«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚОЛЫНДА»
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚОЛЫНДА»
1 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада жаңа ашылған №75 көпсалалы мектеп-гимназиясын аралап, оның жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы бүгiнгi күннiң өзiнде iске асырылып жатқан жұмыстардың 2050 жылға дейiнгi бағдарламада қарастырылғанын атап өттi. Елімізде білім саласына мемлекет тарапынан мүмкіндігінше жақсы жағдай жасалып отырғандығы мәлім. «Бiздiң елiмiзде 7 600 мектепте 2 млн. 600 мың бала партаға отырады.
Ең қуантатыны – 300 мың бүлдіршін бiрiншi сыныпқа барады. Олардың саны – былтырғымен салыстырғанда 70 мыңға көп. Бұл қуантатын жағдай, себебi бiздiң жастарымыздың өсiп келе жатқаны, халқымыздың өсiп келе жатқаны, бала туудың көбейiп келе жатқаны», – дедi Елбасы. Сонымен қатар, мемлекет басшысы бүгiнгi оқушылардың болашақта 2050 жылға дейiнгi бағдарламаны орындайтын ұрпақ екендiгiн де атап өттi.
Жаңа мектеп 1313 оқушыға есiгiн ашып отыр. Бiлiм ордасы заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жарақталған және онда мәжiлiс залы, 56 сынып бөлмесi, электронды абонементтiк кiтапхана бар. Сонымен бірге, мектепте оқушылардың ғарыш, медицина, педагогикалық және ақпараттық технология саласында тәжiрибеден өтуi үшiн зертханалық бөлмелер және лекциялық сыныптар қарастырылған. «Қазақстан бойынша тәуелсiздiк жылдары 1 мың мектеп iске қосылды. Оның iшiнде биыл 150 мектеп iске қосылады, бүгiн 62 мектеп оқушыларға есiгiн айқара ашады. Астананың өзiнде 11 мектеп іске қосылады. Ол мектептерде 300 мың мұғалiм сабақ береді», – деп толықтырды Елбасы өз сөзін. Бұдан өзге бір Елорданың өзінде 4 мектеп қолданысқа берiлдi. Әрбiр мектеп 1200 оқушыға шақталған. Жалпы, 2014-2015 оқу жылы Астанада бiлiм алатын оқушылар саны 103 мыңнан асады. Оның iшiнде 13 мыңға жуық бала бiрiншi сыныпқа қабылданған. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға елдің 2050 жылға дейінгі дамуының негізгі басымдықтары туралы әңгімеледі, сондай-ақ болашақ мамандық таңдауға қатысты кеңестерін де жеткізді. Стратегияда Қазақстанның алдағы дамуының бағыт-бағдары жазылған. Дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылғымыз келеді. Дамудың бір бөлшегі болу үшін мамандықты дұрыс таңдау маңыздылығын, бір кәсіпке тоқталып, бүге-шігесіне дейін зерттеген жөн екендігін мемлекет басшысы кеңінен толғады. Елбасы мектеп мұғалімдерімен де әңгімелесіп, олардың қызметінің маңыздылығын атап өтті. Балалардың сапалы даярлығы үшін үнемі жұмыс істеп, олардың әлеуетін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасау, дарынды жастардың халықаралық олимпиадаларда жеңуіне мүмкіндік туғызу керектігін де атап өтті Елбасы. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Қазақстан Президенті қазақ халқын Білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге денсаулық және табыс тіледі. Республикада 300 мың мұғалім жұмыс істесе, соның 11 мыңнан астамы елордалық мектептерде сабақ береді. «Қазақстанның болашағы мұғалімдердің қолында. Балаларды патриоттық пен толеранттылық рухында тәрбиелеу керек. Олар достыққа адал болып, ата-ана мен үлкендерді құрметтеуі тиіс. Осының бәрі біздің қоғамның ешқашан мәнін жоғалтпайтын құндылықтары, біз оны балаларымызға мирас етуіміз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еліміздегі білім ошақтарында Білім күні жаппай аталып өтті. Биылғы оқу жылы мектеп парталарына 2,6 млн.-нан астам оқушы отырады. Олардың 277 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, оқу жылының басында Қазақстанда 76 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. «Алдағы 2014-2015 оқу жылында бұған қосымша 153 жаңа мектеп іске қосылады деп жоспарлануда. Олардың жартысы – 73 мектеп республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Осы 153 мектептің 60-ы апатты жағдайдағы мектептердің орнына, 12-сі үш ауысымды мектептердің орнына салынады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Сан емес, сапаға бет алған білім саласы, оның ішінде мектеп орындарының жүйелі түрде жұмыс жүргізуі мемлекет үшін де маңызды болмақ.
Еркежан ЖҰМАТАЙ