Жаңалықтар

Әдебиетке келген нұқсаннан әлі арылған жоқпыз

ашық дереккөзі

Әдебиетке келген нұқсаннан әлі арылған жоқпыз

– М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өзіндік тарихы бар ғылыми мекеме. Осы қара шаңырақпен бірге астасып жатқан қандай тарихи оқиғаларды ғұмырыңызбен байланыстыра алар едіңіз? –  Бұрынғы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясына қараған Әдебиет және өнер институтының жағдайы қазір өзгерді. Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиеттану ғылымы саны жағынан, құрылымдық деңгейі тұрғысынан да жаңару үдерісін бастан кешіруде. Біздің институт Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Министрліктің де өз талап-тілектері, заңы бар. Тәуелсіздік алған тұста, елдегі тоқырау кезеңі аяқталғанда керісінше ғылымдағы тоқырау басталды. Бұл жағдаятты Кеңес кезеңіндегі тоқыраудың жалғасы десек те болады. Соның салдарынан ғылым да, экономика да тығырыққа тірелді. Ғылымдағы жағдай Әдебиет және өнер институтына да өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Оның әсері  90-жылдардан бері жалақының барынша төмен болуына әкеп соқты. Сондықтан аға буын ғалымдардың көбі дерлік ғылым ордасынан кете бастады. Менің институтқа келуім сол уақытпен тұспа тұс келді. Яғни, 1998 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым. 2000 жылдың ортасына қарай институт қабырғасында ғылыми атақ-дәрежелерін қорғап үлгергендер, ашығын айтқанда, жалақысы көбірек, жағдайы жақсы, жайлы жақтарға қарай ығыса бастады. Осы тұста ғылымның деңгейі біршама төмендеген. Кадрлар да тапшы бола бастады. Бұрындары ғылымда жүрген, 60-70 жасты алқымдаған, кеңестік кезеңдегі қалыптасқан жүйені көзі көрген үлкендердің өз алдына мектептері бар еді. Олардың біразы өмірден өтті. Ғылымда жаңа ұрпақ ауысуы керек болатын. Бірақ, жас ғалымдардың ғылымға келуі сиреп кетті. Сөйтіп, арада бір емес, бірнеше ұрпақ үзілді. Сол ұрпақтармен бірге ғылыми мектептер тарады. Онсыз да елімізде ғылыми мектептер тапшы еді. Оған әсер еткен бірнеше факторларды атауға болады. Соның бірі жаңа Астанамыздың салынып, ғылым мен білімнің сол жаққа қарай ауысуымен қатар, жаңа университеттердің ашылуы ғылымдағы кадрлық бөлініске мәжбүрледі. Ғылыми кадрлардың Астанаға көптеп ағылуы бір жағынан, жұмысқа сұраныстың барын білдірсе, екінші жағынан, ол жақта жасалып жатқан жағдайдың да өз ықпалы болды. Бастапқыда Астанаға табан тіреген ғалымдардың көбі дерлік оқытушы-ұстаз-ғалым ретінде қалыптасып, баспаналы болып та үлгерді. Тағы бір жағынан, бас қалада қарасы қалыңдаған ғалымдар сол жақтағы жаңадан бой көтерген білім ошақтарының қалыптасуына қызмет жасады. Сөйтіп, әдебиет саласының әлсіреуіне мектептердің шашыраңқы түрде қалыптасуы өз әсерін тигізбей қоймады. Бір атап айтарлығы жас ұрпақ, жаңа шәкірттердің легі қалыптаса бастады. Әрине, ол барлық жерде осылай деп айтуға болмайтын шығар. Десе де, бұл – жалпы ТМД кеңістігінде орын алған, оның ішінде Қазақстанда ерекше белең алған құбылыс. Соның салдарынан әдебиетке келген нұқсаннан әлі күнге арыла қойған жоқпыз. Біздің институттың да басынан түрлі кезеңдер өтті. Талай басшылар ауысты. Әрбір директор шама-шарқы келгенше осы білім ордасының дамуына, оның қалыптасуына өз үлестерін қосты. Тіпті, заманында осы институт «жабылады» деген әңгімелер де шыққан болатын. Осы академияның ғимаратына көз тіккен үлкен адамдар да кездесті. Сайып келгенде соның бәрі де ғылыми зерттеу институтының  жаңа кезеңдегі дамуына