шешімін таппай отырған мәселенің бірі сол автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтар утилизацияланбайды, себебі оларды қайта өңдейтін өндіріс жоқтың қасы. Бүгінде еліміздің ірі қалаларындағы қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың 60 пайызы осы көліктерден келеді екен. Көліктерден атмосфераға тасталатын зиянды заттар тәулігіне 507 тоннаны құраса, ал жылдық көрсеткіш 150-200 мың тонна немесе ауадағы зиянды қалдықтардың 90 пайызына жетеді.
«РИА Рейтинг» зерттеу орталығының мамандары бензин бағасы бойынша мемлекеттер тізбегін жария еткен. Олардың зерттеулеріне сүйенсек, Еуропа мен ТМД елдері арасында ең арзан жанармай Қазақстанда сатылады екен. «РИА Рейтинг» агенттігінің сарапшылары бұл зерттеу жұмыстарын өткен жылдың орта шенінен бастап жүргізген. Біздің елде кеңінен қолданысқа ие «АИ-92» маркалы жанармай есепке алынбай, «АИ-95» сарапқа салыныпты. «Өйткені «АИ-92» ТМД-дан өзге мемлекеттерде сатылмайды» дейді жүргізушілер. Отандық сарапшылардың мәліметіне сенсек, елімізде жанармай бағасы соңғы алты-жеті жылдың ішінде 20-30 пайызға өскен. Ал, сапа мәселесі бойынша еліміздегі жанармайдың сапалық көрсеткіші 100 елдің арасында 70-ші орында. 2013 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда жанар-жағармай қалдықтарын шығару бойынша Еуро-4 стандарты енгізілген болатын. Зиянды қалдықтарды азайтуды талап ететін бұл стандарт Қазақстанға импортталатын, Еуропа Одағында 2005 жылдан бері жасалған автомобильдерге қатысты қолданылады. 2014 жылдың қаңтарынан бастап Еуро-4 стандартын Қазақстанда құрастырылған көліктерге міндетті ету де талқылануда. Бүгінде мұнай-газ өнеркәсібін дамыту, мұнай өнімдеріне, оның ішінде жанар-жағармай мен дизельді отынға бақылауды күшейту Үкіметтің басты назарда ұстайтын бағыттарының біріне айналған. Ресми деректерге жүгінсек, өткен жылы күзде 1 тонна дизель отыны 520 долларды құраса, биыл бұл көрсеткіш 1000 доллардан асып-жығылыпты. Жалпы, деректер Қазақстанда қолданылатын жанар-жағармай көлемінің 50 пайызы сырттан келетінін айқындайды. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясының ескіргені сонша, біз 1 тонна мұнайдан 400-450 келі жанармай алатын болсақ, Ресейдің зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Оған қоса, өзіміз тұтынатын жанармайдың 25 пайызын Ресейден алуға мәжбүрміз, өйткені өзіміздің мұнай өңдейтін зауыттарымыз ішкі нарықты толтыра алмай отырған жайы бар. Жерінде бір тамшы мұнайы жоқ жапондарда 70-ке жуық мұнай өңдеу зауыттары бар. Сондықтан Қазақстан да осы көрсеткішке жетудің жолын меңгеріп, елде шағын мұнай өңдейтін зауыттар салуды қолға алуға түбегейлі бет бұратын уақыт жетті.
“Еуро-5” стандартын енгізсек…
Жақында Мұнай және газ министрлігі отандық мұнай өңдеуші зауыттарды жетілдіруге қатысты көпшілікке тосын ұсыныс жасады. Әңгіме қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттардың барлығына мұнай өнімдерін шығару кезінде жалпы бағдар ретінде Еуропалық Одақтың “Еуро-5” стандартын ұсыну туралы болып отыр.
Еліміз Киото хаттамасын қабылдау арқылы атмосфераға зиянды қалдықтарды шығару көлемін шектеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Ірі қалалардағы ауа ластануының басты себебі, автокөліктерден шығатын улы газдарға байланысты. Осы негізде, Қазақстандағы автомобиль импорты бойынша 2011жылдың қаңтар айынан бастап «Еуро-3» экологиялық стандарты жұмыс істей бастады. Кедендік бақылаудан тек осы стандартқа сай көліктер ғана өте алатын болды. Кейінгі жылдары «Еуро-4» және «Еуро-5» стандарттарына өту басшылыққа алынған. Осы орайда, ескереттін жайттың бірі – елге еуропалық экология стандарттарына сай көліктер әкеліп алып, оны сапаға сай емес жанармаймен қамтамасыз ету орынсыз болар еді. Өндірілетін жанармай сапасы заманауи көлік өндірісінің сапасымен деңгейлес болуы керек. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарма директоры Серік Баймұханбетов: «Мұнай өңдеу саласын жетілдірудің бір себебі – Қазақстанның ғаламдық көлік жүйесіндегі орны болып отыр. Құрлықтың дәл ортасында орналасқан біздің еліміздің транзиттік мүмкіндіктері орасан зор. Республика көлік стратегиясын жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзиті дәлізінің құрылысы жүргізілуде. Магистральдің біздің еліміз арқылы өтетін бөлігі – 3850 шақырым. Көлік және коммуникация министрлігінің бағалауы бойынша, осы транзит дәлізін енгізу арқылы ғана сапалы дизель отынына сұраныс кем дегенде үш есеге өседі. Бұл шамамен 7 миллион тонна деген сөз. Өйткені көлік транзитінің негізі бөлігі қазіргі замандық үлгідегі дизельді жүк көліктерінің үлесіне тиеді. Бұл магистральге миллиондаған доллар құйылып, оған халықаралық статус берген соң, оны жоғары сапалы отынмен қамтамасыз ету керек болады», – деп атап өткен болатын. Егер аз уақыт ішінде қазақстандық МӨЗ жетілдірілмейтін болса, онда аталмыш магистраль үшін «Еуро-5» стандартына сай жанармайды шетелден тасуға тура келеді.
Еркежан ЖҰМАТАЙ