«ЖАЛАҢАШ» ЖАРНАМАЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК
«ЖАЛАҢАШ» ЖАРНАМАЛАРҒА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК
Аңқау елге арамза жарнаманың пәрмені жүріп, кәріні де, жасты да ұршықтай үйіріп тұрғандығын бір Алматы қаласының өзі-ақ дәлелдеп беріп отыр. Бір қарағанда жарасы жеңіл сала болып көрінгенімен инедей тесіктен түйедей суық кіргізген қазақ жарнамасының жайы көңіл көншітпейді. Қабылдауы мен жатталуы тез, сана түйсікке бірден орнығып, сіңімді келетін жарнама жанры өзінше идеологиялық ықпалға ие. Бұл тақырып айтыла-айтыла таптаурын болғалы қашан? Қазақтілді жарнамалардың орыс тілінен (немесе басқа тілдерден) аудармасын қаз қалпында көшіре салуы арқылы мәнсіз, мағынасыз сөздер, сөз тіркестері қала-қаланы аралап, халыққа ұсынылып үлгерген.
Бұл өз алдына бір мәселе. Алматыға «ару қала» деп айдар таққанда, оның кейпін көшені жағалай ілінген жалаңаш қыздардың суретімен өлшемеген болар, ешкім. Қалай десек те, орын алған қисынсыздыққа «қандай да бір шара қолданған лазым» деген ішкі ойдан әріге бара алмаймыз. Аттың айналып қазығын табатынындай, ұлттық салт-сана мен имандылыққа келіп табан тірейміз. Қаймана қазақтың төл танымында жалаңаш қыздардың фотосы мен түйткілі болмаған еді. Елімізге қара күйедей болған «Боратта» да осы жалаңаш қыздардың суретіне ғашық болған қазақтың сипатын келтіреді. Қаланың қала екендігін сезіндіретін осы суреттер болса, ауылдан кеше келген жас жеткіншектер еліктемей қайтсін. Бұл мәселеге заңда да қарастырылған. Атын атап, түсін түстемесе де, «жарнамада өрескелдікке» жол берілмейтіндігі турасында тайға таңба басқандай жазулы. Тек қана бұл келелі мәселеге жарнама берушілер, сұлулық салондары мен қыз-келіншектерге арналған дүкендер құлақ түріп, «ыңғайсызданып» отырған түрі байқалмайды. Кейбіреуі «жекеменшік» дегенді алға тартады.
«…Бәрінен қызығы, көшелер мен дүкендерді дүрбелең еткен жағымсыз жарнамалар Алматыда арсыздықты насихаттауда алдына жан салмай келеді. Мәселен Гоголь мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйлердің астында ұятты жерін бір жапырақ матамен жапқан қыздың суреті тұр. Ары-бері өткен үлкен кісілер байқамағансиды-ақ, ал жастар жағы – жырқ-жырқ. Сол жарнаманың иесі кім екенін сұрап жатқан пенде жоқ. Тіпті оны қалада жарнама орналастырумен айналысатын мекемелер де білмеуі мүмкін.
«АДК» сауда орталығындағы азық-түлік бөлімінде де санын жалтыратып бір қыз отыр. Оның жанында арнайы суретке түсіп жатқан жастарды көріп, жағамызды ұстадық. Жарнама жақсы-ақ, бірақ қадірі кеткен қыздың қасындағы суретті ағайынға қалай көрсетесің? Алматыда атақты көкбазар жанындағы «Алма» сауда орталығының екінші қабатында «SEKS-шоп» дүкенінің жарнамасы да жүрек айнытады. Жамбасын «жарнамалаған» жас қыздың үлкен суретінен көз сүрінеді. Әдемісі әдемі… бірақ ұят одан биік тұруы тиіс еді. Дәл осындай сурет Әуезов пен Ғабдуллин көшелерінің қиылысындағы орталық әмбебап дәріхана ішіне де орналастырылған. Ал «Мега-орталық» сауда орталығында бірегей бренд саналатын әйелдерге арналған киімдер ішінде қыздардың кеудешелері тұр. Кеуде тұсына жартылай жалаңаш екі қыздың суреті салынған. Осындай кеудеше киген қыздарды да көрдік. Сауда орындарын сағалаған, мәдениет орындарын жағалаған жалаңаштар жаны қазақ жұрттың жүйкесін жұқарта бастады», – деген Дуанабай Жолдасбектің былтыр «Айқынға» жазған ескертпелеріне, құлақ асып, жалаңаш қыздардың суретін алып тастаған ешкім табылмады. Осындайда, жарнама орналастыруға рұқсат беру орталықтарының да бұл бассыздыққа пәрмені жүрмей отыр ма деген аңғал сұрақ туындайтыны тағы бар. Соңғы кездері көп сөз етіліп жүрген «қазақ өркениеті», оның ішінде қала өркениеті тікелей «ұлттық» сипатты бұзып-жарып, беті ауған жаққа кетіп бара жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Бұл қисынсыздықты қазақ халқының таным-түйсігіне жат деп бір қайырса, ислам дінінде жалаңаш естелік суретке түспек түгілі, түбегейлі қарсылық танытылады деп екі қайырамыз. Көгілдір экранды жаулаған кейбір жарнамалардың жалаңаш қыздарсыз сәні ашылмай, мағынасы келіспей қалатындай. Басты қаһарман – төсін ашқан, санын жалтыратқан қыздар. Денесін өркештеген жігіттердің де үстінде іліп алары жоқ, тіпті іш киіммен тұрып, ақылгөйситінін («менен үлгі ал» деген сияқты) қайтеміз. Қысқасы, көрген адамның көзін өрескел қылықтардан ұялмауға үйрететін жарнамаларға саналы түрде сыни көзқараспен қарау, қабылдау жетіспейді.