біраз бөгесін еді. –  Әдебиет тарихы бөлімінің тәуелсіздік алған тұстан бергі атқарып отырған жұмыстарының қарқыны қалай? –  Әдебиет және өнер институты ауқымды үш бағытта жұмыс жүргізеді. Осы қатарда Әуезов атындағы институттың Ежелгі дәуір және ортағасыр әдебиеті, Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет, Қолжазба және деректану, Абайтану бөлімдері бар. Сондай-ақ, бұл қатарды толықтырған Әуезов музейі, зерттеу орталығы, музыка, театр және кино, бейнелеу өнері бөлімдері сияқты ірі  орталықтары кезінде жүйелі түрде жұмыс жүргізген еді. Соның барлығы бүгінгі күні кадр тапшылығынан тоқтап тұр. 2000 жылдардың басында академияға С. Қасқабасов келді. Сол арқылы институт жаңа дәуірге аяқ басты. Академик С. Қасқабасов көпті көрген, тәжірбиелі маман ретінде фольклортанушы болғанымен әдебиет тарихынан жан-жақты білімдар азамат еді. Сондықтан институтты жан-жақты көтеруге ат салысты. Сол тұстарда ел экономикасында аздап болса да өрлеу пайда болды. Соның нәтижесінде министрлік тапсырысымен түрлі ғылыми жобалар жасалды. 2003 жылы Елбасымыздың бастамасымен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келді. Сол кездері институтымызда «10 томдық қазақ әдебиетінің тарихы» жазылды. «Қазақпарат» баспасынан шыққан бұл мәнді басылым еліміздегі барлық кітапханаларға таратылды. Бұл іс біраз жылдарға созылғанымен ағаларымыздың бар уақытында басталып, кезінде 1960 жылдардағы  алты том болып шыққан қазақ әдебиетінің тарихы өз жалғасын тапты. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде дүниеге келген «Бабалар сөзі» жүз томдық қазақ фольклорының сериясы сынды үлкен циклді басылым, топтамалар қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі елеулі табыс болды. Онда қазақ өміріндегі адамның туғаннан өлгенге бүкіл тұрмысын қамтитын фольклордың қырыққа тарта жанрлары түрлі нұсқаларымен әзірленіп, ғылыми басылым ретінде басылып шықты. Бұл үлкен еңбектің басы-қасында фольклор сериясын басқарған академик С.Қасқабасов болды. Қолжазба бөлімі осы уақыттан бастап 100 томдықтың түгелдей жарыққа шығуына ересен еңбек сіңірді. Нақты айтқанда, 2003-2013 жылдар аралығында қазақ фольклорының әрқайсысы жиырма бес баспа табақты құрайтын 100 томдық жинағы Астанадағы «Фолиант» баспасынан толықтай жарық көрді. Бұл басылым мамандардың тапшылығына қарамастан шағын ғана топтың жан салып, күні-түні ұйықтамай істеген тертөкті жұмысының жемісі. Соған қоса, жүз томдықтан басқа бірнеше ғылыми басылымдар мен ұжымдық монографиялар жарияланды. Мәселен, қазақтың жүз романы, әлемнің 100 томдық классикалық әдебиеті, 10 томдық философиялық мұра, археологиялық қазбалар, этнография жинақтары, т.б. осы  сияқты әртүрлі бағалы басылымдар өз оқырмандарын тапты. Десе де, «Бабалар сөзі» сериясының өзгелерден айырмашылығы, бұл қазақтың тек өзіне ғана тән төл мұрасы болуымен ерекшеленеді. Мұрағаттарда көнеленіп бара жатқан дүниелердің көбі жүз жылдан астам уақыт бойына тозып, көзге көрінбейтін шаң басқан әр түрлі қорда жатқандықтан көп қиындықтар туындады. Оған қоса, көптеген материалдар араб қарпінде, түрлі нұсқада жазылған. Оның көбісін кезінде шала сауатты адамдар жазғандықтан барлығын оқып, сұрыптау, жанрлық жіктеу, жүйелеу, көшіру, ғылыми дәлелдеме арқылы пікірлер беру,  қазақша харіпке түсіру, ғылымитүсініктемелерін жазу, осы жұмыстармен айналысатын мамандар табу –осының барлығы бізге үлкен сын болды. Көптомдықтың алғашқы жиырма екі томына басшылық  жасаған филология ғылымдарының докторы, сол кездегі қолжазба бөлімін басқарған Бақытжан Әзібаеваны айта кеткен жөн. Одан соң филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібековтың зор еңбегі бар.  