ҮКІМЕТ ҮЙІНДЕГІЛЕР АДАСЫП КЕТТІ МЕ?
ҮКІМЕТ ҮЙІНДЕГІЛЕР АДАСЫП КЕТТІ МЕ?
Астанадағы Үкімет үйіндегілер шала бүлінуде. Бұған дейін тек мемлекеттік тілде жазылған мекеме аттарын екі тілде жазуда. Елбасы күні кеше ғана «Қазақтар, әлемдік сахнада да қазақша сөйлеңдер» деуі мұң екен, Үкіметтегілер дереу орысшаға басымдық беруге көшті. Неге? Әлде қазақша жазуды түсінбей, адасып жүрген шенеуніктер аяқ астынан көбейіп кетті ме?
Кремльдің көктөбеті Жириновский: «Украинадан кейін Қазақстанды қолға аламыз» деп доқ көрсетуі мұң екен, Астанадағы мемлекеттік ғимараттардың сыртындағы мемлекеттік тілде жазылған атаулардың жанына орыс тіліндегі аудармасы қосылды. Бұл не сонда?! Министрліктегілер адасып кетеді деп қорықты ма, әлде жетпіс жылдан астам ұлттық рухты езіп келген кеңестік империяның сесі ме?
Қазақстан тәуелсіздік алғалы 23 жыл өтті. Ендігі етек-жеңімізді жинап, жан-жағымызға еңсемізді тіктеп қараймыз ба десек, кері кеткені қалай?! Әлде әлдекімдер қанша жыл бойы бодан болғанымызды, әлі де бодан екенімізді еске салуды көздеді ме? Осы Қазақстанды «шаш ал десе, бас алатын» жандайшап шенеуніктер-ақ құртып бітті! Оларға Ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін, «аттанға айқай қосқыш» мәңгүрт қазақтар қосылады әрдайым. Әйтпесе, атасы бөлек отандастың қайсысы «Орысша сөйлей алмай жатырмын, құқығымды аяққа таптадыңдар!» деп шағымданды? Күні кеше ғана РФ президенті Путиннің «Қазақтарда мемлекет болмаған» деп қорлағаны тағы бар. Сонда ҰЛТТЫҚ НАМЫС қайда? Жалған намыс пен ұлттық намыстың аражігін қашан айырамыз? «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қағиданы неге ұстанбайбыз? Біз, қазақтар, өзімізді-өзіміз сыйламасақ, тіл, діл, дін, тарих сияқты ұлттық құндылықтарды бағаламасақ, басқаға ренжіп не жорық?!
«Әлемдегі бір де бір орыстың құқығы тапталмауы керек» деп көлгірсіген Кремль егер шынымен адам құқығын сақтайтын әрі қорғайтын демократиялы ел болса, құрамындағы басқа ұлттардың тіліне неге қамқорлық көрсетпейді? Ресми деректер бойынша, Ресей Федерациясының құрамында 85 субъект бар. Оның 22-сі – республика санатындағылар. Заң бойынша солардың барлығы да өздерінің мемлекеттік тіліне мәртебе беруге құқылы. Бірақ қазақтар сияқты қостілділіктің құрбаны болған ол ұлттар да орыс тілі мен Кремльдің тілге қатысты ұстанатын ұрдажық саясатынан құқай көріп келеді. Ең қауіптісі, бүгінде жоғалып кеткен тілдер мен ұлттар көп. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихтан кіндіктері ажырап қалған ұлттар қаншама!
Ал Қазақстанда жоғалып кеткен ұлт бар ма? Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өз тілінде еркін сөйлейді, мәдени орталықтары бар. Дәстүрлерінен де ажырамаған. Ата заңдағы әрбір бап ҚР азаматы саналатын өзге ұлт өкілдерінің жағдайын жасайды. Бірақ «ҚР азаматтары Қазақстанның мемлекеттік тілін міндетті түрде білуі тиіс» деген талапты қоюдың орнына қостілділіктен ажырағысы келмейді билік. Сонда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «2025 жылға қарай Қазақстан азаматтарының 95 пайызы қазақша сөйлеуі керек» деген пәрмені қайда қалды? Күні кеше ғана Ұлытауда берген сұхбатында «Қазақтар, кез келген жерде батыл қазақша сөйлей беріңдер. Тіпті, халықаралық жиналыста да қазақ тілінің майын тамызып, тіліміздің қандай шұрайлы екенін насихаттайық» деген үндеуін Үкіметтігілер құлаққа ілмегені ме? Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бөлініп жатқан қыруар қаржының құны көк тиын ендеше.