Жаңалықтар

Ресей Украинаға басып кірді ме?

ашық дереккөзі

Ресей Украинаға басып кірді ме?

 Тамыздың 27 жұлдызы, бейсенбіде Ресей әскері Украина территориясына басып кіріп, Новоазовск қаласы мен Донецк облысын жаулап алғандығы туралы мәлімет тарауда. 

Ал Украина президенті Петр Порошенко осы оқиғаға орай Түркияға жұмыс сапарын кейінге қалдырды. «Мен Донецк облысы, нақтырақ айтсақ Амвросиев и Старобешевтағы ушыққан жағдайға байланысты Түрік Республикасына сапарымды кейінге қалдырдым. Себебі Украинаға Ресей әскері кіргізіліп жатыр», – деді.

Бүгінде НАТО бұл мәліметті дәлелдеу үшін фотодәйектер келтіруде. Ал Еуроодақ елдері әлі сенбеуде. Луганск облысының военкоматтарының алдында ұзынсонар кезек қалыптасып, өз еркімен әскерге жазылушылар саны артуда. Күні кеше ресей әскерінің шекара асып, жоғарыда аталған аймақтарға өз әскерін топтастырып жатқаны туралы айтылған. Алайда Ресей президенті мұны растамаған еді. Путин мырза әскердің шекарадан өткенін әлі де мойындаған жоқ. Еуроодақ елдері мен АҚШ-ты, Украинаны жала жапты деп айыптауда. Бұл уақытта батыс елдері Еуроодақ пен АҚШ ЕҚЫҰ кеңесін өткізді. Сенбі күні ЕО Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен, Порошенко баяндамасы Брюссельде қаралмақшы.

Әлемнің мұндай бетбұрысты күтпегені айқын. Жарты жылға созылған арпалысты бейбіт мақсатта шешу үшін, түрлі тоқтамдар айтылды. Мәселен күні кеше Беларусьте бейбіт кездесу өткізіліп, Украина лидері мен Ресей президенті қол алысқан еді. Бірақ бірнеше сағатқа созылған басқосуды тағатсыздана күткен журналистер біржақты бітімнің болмағанын ашық жазған болатын. Десек те, тағы бірнеше кездесуден соң Петр Порошенко мен Владимир Путин Қырым мәселесін түбегейлі шешеді деп үміттенген еді әлем халқы. Бұл кездесудің өз кезегінде Еурокомиссия өкілдерін тыныштандырғаны анық. Себебі Порошенконың жанайқайына қарамастан, Еуроодақ Ресейдің басып кіргеніне әлі де сенімсіздік танытуда. Әзірге Украина айқайына үн қосқан Латвия ғана. Өз тәуелсіздігі мен шекарасының тыныштығына алаңдаған Латвия Ресейдің шабуылын растап, Қауіпсіздік кеңесіне жылдам басқосуды ұсынды. Латвия Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичс: «Ресейдің Украинаға басып кіруін агрессия ретінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде қара керек. БҰҰ тиісті жауап беруі тиіс, себебі бұл – соғыс деген сөз», – деп жазады бейсенбіде Twitter желісіндегі парақшасына.

Газетіміздің соңғы санында «Қырымнан басталған қырғиқабақ осымен тына ма?» атты мақала жазған едік. Онда әлем елдері Қырымның тәуелсіздігін мойындаса, Ресейдің Украинаны жайына қалдыратыны туралы да сөз еткеміз. Бірақ «Қырымның кімдікі» екенін енді қырғиқабақ соғыстың нәтижесі көрсетер…