Бертінгі уақытта «Бабалар сөзінің» жауапты редакторы болып, 23-томынан бастап 65-томына дейінгі аралықта жетекшілік жасап, сол бөлімді басқардым. Сол уақытта қазақ эпосының үлкен қоры жинақталып, жүйеленіп, басылып шықты. Әсіресе, оның ішінде батырлар жырын айтпағанда, 40 томнан аса қазақ эпосы жарық көрді. Мен соның қырық жеті томын әзірлеуге қатысып, отыз сегізіне  жауапты редактор болдым. Жалпы батырлар жырына, лиро-эпос, бұрын дайындалған көне эпостарға әсіресе діни дастандарға, Шығыстық дастандардың шығуына қатыстым, соның негізгі жұмыстарына араластым. Шығыстанушы болғаннан кейін аударма ісіне, көптеген кадрларды аллиграфиясы қиын араб әріптерін, қадыми жазбаларды, төте жазуды оқуға, қиын сөздерді түсінуге, сөздіктерін жасауға түркітанушы ретінде ат салыстым деп айта аламын. Кейініректе осы томдардың орфографиясы, яғни емле мәселелерін жасауға тікелей ықпал жасадым. Құрастырушылардан деп аталатын алдыңғы түсіндірме беттер немесе кейбір қосымшалар, түйіндемелер, соның барлығы менің көз алдымнан өтті. «Бабалар сөзінің» жүз томдығына қатысқаныма өзімді бақытты санаймын. Неге десеңіз, бұл кез келген адамның маңдайына бұйырмайтын ерекше бақыт, тағдырдың үлкен сыйы. –  Жоғарыда ғылыми кадр тапшылығын сөз еттіңіз. Осыған байланысты алдағы уақытқа қамдану үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып қандай да бір шара қолдану жоспарда бар ма? –  Институт тәуелсіздік дәуіріндегі бұрынғы өздерінің ғылыми жобаларын, одан кейінгі, гранттық жобаларды жеңіп алып, бүгінде соның негізінде біршама шаруаның басын қайырып отыр. Әр үш жыл сайын жаңа ғылыми жобалар жасалу үстінде. Дей тұрғанмен, қиындықтар кездеспей тұрмайды. Соның ішінде басты мәселе – ғылыми кадр тапшылығы. Биылғы жылы бұрынғы жүйенің құрылымы жаңарып жатыр. Кандидаттық, докторлық жұмыстар 10 жылдың жүзі болды тоқтатылып, қорғау аяқталған еді. Осының себебінен бізде ғылыми кадрлар даярлау қиындап кетті. Алдында болашағы бар жас мамандар бізге келе бермейді. Сол кеткен олқылықтың ендігі орынын толтыруға мүмкіндік қайта туып отыр. Осы жылдан бастап, біздің институтымызда, гуманитарлық бағыттағы басқа институттарда да докторанттар мен магистранттар даярлайтын арнайы орталықтар құрылды. Мұнда негізінен алғанда ғылымның әдебиет саласы, оның ішінде фольклор, мәтінтану, әдебиет тарихының әртүрлі кезеңдері, сол сияқты әдебиет теориясы жаңа дәуірдегі әдебиеттің барлық кезеңі қамтылатын болады. Осыған байланысты біздің басшымыз, филология ғылымдарының докторы Уалихан Қалижанның басшылығымен үлкен жұмыстар жасалды. Ол кісінің жастарға жағдай жасаймын деп жар құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген жайы бар. Осы негізде бізге төрт (РһD) доктор дәрежесі үшін әдебиеттің (жекелей салалары бойынша) мамандығына 4 докторант қабылданса, сол мамандықтар бойынша оқуға түскен 10 магистрант институт табалдырығын аттап отыр. Жастарды алдағы уақытта әдебиеттану мамандығына дайындаймыз деген ойдамыз. –  Тоқыраудың зардабын тартқан ғылым саласының мамандары яғни жас ғалымдардың күнкөріс жағдайы қандай болып отыр? Толық жағдай жасалып отыр деп айта аласыз ба? –  Жас ғалымдардың жағдайы төмен. Қолға алар жалақылары 40-50 мың теңгенің шамасында. Онымен бұл заманда күн көріс жасау өте қиын. Үй мәселесі бүгінгі бар