Осы турасында ислам дінінде шариғат заңдылығы бойынша ақ-қарасын айтқан Ақсай мешітінің бас имамы Сейітбек Кутышев былай дейді: «Исламда зинақорлықтың түрі көп. Исра сүресінің 36-шы аятында құлақ, көз және жүрек ақырет күнінде сұралады дейді. Егер құлақ шариғатта күнә деп танылған дүниені естіп жатса, көз харам нәрселерді көріп жатса, жүрек тыйым салынған дүниеге ықыластық танытқан жағдайда үшеуінен де сұрау алынады. Бұл жерде біздің назарға алуға тиісті жағдайымыз, бүгінгі бейберекет кеткен жарнамаларды кейбіреулер әшейін сурет деп қабылдағанымен, оны қараған адам күнә жасаған болып саналады. Айналып келгенде жартылай жалаңаштанған да, мүлде шешініп тастаған да, ұяттылықтың бер жағы, ар жағына бөлінбейді. Осы орайда, «сурет» қана деген көзқарастан аулақ болу керек. Жастың да, кәрінің де, әйелдің де, еркектің де көз алдынан көлбеңдеп шығатын жалаңаш жарнамалардың бұл әрекеттеріне шариғат заңы түбегейлі қарсылық танытып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте үш көз (үш адам) тозаққа түспейді дейді. Соның ішінде үшіншісі, Алла Тағала харам деп санаған нәрселерден көзін тыйған адам екен. Яғни шариғаттың өз заңдылығы бойынша қарауға тыйым салатын дүниелер бар. Бұл жерде жандының әурет жеріне қарауға болмайды, жансыз суретке қарауға болады деген шолақ ойдан аулақ болған жөн. Сурет деген дүние пайғамбар заманында да болды. Десе де, оған ешкім бөліп-жарып «болады», «болмайды» деген жоқ. Ал, қараған адам болса, ол күнә жасады деген сөз. Көрген көзбен қоса, сол жалаңаш суретті ілген адамның күнәсі қандай болады деген сұрақ туындаса, оған былай деп жауап беруге болады. Пайғамбарымыз айтады, «егер кімде-кім ұрланған затты ұрланған екендігін біле тұра сатып алатын болса, ұрлаған адамның күнәсіне сатып алған адамның күнәсі серік болады» дейді. Бұның астарында егер ұрлық затты ешкім сатып алмайтын болса, ұрлықшы екінші рет ондай іске бармайды деген ой жатыр. Осыдан шығатын қорытынды ислам діні айтылған хадистер арқылы қоғамдағы, ортадағы қылмыстық, күнә әркеттерге тоқтау қою, сол арқылы тәртіпке шақыруында болып отыр. Яғни бір кісінің күнә жасауына себепші болсаңыз, сол адамға да соншалық күнә болатындығына мән беруіміз керек».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Иман мен ұят бір жерде. Біреуі кетсе екіншісі өзі-ақ кетеді» деген екен. «Жан» иман ұясы, «Тән» – оның белгісі. Қазақты құтқаратын имандылық десек, өзге ұлттармен астасқан тірлігімізде оларға «біздің» көзқарасымыз бен танымымызға жат жайттардың ұнамайтындығын (көбіне жалаңаш сурет жапсырғыш сән салондарының иесі – орыстар болып отыр) қалай жеткіземіз?
ҰЛЫЛАРДЫ СҮЙІСТІРІП ҚОЙҒАН КІМ?
Алматыдағы ең ірі деген «Студия 69» гей клубының жарнамасы әрі Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастықтың әлеуметтік жарнамасы ретінде Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған. Бұған тапсырыс берген әлгі қауымдастық, ал жасаған – Havas Worldwide Kazakhstan дизайн студиясы. Бұл баннерді жасаған дизайнердің бірі осы Фэйсбукте тіпті өз жұмысына мақтанатынын жазыпты. Енді бұл арада батыл әрекет етіп, бұл бассыздықты тоқтатпаса болмайды. Ұлтты басыну осыдан басталады. Мүмкін, аяқталатын шығар. Ол үшін мемлекеттік органдарға хат жазу және сотқа арыз қалдыру керек. Енді осы істе ол хат пен арызды Құрманғазы Сағырбайұлының туысы, әйтеуір алыс болсын тұқымы жазса, өте тиімді болар еді. Сотта жеңу мүмкіндігі де жоғары…
Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар ҚР «Жарнама туралы» заңының 6-бабының 6-7 тармақтары негізінде: «Жарнама ҚР конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге пайдаланылмауға, сондай-ақ ҚР мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс». «Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс», – деп хабарлайды Өркен Кенжебек. Аталмыш оқиға ғаламтор қолданушыларының наразылығын тудырып, бүтіндей екі ұлттың ұлы тұлғаларын мазақ еткен орталықтың жауапқа тартылуын талап етуде. Қынжылтатыны сол, бұл әрекетке барып отырған да өзіміздің ішімізден шыққан сұр жылан болып отыр. Қасиетті жердің ауасын жұтып, суын ішіп жүргендердің осындай құйтырқы әрекеттері құшақтап тұрып, қанжар қадағандай. Жаман үйдің қонағы билейтініндей бұл бассыздыққа кімді кінәлай аламыз? Тізгінсіз кеткен жарнама орталықтарына «әй» дейтін басшылық, «қой» дейтін халық керек-ақ.
Қалай болған күнде де, бұл қазақтың жанына біткен жараны өзіміз емдеп, саналы түрде көзімізді жылтыр, жалаңаш, жүйесіз жарнамалардан тиюдан басқа амалымыз жоқ болып тұр.
Еркежан ЖҰМАТАЙ