қазақ баласының зары ғой. Бұны айту керек те шығар. Шешілуі қиын жағдай біздің де басымызда бар. Көпшілік жас ғалымдар қаланың шетінен, аудандардан, алыс аймақтардан қатынайтыны жасырын емес. Еліміздегі ғалымдардың жалақысы мардымсыз. Бұл мәселелер қаншама рет көтерілгенімен осы уақытқа дейін шешімін таппай келеді. Институт директоры да осы мәселені жоғарғы жаққа айтуындай-ақ айтып жүр. Жағдай осындай болған соң ғылым саласының айы оңынан туып, аз уақытта дамиды деу қиын. Қашанда сананы тұрмыс билеген ғой. Ғылымға бас қойған жастардың келешегі жарқын болсын десек, істің басын олардың жай-күйін оңалтудан бастағанымыз дұрыс. Бүгінгінің тағы бір шындығы, ғылыммен коммерция жасау мүлдем қиын. Сондықтан бұл мәселені, ғалымдардың жалақыларын бірнешесе есе көбейтіп шешуге ғана болады. Оған қоса, институтқа қарасты арнайы жатаханалар салу да жас ғалымдар үшін үлкен көмек болар еді. –  Бідің қоғамдағы әдебиет саласына деген көзқарас көңіліңізден шыға ма? –  Соңғы 15 жылдың ішінде ғылыми мектептердің тарап кеткендігі өкініш тудырады. Егер ғылыми орта, бағыт берер ұстаз болмаса ғылымды көктен алып, немесе кітаптан оқи салу мүмкін емес жайт. Осы мәселе де өз шешімін таппаған күйінде қалып отыр. Бардың бар екендігін, жоқтың жоқ екендігін айту керек. Еліміздегі ғылым саласы енді ғана аяққа тұру үстінде. Оның енді ары қарай қалай бағыт алатындығы, қандай жағдайда дамитындығы, жоғарғы деңгейге көтеріле алатындығы, яки алмайтындығы, ол тікелей білім министрлігінің, жалпы идеология саласындағы азаматтардың ұятына байланысты. Себебі, көп жағдайда инновация, өңдіріске енетін құрылымдар, ғарыш, экология сынды салаларға бірінші көңіліміз ауып жататындығы жасырын емес. Ал бірақ, адам экологиясы, адам капиталы, былайынша айтқанда, мемлекеттің басты байлығы тасада қалып жатады. Егер идеология дұрыс болмаса, әдебиет жоғары дамымаса, әдебиеттің сыны болмаса әдебиет саласының дамуы неғайбыл. Сол идеологияның әлсіздігінен айналамыздағы бауырлас елдердің өзі соғысып жатқандығын көзіміз көріп отыр. Өз ұлтын, жерін, әдебиетін сүйген халық ешқандай жат ағымның етегіне ермей, елдіктің парқын түсіне алатын қабілетке ие болатын еді. Жоғары жақтағылар көп жағдайда әдебиет саласына көңіл бөлуді кейінге ығыстырып жатады. Біздің елде экономика, физика, математика салаларына жағдай толыққанды жасалған. Десе де, инновация дегеніміздің өзі ең алдымен адам санасынан орын алу керек десек, оның өзін ұлтқа деген жанашырлықтан бастау қажет. Еліміздегі басынан бақайшағына дейін орын алған жемқорлық мәселесі де ұлтқа деген төмен көзқарастың, бүтін елдің тамырына балта шабудан тайсалмайтындардың кесірінен орын алып отырғандығы тағы бар. Әдебиет халықтың жаны десек, әдебиеттің тағдырына, ұлттың тағдырына оң көзқарас қалыптастыру басты парыз. Ғылым да ұлтқа қызмет ететін негізгі тетіктердің бірі. Ғылым болмаса, экономика дамымайды. Әдебиет пен тіл қазақтың қос қанаты. Мен жиі айтамын, қазақ тілі мен әдебиетін зерттеп, дамытушы институт дүние жүзінің өзге еш жерінде жоқ. Инновациялық өнімдер, өндірістер барлық елде бар. Ал қазақ әдебиеті тек бізге ғана тән. Әдебиетке қолдау ауадай қажет және оның басқа ғылымдармен байланысын арттыру керек. Сынды бір жолға қою керек. Оған да жас ғылыми кадрлар тапшы. Осы сияқты таусылып болмайтын келелі мәселесі бар ұлттық әдебиет саласының болашағы мені ғана емес, барша қазақ зиялыларын алаңдатады. –  Шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Еркежан ЖҰМАТАЙ